(Жалғасы. Басы өткен санда)
– Менің мына сөзімді сенен басқа қазақ естісе Расул Мұхтарға «қыз тауып бер» деп өтініш жасап тұр екен деген ойға қалуы әбден мүмкін-ау, – деп жымиды Расул. – Қазақтар қандай дана халық. Екі мағыналы, маңызды сөзді бір әріптен бастаған. «Қазы жеп, қуаттанып алған соң ғана, назарыңды қызға бұрғаның жөн» деген жанама ойды нұсқап тұрғандай.
– Ендеше, біраз уақыттан соң, Сіздің қазы жеп қайраттанып алғаныңызды Патимат жеңгейге телефон арқылы ескертермін, – дедім мен әзілдеп.
Үш-төрт ай кейін мынадай оқиға болды. Алматыдан оралсам қонақүйдегі тоңазытқышым жылан жалағандай. Үлкен орама қазының жұрнағы да қалмаған. «Қонақ келгенде қажетке жарар» деп алып қойған екі-үш арақ-шарап бөтелкелері қаңырап бос тұр. Бұл қалай? Біреудің бөлмесіне біреудің кіруі, әсіресе Мәскеуде, тіпті мүмкін емес мәселе. Аң-таңмын.
Сәлден кейін Давид Кугультинов телефон соқты.
– Мұхтар, бөлмеңнен біздің ізімізді байқаған жоқсың ба? Расул «КЗЫ жегім келіп кетті» деген соң, қонақүй кезекшісіне бөлмеңді аштырып, бірнеше сағат отырып, анаңның, жұбайыңның және өзіңнің денсаулығың үшін тост көтеруге тура келді, – деп қарқылдап күлді ол.
Расул ылғи да ұмытып кетіп, ескі дағдысымен қазыны «КЗЫ» деумен жүрді. Давид та солай дағдыланып алды. Кейіннен екеуін мүлде түзетпейтін болдым.
Үшеуміз бір-бірінен мүлде бейтарап жатқан үш ұлттың ақыны болсақ та, арамызда өрбіген нақ осындай еркелікке ұласқан бауырластық-інілікке, рухани жақындыққа, өз басым шексіз риза едім.
Тағы бірде Расул екеуміз «Москва» қонақүйінің жетінші қабатындағы менің бөлмеме көтерілдік. Шәй қойып іштік, «КЗЫ» жедік. Жазу үстелімде үйіліп жатқан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі төңірегіндегі менің атыма жолданған хаттарды, өзім жинаған деректерді аударып отырып:
– Біздің Дағыстанда Цовкра деген ауыл бар, – деді Расул ойға шомып. – Ол – ұзыннан ұзаққа керілген жіп үстімен жүріп, өнер көрсететін кәсіпкерлер ауылы. Бүкіләлемде баланың туған күні – оның шыр етіп дүниеге келген күні, яғни кіндігінің кесілген күні боп есептеледі ғой. Ал цовкралықтарда мүлде басқаша. Керілген жіп үстімен емін-еркін жүріп, жұртқа өз өнерін әйгілеген күн ғана әр баланың туған күні саналады. Әйтпесе, олар үшін әлгі жас өркеннің дүниеде бар-жоғы белгісіз. Егер қазіргі сен көтеріп жүрген мәселеге осы талғаммен қарасақ және бұл азапты да, қауіпті істің үдесінен шыға алсаң, болашақта сенің туған күнің 1986 жылдың желтоқсан айы болуы да ғажап емес. Өйткені, қазақ жастарын алаңға шығарған тіл мүддесі, ұлттық сана мен рухтың қыспаққа түсуі екенін Кеңес Одағындағы басқа ұлттар да түсінді. Сондықтан да, сенің бұл мылтықсыз майданда жеңіп шығуың қазақ халқы үшін ғана емес, ұлттық мүдде қыспағындағы басқа елдер үшін де қажет.
– Рахмет, Расул аға, – дедім мен. – Бұл салада қазақ жастарының оянуына өзіңіздің «Егер тілім жойылатын болса ертең, мен дайынмын бүгін өліп кетуге» деген сияқты өлең жолдарыңыз себепкер. Әсіресе «Менің Дағыстаным» атты кітабыңызды оқымаған қазақ жоқ...
– Жә, оны қойшы. Мақтаудың небір түрін мен де көріп келемін, өз халқыңның арасында сен де аз естімеген боларсың, – деді Расул сөзімді бөліп. – Шыныңды айтшы, «Менің Дағыстанымның» саған ерекше ұнаған қай жері?
– Шығармаңыздағы ең үлкен жетістігіңіз тау халықтарының ұлттық санасы мен дәстүрін, ең бастысы, даналығын ту етіп көтеруіңіз, – дедім толғана. – Ал, маған ерекше әсер еткен жері мынау: Сіз Октябрь революциясынан кейін Италияға кетіп, сонда оқып, білім алған, итальяндық қызға үйленген және сол өлкеде қалып қойған авар ұлтының азаматын суреттейсіз. Бір ғажабы, әлгі адам суретші болғандықтан, салған туындыларында өзі туып өскен Дағыстанға, оның әсем табиғатына көп орын арнапты. Тіпті өзі үйленген итальян қызына да авар халқының ұлттық киімін кигізіп бейнелепті. Тағы бір суретін ол тау халқының мынадай әсем аңызына құрыпты: «Торда отырған бір құс ертеден кешке дейін жағы сембей «отаным», «отаным», «отаным» деп сайрай беріпті. Құс егесі «осының «отаны» қайда екен? Мүмкін, көз жауын аларлықтай бау-бақшасы жайнаған, керемет, әсем жер шығар, көрейінші» деп жәндікті босатып жіберсе, әлгі құс қалың тас арасындағы шеттікке ұшып барып, жаны жай тауыпты. Оның отаны сол жер екен. Сіз авар азаматының туған жеріне деген махаббатын жан-жақты суреттеп келесіз де, осы замандағы, яғни кеңестік өмір ағымындағы ең үлкен проблемаға әкеліп тірейсіз. Сіз туған жерге оралысымен, әлгі авар жігітінің туыстарын іздестіріпсіз. Тіпті оның анасы да әлі тірі екен. Ағайын-туыстары түгел сәкіге жиналып, өздерінің шет жерлік болып кеткен бауыры туралы сіздің әңгімеңізге ден қояды. Бір кезде жатжұрттық атанған жігіттің анасы: «Менің ұлым сізбен қай тілде сөйлесті?» – деп сұрайды. Сіз: «Ұлыңыз менімен аудармашы арқылы әңгімелесті. Өйткені, ол өз ана тілін – авар тілін ұмытып кеткен екен» – деп жауап бересіз. Сол сәтте жігіттің анасы, оқыстан баласы өлген сәтте ғана қолданылатын рәсімге барып, қара шәлісін көзіне түсіріп жіберіп: «Жоқ, Расул, ол менің перзентім емес. Менің ұлым тірі болса, бір кезде өзім бойына құйған ана тілін ұмытпауы тиіс еді. Енді менің ұлым жоқ. Ол әлдеқашан өлген», – деп дауыстайды. Міне, осы мінезде ұлтсызданған халықтар арасындағы бүгінгі проблеманың көкесі жасырынып жатқан жоқ па? Алысқа бармай-ақ, тағдырынан кешегі Желтоқсан қасіреті жүріп өткен қазақ халқының қазіргі өмірінен мысал келтірейін. Қазақтардың едәуір бөлігі өзінің ана тілін мүлде білмейді. Тілін білмеген соң, оларды ұлтының салт-дәстүрі де, өзге рухани құндылықтары да онша қызықтырмайды. Осы топтың басым көпшілігі – төлқұжатында қазақ боп жазылғанымен, қазаққа тек түрі ғана ұқсайтындар. Оларды қазақ деп атау, шындығына келгенде, әділетсіздік, екінші жағынан, үш жүз жылдай уақыт бойына жалғасып келе жатқан орыстандыру саясатының нәтижесі, яғни соның құрбаны болғандықтан, әлгілерді аяйсың да. Бірақ, орыстанбағаның үшін, тіліңді, ұлттық сипатыңды сақтап қалғаның үшін, олар сені аяйтын сияқты. Парадокс!
Әлгі топты жарып шыққан дарындар қазақша «сәлеметсіз бе!» деген сөзді айта алмаса да, өздерін қазақ ақыны, қазақ жазушысы атанғанды, қазақ халқының атынан сөйлегенді ұнатады. Сын сағаты туа қалса, олар рухани құндылығы бойына терең сіңбеген өз ұлтын қиналмай сатып кететініне күмәндануға болмай ма? Қазір адамдардың түсінігі де шатасты. Ұлтына жалаң түрі ғана ұқсағандарға, оларды осындай күйге түсірген саясатқа, қоғамға шыншыл баға берер кез жақындап келеді. Бұрын сізден басқа бірде-бір қаламгердің бұл қасіретті құбылыс айналасында жүйелі түрде ой қорытуға қауқары, батылдығы жетпеді. «Менің Дағыстаным» атты шығармаңызда осындай дара мінез көрініс тапты. Сіз суреттеген оқиғадағы авар азаматы өз елін керемет сүйсе де, салған суреттерінің бәріне дерлік Дағыстан табиғатын, оның аңыз әңгімелерін ендірсе де, тіпті, өз жұбайы – итальян ұлтының өкіліне авар халқының ұлттық киімін кигізіп өрнектесе де, ең бастысы, ол өз ана тілін ұмытып кеткен. Ана тілі – әркімнің ешкімге айырбастауға болмайтын ең ұлы анасы. Тіл жойылған жерде ұлт туралы, оның өзге игіліктері жайлы әңгіме қозғаудың өзі есалаңдық. Анасы перзентін сол үшін кешірмеді. Сол үшін де тірі ұлын өлді деп есептеді. Біреулер үшін халықтың материалдық жағдайы жақсарып, ұлттық ою-өрнектері, киім-кешектері, өзге де құндылықтары сақталса бітті, өздері ана тілін мүлдем ұмытып, басқа тілдің жұлдызын жандырып, әрі оның қолдаушысы боп кеткені түк емес сияқты. Әрине, ешкім бізге «өзге тілді игерме» демейді. Бірақ, бірінші кезекте өз ана тіліңді меңгеруің, өз анаңды сүюің, мойындауың шарт. Әйтпесе, табиғат заңына, өзіңнің адами қозғалысыңа кереғар іс етесің. Сіз осы проблема төңірегіндегі шатасқан түсінікті орнына қойдыңыз.
– Міне, міне, бір-бірімізді жүйелі әрі терең түсіне алатындығымыз үшін де біздер рухани жағынан жақын доспыз, – деп Расул аға орнынан тұрып келіп, мені құшақтады. – Енді былай етейік. Осы қонақ үйдің бірінші қабатында әртүрлі жеміс шырындарынан тамаша сусын әзірлейтін кафе жұмыс істейді. Тіпті менің жобам бойынша, маған ғана арнап жасалатын сусынның түрі бар. Қарсы болмасаң, соған түсіп, салқындап келелік.
Мен қарсылық білдірмедім. Кафедегі қыздар Расулды көріп, жадырап сала берді. Сыртта күн ыстық болғандықтан ба, бос орын жоқ екен. Екі қыз лезде ішкі бөлмеден шағын үстел, орындық көтеріп келіп, екеумізді орналастырды. Расул екі саусағын ғана шошайтып еді, аз уақыттан соң даяшы қыз әрқайсысына бір литрге шамалас дүние сыятын, жеміс сусынына лықа толтырылған екі нән стаканды алдымызға қойды. Өз басым бұрын-соңды мұндай үлкен стаканды көрмеген едім.
– Ал кеттік, – деді Расул жымиып. – Менің жобам бойынша іріктелген бұл сусында алма, өрік, ананас, бидай, жүзім шырындары бар. Мәселен, мына ағаң «Менің Дағыстанымды» 1970 жылы аяқтаған. Сен соған 21 жыл өткен соң баға беріп отырсың. Қанша асыққаныңмен мына сусынға да бағаны тек төрт-бес сағаттан кейін ғана бере аласың.
– Неге? Қазір-ақ беруіме болады, – деп стакандағы сусынды бірнеше дүркін жұтып жібердім. – Тамаша шырын сияқты.
– Асықпа, бұл шырын шаршаған ағзаны дем алдыру үшін өте қажет...
Кафеге Анатолий Собчак кірді. Қасында бір жас жігіт бар. Екеуі де бізбен қол алысып, іргелес үстелге жайғасты. Жанындағы жігіт тұйықтау көрінгенімен, Ғамзатовқа ерекше құрметпен қарайтын адам екен. Сөз арасында оның екі-үш шумақ жырын жатқа айтып та жіберді. Ал Собчак болса, ол да біз секілді КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі. Сессиядан қашып шыққаны көрініп тұр. Өз басым оның шындығын жоғалтпаған азамат екенін жақсы білемін. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінің құпиясын ашып, жүйелі баға беру жөніндегі менің қағаздарымның бәріне сөзге келмей қол қойды... Олар сусын ішіп болған соң, бізбен қоштасып шығып кетті.
Мұхтар ШАХАНОВ
(Жалғасы бар)

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...
Now we know who the sesnible one is here. Great post!
7WvfCR rrbtbmyrwepg
cheap car insurance 345917 cialis =PPP
affordable health insurance 722952 auto insurance quotes 97551 child health insurance trcgic