19 Май 2012 | Сенбі

«Аймақ»

Жұрттың жалақысын жымқырғандар

Жұмыстарын жасатып алып, қызметкерлеріне тиісті жалақысын бермеген кәсіпорындар әлі де бар. Бұлардың бірқатары экономикалық қиындықтарға қатысты тығырыққа тірелсе, кейбірі қасақана істейтін тәрізді. Бұл жөнінде Атырау облысы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Тимур Естебаевпен әңгіме барысында белгілі болды. Аталмыш мәселе облыстық әкімдіктегі селекторлық кеңесте де сөз болды.
Мәселен, тексеру барысында биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен 21 мекеменің жалақыға жалпы берешегі 310,9 млн теңге екендігі анықталды. Соның ішінде «Атыраумұнайгазгеология-Бұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктеcтігінде сол сәтте 110,2 млн теңгенің қарызы қалыптасқан. Жалпы, осы мекеме төңірегіндегі әңгіме біраз жылдан бері айтылып келе жатса да, соңғы нүктесі қойылар емес. Ол ақыры сотқа жеткізіліп, қазір кәсіпорын басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Әрине, объективті себеп айтылып, экономикалық қиындықтар алға тартылса, түсінікті дер едік. Бұлардың да атқарған қызметі үшін өзгелерден алар ақысы болуы ықтимал.
Алайда, тексеру кезінде белгілі болғанындай, мұнда алдымен міндетті берешектерді өтеуге, соның ішінде жалақы төлеуге,  арналған ақша басқа мақсатқа жұмсалып кетіпті. Жұмысшылары бірнеше айлап жалақысын ала алмай жүргенде басшылардың қандай өзге мүддені көздегенін кім білсін, әйтеуір қызметкерлерінің қалтасын қаққаны анық. Оның үстіне, осы жалақыға берешек қалыптасқаннан бері мұнда бірнеше басшы ауысқанымен, ешқайсысы да жағдайды жөндей алмаған. «Баяғы жартас, бір жартас» дегендей, күрделі проблеманың күрмеуі тарқатылар емес. 
Рас, сот шешімдерін орындау мекемесінің мәліметіне қарағанда, қазір борышкердің мүліктері сатылып, одан түскен қаржы жұмысшыларға жалақы ретінде таратылуда екен. Өткен жылғы желтоқсанда прокуратура тексеруі нәтижесінде кәсіпорынның 380 қызметкеріне барлығы 94,2 млн теңге жалақы төленбегені анықталған-ды. Оны уақытында жабу жөнінде тапсырма беріліп, басшылыларына 151 мың 200 теңге шамасында айыппұл салынған.
Тікелей міндетіне кірмесе де, жергілікті атқарушы билік кәсіпорында қалыптасқан ахуалды сауықтыру мақсатында біраз шара да қолданды. Кәсіпорын басшыларын шақырып, әңгіме де жүргізді. Бұларға берешек мекемелерге ықпал етіліп те көрді. Бірақ бәрібір мәселенің түйіні түпкілікті тарқатылмады. Тек сот шешімі шыққан соң ғана кейбір қызметкерлерге жалақы төлене бастаған. Соның өзінде 127 жұмысшының барлығы 54,8 млн теңге алажағы бар. Жоғарыда айтылғанындай, кәсіпорын басшысының үстінен прокуратура қылмыстық іс қозғады.
Борышкер мекеменің бірі – «Атырау Нефьт и Газ Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның қарызы 60,7 млн теңгеге жетіпті. Рас, Атырау облысы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің Тимур Естебаевтың айтуынша, әкімдікте жиналыс болардың алдындағы соңғы сәтте кәсіпорын басшылығы барлық борыштан құтылғанын хабарлапты. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» дегендей, қатаңырақ талап қойса, мәселе де шешіледі екен ғой. Сонда, уәкілетті органдар бұған дейін көңілжықпастыққа салынғаны ма?
Ең түйткілді проблема – кейбір кәсіпорын басшыларының ізін суытып үлгергені. Оларды қазір құқық қорғау органдары іздеп жатқан көрінеді. Табыла ма, жоқ па – ол да басы ашық мәселе. Міне, жұмысшыларға жалақысын қасақана төлемеу туралы айтылғанда осындай оқиғалар тілге тиек етіледі.
Жалпы, әкімдікте болған жиналысқа жұмысшыларға берешегі бар мекеме басшылары түгел қатыспады. Бұл облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукенов тарапынан реніш те туғызды. Ол бір ай мерзім ішінде бұл проблеманы түбегейлі шешуді де тапсырды.
Қазір, турасын айтқанда, Атырау облысында жұмыспен қамтуға қатысты күрмеулі мәселелер бар. Бұдан бірер жыл бұрын осы өңірдің адамдары ғана емес, күллі республиканың әр түкпірінен келгендер қызмет істеген қала іргесінде салынып жатқан «Болашақ» зауытының құрылысы аяқталды. Сөйтіп, Солтүстік Каспий жобасына қатысты тағы бір нысан мәреге жетті. Демек, осында жұмыс жасаған мыңдаған маман қысқартуға ұшырады. Қазір айдындағы жасанды аралдарда да кейбір жобалар бітуге жақын. Басталуы биыл күтілген Теңіз кенішін игерудің үшінші кезеңі де кейінге қалдырылды. Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасына жұмысшыларды жаппай қабылдау келесі жылы жүргізілмек. Ақырында, елімізде тұңғыш рет салынбақшы мұнай-химия кешені құрылысы да биыл тек дайындық шараларымен шектелді. Яғни мұнда да құрылысшыларды қызметке қабылдау алдағы жылы жүзеге асырылмақ. Міне, осындай объективті себептер салдарынан өңірде жұмыспен қамтуға қатысты үлкен проблема туындады.
Рас, жергілікті атқарушы билік ахуалды қалыпты ұстап, жұмыссыз жандарды өзге жобаларға орналастыруда, әлеуметтік қызметтерге тартуда. Сөйтіп, тығырықтан шығуда.
Әйтсе де, алдымызда әлемдік қаржы дағдарысының жаңа толқыны келе жатқанын ескерсек, тағы да күрмеулі проблемалар тап болары кәміл.  Ал, қызметкерлерге қасақана жалақы төлемеу немесе бұған бөлінген қаржыны басқа мақсатқа жұмсап жіберу – қылмыспен парапар әрекет. Жұмысшылардың жалақысын жымқырғандарға ешқандай кешірім де жоқ. 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
Атырау облысы 

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
9 + 2 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ