2012 жылдың 15-ші қаңтары. Бұл күн тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихына кезектен тыс парламенттік сайлау өткен күн ретінде қашалып жазылды. Несін айтайық, бұл сайлауда да қазақстандықтарды қуантқан да, мұңайтқан да сәттер болды. Қысқасын айтқанда, үкілі үміт пен күлбілтеленген күдіктің текетіресіне тағы куә болдық. Енді сайлау додасының екі-үш күндік оқиғаларына өзімізше сараптама жасап көрелік.
Біз көзбен көрген сайлау
Күн – жексенбі. Сағат 14.00. Астанадағы Жеңіс даңғылындағы №11 сайлау учаскесі. Өнер университетінің кіреберісінде дауыс зорайтқыштан қазақша музыка ойнап тұр. Іште – адам аз. 2-3-еуден келіп, дауыс беріп жатыр. Өзімді сайлаушылардың тізімінен таппадым. Қосымша тізімге жаза салды. Аңдап қарасам, ресми тізімдегілерден гөрі қосымша тізімдегілердің саны көп. Көп ойланбай, таңдауымды жасадым. Бір таңғалғаным, сырттан ағылып жатқан студенттердің барлығы «Нұр Отанға» дауыс беруде. Журналистік әдетіммен, үлкен кісілердің бір-екеуінен қай партияны таңдағанын сұрадым. Әлия есімді әйел: «Мен Тоқтар Әубәкіровтің партиясы – «Ақ жолға» дауыс бердім. Олардың сыбайластық жемқорлыққа қарсы күрестегі ұтқыр ұсыныстары өзіме қатты ұнады» деді. Бірақ бір кездегі «Нағыз Ақ жолдың» «Азатқа» айналғанынан Әлия апай бейхабар екен. Ал, зейнеткер Амангелді Заматов «Нұр Отанға» таңдау жасағанымен, «Азаттың» көшбасшыларын қолдайтынын айтты:
– «Азаттықтардың» халықты жақтап, кейбір кемшіліктерді батыл айтып жатқанына толық қосыламын. Мысалы, «ауылды көтеруіміз керек, байлар өз табысының 40-60 пайызын мемлекетке салық ретінде төлесін» деген жанайқайларын толық қолдаймын. Менің ойымша, Парламентте қоғамдағы кемшіліктерді батыл айтатын партиялардың да өкілдері болғанын қалаймын. Маған салса, Парламентке Балташ Тұрсымбаев, Тоқтар Әубәкіров сияқты азаматтарды отырғызар едім, – деді А.Заматов. Пікір алуандығын ескеріп, №11 сайлау учаскесінің төрайымы Алтын Әбдіғалымованы да сөзге тарттық. «Бір қуанарлығы, бұл жолы жастар мен студенттердің сайлау мәдениеті өскенін көрдік. Өкінішке қарай, былтырғы президенттік сайлауда студенттеріміздің есіктен топырлап кіріп, үстелдерге өршелене ұмтылғаны рас. Бірақ, бірте-бірте ондай жабайылықтан арылып келеміз», – деді Алтын апай.
Дауыс беруге «келген» марқұмдар
15-ші қаңтар күні «Азат» ЖСДП-ның елордалық бөлімшесінің штабына сайлау заңының өрескел бұзылғандығы жөнінде бірнеше шағымдар түсіпті. Соның ішінде «әткеншек» әдісі, үйлерге апарған жәшіктерге бюллетень тастау және марқұмдардың «дауыс бергені» жөніндегі фактілер тіркелген. Мысалы, №58 учаскеде астаналық Никитиндер отбасының сайлаушылары – анасы мен екі ұлы тізімнен өздерін таба алмаған. Оның есесіне, осыдан 10 жыл бұрын қайтыс болған күйеуі «дауыс беріпті».
Мұндай ақпарды партияның бөлімшесіне сайлаушылар тізімінде болмаған бір ер адам жеткізген. «Мен өзімнің мекенжайымды өзгерткен жоқпын. Өткен жылғы сайлауда тізімде болғанмын. Бірақ, бұл жолы мені «жойып», әйелімді қалдырыпты», – дейді ол.
Халықшыл коммунистердің көсемі Владислав Косарев Алматыдағы учаскелердің бәрінде «Нұр Отанның» ғана үгіт плакаттары ілулі тұрғанын айтса, патриоттардың жетекшісі Ғани Қасымов жергілікті сайлау комиссияларының партиялардың бақылаушыларын қабылдамағанына қынжылды. Сондай-ақ, заңға томпақ келетін жайттарды «ақ жолдық» бақылаушылар да анықтаған. «Мысалға, сайлаушының тегі қосымша тізімнен табылған жағдайда, оған жеке куәлігімен қоса, үй кітапшасын немесе мекенжай бюросының анықтамасын әкелуді талап еткен. Бірақ, мұндай талаптан кейін адамдар қайтып дауыс беруге құлықсыз», – деп мәлімдеді «Ақ жолдың» төрағасы Азат Перуашев. Айтпақшы, партиялардың ішінен «Әділеттің» басшысы Мақсұт Нәрікбаев қана сайлауға «5» деген баға қойды. «Мен дауыс берген учаскеде ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Заңның бұзылғаны жөніндегі ешқандай нақты арыз біздің штабқа түскен жоқ!» – деді ол.
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
Астана

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...