19 Май 2012 | Сенбі

Әдебиет

Талап-тұлпар жасынан

Кімді де болса, мұратына жеткізер талап, талант және еңбек. «Талапты ерге нұр жауар» дейді халқымыздың даналығы. Сауытбекпен қырық жылдай достық қарым-қатынасымызда осы қағиданың куәсі болып келемін.

1970 жылы Қазақстандағы жалғыз университеттің журналистика факультетіне оқуға түскен елу жас талаптың алды алпыс деген белестен өте бастаған. Студенттік думанды бес жылды артқа тастап, 1975 жылы қолымызға жоғары білімді маман дипломын алып, еліміздің әр өңірінде бұқаралық ақпарат құралдарының сан саласында қаламгерлік қадамымыздың бастау шабысы алуан жүйріктердің еңбек жолы – өмір жолы сөресінен бір мезгілде аттанған, алға ұмтылған талап жарысы да еді. Енді отыз бес жылдан соң белгілі бір қорытынды жасауға болар.

Замандасымыз ақын, ғалым Асқар Егеубаевша айтқанда, біздің курс әкімдер көбірек шыққан, ал бізден бір жыл бітіргендерден ақын көбірек шыққан  түлектер екенбіз. Иә, біздің курстың арасынан түрлі деңгейдегі басшы орындарда ірі жауапты қызмет атқарып жүрген, талай басылымның жетекшісі – редакторы, шығармашылық табыстары бар, елге танылған абыройлы  азаматтар аз емес. Әйтсе де баршамыздың арамызда Сауытбектің шоқтығы биік: Үкімет мүшесі – министр, «Егемен Қазақстанды» ел газетіне айналдырған басшы – акционерлік қоғам президенті, қазақ көркем аудармасының теориясы мен тәжірибесін байыта түскен ғалым – филология ғылымдарының докторы, профессор. Бұл күнде Сауытбек – қазақ зиялы қауымында айтар сөзі, алар орны, қадыр-қасиеті бар кесек тұлға.
Бәріміз де студентпіз. Сабақтан да қашпаймыз, қызықтан да қалмаймыз, театрда жиі боламыз. Көрген-білгенімізді, оқыған-тоқығанымызды бір-бірімізге айта жүреміз. (Бес жыл Алматыда оқып  кітапханаға не театрға бас сұқпай кеткен замандастарымыз да болды-ау!). Көбіміздің қолымызда сол заманда өзекті көрінетін билеуші коммунистік партия съезінің материалдары, қолтығымызда марксизм-ленинизм классиктерінің томдары. Осы ілімді тереңірек сіңірсек, мақсат-мұратымызға жеткізетін сол болып көрінеді және бізді сол рухта оқытады да.
Ал Сауытбектің білімге бойлау талпынысы талайымыздан басқаша. Қолында Мәскеуден шығатын «Театр», «Искусство кино», «Вопросы литературы» журналдары, «Литературная газета». «Букинист» дүкені мен Жазушылар одағына жиі бас сұғады, М.Әуезов үйінде халық университетінің әр жұма сайын өтіп тұратын танымдық дәрістерінен қалмауға тырысады. Атағы дардай ақын-жазушыларды, ғалымдарды көргенін, сөздерін тыңдағанын, пайым-парасаты қандай екендігін айтып келеді. Қазақ әдебиеті мен өнерінің жай-жапсары, тұлғалары туралы кесек-кесек ой айтуға жарап тұрды. Аузынан Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Қалтай Мұхамеджанов, Мұқағали Мақатаев, Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев сынды таланттар түспейді. Бұл тізім орыс, шетел классиктерімен жалғаса берер еді. Иә, Сауытбек өз талабын осындай заңғар ағалармен өлшеді, солармен өзін тәрбиеледі, солар шыққан биікке өзі де талпынды.   
Осындай дайындықтан кейін Сауытбек өзі де көріне бастады. Бірінші курстың бірінші семестрінде-ақ «Чайковский» фильміне жазған кинорецензиясы шықты. Ұмытпасам, сірә,  екінші курста жүргенде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне Ресейдің аты дүрілдеп шығып тұрған талантты композиторы Андрей Эшпаймен  сұхбаты жарқ ете қалды. Композитордың Алматыға келуіне орай онымен тілдесуді редакция өз қызметкеріне емес, таныла қоймаған студент Сауытбек Абдрахмановқа сеніп тапсырыпты. Редакцияға соғып тұратын Сауытбектің әңгімесінің аясын аңғарған Оралхан мен Сағат жас талаптың қалам-қарымын осылай ұштаған екен. Бұның ар жағында сұңғыла ағалардың түбі бір түркінің бір бұтағы мари халқының талантты перзентімен қазақ жұртын таныстырайық деген туыстық ойы жатуы да мүмкін-ау!
Бұдан кейін Сауытбектің Ресейдің тағы бір әйгілі кино-театр әртісі Людмила Чурсинамен, түркі  әлемінің алыбы Шыңғыс Айтматовпен сұхбаты жарияланды. Бұл төтеннен барып үстірт қойылған балаң сұрақтар емес, танымы, толғамы ауқымды терең әңгімелесу болып шықты. Шыңғыс ағаны «Адамзаттың Айтматовы» деген бағалауы ауыздан-ауызға ілініп кете барды. Сауытбек әдебиет пен өнердің алыптарымен тең отырып, сырласа алар дәрежеге осылай көтеріліп бара жатты.   
Қырғыз киногер ағайындар «Көксерек» фильмін түсіріп берген кезде фильм мен М.Әуезов әңгімесінің сәйкес келмейтін тұстарын тілге тиек еткен біржақты сыннан картинаны қорғап, табанды уәж айтқан Сауытбек болды. Жас Әуезовтің алғашқы шығармаларына жататын әңгіме желісі бойынша түсірілген фильм оны мазмұндық жағынан байытқанын, астары ашыла түскенін, картина арқауы адам мен табиғат қатынасын көрсету сияқты көрінгенімен, ой өзегі – адам мен қоғам арасындағы күрделі қатынастарды пайымдау екендігіне назар аудартты.   
Осылай қалыптасқан Сауытбек 5-курстың көктемінде, оқуды бітірмей жатып-ақ кино сыншысы ретінде Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің аппаратына жауапты қызметке алынды. Жас талапты таныған – комитет төрағасы Камал Смайылов. Осы жерде ол Қалтай, Әбіш, Әкім ағаларымен қызметтес болды, танымы кеңи түсті. Ұлттық мүдде үшін тайталас қазанында ширады. Одан кейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясының әдебиет және өнер бөліміне шақырылды. Шақырған – Сапар Байжанов. Бұл жерде де қазақтың игі жақсылары Сарбас Ақтаев, Болат Бодаубаев, Ақселеу Сейдімбеков, Қойшығара Салғарин, Бекболат Әдетов, Кеңшілік Мырзабеков, Зұлқарнай Сақиевпен, басқа да сақа журналистермен шығармашылық сапта бір жүрді. «Социалистік Қазақстан» байсалдылыққа, байыптылыққа үйреткен үлкен мектеп болды.
Қазақта «біреуден ілгері, біреуден кейін тіршілік кешу» деген шүкіршілік, қанағатшылық ұғым бар. Бірде студент Сауытбек каникулға ауылға барғанда анасы Сайыпжамал апамыз баласынан оқуының жайын сұрайды. Сауытбек «біреуден кейін, біреуден ілгері» дегендей сыңайда жауап берсе керек. Сонда апамыз «екеуден ілгері, біреуден кейін болғаның жөн, балам», – деп ұлының міндетін нықтаған екен. Бұл талап өмір бәсекесінде Сауытбектің өмірлік қағидасына айналды. Сондай талаптан да болар, Сауытбек өз өмірінде қай нәрсеге де үлкен мән беріп қалыптасты. Балалы болғанда да олардың атын қоюда әліпбидің басқы әріптерінен келетін есімдерді таңдады, Асқар, Әлия, Әсел, Әнуар Абдрахмановтар осылай дүниеден орын тепті. Ниетіне орай балаларының бәрі алғыр болып өсті. Мектепті  алтын белгімен, оқу орындарын үздік дипломмен бітірді. Асқар тарих ғылымдарының кандидаты атағын қорғады, қазір Польшада елшілік қызметте.
Сауытбектің күнделікті күйбеңнен жоғары тұруына, үлкен мақсаттар жұмысбастылық тасасында қалып қоймауына жары Мәрия да үнемі септігін тигізіп келеді. Соның бір мысалы, бірде Мәрия Сауытбекке  «докторлық диссертацияңды қашан қорғайсың? Уақыт өтіп барады», – деген астарлы сұрақ қояды. Бұл сөзге Сауытбек таңырқай, «ол үшін, алдымен, кандидаттық қорғау керек қой», – деп жауап қайтарыпты. «Е, кандидаттықты  қорғайсың ғой, мен түпкі мақсатты айтып отырмын», – дейді Мәрия. Жарының осылай аялай қамшылауы Сауытбектің ғылыми ізденіске ден қойып, бұл күрделі шаруаны ересен еңсеруіне түрткі болғаны бар. Оның ғылым докторлығы дәрежесін алуға арналған жұмысы ғылыми кеңесте мақұлданып қана қоймай, «қазақ әдебиеттануына қосылған сүбелі үлес» деп тану жөнінде шешім де қабылданған.
Біз курстағы елу студенттің ішінде жеті жігіт дос болдық, соған орай «жеті дәруіш» атандық. Оған себеп санымыздың жетеу болуы ғана емес, 4-курстың қысқы каникулында Ташкент – Келес – Шымкент – Түркістан – Шиелі – Қызылорда – Жалағаш – Қармақшыны аралап, бір-біріміздің үйімізге қонаққа барған он күндік қауырт сапарымыз еді. Ішімізде Заманбек Әбдешев қана Шығыстың Зайсанынан, өзге алтауымыз оңтүстіктен болған соң, сапар бағытын солай орайластырдық. Арада талай жыл өтсе де, бізді бір-бірімізге, тіпті жақындатып, туыстай етіп жіберген сол жортуылымыз әлі күнге жадымызда. Тамсана еске аламыз. Олар Құттыбай Сыдықов, Шәкизада Құттаяқов, Сауытбек Абдрахманов, Жолдас Сырғабаев, Тілеуқабыл Мыңжасаров және мен. Сөз басында айтқанымдай, әр жүйрік өз әлінше, бабына қарай шапты, мақсатына жетті. Жігіттердің бәрі де өз ортасының қадірлi, ел сыйлайтын азамат болып қалыптасты. Құттыбай – танымал жазушы-журналист, Шәкизада мен Жолдас  мемлекеттік қызметкер болды. Өкінішке қарай, бұл үшеуі де бұл күнде ортамызда жоқ. Заманбек қарымды аудармашы, ақын, Тілеуқабыл «Хабар» телеарнасының белді қызметкері.         
Сауытбек Ақпарат министрі болған кезінде біздің оған жасаған өзімізше қамқорлығымыз – ешқайсымыз да әлдебір шаруа айтып, жөнсіз қинаған емеспіз. Әлі де солай келеміз. Ал Сауытбек жігіттердің қай-қайсысына да қолынан келген жәрдемін көрсетті. Сауытбектің досқа қамқорлығынан бірер мысал келтіре кетейін. Шәкизада дүниеден өткеніне жыл толғанда Астанада берілген асты Сауытбек көтерді. Былтыр Заманбек  60 жасқа толғанда Зайсанда өткен тойына оның өлеңдерінің жинағын тарту етіп алып барды. Бұның бәрі сырт қараған адамға біртоға тұйық жүретіндей көрінетін Сауытбектің жүрегінің дарқандығы. Сырласа келе тұйық сияқты жігітіңіз ашылып, көсіле кеткенде кең арналы дарияның жанында тұрғандай әсер алар едіңіз. Ол – парасатты, адамгершілігі биік азамат.
Сауытбек Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында дүниеге келгенімен, әкесі қызмет бабымен Келес ауданына қоныс аударғандықтан, өскен жері қазіргі Сарыағаш ауданы. Азаматты ардақтаған қазығұрттықтар оған ауданның «Құрметті азаматы» атағын берді.
Сәкеңнің өзінен екі жас үлкен Батырбек деген ағасы болды. Осыдан он бес жылдай бұрын  дүниеден өтті. Інісі туғанда батыр ағасының сауыты болсын деп ырымдап қойған екен атын. Батекең ағамызбен ауылдарына барғанда да, ол кісі Алматыға келе қалғанда да талай сыйлас болдық. Жігіттің жайсаңы, көңілі кіршіксіз әзиз жан еді. «Адамның осындай ақкөңілдісі болады екен-ау!», – деп сүйсінуші едік. Сауыт­бек ағасының, не ауылдың сауыты болып қалған жоқ, исі қазақ жұртының айтулы азаматтарының біріне айналды.
Сауытбек «Егемен Қазақстан» газетіне басшылық жасап келе жатқан кезде басылымның келбеті де, мазмұны да, беделі де айтарлықтай өсті. Нағыз ел газетіне айналды. Газет еліміздің дамуын жарқырата көрсетіп қана қоймай, танымдық сипаты да тереңдей түсті. Бұл ретте Сәкеңнің Елбасымен, мемлекетіміздің басқа да басшыларымен жолсапарлары, өзге мемлекет басшыларымен сұхбаттары тәуелсіз еліміздің шежіресіндей газет беттерінде, жинақ кітаптарында сайрап жатыр.
Сауытбектің «ХХ ғасыр жырлайды» деген атаумен құрастырған қазақ жырының екі томдық антологиясы, әр ақынға арнап жазған мөлдір-мөлтек түйіндемесі оның жеке эстетикалық талғам деңгейін көрсетіп қана қоймай, уақыт сынына төтеп берер өміршең жырларға қойылар талап деңгейін де сапалы биікке өсіріп жіберген еді. Сауытбектің әкесі ауылда есеп маманы болған екен. «Қабілеттілігі сондай, небір күрделі есептерді ойша шығара беретін» деп еске алады аяулы әкені Сәкең. Міне, сол кісі Батырбекті де, Сауытбекті де өз жолын қусын деп әуелгіде есепшілік мамандыққа баулымақ ниетте болыпты. Батырбек аудан дәрежесінде беделді қызметке жеткен маман болды да. Ал Сауытбекті ішінде бас көтеріп келе жатқан бұла таланты мен таудай талабы журналистикаға алып келді. Сауытбек есепші болып кеткенде мүмкін одан құнтты маман шығар, бірақ екі мыңжылдық, екі ғасыр тоғысындағы қазақ рухани әлеміне бір тегеурінді қайраткер жетіспей, орны ойсырап тұрар еді-ау.
Біз оқып жүрген жылдары, одан кейін де Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде осында оқып шықты деп, республикалық дәрежеге көтерілген қайраткер қаламгерлер суреті ілулі тұратын. Қазір «Егемен Қазақстан» газеті редакциясының ғимаратына бара қалсаңыз, осы газетті 1919 жылы алғаш шыққан кезден бастап басқарған басшылар – редакторлар портреттері ілулі тұр. Қазақтың небір жақсы мен жайсаңы, марқасқалары осы сапта. Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов ... Сапар Байжанов, Қыдырбек Балғабекұлы, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев ... бірінен бірі өтеді. Әр қайсысы өз заманының дүлдүлі. Міне, осы Алаш ардақтылары сапында бүгінгі замана жүгін көтеріп жүрген көрнекті қаламгер, іргелі ғалым, байсалды қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов та тұр!


Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ, 
журналист-заңгер, Қазақстан мәдениет қайраткері,
Астана

Пікірлер

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
15 + 2 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ