19 Май 2012 | Сенбі

Сomment

Украинада мемлекеттік тілдің мерейі үстем

02 Декабрь, 2011


Атақты кобзарь – Тарас Шевченконың елінен дәм бұйырды. Киевке аяқ басқанда жергілікті халықтың өз ана тіліне ерекше құрметі көзге тосын көрінді. Тіпті халық қаланың қақпасы саналатын әуежайда-ақ тек туған тілінде сөйлеп жүр. Әбден санамызға сіңіп қалған орыс тілі, расында, естілмейді. Кеңестік бір шапанның астынан шыққан Қазақстан мен Украинадағы тілдік ахуал – аспан мен жердей екен!

Қызмет көрсету аясы, оның ішінде кассирлер мен такси жүргізушілеріне дейін өзге тілде сөйлеуге құлығы жоқ екендігін аңғартты. Әуежай мен қонақүйге дейінгі аралығы 40 минуттық жер екен. Жолдағы жарнама мен сауда орындары, мейрамханалар мен өзге де нысандардың атауы, бірқатар «Nokia», «Snickers» секілді алпауыт компаниялардың брендтерін есептемегенде, сіз сенбессіз, тек украин тілінде.
Әлемдік прокатқа шығып жатқан шетелдің қай киносын кинотеатрда отырып, қазақ тілінде көріп едік?! Есімізде жоқ. Өзімізге «түсінікті» орыс тілі шығар деп, жергілікті кинотеатрлардың біріне жақындай қойғанымыз сол, кіреберістен-ақ аңдатпа мен брошюралардың украин тілінде, тиісінше, фильмдерінің де тек ұлттық тілде болатынын естіп, бір абдырап, бір қуанып қалдық. Көрмесек – көрмеспіз. Бірақ өкінбейміз. 
Мәселен, «Ымырт» («Сумерки») фильмін, Ақтөбеде жүріп, Ақтөбеде емес-ау, еліміздің басты қалаларында қазақ тілінде көрсек арман бар ма? Жә, «Көліктердің» («Тачки») қазақ тілінде көрсетіліп жатқанын естідік, сол да көңілге медеу... 
Сырттан барғандар түсінсін-түсінбесін, украин тілін құрметтеуі керек. Басты талап – осы. Түсінбесең – өз шаруаң. Ешкімге ренжімейсің. Бізді қойшы, бүгін қонақ, ертең елге қайтамыз. Ренжуге құқымыз жоқ. Тіпті украинмен бір нанды бөлісіп жеп жатқан орыстілді халықтың біреуге бұртиғанын байқамадық.
Уақыт тауып, Киевтің орталығы – Крещатник көшесімен жүріп өттік. Елдегі саяси ахуал белгілі. Майданға жете бере, бір-біріне жақын тігілген шатырларды көзіміз шалып, арасын кесіп өттік. Украинаның әр өңірінен келген өкілдер осында әлгі шатырларда тұрып жатыр. Бұлар – Юлия Тимошенкоға тағайындалған жазаға келіспей, өзіндік шара өткізіп жатыр екен. Әдеттегіше, тілшіге тән қызығушылықпен біреуін болмаса, біреуін сөзге тартқым-ақ келген. Ең болмаса, «жеңеріне сене ме екен», сонысын білгім келген. Онымнан түк шықпады. Жиналғандардың бірі сұрағымның орысша болатынын білген соң: «одан да жақындамағаның жөн! – деді. – Біріншіден, ашулы топ сенің орысшаңды түсінбейді. Түсінген күнде жақтырмай, теріс айналады». Амал жоқ, сауал қоя алмай, бос қайттым.  
Расында, шаш үлгісін украинша өретін Юлияның да орысша «әу» дегенін ешкім естімепті. 
Ұлттық валютасындағы жазу да бір тілде. «АероСвіт» әуе компаниясы шығаратын мұқабасы жылтыр Meridian журналы украин-ағылшын тілдерінде жарық көреді. Біз оны іштей ұлттық компаниямыз шығаратын «Tengri» журналымен салыстырамыз ғой. Бір мәтінді үш тілде жариялап, тиісінше, әр тілдегі нұсқасының артық орын алатынын ойладық. Тізбектей берсек, мұндай мысалды шексіз келтіруге болар еді...
Осының бәрін көре отырып, бір шетінен қуанып та қалдым. Қуана отырып, өзегімді өкініш өртеді...
Биыл қараша айында Украина Жоғарғы Радасының төрағасы Владимир Литвин: «Шенеуніктер мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі керек», – деген еді. Тіпті, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі балалардың да өз тілінде білім алу керектігін шегелеп айтыпты. «Өзге тілді білсеңдер – керемет, бірақ, алдымен – өз тілімізді білейік!» Қазір Украинадағы телеарналардың бәрі В.Литвиннің осы сөзін дамылсыз таратып жатыр.

Асқар Ақтілеу,
Ақтөбе – Киев – Ақтөбе
(Жалғасы бар)

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
2 + 13 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ