Орман алқабында, бақ-тоғандарда қурап жатқан ағаштар біз үшін кәдеге жарамсыз. Тазалық шараларын ұйымдастырған кезде де оларды өртеуге асығамыз. Егер зерделеп қарасаңыз, ағаштың кепкен тамырлары мен түбірлеріне табиғаттың өзі керемет мүсін жасаған. Тек оның бөлігіне кішкене толықтыру енгізіп, флористика жасасаңыз болғаны, әп-әдемі дүние шығады.
Қайырғали Мүтиев отыз екі жылдан бері флористикамен айналысады. Балшықтан мүсін, ағаштан бұйым, темірден түйін түйетін маманды бұл өнер, сірә, бала кезінен қызықтырса керек. Ол жасынан табиғат аясында тыныстап, өз қолымен әсем дүниелер жасағанды ұнатады. Қолы қалт етсе құрал-сайманымен орман-тоғандарды, өзен-су жағалауларын аралап, ағаш тамырынан түрлі мүсіндер жасайды. Бүгінде оның қолынан шыққан жауһар дүниелер мұражайларда сақтаулы.
Флористиканы меңгеру үшін де ағаш тілін ұғынып, баптай білетін адам керек. Сонымен қатар суретшілік қабілеттің де болғаны дұрыс. Қайырғали аға бұл өнерден құралақан емес. Ол Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесінің мүсіндеу факультетінде қолданбалы өнер мамандығын тәмамдаған. Флористика өнеріне қызығушылығы қалай басталғаны жөнінде өзі былай дейді:
— Бірде Алматыда оқып жүргенімде студент достарыммен топтық серуенге шыққан болатынбыз. Орманнан аңдарға ұқсас ағаш тамырларын тауып, өзіммен бірге оқу орнына ала келіп, ұстазыма көрсеттім. Бұл 1974 жылдың мамыр айы еді. Сол кезден бастап ағаш тамырларынан түрлі бейнелер, мүсіндер жасауды қолға алдым. Флористика — ертеден келе жатқан өнердің бір түрі. Ағаш тамырлары мен түбірлерінен жан-жануарлар мен құстардың бейнесін мүсіндеуге болады.
Флористикаға қажетті ағаш түбірлерін, томарларды шіріген, құлаған не қураған талдардан аламыз. Ол үшін маманның ой-өрісі кең, қиялы бай болуға тиіс. Тапқан томарлар мұқият тексеріліп, қандай бейнеге ұқсайтыны айқындалған соң өңделеді. Алдымен ағашты ағынды суға жуып, қабығы құм-саздан тазартылады. Содан кейін бірнеше уақыт күн көзіне кептіріліп, мүсінделеді. Өңделіп болғаннан кейін марилькамен немесе қоңыр акварель бояуларымен боялып, майшам ерітіндісі жағылады.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін кейіпкеріміз флористиканы жан-жақты зерттеп, газет-журналдарға жиі материалдар жариялайды. Сонымен қатар ол «Жанды түбірлер», «Ер жасау өнері» атты методикалық жинақтардың авторы. Осы өнерді үйренемін деп ниет танытқан талапкер жасқа Қайырғали аға қолынан келетін көмегін аямайды. Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының оқушылары тәлімгер ұстаздан көп нәрсені үйренді.
Қайырғали аға флористикадан бөлек, қобыз, домбыра, сыбызғы бұйымдарымен қатар, ер-тұрман да жасайды. Бұл кезге дейін ол өз қолымен он бес домбыра жасаған. Домбыраны арнайы тапсырыспен жасағаны болмаса, сатылымға шығарған емес. Көбіне қарағаштан ойып жасаған бұйымдарына ұлттық оюларды пайдаланады. Сонымен қатар халық арасында ұмытылып бара жатқан жәдігерлерді қайта жаңғыртуды көздейді.
«Табиғатқа асықпай, зер сала қарасаңыз, құнды бұйымдар жасауға болады. Мәселен, «Кекіре шөбі» дәні құстар бейнесін жасау үшін қолайлы. Шөпті әбден тазалап, қалыпқа келтіріп, аяғын салсаңыз болғаны. Ал су жағасында өсетін қамыс – сыбызғы жасау үшін табылмас дүние. Жалпы, біздің еліміздегі әр ағаштан әдемі ұлттық бұйымдар жасауға болады. Солардың бірі – бүгінгі күні сирек пайдаланылатын «Сақпан» аспабы. Бұл аспапты ертеде халқымыз мал баққанда қойды үркіту үшін пайдаланған екен. Кейін оны белгілі сазгер Нұрғиса Тілендиев халық арасынан іздеп жүріп музыкалық оркестрге қолданыпты. Менің қолымнан шыққан «Сақпан» аспабы жұртшылыққа ұнады. Осыдан төрт жыл бұрын Орынборда халықтар достығының көрмесінде қойылды», – дейді сөз арасында кейіпкеріміз.
Уақыт пен ойдың ұшқырлығын талап ететін флористика өнері ешқашан құндылығын жоймақ емес.
Айгүл БӘЙТІБИҚЫЗЫ,
Ақтөбе облысы

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...