19 Май 2012 | Сенбі

Тарих

ЖЕЛТОҚСАН ЭПОПЕЯСЫ

02 Декабрь, 2011

Жуырда Мұхтар Шаханов «Желтоқсан эпопеясы» атты деректі романының екінші және үшінші кітабын аяқтап, баспаға ұсынды. Бүгін біз сол кітаптан үзінді жариялай бастаймыз.


1989 жылы 6 маусымда Кремльдің Съездер сарайында Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінің қасіретін бүкіл әлем назарына алып шыққан, Кеңестер Одағында үлкен дабыра, дау-дамай тудырған сөзімнің аяғында мынандай ұсыныс айтқан болатынмын:
«...ИМЕННО НА НАШЕМ СЪЕЗДЕ МЫ ДОЛЖНЫ ПРИНЯТЬ ДЕКРЕТ О СТАТУСЕ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА КОРЕННОЙ НАЦИОНАЛЬНОСТИ СОЮЗНЫХ И АВТОНОМНЫХ РЕСПУБЛИК, АВТОНОМНЫХ ОБЛАСТЕЙ, НАЦИОНАЛЬНЫХ ОКРУГОВ И МАЛЫХ НАРОДНОСТЕЙ..., а также решить очень обострившийся вопрос о судьбе советских турок и крымских татар, которые до сих пор чувствуют себя изгнанниками в своей стране».
(«Первый съезд народных депутатов СССР»,
стенографический отчет, том 2,
издание Верховного Совета СССР,
Москва, 1989 г.)

Құдайшылығын айтсақ, сол құрылтай, әсіресе, ұлтаралық проблемалар тұрғысынан халыққа бет бұру құрылтайы ретінде есте қалды. КСРО мемлекеті аумағындағы барша халық съезден өзгеше өзгеріс, жаңа леп күтті. Шағын ұлттардың мұң-мұқтажын арқалаған адамдар топ-тобымен осы съезге үміт артып, Кремль, Қызыл алаң, «Москва» қонақүйі маңын төңіректеп жүретін. Менің Съездер сарайындағы сөзімнен кейін бір әйел Қызыл алаңның шетінде «Біз М.Шахановқа ұлттық, мемлекеттік тіл мәселесін көтергені үшін алғыс айтамыз!» – деген плакат көтеріп тұрды.
***
Кремль. КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында, депутаттарға түскі үзіліс жарияланған тұста, Расул Ғамзатов екеуміз төралқаға көтеріліп Горбачевке жолықтық. Михаил Сергеевич бізді көңілді қарсы алды.
– Иә, ақын достар, халдарыңыз қалай? – деп жымия қол ұсынды ол. – Өлең жазуды ұмытып кеткен жоқсыздар ма?
– Қораз шақырмаса да таң ата береді, – деді Расул аға өзінің бағзы әзілқойлығына басып. – Қазір халық біздің өлеңімізден гөрі белсенділігімізді қажет етіп отырған сияқты. Сондықтан, менің атыма жолданған, бірнеше адам қол қойған және үлкен проблема көтерген мына хатпен мұқият танысып шығуыңызды өтінемін...
– Болсын. Он-он бес күннің ішінде жауабын аласыз. Сұрақ туындаса сізбен көмекшім хабарласады, – деді Горбачев.
Сосын, КСРО Президенті маған бұрылып:
– Иә, жолдас Шаханов, тыңдап тұрмын, – деді.
– Михаил Сергеевич, менде де осындай Қазақстан деңгейіндегі аса маңызды хат бар, мағынасын айтпай-ақ қояйын, жеке өзіңіз араласпасаңыз болмайды. Енді екінші мәселеге көшейін, – дедім мен қалтамнан қоңыр түсті қойын дәптерімді шығарып, – мына дәптерге мен сонау Сократтан бастап рух пен тіл мүддесін көтерген санаулы адамдардың ғана пікірін ендірдім. Солардың қатарында сіздің мынадай бір сөзіңіз орын тепті. Лениннен бастап мұндай пікірді Кеңестер Одағын басқарған бірде-бір басшы бұрын-соңды айтпаған екен. Ол сөзіңіз, міне: «Мы, конечно, не можем допускать, чтобы даже самый маленький народ исчез, чтобы был потерян язык самого маленького народа, мы не можем допустить нигилизм по отношению к культуре, традициям, истории и больших,. и маленьких народов...»
– Сізден бірінші рет жылы сөз естіп тұрмын, – деп жымиды Горбачев. – Дегенмен, бұдан былай осындай бағыт ұстанатынымыз айқын.
– Өткен съезде сөйлеген сөзімде Одақтас және автономиялық республикалардың және автономия­лы округтардың атын иеленген ұлттардың тіліне мемлекеттік мәртебе беру мәселесін көтерген болатынмын, – дедім мен КСРО басшысына. – Егер, осы мәселені шешіп берсеңіз, еліміз сізге өзгеше құрметпен қарар еді.
– Өз басым қолдауға әзірмін, – деді Михаил Сергеевич. – Осы гуманистік идеяның жетегінде ағаңыз Расул Ғамзатов бірнеше жыл бұрын, (дәл жеткізе алмасам, кешірім сұраймын) мынадай пікір айтқан болатын: «Аспанда қаптаған жұлдыз. Менің де өз жұлдызым бар. Ол – авар тілі. Осы жұлдыздардың бәрін қосып бір жұлдыз жасағаннан не ұтамыз? Ол үшін байтақ аспанда күн бар емес пе?»
Үшеуміз осы төңіректе тағы біраз әңгіме өрбіттік. Сол жолы Горбачевке шын көңілден риза болып едім. Ғамзатов та оған жылы лебіз білдірді. Қоштасарда мен оның қолын қысып тұрып:
– Кезінде Сталин: «Елімізде біртұтас кеңес халқымен қатар, жалғыз мемлекеттік тіл салтанат құруы керек және ол тіл орыс тілі болуы тиіс», – деді. Хрущев: «Орыс тілін неғұрлым тез үйренсек, соғұрлым коммунизмге тез жетеміз», – деп даурықты. Әрине, орыс тілінің ұлы тіл екеніне және оның жан-жақты дамуына ешкім қарсы емес. Бірақ Михаил Сергеевич, ұзақ жылдар шетқақпай болып келе жатқан аз ұлттар мен олардың тілі, мәдениеті туралы мына гуманистік пікіріңіз сөз жүзінде қалып кетпеуін қалаймыз. Мұны Ғамзатов екеуміздің ғана емес, барлық одақтас республика қаламгерлерінің ортақ пікірі ретінде қабылдаңыз», – дедім.
– Өте дұрыс. Енді осы бағытта үлкен жұмыс жүргіземіз, – деді Горбачев.
Біз баспалдақтан түсіп келе жатқанда КСРО Жоғарғы Кеңесіндегі Одақ Кеңесі төрағасының орынбасары, яғни біздің тікелей бастығымыздың бірі – белгілі украин ақыны Борис Олейник қарсы жолықты.
– Иә, Горбачевпен не мәселе шештіңіздер? – деді ол Ғамзатов екеумізге қарап.
– Жуатын мәселе бар, – деді Расул Ғамзатұлы қуланып. – Горбачев жетпіс жыл бойы Кеңестер Одағы жүргізіп келе жатқан ұлттар саясатын мүлде жаңа арнаға бұратынын Мұхтар екеумізге тағы да мәлімдеді. Сондықтан осы тобымызбен тікелей мейрамханаға қарай бұрылуымызға негіз бар...
– Дұрыс екен. Бірақ бүгінгі таңда сөз бен істің арасы тым қашықтап кетті ғой... Қазір мен Министрлер кеңесінің төрағасына бара жатыр ем... Қаласаңыздар, кешке мен сіздерді шайға шақырайын, – деді ол сағатына қарап.
– Жарайды, онда жолыңнан қалдырмайық. «Темірді қызған кезінде соқ» деген. Кешке дейін біздің суып қалуымыз әбден мүмкін... – деді Расул.
– Борис Ильич, 30 секунд бөгеліңіз, – дедім мен оған. – Сіздің де бір қанатты сөзіңізді мен қойын кітапшама ендірдім. Өзге ұлттардың өз ана тілін дамытуына жанашырлық көрсетуге мүлде құлықсыз кейбір үлкен ұлт өкілдерін орнына қоятын ол сөзіңіз мынау: «Я вправе спросить любого согражданина русской национальности: «Допускаете ли вы, чтобы ваш ребенок, находясь на своей родине, в России, обучался в школе, общался с окружающим миром не на родном, русском, а на каком-то другом языке?»
– Рахмет, – деді ол қуланып. – Расул Ғамзатовтың інісінің, яғни қазақтың көрнекті ақынының қойын дәптеріне енгеніне қуаныштымын...
– Ең бастысы мынау, – деді Расул Олейниктің арқасынан әзілдеп қағып. – Жаңа Мұхтар Горбачевке өзінің бұрын съезде көтерген ұсынысын қайталап айтты. Сөйтіп, Одақтас және автономия­лы республикалардың, автономиялы округтардың атын иеленген ұлттардың тіліне, мемлекеттік дәреже бергізуге Горбачевті көндіргендей болдық. Бірақ бүгін асығыс екенсің, мұны жууды ертеңге қалдырайық...

Бұйда бұру:
РАСУЛ ҒАМЗАТОВПЕН ҚОШТАСУ
280 миллионға жуық халықты біріктірген бұрынғы Кеңестер Одағында ұлттар әдебиеті өкілдері ішінен иығына сөмке асынған бүлдіршін оқушыдан бастап, еңкейген кәріге дейінгі аралықтың махаббаты мен назарын түгел өзіне бұрған Расул Ғамзатовқа тең келер ақын табу мүмкін емес-ті. Мәскеу көшелерінде онымен бірге жүру құдайдың азабы екеніне талай рет көз жеткіздім: «Сізді көру арманым еді, суретке түссек бола ма?», «Қолтаңбаңызды алайын деп ем, бір секунд бөгеле тұрасыз ба?» (Өзі жақын тұрған дүңгіршекке кітап не қағаз алу үшін жүгіре жөнеледі). Енді бірі: «Мына балам (яки немерем) көп өлеңдеріңізді жатқа біледі, тыңдауға жарты минут уақыт табасыз ба?», т.с.с.
Р.Ғамзатовпен мені алғаш рет жас ақын кезімде башқұрт әдебиетінің классигі, «Танакөз» атты поэмамның орысша басылымына алғысөз жазған Мұстай Кәрім таныстырып еді. Сол кездесуден кейінірек мен «Мұрын жайлы әзіл» деген мынадай өлең жариялағанмын.
«Перзент болу оңай ма толық қанды,
Зерттеп өс, – деп, – айдарлы алыптарды».
Мені башқұрт жыршысы Мұстай Kәpім
Расул Ғамзатовқа алып барды.

Таулыққа тән асау ой қанатында
Жайсаң күліп қоштасты дара тұлға.
Үш жылдан соң
Ғарышкер Севастьянов
Таныстырды қайтадан мені ақынға.
Расул айтты: «Кез келген жас талапты
Балау қиын қыранға қос қанатты.
Інім, сенің жырыңды оқығам жоқ,
Бірақ бұзау мұрының есте қапты.
Өзгешелік – табиғат тіpeгі екен,
Өзгешеге ойлы жан күле ме екен?
Өнерде де бөгде жұрт шатастырмас
Өз мұрының болсын деп тілек етем».

Тыңдағым кеп ғасырдың арайлы әнін,
Арай шашқан тауларды маңайладым.
Ғамзатовтың өзіне қарадым да:
«Гәп мұрында жатыр ма», – деп ойладым.

Өтті жылдар,
Кеңейді өpіcім де.
Бар, әрине, жеңіліс,
Жеңісім де.
Тілектесім көбейді ел ішінде,
Біреулер жүр келе алмай келісімге,
Өлеңімнің мұрынын бұзғысы кеп,
Жұдырығын жасырып жең ішінде.

Даралыққа не жетсін көңілдегі...
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Бақытты жан мен болам төріңдегі.
Өлеңде де ешкімге ұқсамайтын
Мұрынымнан танысаң, елім мені!

Кеңестер Одағы тұсында ұлттар әдебиетінен сұрыпталып бой көтерген бес алып тұлға өздерін «бес саусақпыз» деп әзілдейтін. Ең жасы үлкені – Қайсын Кулиев, одан кейінгілері – Мұстай Кәрім, Давид Кугультинов, Расул Ғамзатов, ең жасы – Шыңғыс Айтматов болатын. Бұл да Құдайдың маған берген ризығы, бақыты шығар, абырой-атағы әлемді шарлаған осы бес тұлға да мені өздерінің туған інісіндей еркелетті. Мен де олардың алдындағы іні-достық, қаламдастық борышыма өзгеше жауапкершілікпен қарауға дағдыландым.
Билік басындағылар Р.Ғамзатовтың жер жарған атағын шебер пайдалана да білді. Брежнев дәуірі кезінде ол – бірнеше жыл қатарынан КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқа мүшелігіне сайланған жалғыз қаламгер болды. Бірақ Ғамзатов бұл іспеттес марапаттауларды «өмірдің уақытша арқадан қағуы» ғана деп қабылдады. Сол кезде ғой әйелі Патиматқа: «Сижу в Президиуме, но счастья нет!» деп – жеделхат жөнелтетіні.
1989 жылы мен КСРО халық депутаты және КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі болып сайландым. Кремльдегі Жоғарғы Кеңес залында әрқайсымыздың өз орнымыз бар. Депутаттарды әліппелік жүйемен орналастырғандықтан, Расул аға шашы ағараңдап, алдыңғы қатарда отыратын. Жоғарғы Кеңес М.Горбачевтің басшылығымен құлаш-құлаш, елге қажеті шамалы көпірме заңдарды талқылап жататын. Сондай сәттерде Ғамзатов маған бұрылып кейде бір, кейде екі саусағын шошайтып көрсететін. Мұнысы он немесе жиырма минуттан кейін сессиядан қашайық дегені.
Бірде, келісім бойынша, екеуміз сессиядан білдірмей шығып кеттік. Алдымен ол, соңынан мен.
Жоғары Кеңес мүшелерінің бәрі дерлік (мәскеуліктерден өзгелері) Кремльге тақау орналасқан «Москва» қонақүйінде тұратын. Онда әрқайсымызға жеке бөлме берілген. Расулдың Мәскеуде үйі болғандықтан да, ол тізімге енбеген-ді. Сондықтан,  бұл жолы да қонақүйдегі менің бөлмеме бара жатқамыз. Одан-бұдан әңгіме қозғап келеміз. Ленин мавзолейінің тұсынан өте бергенде Расул кенеттен:
– Мұхтар, бөлмеңде КЗЫ бар ма? – деп сұрады. Алғашында түсінбей КЗЫ-сы несі, қызды айтып тұр ма деген қиғаш ой да басыма сап ете қалды.
– Жоқ, анау жылқы етінен жасалатын, сенің анаң ылғи да бізге сәлемдеме ретінде беріп жіберетін колбаса сияқты ше? – деп түсіндіре бастады ол.
– Ә, қазы деңіз, – дедім мен күліп: – Ал КЗЫ – қыз деген сөзге жақын. Бірақ, қазы да, қыз да «Қ» деген әріптен басталады.

(Жалғасы бар)

Пікірлер

Аватар пользователя Krishna
Krishna 29 03, 21:55

Okay I'm cnovicned. Let's put it to action.

Аватар пользователя Riah
Riah 01 04, 04:27

Keep it coming, wirters, this is good stuff.

Аватар пользователя uxudnlfht
uxudnlfht 01 04, 23:57

tJ8ywr ggkjernpkvsn

Аватар пользователя Kerriann
Kerriann 11 04, 05:33

free auto insurance quotes ujfied cialis 49821

Аватар пользователя Ахмет Ақжібек
Ахмет Ақжібек 12 04, 15:29

рахмет

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
3 + 5 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ