Қызыл сайраннан метан табылғандағы ғалымдардың қуанышын айтпаңыз. Марста тіршілік көзі бар деп алақандарына түкірген. Ал қарағандылықтардың метан дегенде жүрегі дір ете қалады. Өйткені, метан көміршілер қаласында жаналғыштың елесіндей болып жүр. Ондай қалалар Қарағанды өңірінде жыртып-айырылады. Қарағандының өзінен басқа Сораңды (Саран), Абайды, Шахтинскіні осы сапқа қосуға болады. (Қарағанды агломерациясына мұнан басқа Теміртау, Шахан кіреді). Қарағанды өңірінің барша шахталары осы қалаларда орын тепкен. Таңмен таласа тұрып мыңдаған шахтер жұмысына кетіп бара жатады. Ал солардың аман-сау отбасыларына оралатынына ешкім де кепілдік бере алмайды. Әрісін айтпағанда, берісінің өзінде қаншама жан мына жалғанмен қоштасып үлгермеді. Осыдан үш жыл бұрын қаңтар айында «Абай» шахтасында жарылыс шықсын. Сол жарылыс 41 адамның өмірін алып кетті. Осыған дейін мұндай апаттардан шейіт болғандар қаладағы бауырластар зиратына жерленетін. Енді мемориалдар шықты. Мәйіттер діні мен сенім-нанымына қарай бір-бірінен бөлек жерленетін болды. Көп ұзамай тағы бір мемориал бой көтерген. «Шахтинск» шахтасында тағы 11 адам үйінді астында қалды.
Әкелер бейбіт күнде осылайша балаларын өз қолдарымен жер қойнына беріп жатты. Олар да шахтерлер. Алайда, ертеректе мұндай тосын жайттар бола қоймайтын. Бола қалған жағдайда оның дүмпуі жуық маңда басылмайтын. Басшылардың бәрі орынтақтарымен қоштасар еді, зардап шеккен отбасыларына өмірлік жәрдемақылар тағайындалар еді. Апат орын алған забойлар жабылар еді. Сонау Мәскеуден келген комиссия айлар бойы осында жатар еді, себебін анықтап. Дұрысы салдарын анықтар еді.
Өйткені, себеп қашанда белгілі. Бәріне кінәлі – метан! Оның түсі де, иісі де жоқ. Сондықтан да шахтерлер оны елес деп біледі. Ол көмір қатпарларының арасында, иесіз қалған забойларда жасырынады. Кәдімгі ауамен араласқанда жарылғыш қоспа болып шыға келеді. Ол, әрине, өздігінен қопарылмайды. Оған кез келген ұшқын жетіп жатыр.
Сол қауіптің алдын алуға болады екен. Бар-жоғы көмір шабатын комбайндар мен басқа да механизмдер жүрісінен жаңылмаған сағаттайын жұмыс істесе болғаны. Ал оған қыруар қаржы салу керек болады.
Сарапшылар болжамы бойынша, енді бір он бес жылдан кейін көмірге деген сұраныс екі есе артатын көрінеді. Демек шахталар тереңдей түседі. Тереңдетіп қазуға тура келеді. Ал онда метан тұнып тұр. Демек, қопарылыстар саны да арта түседі деген сөз. Осыдан ширек ғасыр бұрын көмір қабаты жер қыртысына жақын жатты, 300-400 метрде. Соған орай метанның 90 пайызын айыруға болатын. Тереңдеген сайын метан газ күйінен ажырап көмірметан қоспасына ауысады. Соған орай оны ауыздықтау қиындай түседі. Сондай тереңдеп жатқан шахталарда апаттар көбейе түсті.
Шахтерлар қыршыннан қиылды.
Қарағанды көмір бассейні ТМД кеңістігіндегі ең газдалғаны саналады. Еуропалықтар, американдықтар, австралиялықтар бұған өті жарылып қуанар еді, өйткені бұл қыруар байлық көзі ғой. Қайсыбір мамандар қоры бойынша метанның «қара маржаннан» да маңыздылығын айтады. Өйткені оны алу үшін қыруар шығын шығарып керегі жоқ.
Әлемнің көмір өндіруші көптеген елдері метанды ауыздықтап қоймай, оны игіліктеріне айналдырып та үлгерген. Олардың тұрғын үйлері мен ғимараттары, кеңселері метанмен жылынады. Арнайы тығыздалудан өткен соң автокөліктерге жанармай ретінде пайдаланылады. Қазір оны медицинада қолданылуы кеңінен әңгіме болуда. Шетелде мал шаруашылығының қалдығын нақ осы метан өндіруге пайдаланады. Дизельді двигательдерді метанмен ауыстыру жаппай өріс алды. «Газпром» көмір метанын өндіруді кеңейте түсті. Тұрмыстық қатты қалдықтарды энергия көзі ретінде қараушылар қарасы көбейе түсті. Сөйтіп, оларда метан асыраушыға айналған. Ал бізде құтыла алмай әлек.
Мәселен АҚШ-та коммерциялық негізде метан өндіру сонау 82-ші жылы қолға алынған, ал өндірістік негізде өндіру 1988 жылы басталды. Іле газсыздандыру, дербес өндіру және көмір метанын пайдалану Алманияда, Францияда, Индияда, Польшада, басқа да елдерде өріс алды.
Ал бізде соның бірі жоқ. Осынау табиғи газды өндіруді айтпағанның өзінде көмір метанының қоры барланып, анықталмаған да. Тіпті жай уақытта оның бізге қатысы жоқтайын ауызға алынбайды. Тек шахталарда қопарылыстар болғанда ғана оны ауыздықтау жөнінде әңгіме қозғалады. Одан кейін тағы да ұмытылады. Келесі қопарылыс болғанша. Мамандарымыз біржарым мың метр тереңдікке дейінгі көмір қыртыстарында кемі 490 млрд текше метр, ал толық тереңдігінде 600 млрд-тан 4 трлн текше метрге дейін метан жатыр, – дейді. Шіркін, бұл орасан байлық қой.
Метанның көмір жүрген жерде жүретіні белгілі. Қарағандыдан иек артпа жерде Екібастұз бассейнінің орналасқаны белгілі. Егер ойлап қарар болсақ, осы Қарағанды, Екібастұз, Павлодар, Астана белдеуінің жылуын ішінара осы метанмен шешуге болар еді. Осы өңірдегі химия өнеркәсібін де дамытуға кең жол ашылар еді. Осы негізде диметилэфир, метанол, цианид сынды жоғары технологиялық өндірісті құруға болады.
«Сен метанмен айналыспасаң, сенімен метан айналысады», – дейді қарағандылық шахтерлер. Көмір метанымен енді еліміздің Энергетика және минеральды ресурстар министрлігі айналыссын. Алғашқы екпініне қарап, Алла жарылқасын айтқанбыз. Сол 2003 жылы министрліктің экология және жер пайдалану комитеті Қарағандының Талдықұдық және Сораң қылуеттеріндегі метанды барлау және өндіру бойынша пилоттық «Метан» жобасын қолға алған болатын. Өкініштісі, сол жоба көзін ашпастан кетті.
Бүгінде Қарағанды өңірінде метан өндірісін жолға қою бойынша оқтын-оқтын әңгіме шығып жүр. Әлі қоры анықталмаған, бағалық сараптамасы жасалмаған Қарағанды метанының мұндай екіұдай жағдайда қалуы аса қауіпті. Қарағандылықтар осыған дейін забойларды газсыздандыру арқылы орын алған мәселені шешпекші болып келді. Бүгінде, керісінше, өндірістік метан жөнінде жиі әңгіме қозғала бастады. «Тұрмай жатып, жүгіріп кеткен жоқпыз ба?» – деген ой осындайдан еріксіз ойға оралады. Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте беру де жарамайды. Бүгінде әрбір көмір қабатын газсыздандыру технологиясы игерілген, вакуум-сораптар үздіксіз жұмыс істейді, газ дайындау стансалары ел үмітін ақтады, метан газы негізінде жұмыс істейтін қазандықтар пайда болды.
Қарағандының қай шахтасына барсаңыз да, осы нысандарды көрсетеді. Басқа көрсетері болмаған соң не істесін?!
Шын мәнінде, айтылып отырған мәселеге мемлекеттік көзқарас жетпей жатқаны анық байқалады.
Көмір метаны жөнінде Қарағанды жерінде ғылыми-практикалық конференцияның ұйымдастырылуы сирекси бастады. Шахта, кеніш дегеніңіз – ғылым. Соның ғалымы жұмған аузын ашпаса, қандай әлеует жөнінде әңгіме қозғауға болады. Кешегі кеңестік кезінде де, бұл салаға ақша аямаған. Көмір бірлестігінде өз алдына газ басқармасы болатын. Оның көмірі азайғанымен, газы азайған жоқ қой. Ендеше ойласар шаруа жетіп-артылады. Ал бізде әлі метанның табиғатына сараптама жасалған да жоқ қой.
Шахтадан көмір ғана емес, шахта газы да шығарылып жатыр. Арнайы бұрғыланған төтелдер арқылы вакуум-сорап стансаларынан өткен шахта газы желдеткіш жүйесі арқылы атмосфераға шығарылады. Бұл ғаламдық жылынуды тездете түсетін фактордың бірі екендігі айтпаса да, түсінікті. Кезінде «Қарағандыкөмір» бірлестігінің басшысы Николай Дридж көмір метанын өндірістік негізде өндіруді ұсынады. Ал шахталардың қазіргі қожайыны «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы коммерциялық өндірудің өзін ерте, – деп есептейді. Оған көлденең тартар себептері мен дәлелдері жеткілікті. Соның ең бастысы беделді халықаралық компаниялардың коммерциялық метан өндіруге асықпай отырғандығы. Бұған сайып, көмір метанын экономикалық мәселе десек, ұтылатын боламыз. Сөз жоқ, көмір метаны – ел байлығы.
Жақында облыс әкімі Серік Ахметов «Шахтинск» шахтасында болып, нақ осы мәселенің қойылуымен танысты. Кездесуде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы, Қарағанды ғалымдары, экологтар қатысып, өз пікірлерін ашық білдірді. Қарағанды техникалық университетінің профессоры Н.Дридж қарағандылықтардың көмір метанын өндірістік негізде өндіруге дайын екенін, тек мемлекет және инвесторлар тарапынан жанды көмек керектігін айтты. Митталдықтар болса, коммерциялық негізде жұмыс істеуді ұсынды. Әрине, қайсысының таразы басын өз жағына аударарын уақыт көрсетеді. Ал облыс әкімі әлеуметтік мәселенің уақыт оздырмай шешімін табуы керектігін жиналғандар есіне салды.
Ал әзірге Қарағанды көгін жаналғыш-метан елесі кезіп жүр.
Төрехан МАЙБАС,
Карағанды облысы
МАМАН ПІКІРІ
Дмитрий КАЛМЫКОВ,
Қарағанды қаласының «ЭкоМұражай» АҚ директоры:
– Метан – жылытқыш газ. Егер көмірқышқыл газының климатқа әсер етер индексі бір бірлікке тең десек, онда метанның белсенділігі 23 бірлікті құрайды. Кейінгі екі ғасырда көмір өндіру әлемде орасан зор деңгейде артты. Осыған орай атмосфераға шығарылған метан үлесі де көбейе түсуде. Егер оны қысқарта алсақ, елімізге қосымша кіріс кіргізер едік. Біздің Үкімет осы жағын ойлауы тиіс.

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...
Мынау сұмдық қой.