19 Май 2012 | Сенбі

Тарих

Желтоксан ЭПОПЕЯСЫ

15 Декабрь, 2011

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Әңгімелесіп отырмыз. Стақанды орталай бергенімде басым айнала бастады.
– Мынаған бірдеңе қосылған ба? – деп сұрап едім, Расул:
– Сусында бидай мен жүзімнің де шырыны бар екенін ескерткен сияқты едім ғой, – деп қулана жымиды. Артынша, менің түрімнің өзгеріп кеткенін көріп:
– Мен сенің ішпейтініңді жақсы білем ғой. Бірақ, анда-санда болса да, бір оқыс демалыс қажет-ақ. Сол үшін де сені осында шақырдым және бұл батылдығыма кешірім сұраймын, – деді.
Екеуміз менің бөлмеме қайта көтерілдік. Басым мең-зең. Расул ағаға диванға төсек салып бергенімді ғана білемін, тіпті галстугімді шешпестен төсектің бір шетіне құлаған күйі ұйықтап кетіппін. Бес сағаттан кейін, кешкі 9-дар шамасында телефон шылдырынан ояндым. Ақын ағатайым әлі ұйықтап жатыр екен. Тұтқаны көтерсем – Патимат. Расул «Патиматика ғылымының докторымын» деп жиі әзілдеп айтатын кәдімгі Патимат жеңгем. Әйелге тән мәдениеттілігімен алдымен анамның, жұбайымның денсаулығын, Алматыдан қашан келгенімді сұрады. Күйеуінен бір хабар білгісі кеп тұрғанын іштей сезіп тұрмын. Басқа біреу болса: «Расул сенімен бірге ме?» – деп қойып қалар еді. Бірақ, ішкі мәдениеті жіберер емес. Өзі айтсын деп тұр. Бір кезде: «Патимат, мазаланбаңыз! Расул аға күндікке менімен бірге болды. Екеуміз ұзақ уақыт бойына бір мәселенің төңірегінде пікірлестік. Қазір демалып жатыр. Оянған соң, мәшине шақыртып, өзіңізге бастайтын жолға салып жіберемін», – дедім. Ол алғысын білдіріп, қоштасты. Есіме Расулдың осы бір ерекше нәзік те дарқан әйелге арнап жазған «Жүз қызға ғашық болдым мен» деген өлеңі түсті...
...Иә, Патимат Расулдың адами және ұшқыр ақындық талғамына жауап бере алатын дара әйел еді. Оның өмірден озуы ұлы ақынның тіршілікке деген қызу құштарлығына мұздай су сепкендей болды...
2003 жылдың 5 қыркүйегі. Сағат тілі кешкі 7-ні көрсеткенде қағаздарымды жинастырып, үйге қайтуға ыңғайлана бергенімде қабылдау бөлмесінде отырған Құралай Ағыбаева Мақашқаладан Расул Ғамзатовтың телефон шалып тұрғанын айтты.
Әдеттегідей амандық-саулық, хал-жағдай білісуден соң:
– Мұхтар, егер ренжімесең, мен сені өзімнің 85 жылдық мерейтойыма шақырмайтын болдым, – деді ол салқын әрі томаға-тұйық үнмен. Расул ағаның бұлай таусыла сөйлегеніне есім шығып кетті. «Бірдеңеге өкпелетіп алдым ба екен» деген ой да санамнан жүріп өтті. Қаншама жылдан бері бір-бірімізге іщәй деспеген жан едік. Тіпті өзіме тән алаңғасарлықпен оның 85 түгілі 80-ге енді толғалы жатқанын да сол сәтте жадымнан шығарып алыппын.
– Не болды, 85 жылдығыңызға неге шақырмайсыз? – дедім ренішпен.
– Оған қатысуға өзімнің де уақытым болмайын деп тұр, – деді ол бағзы әзілқойлығына басып. – Ал Мақашқалада және туған жерімде өтетін 80 жылдық мерейтойыма жүрегіме жақын адамдарды ғана іріктеп жинағанды жөн көріп отырмын. Осы жолы көріспесек мүлдем жолыға алмай қалуымыз мүмкін. Өйткені, ана жақта жеңгеңді көп күттіріп қою бір түрлі ыңғайсыз секілді...
– Құдай үшін өлімді ауызға ала көрмеңіз, – дедім жалбарынып. – Қазақта  «жақсы сөз – жарым ырыс» атты мақал бар... Ал, тойыңызға міндетті түрде барамын...
Он жыл қатарынан Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі боп істеп, елге жақында ғана оралған бетім еді. Белгілі себептермен жабылып қалған «Жалын» журналын қайта шығарғалы жатқанмын. Сондықтан тұс-тұстан шақырған той-томалақтардан, кездесулерден бойымды қашық ұстап жүргенмін. Ал, Ғамзатовтың жөні басқа ғой. Оның үстіне, Расулдың «осы жолы көріспесек, мүлде жолыға алмай қалуымыз мүмкін» деген сөзі бүкіл жоспарымды өзгертіп жіберді.
Келісім бойынша мені Мәскеу әуежайында мұрыны Расулдың мұрынынан айнымайтын бір авар жігіті қарсы алып, тамақтандырды да, үш сағаттан соң Мақашқалаға баратын ұшаққа салып жіберді. Ондағы әуежайда күтіп алған жігіттер:
– Осында сәл тоса тұрыңыз, қазір Ресей Президентінің шақыруымен Сочиге кеткен Расул Ғамзатұлының да ұшағы қонғалы тұр. Бірге қайтасыздар, – деді. Аз уақыттан соң әуежайдағы үкіметтік бөлмеге Расул мен Давид Кугультинов кіріп келді. Құшақтасып, амандастық. Путин ұйымдастырған шайға қыздары Салихат пен Патиматты, немересі Шахриді де ала барған екен. Олар бірден сыртқа, мәшинеге қарай тартса керек. Әңгіме үстінде Расул Ресей Президенті Путинмен дастарқан басында әдебиет төңірегінде ұзақ әңгіме болғанын, егер бір күн кешікпегенімде сол кездесуге Давид Кугультиновпен, Данил Гранинмен бірге мені де ала баруды жоспарлағанын айта келіп:
– Сені баяғыда Мәскеу қонақүйінің кафесінде, өзімнің жобам бойынша жасалған жеміс шырындарымен естен тандыра мас ететін күнім есіңде ме? Сол процестің алдында біз отырған кафеге кірген Анатолий Собчак екеумізді қасындағы бір жас жігітпен таныстырған. Әлгі жігіт менің бір-екі шумақ өлеңімді жатқа да айтқан-ды. Аты-жөнін, әрине, ол кезде есімізге ұстамадық. Кейіннен Собчак Петроград қаласының мэрі қызметін атқарғанда ол орынбасары болыпты. Ресейдің қазіргі Президенті Владимир Путин сол жігіт екен. Міне, қызық... Енді есіңе түсірдің бе? – деді ол жымиып...
Дағыстан Ғамзатов тойына ерекше әзірленіпті.
Кез келген жерден Расулға деген халық махаббаты сезіледі. Құзар шыңдарға, тау бау­райларына «Дағыстанның ұлы перзенті Расул Ғамзатовқа – 80 жас», «Расул Ғамзатов – мәңгілік мақтанышымыз!», «Расул – тау халықтарының ұлы жыршысы» және осы мазмұндас жазулар Мақашқаланың көшелерінде, ауыл-қыстақтарда қаптап тұр. Кейбіреулер өз үйлерінің қабырғасына да жазып қойыпты. 2003 жыл бүкіл Дағыстанда Ғамзатов жылы боп жарияланыпты.
Ғамзатовтың мерейтойы өтетін А.С.Пушкин атындағы театрда ине шаншар орын жоқ. Көп адам түрегеп тұр. Тіпті төралқаға да сыйлы қонақтар алдын ала жайғасып алыпты. Егер Дағыстанның он екі автономиядан тұратынын ескерсек, әр автономияның өз Президенті бар емес пе? Солардың бәрі дерлік төралқаның бірінші қатарынан орын алыпты. Бірінші қатарға тағы да Мәскеуден келген екі министр жайғасыпты. Расул аға біреулерге тапсырма беріп жүріп, Давид Кугультиновты төралқаның бірінші қатарына, мені екінші қатарына әзер дегенде орналастырды.
Алдымен Ресей Президенті В.Путиннің және басқа билік басындағылардың құттықтаулары оқылды. Қатысып отырған басшылар бірінен соң бірі мінберге көтеріліп ұлы ақынға деген ыстық тілектерін білдіріп жатты. Жұртты сілтідей тындырған қалмақ әдебиетінің көзі тірі классигі, Расулдың ескі досы Давид Кугультиновтың сөзі болды. Ол: «Ғамзатовқа құдай ұлы әйелді жолықтырды. Бұдан сәл жастау кезімізде Расулға ілесіп біз оның үйіне түнгі сағат үште, кейде төртте де барып жүрдік. Әрине, бұл мезгілде денсаулығы бар адамның бәрі қалың ұйқы құшағында жатады. Сол сәтте Патимат бетін суық сумен үйкеп жіберіп, бізді күле қарсы алатын. Тым құрыса, бір рет жайдары жымиысынан айныған кезін көрген емеспіз. Өйткені, ол тау суындай таза, арынды, асау ақынмен бірге өткізген өмірінің әрбір сәтін тағдырдың өзіне жіберген үлкен сыйы ретінде қабылдай білді. Және Расулдың поэзиясын дәл Патиматтан артық терең түсінген, жан-тәнімен беріле сүйген әйелді өз басым білмеймін. Ғамзатовтың: «Мен Патиматика ғылымының докторымын», – деп жиі әзілдейтінінде үлкен мән жатыр. Енді бәріміз «орнымыздан тұрып сол ұлы әйелді еске түсірелік» дегенде, көзіне жас алмаған адам қалмады. Тау елі өздерінің ұлы ақынын аялаған Патимат арудың есімімен Дағыстанның үлкен сурет галереясын атапты.
Орта Азия және Қазақстан Республикалары атынан сөз кезегі маған да берілді. Расул туралы айтқан ойларымның әр абзацына жиналған жұрттың дүркірете қол соғып отырғанына қарағанда нашар сөйлемеген шығармын деп шамаладым. Аға-досымның иығына жабу үшін қазақтың оқалы ұлттық шапанын ала барғанмын. Енді соны кигізейін десем үйдегілер оны поролон қапшыққа әбден нығыздап салыпты. Расулға жақын келіп тұрып, әлгі шапанды қапшықтан шығара алмай әлекке түстім. Жұрт қол соғып жатыр. Уақыт өтіп барады. Ғамзатовқа жақындау отырған жігітке: «Неге қарап тұрсың, мына қапшықтың шетін тартсаңшы!» – деп бұйыра сөйледім. Обалы не керек, ол қалбалақтап айтқанымды орындады. Оның желке тұсында отырған біреу: «Ол кісіге ұрысқаныңыз қалай? Ол Кабардин-Балқардың Президенті ғой», – деп құлағыма сыбырлады.
– Тіптен тамаша. Егер Президент халыққа және сол халықтың ақындарына қалтқысыз қызмет етсе, жұлдызы бұрынғыдан да жарқын жанады, – деп әзілдедім де шапанды Ғамзатовтың иығына жаптым. Қолына күміс сапты қамшы ұстатып жатып: «Мына қамшы не үшін керек? Бұл қамшы өз міндетін қалай атқармақ, яғни оның қамшылайтын аты қайда?» – деп сұрауларыңыз әбден мүмкін ғой. Ол ат Қазақстанда қалды. Расул аға елімізге келгенде сол атқа мініп тұрып, өлең оқитын болады», – дедім.
Келесі күні бірде құзға қарай құлап, бірде тауға өрлеген, жыландай ирелеңдеген жолдармен 200 шақырымдай жүріп Расулдың туған жері Цадаға келіп жеттік. Оның әкесі Ғамзат Цадасса –  авар әдебиетінің классигі, бүкіл Дағыстан әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан адам. Әке-шешесінің көзі, яғни өзінің туған үйі бүгінде мұражайға айналған екен, соны тамашаладық. Ғамзат Цадасса ескерткішінің алдында суретке түстік. Сол маңға жақын үлкен алаңда, әлі күз мінезін мойындамаған жасыл шөп үстінде бірнеше мың адам қатысқан жиын өтті. Тұс-тұстан келген қонақтар тағы да Ғамзатов поэзиясының дара тағдыры жайлы ой өрбітті. Маған да сөз берді. Кездесу соңында Расул сөйлеп, жиналған жұртқа, келген қонақтарға алғыс айтты да: «Қағаздарымды ретке келтіру үшін құдайдан тағы бір жыл уақыт сұрап жүрмін», – деді. Мен: «Мына сөзді тез түзету керек», – деп дауыстадым. Сол сәтте кездесуді жүргізіп отырған адам жиынды «жабық» деп жариялап жіберді.


Мұхтар ШАХАНОВ

(Жалғасы бар)

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
3 + 0 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ