«Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заң жобасы қолға алынғаннан бері діннен дау шықты. Әсіресе мемлекеттік мекемелерде намаз оқуға тыйым салу, қоғамдық орындардағы намазханаларды жабуға бағытталған жетінші баптың жаңғырығы әлі басылмай тұр. Аты шулы бап Парламентте де, қоғам ішінде де қызу талқыланды. Қалаулыларымыздың бірсыпырасы бұған қарсы шығып, бұл бап қабылданар болса, ел арасында дау-дамайдың өршіп кететінін ескертті. Соған қарамастан, заң жобасын қос палата да қабылдап жіберді. Осыған байланысты ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Еліміздегі мұсылман қауымының қарсылығын тудырған мәселе – осы Заң жобасының 7-бабы. Ол бойынша мемлекеттік орындарда намаз оқуға тыйым салынбақ. Қазір мемлекеттік мекемелерде, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында намазға жығылып, мұсылмандық парызын өтеушілер жетерлік. Осы баптың кемшін тұстарын түзетуге байланысты ел Парламенттің қос палаталарының депутаттарына өз ұсыныстарымызды білдірдік. Алайда, өкінішке қарай, үміт ақталмады. ҚМДБ аталмыш баптың мұсылмандардың ынтымағы мен бірлігіне тигізуі мүмкін залалын ескере келе, осы қалпында қабылдануын орынсыз көреді. Себебі, ислам дінінен басқа ешбір дінде күнделікті бес уақыт намаз секілді міндетті құлшылық түрі жоқ. Бес уақыт намаз – бұл мұсылманның ұлы парызы. Егер де мемлекеттік мекемелер мен оқу орындарында және олардың жатақханаларында намаз оқуға тыйым салынатын болса, мемлекетке қарсы наразы топтар пайда болуы ықтимал. Ел халқының 72 пайызы Ислам дінін ұстанушылар екенін ескеріп, қызметі мен оқуына кедергі келтірмеу үшін намазханаларға рұқсат берілгені жөн», – деді. Сондай-ақ еліміздегі христиан, иудей діндерінің өкілдіктері, тіпті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының жетекшісі Янеш Ленарчич, Қазақстандағы Хельсинки комитетінің президенті Нинель Фокина бұл заңның адам құқығын шектейтінін айтып, алаңдаушылық білдірсе, америкалық «Freedom House» құқық қорғау ұйымы аталмыш заң жобасы «діни бостандық құқығын бұзып отыр» деп жариялады. Осыны пайдаланған миссионерлік бағыттағы түрлі секталар да осы аптада баспасөз мәслихатын өткізіп, заңға наразылық танытты. Ал «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев болса, заң жобасына қарсылық мақсатында жалпы республикалық адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі коалиция құрылғанын айтты. Коалиция құрамына «Әділет» партиясы және бірнеше қоғамдық бірлестіктер кірген. Коалиция мүшелері жақында діни заң жобасының 7-бабына қатысты үндеу жариялады. Ал осы аптада 7-бапқа наразылық танытып, талас тудырған заң жобасын қабылдамауды сұрағандар қатарында Амангелді Айталы, Өмірзақ Айтбайұлы, Мұхтар Шаханов, Тұрсын Жұртбай, Әзімбай Ғали, Софы Сматаев, Қойшығара Салғарин, Тұрсын Жұртбай, Құл-Керім Елемес, Оңғар Өмірбек, Амалбек Тшан, Дос Көшім бастаған 5 мыңға жуық адам болды. Елбасының атына хат жолдаған олар мемлекетіміздегі тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуын сұрап, заң жобасына қол қоймауды өтінді.
Бет қатталып жатқанда:
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға қол қойды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Тақырыпқа орай
Тито СЫЗДЫҚОВ, Мәжіліс депутаты:
Діни ұйымдарды қатаң ұстайық
– Бүгінгі таңда елімізде шетелден келген, біздің қоғамға мүлдем жат миссионерлер көп. Халықты шоқындыруға үгіттеп жүрген осындай мысықтілеу ұйымдардың кесірінен, кейбір отбасыларда әр түрлі дінге кіріп кеткен, әкесі бір жақта, шешесі бір жақта, балалары бөлек-бөлек кетіп, шаңырақтары ортасына түсіп жатқандары аз емес. Мәжілісте Заң жобасының таныстырылымы өткен кезде, аталған құжаттың маңызы мен мақсаты туралы Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шәріп мырза баяндама жасады. Сол кезде төраға Қазақстандағы шетелдік миссионерлік қызметке қатысты мынадай мәлімет келтірді. Бүгінгі күнде елімізде 27 мемлекеттен шамамен 300 шетел миссионерлері тіркеуден өткен екен. Олардың көбі Польша, Корея, АҚШ, Германия, Ресей, Украина, Италия, Швейцария және Испания елдерінен келген.
Аталмыш Заң жобасы бойынша Қазақстан азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссионерлiк қызметтi Дін істері жөніндегі агенттіктің тiркеуінен өткеннен кейiн ғана жүзеге асырады. Тіркеуден өтпеген жағдайда, Қазақстанда миссионерлік қызмет жасауға тыйым салынады. Рас, мемлекетіміз демократияны, бостандықты, еркіндікті бірінші жолға қояды. Алайда, бұл бәріне еркіндік беріп, «не істесең де болады» деген сөз емес. Мемлекет болашақта үлкен дауылды қатерлерге, ішкі қақтығыстарға, тіпті бір ұлттың өзі бөлініп жарылып бір-бірімен соғысуға алып келетін қасіреттерді болдырмау үшін алдын ала тәртіп орнатуы қажет. Сондықтан, діни ұйымдарды мемлекет қатаң бақылауда ұстамаса болмайды.
Сондай-ақ қазіргі жағдайда діни ұйымдардың жауапкершілігін алдыңғы орынға шығару керек. Өйткені бүгінгі таңда әлемді, барша адамзат баласын лаңкестік оқиғалар қатты алаңдатып отыр. Ақтөбе мен Атырау облыстарында орын алған қайғылы оқиғалар біздің де жүрегімізді ауыртады. Тып-тыныш, жақсы дамып келе жатқан ел едік. Бірлігімізге сызат түссе, мемлекеттің болашағына да қауіп төнетіні сөзсіз. Менің ойымша, өркениетті қоғамда дінді ұстанған адам таза жүріп, мемлекетке адал қызмет етіп, білім мен ғылымның жетістіктерін пайдаланып, адамзаттың алға басуына өзі де ықпал ете білуі керек. Сондықтан, ислам діні шектеу салатын харам дүниелерден аулақ болып, мәдениетті, салауатты өмір салтын ұстанып, елге үлгі көрсете білген адамды шынайы мұсылман деп есептеймін.
Мұхиддин ИСАҰЛЫ, дінтанушы:
Заңды кейінге қалдыру керек
– Дін туралы заңды біз жиырма жылдан бері күттік деп жатырмыз. Егер ол жиырма жылдан бері күткен заң болатын болса, мұндай жеңіл-желпі шығара салынбауы керек еді. Бұл заң негізінен діни экстремизмге қарсы бағытталған болатын. Бірақ заң экстремизмнен гөрі, мұсылмандарға қарсы жасалғандай көрініс беріп отыр. Оның дәлелі – намазханаларды жабу жайлы қозғалған заңның 7-бабы. Енді келіп Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шәріп азан шақырудың өзіндік деңгейі болу керек деген мәселені қарастырып жатқан көрінеді.
Ал 7-бапқа келер болсақ, біріншіден, заңның әу басында «ханафи мазһабы ескеріледі» деген. Ал бапты-бастан аяқ қарап шықсаңыз, ханафи мазһабының деңгейін көтеруге қатысты ештеңе жасалмаған. Екіншіден, бапта «намаз» деп ашық аталмаса да, «кез-келген дінге құлшылыққа рұқсат берілмейді» деген. Ал ақиқаты сол, ешқандай дінде исламдағыдай бес уақыт құлшылық жасалмайды. Сосын құлшылықтың уақыты да басқа діндегілер үшін маңызды емес. Сондықтан, 7-бапта «қоғамдық мекемелерде намаз оқуға тыйым салынады» деген мағына бар. Үшіншіден, бұл заң отқа май құйғандай болып тұр. Сәләфтар, тәкбіршілер сияқты әсіре ағымдардың арасында да өзара пікірталасы бар. Біреулері – «Қазақстан өз алдына мемлекет қой, ол мемлекетте намаз оқымаса да, қажылыққа барғандар бар, олар да мұсылман» деген көзқараста болса, енді біреулері «намаз оқымағандар – кәпір» деп шыға келеді. Енді осылар жерден жеті қоян тапқандай қуанып: «Бұлар кәпір деп айтып едік қой, тікелей намазға тиісті», – дейді. Исламда «намаз – діннің тірегі» дейді. Сондықтан, бұл жағдай арқылы оларға есікті ашып беріп отырмыз.
Ашығын айтқанда, бұл заң секталарға емес, мұсылмандарға қарсы жасалған дүние сияқты әсер қалдырады. Сондықтан, менің ойымша, заңды кейінге қалдыру қажет. Биыл Қазақстан – Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының төра-ғасы болып отыр. Дәл осы жыл – бүкіл әлем мұсылмандарының Қа-зақстанның аузына қарап отырған уақыт. Ал осындай кезде біздің ел «мұсылмандарға намаз оқуға болмайды» деп заң шығарса, ұйымға мүше елдер бізден теріс айналмай ма? Намазға, азанға, кітаптарға тыйым салсақ, ертең не болады? Бұл жағдайда дін жабық мәселеге көшеді. Ал жабыққа көшер болса, нағыз экстремизм сонда басталады. Бұл кезде кімнің кім екені белгісіз болады.

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...
http://nurmura.kz/news/«kazaktar-2012-klassifikatsiyasy»