Өткен жылы Мексика шығанағындағы бұрғылау қондырғысында болған өрт АҚШ тарихындағы ең үлкен апат ретінде әлі де әлем ғалымдарының назарын аударып отыр. Соның салдарынан 11 адам қазаға ұшырады. Айдын төсіне 5 млн барель мұнай төгілді. Апатты ауыздықтауға 31800 адам қатысты. Сол оқыс оқиғадан соң қазір жағдай қалыпты делінгенімен, дүниежүзі жұртшылығы мазасыздықтан арылмаған.
Жақында Атырауға арнайы келген Америка Құрама Штаттарындағы Калифорния университетінің профессоры Терри Клайд Хейзен Мексика шығанағындағы апат қалай қалпына келтірілгенін баяндады. Турасын айтқанда, американдық ғалым осы бағытта тың тәсіл ойлап тауып, оны өзі секілді бір топ маманмен бірлесіп жүзеге асырыпты. Ауыз толтырып айтарлықтай нәтижесі де бар екен, оны да біраз баяндады.
Жалпы, Хейзен мырзаның айтуынша, Американың өзінде сандаған жылдар бойы мұнай өндіру саласында бірнеше апат болып келген. Олардың бәрінің де қоршаған ортаға айтарлықтай залал келтіргені кәміл. Тек осы жолы тың тәсіл қолдану арқылы қалпына келтіру шарасы шапшаң жүзеге асырылыпты.
Әрине, әр апаттың үлкен-кішісі болады. Мамандардың тұжырымдауынша, Мексика шығанағындағы оқиға аса күрделі саналады. Қатты жарылыс салдарынан ұңғыманың үш жерінен мұнай ағыпты. Бұған дейін қолданылып келген әдістер еш нәтиже бермеген. Мұхит түбінің тереңдігі де, апат орнының жағалаудан қашықтығы да біраз қиындық тудырған. Ондаған кеме су бетіне жайылған мұнайды жинаған.
Мексика шығанағындағы апат зардаптарын жою үшін 60 млрд шамасында АҚШ доллары жұмсалды. Осы келеңсіздікке жол берген ұлыбританиялық ВР компаниясының халықаралық беделіне үлкен нұқсан келтіріліп, оның нарықтық капиталы 50 пайыздан төмендеп кетті.
Жалпы, Мексика шығанағындағы оқыс оқиға жалқы емес. Жоғарыда айтқанымыздай, мұнда бұған дейін де талай апатты жағдай орын алған. Соның бәріне АҚШ үкіметі көзжұмбайлық танытты дей алмаймыз, бірақ қайткенде де қатты шара алмағанға ұқсайды. Әйтпесе, алдыңғы жайлардан сабақ алынып, зардап салдарын шұғыл қалпына келтіретін тәсілдерді бұған дейін-ақ ойластыруға болатын еді ғой.
Осы оқиғадан соң АҚШ үкіметі шығанақта мұнай өндірумен айналысатын компанияларға қатаң талап қойып, кейбірінің қызметін де шектеді. Апатқа кінәлі компанияға көп көлемде айыппұл да салынды. Бірақ, бәрі де кеш. Өйткені, апат салдарынан айдынның қалыпты тірлігіне қаншалықты нұқсан келтірілді? Оны мекендеген тіршілік иелері қайда безіп кетті? Қаншасы қырылды?
Компания да үлкен зиян шекті. АҚШ үкіметіне төлеген айыппұлы өз алдына, айдынға төгілген бес миллион баррель мұнай далаға шашылған ырыс емес пе? Әлемдік нарықта «қара алтын» бағасы өсіп отырған шақта осынша көлемде мұнайдан текке айырылу – қыруар шығын.
Турасын айтқанда, әлемнің әр түкпірінде 7-10 жылда айдынға 100 мың тоннадан аса мұнай төгілетін апат орын алады екен. Бұған дейін дүниежүзінің 112 мемлекеті осындай оқыс оқиғаны бастан кешіпті. Американдық ғалым статистикалық деректерге сүйеніп, солардың бірқатарын атап та өтті. Оны өзімізде бар мәліметтермен толықтырғанда, айдынға қаншалықты салмақ салып отырғанымыз айшықтала түседі.
Мәселен, экологтардың есебінше, 1975 жылдан бері ғана теңізде өнім өндіруші компанияларда 60 шақты ірі апат болған. Солардың дені АҚШ-тың солтүстік-шығыс жағалауына жақын Мексика шығанағында екен. Бұл жоғарыда айтқанымызды одан әрі дәлелдей түседі, яғни Америкада бұған дейін теңіздегі апаттарға аса қатты көңіл бөлінбеген.
Бұлардан басқа Жерорта және Солтүстік теңіздерде, Парсы шығанағында бірнеше ірі апат болыпты. Мәселен, 1977 жылы «Филипс Петролеум» компаниясының бұрғылау платформасында айдынға мұнай төгіліп, газ атқылаған. Төгілген мұнай 700 шаршы шақырымға жайылған. Данияның, Норвегияның және Швецияның жағалауына бүліну қаупі төнген.
Осындай әлемдік сипаттағы апаттар бірінен соң екіншісі орын алып жатқанда Каспий теңізі қалай қорғалмақ? Алдыңғы жылы Астанада өткен бесінші Еуразиялық энергетикалық форумға қатысудың сәті түскен. Сонда ірі ғалымдар мен мамандар Еуропа мен Азияны көмірсутегі шикізатымен сенімді қамтамасыз ету үшін Каспий теңізіндегі кен орындарын шапшаңырақ игерудің қаншалықты маңызды екендігін айта келіп, мұнда қауіпсіздік шаралары аса қажеттігін де атап өткен.
Жалпы, Хейзен мырзаның айтуынша, Мексика шығанағына төгілген бес миллион баррель мұнайдың 23 пайызын жинау мүмкін болмапты. Мұның мәнісін сұрағанымызда, айдынға жайылған «қара алтынның» осы бөлігі не буланып жоғалған, не ағыспен ағып кеткен.
Ал, Каспий теңізі – ашық су көзі емес, тұйық көл. Мұнда төгілген мұнай ешқайда ағып кетпейді, бір жағалаудан екіншісіне жетіп жүре береді. Сөйтіп, оның айналасындағы бес мемлекетке де зардабын тигізеді. Демек, теңіз шекарасы әлі айқындалмағанымен, оның тазалығына осындағы бес ел де мүдделі.
Солтүстік Каспий жобасы қолға алынған сәтте-ақ Елбасы мұндағы жұмыстардың қалыптасқан экологиялық жүйеге еш әсері болмауы керектігін нақты тапсырған. Мұнай өндіріліп жатқан Мексика шығанағы да түрлі өсімдіктер мен жануарлар әлеміне толы екен. Ал, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде олардың әлемде өте сирек кездесетін түрлері бар. Ертең Қашаған кенішінен өнім алынғанда, соларға қатер төнбей ме?
Мексика шығанағындағы оқиғадан соң айдыннан мұнай өндіріп жатқан барлық мемлекет қауіпсіздік шараларын қайта қарастырып, сақтық жұмыстарын жүйеледі. Қазақстан да инвесторлармен бірлесіп игерілмек Қашаған кенішін шолып өткен. Үкіметтің арнаулы қаулысымен бірнеше министрлік өкілдерінен құрылған комиссия біраз кемшілік тапты. Тіпті бұрғылау жұмыстарын уақытша тоқтатуға тура келді. Әйтсе де, жақында ғана құзырлы орындар ресми мәлімдегендей, Каспий теңізінде өнім өндіру кезінде апатты жағдайлардың болмауына әлі кепілдік жоқ. Ал, біз мұндағы алғашқы өнімді келесі жылы алуымыз керек.
Жалпы, теңіздегі Қашаған, Қайраң және Ақтоты алаңдарынан қазылар 240 ұңғымадан тәулігіне ғана 1,5 млн баррель мұнай алынбақ. Бұл – өте көп. Ал, осы ұңғымалардың бірі сыр берсе ше? Атыраулықтардың жадында Теңіз кенішіндегі №37 ұңғыманың апаты әлі жаңғырып тұр.
Рас, Қашаған мұнайын қауіпсіз игерудің кейбір шаралары алынып та жатыр. НКОК компаниясы ара-тұра журналистерге су бетіне жайылуы ықтимал мұнайды жинайтын арнайы жабдықтарды көрсетіп қояды. Бірақ сол аса сенімді болар ма екен? Айдыннан талай жылдан бері «қара алтын» өндіріп жатқан азуы алты қарыс Американың өзіндегі әдістер Мексика шығанағындағы апат алдында қауқарсыз болса, біздегі байырғы қондырғылардың сенімділігіне күмән да бар.
Дамбы елді мекені тұсынан тұрғызылар мұнай төгінділерін жинайтын база да барлық талапқа сай болар ма екен? Әрине, мұндай нысан қажет, біраз оның қуаты шектеулі. Оның үстіне, тәуелсіз экологтардың айтып жүргеніндей, құрылыс үшін таңдалған орын да қате. Демек, осындай шағын базаларды топырлата бергенше, қуатты бір-екеуін салған жөн емес пе?
Сөз соңында калифорниялық ғалым Терри Клайд Хейзен не демекші болды? Оның айтқанынан ұққанымыз, айдын төсіне кездейсоқ мұнай төгілген жағдайда оның зардабын жедел жоятын тәсіл тапқан тәрізді. Әрі осындай оқыс оқиғаның орын алары да кәміл. Өйткені, өндірісте апат болмауы мүмкін емес. Демек, американдық ғалым өзінің тәжірибесін ұсынады. Әрине, ақшасына. Мексика шығанағында сәтті қолданылған әдістің Каспий теңізінде де жүзеге асарына сенімді. Соны Қашаған кенішін игерушілерге ұсынады. Тек соны бас оператор НКОК консорциумы қабылдай ма? Өзі база тұрғызып, оны қажетті құралдармен жабдықтап жатқанда, әлдекімнің әдісіне құшақ жая қояр ма екен?
...Сонымен, Каспий теңізіне қатысты тағы бір шара талқыға түсті. Бұл жолы мүмкін апаттың зардабын тез жою жолдары айтылды. Ал, біз сол апатты мүлдем болдырмау амалдарының қолға алынғанын қалар едік. Елбасының талабы да, жұртшылықтың тілегі де – сол.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
Атырау облысы

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...
Мұнай -мұнай деп,( мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылған) теке болармыз әлі.Қазылмай жатып әлден мұнай қалдығы төгіліп,былтыр аққулар,оның алдында итбалық қырылып еді,енді осы Қашаған кесірінен айналамыздағы елдерге қарыз болып қораға кіретін боламыз әлі.