19 Май 2012 | Сенбі

Руханият

Тақырыбын тапқан қаламгер

Белгілі журналист-публицист, Президент сыйлығының иегері Көлбай Адырбекұлы 60 жасқа толды. Қаламгерлік жолын сонау сексенінші жылдарда бастаған Көлбай Адырбекұлы Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Қазақ әдебиеті», халықаралық «Заман Қазақстан» және «Түркістан» газеттеріне қызмет етті. 2000 жылдардан бастап, «Казахское дело» тақырыбын зерттеп, мұрағат материалдарына сүйене отырып, отызға жуық циклды мақалалар жазды. Алаш зиялыларының өмір жолын зерттеп, оқырмандарына тың дүниелер ұсынып келеді. Алпыс жылдық мерейтойының алдында Көлбай Адырбекұлымен әңгімелескен едік. Сол әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.


Жас қазақ: Көлбай аға, 1986 жылғы Алматыда 17-18 желтоқсан күндері болған көтерілісті түбегейлі зерттеп, жазып жүрген журналистердің бірісіз. 2006 жылы «Алаш» баспасынан «ХХ ғасыр: Соңғы репрессия» атты кітабыңыз да жарық көрді. Сол кітапта Желтоқсан көтерілісін тудырған Кеңес Үкіметі қазақ ұлтына соңғы репрессия жасады деп анықтама беріпсіз. Тарихшылар бұл ойыңызды құптайды ма?
Көлбай Адырбекұлы: Бұл тақырыпқа біздің тарихшылар әлі жаппай кіріскен жоқ. Рас, академик Манаш Қозыбаевтың, тарих ғылымдарының докторлары Мәмбет Қойгелдиевтің, Талас Омарбековтың, тарихшы-жазушылар Бейбіт Қойшыбаевтың, Сабыр Қасымовтың көтерілістің тарихи мәні мен маңызы туралы өз ой-пікірлерін жазғандары бар. Ал басқалары әлі сонау ХV-XVI-XVII-XVIII ғасырлардың қалың қатпарларынан шиырлап шыға алмай келеді.
Қазақ: «шыдамның да шегі бар» дейді. Желтоқсан көтерілісін кеңестік тоталитарлық жүйе өмірге әкелді. Қазақ жастары қарындары тоқ болса да ұлттың қадырының қашқанына, әлеуметтік қысымға одан әрі шыдамады. Өз жерімізде тұрып, өгейдің күнін кештік. Ана тіліміз от басы, ошақ қасында ғана қолданылды. Орталықтың жалған интернационализмді жамыл­тып шовинистік орыстандыру саясаты жылдан-жылға тынысымызды тарылтып жіберген еді. Көтеріліс күндерінен бастап Мәскеудегі Одақ басшыларының нұсқауымен КСРО Прокуратурасы, КСРО Ішкі істер министрлігі, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті «Казахское делоны» қолға алды. Бұл жауапты істі КСРО Прокуратурасы аса маңызды қылмыстық істер жөніндегі бөлімінің аға тергеушісі, генерал Владимир Калиниченко басқарды. Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Геннадий Колбин көтерілістің шығуын республиканың бұрынғы басшысы Дінмұхамед Қонаевтан күдіктенді. Бұл соның және сыбайласы Асанбай Асқаровтың ұйымдастыруымен болған деген тұжырымға келген. Өзіне сенгені соншалық алдағы пленумда көтерілісті ұйымдастырушыларды су бетіне шығарамыз деп хабарлап та қойды. Қонаевты сырт әлеммен байланыстырмай үйқамақта ұстап, Асқаровты және оның Шымкент облысындағы бұрынғы кадрларын тұтқындап, тергеу жұмыстарын жүргізді. ҚазМУ-дың ректоры Өмірбек Жолдасбековты, Журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеевті партия мүшелігінен шығарып, тергеуге алды. Жоғары және орта оқу орындарының министрі Көпжасар Нәрібаевты әкімшілік жолмен жазалады. Бұларға және тағы басқаларға «ұлтшылдар» деген айып тағылды.
Калиниченко тіптен Қонаевтың өзін үш рет тергеуге алып, адалдығына көзі жеткен соң екі қолын жоғары көтеріп; «Я вам сдаюсь! Я Вас больше не побеспокою!» – деген. Мен мұны Шымкент қорғасын зауытын он бес жыл басқарған, Калиниченко жазықсыз төрт жылға түрмеге отырғызған Рзабай Хобдабергеновтің айтқан естелігінен алып отырмын. Алматы обкомының бұрынғы бірінші хатшысы Кеңес Аухадиевті, сондай-ақ осы облыстың аудан, мекеме, совхоз басшыларын қуғын-сүргінге ұшыратты. Алматы обкомының бірінші хатшысы Марат Меңдібаев бір жылда 750 шаруашылық басшыларының тағдыры тәлкекке айналдырған. Ал олардың орнына солтүстік облыстардан шақырылғандар шаруашылықты жүргізе алмай бұрынғысынан да құлдыратып жіберген. Колбиннің астыртын ықпалымен Калиниченко Асқаровтың тобына қаншама жазалау шараларын қолданса да мойындата алмады. Болмаған соң оларды мемлекет қаржысын жеп қойды деп жалған айып тағып, Мәскеу түрмелерінде төрт жылға жуық уақыт ұстады. Ал Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастарды ше? Оларды алаңда қанға бөктіргені былай тұрсын, сот үкімімен екеуін ату жазасына, 103-ін әрқалай жылдарға соттаған жоқ па? Көтеріліс кезінде ауыр жарақат алғандары қаншама. Солардың біразы ұрған соққанның зардабынан өмірден өтіп те кетті. Қазір көбінің денсаулығы жоқ. Мүгедектің күйін кешуде. Бұл – репрессия! Тарихшы қауым да мұны жақсы біледі.
Жас қазақ: Колбиннің республикаға бірінші басшы болып келетінін мұндағылар дәл сол күнге дейін білмепті. Осында қаншалықты шындық бар деп ойлайсыз?
Көлбай Адырбекұлы: Қонаевтың кезінде республика басшылығында қазақ ұлтының өкілдері бұрынғысынан әлдеқайда көп тартылды. Олар ел басқару ісінде ұлттық мүддені дарияның астыңғы ағысындай астыртын жүргізіп отырды. Хобдабергеновтің өзін мысалға алайықшы. Ол қорғасын зауытына директор болып келгенде алып өндірістің қара жұмысында аздаған қазақтар жүр екен. Айналдырған бес-алты жыл ішінде ол жұмысшылар санын 70, ал бригадирлер мен цех бастықтарын 75 пайызға дейін көтерді. Мұны обкомның ұлты орыс екінші хатшысы Мәскеуге астыртын жеткізіп отырады. Ол осы ісі үшін одақтық Түсті металлургия министрлігінен бірнеше рет сөгіс алған.
Сол уақытта жоғары оқу орындарына қазақ жастары көптеп қабылданды. Өмірбек Жолдасбеков басқарған ҚазМУ-де жергілікті ұлт өкілері студенттерінің басқаларға қарағанда, үлесі 85 пайызға дейін жетті. Ұлттық оқытушылар көрсеткіші де осы шамада. Ол факультет декандарын бәріне дерлік қаракөз қандастарымыздан тағайындады. Бұл ұлттық сананың тез өсіп жетілуіне жол ашты. Ұлттық кадрларды жылдан-жылға көбейтті. Қысқасы, республикада жергілікті ұлт басшыларының ықпалы күш ала бастаған. Мұны КСРО Компартиясының Бас хатшысы Михайл Горбачев жақсы білді. Республикаға бірінші басшыны Ресейден жіберіп, орыстық ықпалды күшейтуді алдын ала ойлады. Ол бұл ойын көпке дейін құпия ұстады да.
Жас қазақ: Сіздің оған қандай дәлеліңіз бар?
Көлбай Адырбекұлы: Камалиденовтің «Жас Алаш» газетіне берген сұхбаты бар.
«Журналист: Бірінші хатшылыққа үміткердің біреуі сіз болдыңыз емес пе?
– Үміткер төртеуміз: Әуелбеков, Назарбаев, Мұқашев және мен. Осы тізім Разумовскийдің столында жатты.
– Сонда бұл қай кездегі әңгіме?
– Шілде айында болған жәй. Бәріміз депутатпыз. Мирошхин, Назарбаев және мен. Сессияда отырмыз. Бір уақытта бейтаныс офицер келді. «Сіздерді Горбачев шақырып жатыр», – деді. Бізді сессиядан алып кетті. Назарбаев, Мирошхин, мен үшеуміз бардық. Горбачевтың қабылдауында адам көп екен. ОК-тің, обкомның хатшылары жүр. Кезек күтіп, сөйлесіп тұрмыз. Бір кезде денелі кісі келіп: «Сәлеметсіздер ме? Мен Колбинмін. Ульянов обкомының бірінші хатшысымын», – деп амандасты. Ойымызда ештеңе жоқ, онымен қол алыстық. Ол көп кідірмей кетіп қалды».
Қалай ойлайсың, бауырым. Колбин қарадай тұрып олармен тосыннан келіп неге амандасты? Горбачев оның Қазақстанға бірінші басшы болып баратынын алдын ала ескертпесе, ол жөн-жосықсыз сәлемдеспес еді ғой. Горбачев бұл мәселені сол шілде айында-ақ шешіп қойған. Ал республика басшылары бұдан мүлдем бейхабар болатын.
Жас қазақ: Горбачевтың: «Маған Қонаев Қазақстанға бірінші басшыны сырттан жіберіңіз және ол орыс ұлтынан болсын» деп ұсыныс жасады. Мен соны қаперіме алдым», – деген сөзі жұрт аузында жүр емес пе?
Көлбай Адырбекұлы: Бұл – бос сөз. Горбачевтың қулығы қырық қатпар. Жауапкершіліктен жалтарып, бар кінәні Қонаевқа аудару үшін айтқан. Қайта құруы жүзеге аспай ел экономикасы құрдымға кеткен соң, бар кінәні КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Николай Рыжковқа аудара салған жоқ па еді? Бұл туралы Рыжков осыдан бес-алты жыл бұрын «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында ашып айтты. Енді нақты жағдайға келейік. Қонаев 1986 жылы 11 желтоқсанда Горбачевтың қабылдауында болып, қызметтен босатуы жөніндегі арызын тапсырады. Республиканы өзі басқарған кезеңдегі жетістіктерін айта келіп, ренішін де жеткізген. Сөз соңында ол: «Қазақстанда республиканы басқаратын тәжірибелі кадрлар бар. Сіздер солардың қайсысын лайықты көріп отырсыздар?», – деп сұраған кезде Горбачев киіп кетіп: «Сіз бұл мәселені шешуді бізге қалдырыңыз», – деген. Қоспасы жоқ шындық осы. Мен мұны Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабынан алып айтып отырмын. Енді уақыт алшақтығын салыстырыңыз. Шілде қайда, желтоқсан қайда?.. Оның үстіне Целиноградтағы ауыл шарушылық кеңесте Қонаевпен жүре сөйлесіп, қырынқабақ танытқан Горбачев «...бірінші басшыны сырттан жіберіңіз және ол орыс ұлтынан болсын» дегеніне қалай құлақ аса қойды екен?.. Еш қисыны келмейді. Кейбір жандардың қырық жыл ел басқарған Қонаевтан гөрі Бас хатшы болғанына бір жыл толмаған, ылдым-жылдымы көзге ұрып тұрған Горбачевтың айтқанына сенетіндеріне таңым бар. Қонаев республика тұрғындарының сүзгісінен, сынынан өткен жан ғой.
Иә, алғашқыда Горбачев пен Қонаевтың арасында кикілжің болмаған. Өзара қарым-қатынасы да жақсы еді. Горбачев КОКП Бас хатшысына сайланған кезде республиканың бір топ басшылары құттықтайды. Сонда Горбачев: «Қонаев партияның алтын қоры. Сіздер оны сақтаңыздар!», – деп оған деген ілтипатын білдірген. Бұл жай Кеңес Аухадиевтің естелігінде айтылған. Ал екеуінің арасындағы келіспеушілік неден басталды?
1985 жылы күзде Николай Рыжков Қазақстанның Атырау облысында болып, Қарашығанақ мұнай өндірісін Ресейдің мұнай кәсіпшілігіне қосу туралы мәселені қозғайды. Осындай мәселе Никита Хрущевтың кезінде де көтерілген. Қонаев тұйықтан шығар жол тауып, Маңғыстауды түркімен мұнайшыларына бермей қалған еді. Бұл жолы да ол Қарашығанақ мұнайын өзіміз де өндіре аламыз деп Мәскеу шешіміне қарсы болған. Міне, Горбачев сол кезден бастап Қонаевқа көзқарасын мүлдем өзгертті. Қала берді Қонаев айтпақшы «Хан сыртынан жұдырық көрсеткендер» екеуінің арасына ши жүгіртіп, жағдайды бұрынғыдан да бетер шиеленістіріп жіберген.
Жас қазақ: Сол Колбиннің жандайшабы болған жандар туралы не айтар едіңіз?
Көлбай Адырбекұлы: Кімнің кім екені ел басына күн туған кезде анық көрінеді. Алматы обкомының бірінші хатшысы Марат Меңдібаев сондай жандайшаптардың бірі болды. Колбинді құдасындай сыйлап, алдында құлдыраңдай жүгіріп жүрді. Айтқандарын бұлжытпай орындады. Алаңдағы жастарды ұрып-соғуға арнап, зауыттарда темір таяқшалар кестірді. Облыстағы Асқаровтың, Аухадиевтің кадрлары деп, жазықсыз жандарға қырғидай тиді. Өзіне деген адалдығы үшін Колбин оны ОК-тің екінші хатшылығына дейін көтерді. Бірақ Колбин оған әлі келмейтін шоқпарды беліне байлатқан екен. Аса жауапты қызметті алып жүруге өресі жетпеді. Колбин кетпей тұрып-ақ қызметтен құлдырап, ақыры далада лағып қалды. Ал Желтоқсан көтерілісінің жастарын «махровый национализм» деп бағалаған Зақаш Камалиденов 52 жасында зейнеткерлікке шығарылды.
Жас қазақ: Жағымпаздықтан бірқатар ақын жазушылар да алдарына жан салмады емес пе? Мысалы, Әлжаппар Әбішев. Соларды енді зиялылар қатарында болды деп айтуға қалай ауыз барады?
Көлбай Адырбекұлы: Менің Аманхан құрдасым: «Өмірден өтіп кеткендер туралы жаман айтпау керек дейді. Ал ол адам кезінде жұртты зар илетсе, жазықсыз жазаласа, қалай айтпай тұра аламын?», – дейді. Қонаевтың жақсылығын көрген екі адам болса, соның бірі – Әлжаппар Әбішев. Жазушылар одағында өткен кеңесте ол Колбинге: «Біз сізді 25 жыл күттік!», – деген ғой. Залда отырғандар сонда шошынып, жағасын ұстапты. Оны солай айтады деп кім ойлаған. Желтоқсанда алаңға шыққан жастарды «нашақорлар», «бұзақылар», «ұлтшылдар» деп, әскермен ұлдардың төбелерінен әңгіртаяқ ойнатып, қыздарды ұрып-сабап, шаштарынан сүйретіп, құтырған иттеріне талатып, итжеккенге айдатқан қатыгез, қанішер жанға қалай ғана солай айтуға дәті барды екен? Сафуан Шаймерденов ұлттың проблемаларын жап-жақсы айтты. Бірақ Колбинге: «Мені сіздің мысыңыз басады. Сіз өте қарапайым, сабырлы, салмақты адам екенсіз» деп мақтап, Қонаевты «рушыл», «жершіл» деп жамандағаны орынсыз, әрі жөнсіз болды. Бұл – менің ғана пікірім емес, көпшіліктің аузында жүрген сөз. Ал ақын Жұбан Молдағалиев: «...ұлдарым мен қыздарыма жасаған мына сұмдықты көргенше, соғыстан келмей қалғаным артық еді», – деуі ерлік. Академик Салық Зимановтың Желтоқсанның алғашқы күнінде-ақ Ұлттық ғылым академияда Саяси Бюро мүшесі Соломенцев пен Колбиннің алдында ұлт мүддесін қорғап сөйлегенін ешкім де, ешқашан да ұмыта қоймас.
Сейдахмет Бердіқұлов пен Бейбіт Қойшыбаев та сол ызғарлы күндердің өзінде алқалы жиындарда алаңға шыққан жастарды қорғап батыл сөйлей білді.
Жас қазақ: Қазақстанның бұрынғы басшысы Юсупов өз естелігінде Қонаевтың ұлты татар деген екен. Соны арамызда базбіреулер қолдап та жүр. Қонаев шынымен-ақ татар ма?
Көлбай Адырбекұлы: Ешкім де сүйегін сатпайды. Қонаев: «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабында ататегін жеті атасынан да арыдан Ақарыс, Бәйдібек бабамыздан тартып, жазып кеткен. Атасы Жұмабай батыр, әрі діншіл жан болған. Кезінде татар қызына үйленген. Содан өмірге Меңліахмет келеді. Қан араласқан соң бет жүзде аздап өзгерістер бола береді. Меңліахметтің әйелі Зәуре Байырқызы қазақтың қызы. Одан Дінмұхамед туған. Ал аналардікі бос сөз. Бұрынғы Одақ көлемінде түркітектестерден Қонаевтай биікке көтерілген жан жоқ. КОКП ОК-нің Саяси Бюросының мүшесі, үш дүркін Социалистік Еңбек Ері.
Жас қазақ: Сіздің ара тұра Алаш тұлғалары туралы да қалам тартып жүргеніңізді білеміз. Және жазғандарыңыз тартымды оқылады. Олар туралы жазуды жалғастыратын шығарсыз.
Көлбай Адырбекұлы: Бір қызығы, тұлғалар тақырыбына кіріп кетсең, қайтып шығуың қиын екен. Жәй мақалалардан гөрі солар туралы ізденіп жазуға аңсарың ауады да тұрады. Сол кездегі олардың қиын тағдырлары, бүгінгі оқырмандарға қызықты көрінеді ғой. Ұлтын сүйген нағыз патриот­тар солар дер едім. Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нығымет Нұрмақов, Ермахан Бекмаханов және тағы басқалар неткен асыл жандар десеңізші. Қазіргі Үкімет басында отырғандардың бәрі солардай болса, шіркін. Сондай тұлғалар туралы жазуды жалғастыру ойымда бар. Халықаралық «Түркістан» газетінде «Казахское дело» тақырыбымен Колбиннің кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт тұлғалары, желтоқсанда жапа шеккен жастардың ауыр тағдырлары туралы мұрағат құжаттарына сүйене отырып жазғандарым жарық көрді. Олардың ұзын саны отыз.
Жас қазақ: Көлбай аға, «ХХ ғасыр: Соңғы репрессия» атты кітабыңызды сұраушылар көп. Өз басым оны қызыға оқып шықтым. Сол тақырып аясында 1989 жылғы Жаңаөзен көтерілісін де қомақты қамтыпсыз. Енді осылардың бәрі кітап болып қашан шығады?
Көлбай Адырбекұлы: «Казахское дело» тақырыбына он бір жыл өмірімді арнадым. Қазір сол жазғандарымның көлемі төрт кітапқа жетті. Алғашқысы «ХХ ғасыр: Соңғы репрессияны» Мәдениет және ақпарат министрлігі басып шығарды. Өкінішке қарай қалғандары жарық көрмей жатыр. Мемлекеттің қаржысымен шығып жатқан кітаптарды да көріп жүрмін. Кейбірі сын көтермейтін дүниелер. Соларға қарап қынжыласың. Бірақ қазіргі Байланыс және ақпарат министрлігі, әйтеуір бір кітап етіп, басып шығарар деген үмітім бар.
Жас қазақ: Жақсы кітап – жан азығы. Жазғандарыңыздың жинақ болып шығуына тілектеспіз.

 Сұхбаттасқан Қайыр ХАН



Қазақстан Компартиясы ОК-нің салалық хатшысы А.П.Рыбников:
– Бір жолы мені Колбин шақырып: «Біз сіздің Қонаевпен етене жақын қызметтес болғаныңызды білеміз. Мен сізден алдағы пленумда Д.А.Қонаевтың ауыл шаруашылығын басқарудағы жарамсыз жұмыс әдістері мен тәсілдері жөнінде Орталық Комитет мүшелеріне айтып беруіңізді сұрар едім. Оған қалай қарайсыз?» – деді. Мен ол кісі туралы жоғары пікірімді өзгерте алмайтынымды ескертіп, кабинетінен шығып кеттім.
Колбинде болған әңгімеден соң арада отыз минут өткенде маған Орталық Комитеттің Жалпы бөлімі меңгерушісі Борис Андреевич Демин келді. Ол: «Александр Петрович, Орталық Комитетте сізден басқа мен ақылдасатын жан жоқ. Мені қазір ғана Колбин өзіне шақырып, Димаш Ахметовичтің атына сын айтуды ұсынды. Не істеуім керек?» – деді. Мен осындай мәселемен Колбиннің өзімді де шақыртқанын, алайда ұсынысынан бас тартқанымды айттым. Ол: «Айтқанын орындамасам Колбин мені қызметтен қуады ғой» – деп күмілжіді. «Борис Андреевич, – дедім мен. Не бедел мен арды, не қызметті құрбандыққа шалуға тура келеді». Ол Колбинге барып пленумда сөйлеуден бас тартты. Көп уақыт өтпей-ақ ол қызметтен алынып, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының аппаратына ауыстырылды. Одан да көп тұрақтатқан жоқ». (42-бет).

«ХХ ғасыр: Соңғы репрессия» кітабынан үзінді


«Орталық Комитет «Қарыз бен парызды» жап дейді. Сағат Әшімбаев құлақ аспай жалғастырумен болды. Айтқанына көндіріп, айдауымен жүргізе алмаған Орталық Комитеттің Үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Альберт Устиновтың талағы тарс айырылып, Әшімбаевтың соңынан жарық күнде шырақ алып түсті. Қалайда қызметінен қудыртып, қатаң жазалауға бекінген ол Геннадий Колбинге «Қарыз бен парыз» көрсетілімдері Алашорда қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиевтің идеяларын уағыздайды. Ал оның авторы әрі жүргізушісі Сағат Әшімбаев ұлтшылдықты насихаттаушының тап өзі», – деп сендірді де, мәселесін Орталық Комитеттің бюросында арнайы қарауды ұсынды. Соған орай Сағат Әшімбаевты жұмыстан босатып, партия қатарынан шығарып, қатаң жаза қолдану көзделген. Мұның арғы жағы сот, құлама құз, құрдым екені анық».(228-бет).


«ХХ ғасыр: Соңғы репрессия» кітабынан үзінді


«Асанбай Асқаровтың Бішкектегі сотта сөйлеген сөзі:
– Жақында мен 70 жасқа толамын. Бұл – қариялық шақ. Біздің елдің түрмелерінде менің жасымдағы жанды кездестіру өте сирек шығар десем қателеспеспін. В.Калиниченко менің барлық еңбек жолымды басып-жаншып, мені халқымның алдында қаралап, менің кінәмді дәлелдеу үшін ар-намысымды таптау, қорлау жолымен әрекеттеніп, азаматтық өлім жазасын жасауға тырысып бақты. Мен табиғи өлімнен қорыққан жан емеспін. Одан ертелі-кеш ешкім де құтыла алмайды. Бұл табиғаттың – қатал заңы. Бірақ маған ар мен адамгершілік қымбат. Егер мен бір нәрседен кінәлі болсам, үш жарым жыл бойына өзімді осылай азапқа салмас едім. Мен осы барлық қасіретті өзіме қабылдаған себебім, әділеттік үшін жүйке соғысында жеңіске жету болатын. Мен халқымның және партияның алдында арым таза деп санаймын. Ал Калиниченко секілділер заңсыз істері үшін жауап берулері керек». (125-бет).

«ХХ ғасыр: Соңғы репрессия» кітабынан үзінді



«Академик Өмірбек Жолдасбековтың естелігінен:

– Зақаш Камалиденов маған Вячеслав Ивановичтің көзінше бастықтығын көрсеткісі келіп:
– Өмірбек Арысланович, университетте интернациональдық тәрбие жұмыстары сын көтермейді, – деп ақылгөйсіп, шатып-пұтып оқығандарынан тақпақтай бастағанда тыңдауға төзімім жетпеді. Қаным басыма шауып, күйіп кеттім.
– Зақаш Камалиденович, маған сіздің интернациональдық тәрбие туралы Маркс ілімінен шала сауатты сөзіңіздің қажеті жоқ. Әкесі өлгенді де естіртеді. Неге шақырдыңыз? Алыстан айналшықтамай, мәселенің тоқетерін айтыңыз, – дедім. Ол мұны күтпесе керек. Сап тыйылып, келідей басы кекжең етіп, ыңғайсызданып қалды. Сыр алдырып алғанына қысылды ма, өңі қызара бөртіп:
– Орталық Комитеттің бүгінгі бюросы сізді университеттің ректоры қызметіңізден өз арызыңызды беріп, кетуіңізді дұрыс деп шешті. Соған қалай қарайсыз? – деді бәсең үнмен.
– Солай деңіз. – Стол үстінде жатқан қалам мен қағазды алып: – Сіздерге менің сондай арызым керек болса, бұл маған аса қиыншылық тудыра қоймас, – деп жазып, алдына тастай салдым. Содан келіп отырғаным осы, Сәке. – Көріктей кеудесіндегі галустігінің байлау түйінінен ұстап, төмен ысырды да, ақ көйлегінің омырау түймелерін ағытты. – Қызметті қолымнан шығарып алдым деп өкініп отырғаным жоқ, Сәке. Университеттегі әлі де құрылысы бітпей қалған істерімді айтсайшы».
(197-бет).


ХХ ғасыр: Соңғы репрессия» кітабынан үзінді

Пікірлер

Аватар пользователя Mkbasheerali
Mkbasheerali 20 04, 05:50

What a pleasure to find smooene who thinks through the issues

Аватар пользователя jwcvyh
jwcvyh 20 04, 17:51

wWfnks vxxzmwuvvhws

Аватар пользователя Ice
Ice 30 04, 12:34

cialis hkl life insurance quotes 119

Аватар пользователя Kaylana
Kaylana 15 05, 09:29

car insureance 9084 life insurance quotes :-[[

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
4 + 16 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ