19 Май 2012 | Сенбі

ЖҚ конференциясы

Тәуелсіздік тасада қалмаса...

Тәуелсіздік жылдары неден ұттық, неден ұтылдық? Тәуелсіздік бізге не берді? Осындай сауал төңірегінде сарапшылар пікір алмасты, ой бөлісті, ұсыныс айтты. «Жас қазақ» конференциясының» Астанада өткен отырысында айтылған ойдың оқырманға ойсалар тұсы төмендегідей. Конференцияның кезекті қонақтары – экономика ғылымдарының докторы Жанкелді Шымшықов, мәдениеттанушы Серік Ерғали, жазушы Бақытжан Тобаяқов, тарихшы Жұмамұрат Шәмші.

Жас қазақ: Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесі қала, облыс көлемінде ғана тойлануда. Ауылда қозғалыс жоқ. Алыстағы ағайын мерекелік шараны тек телеарнадан тамашалап жатқан жайы бар...             
Жанкелді Шымшықов: Бәріміз ауылда өстік қой. Бала кезімде саяси тұлғалардың кітабын көп оқитынмын. 1997 жылы Генерал дейтін ауылға жолым түсті. Ол бұрын үлкен ауыл болатын. Кітапханасына барып, кітап алып кетейін деген ой болды. Барсам, біреулер шанамен кітап тасып жүр. «Әй, не істеп жүрсіңдер?» – дедім. Айтқан жауабын қараңыз: «Үйде отын таусылып қалып еді...». Біз қай заманда кітап жағып едік? Жастар кітап, газет оқымаса, онда не істейміз? Бұл масқара ғой. Халықтың 48 пайызы ауылда тұрады. Бұл үлкен көрсеткіш. Өркениетті өңірден бастамасақ, біз көп нәрседен құр қаламыз. Сондықтан Тәуелсіздік тойын ауылдан бастауымыз керек.
Серік Ерғали: Мәселе оны мазмұнды, мәнді етіп тойлай білуде. Қалай болғанда да, 20 жылдық мерекені ерекше атап өтуге тиіспіз. Осыдан 20 жыл бұрын биліктің құрамы қандай еді? Қазір қандай? Саралап, салыстырып көріңіз. Сол кезде Парламентте отырған депутаттың шовинистік көзқарасы мен бүгінгі депутаттың пікірін ой елегінен өткізіңіз. Арасы жер мен көктей. 20 жылды қалай өткіздік? Әрине, өзгеріс бар. Біз оны көрмей тұра алмаймыз. Оның жақсы да жағымсыз жағы бар. Оны нақтылап атау өз алдына бір әңгіме. Кез келген нәрсенің екі сипаты болады. Біріншісі – түр, екіншісі мазмұн. Кеңес кезінде біздің ел түр жағынан ұлттық, мазмұны жағынан социалистік болды. Ал қазір қазақы мемлекетпіз дейміз. Мазмұны ұлттық емес. Бірақ қалай дегенде де, мемлекет бар. Біз мемлекеттің мазмұнына енді ғана кірістік. Бұған дейін сыртқы мәнге көңіл бөліп келдік. Әнұранымызды жаздық, шекарамызды бекіттік. 
Жас қазақ: Жанкелді аға, сіз экономика ғылымын зерттеген ғалымсыз. Бізде қарапайым қағаз, тіпті сіріңке де шықпайды. Бәрін сырттан тасимыз. Экономикалық тәуелділік түйінін қалай тарқатамыз?
Жанкелді Шымшықов: Біз инновация деген сөздің өзін түсінбей жүрміз. Ешкім ойлап таппаған технологияны инновация деп ойлайтындар бар. Жоқ. Олай емес. Дәстүрлі өнімнің жаңа түрін шығаруды да инновация дейміз. Жалпы экономикада абсолютті, салыстырмалы, бәсекелестік артықшылық деген қағида бар. Мәселен, біздің абсолютті артықшылығымыз – мұнай. Салыстырмалы артықшылықты айтайын. Өзбектердің мақта егуде артықшылығы бар. Бізде – бидай. Біз жоғымызды алып, барымызді береміз. Демек, тауар алмасамыз. Бұл екі жаққа да тиімді. Мұны салыстырмалы артықшылық дейміз. Ешкім өндіре алмайтын өнімді шығару – бәсекелестік артықшылық. Бұл өзі экономиканың әліппесі. Өкінішке қарай, билікте осы әліппені білмейтіндер отыр.
Бізде жайылым жер көп. Егін салатын алқап та аз емес. Алайда халықтың 49 пайызының азық-түлікті сатып алуы – барып тұрған сорақылық. Сондықтан біз дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуымыз керек. Мәселен, Америка «Кока-кола» сусынымен әлемді жаулап алды. Ал біз неге қымызды, қазы-қартаны, т.б. әлемдік нарыққа шығармаймыз? Жылқы етінің құрт ауруына ем екені белгілі. Қымыз да ауруға шипалы сусын. Біз өз мүмкіндігімізді өзіміз пайдалана алмай отырмыз.               
Серік Ерғали: Ойыңызға ой қоса кетейін. Тілді, дінді алыңыз. Біз осы кімге ренжиміз? Тілге ешкім тұсау салған жоқ. Діни сенімге ешкім күштеп шақырып жатқан жоқ. 20 жыл бойы не істедік? Ұлттық капиталистерді қалыптастырған болдық. Бірақ жаңа ұрпақ қалыптаса бастап еді. Онымен біз күрестік. Бетін қайтарып тастадық.
Ұлттың байлығын ұстап тұратындар – ұлттық капиталистер. Егер онымен күрессеңіз, байлығыңызды әркім талап әкетеді. Екіншіден, шағын және орта бизнесті дамытпасақ, онда мемлекет орныға қоймайды. Әлгі қалай қойсаң да құламайтын қуыршақ бар ғой. Оның ішіне құламайтын құрылғы орнатылған. Сол секілді, мемлекетті құлатпайтын құрылғы – орта және шағын бизнес.
Жас қазақ: Өткен 20 жылдың «әттеген-айы» қайсы? 
Жұмамұрат Шәмші: Бізде бұқаралық ақпарат құралдарынан басқа билік пен халықтың арасын жалғайтын көпір қалыптаса қойған жоқ. Халық өз алдына өмір сүруде. Қазір ауылдан қалаға жаппай көшу процесі орын алды. Бәрі «тұрмысымды түзеп алайын» деген оймен келіп жатыр. Пәтерін, үйін сатып жатқандар Астана мен Алматыға шоғырлануда. Маған болашақта ауылда қазақ қалмайтын сияқты боп көрінеді. Себебі, ауылда күн көру қиындап кетті. Міне, біз осы мәселеде терең ойланып, бір шешімін табуымыз керек.
Бақытжан Тобаяқов: Бір ғана мысал келтірейін. Біз әлі құлдық санадан арыла алмадық.   
Жанкелді Шымшықов: Тәуелсіздік жылдары біз мынадай мәселеге көңіл аудармадық. Қазір ақпараттың 90 пайызы орыс тілінде тарайды. Құнды кітаптың көбі осы тілде шығады. Бір тілдің үстемдігі – үлкен қауіп. Тарихымызды әлі күнге түгендей алмай жатқан жайымыз бар.
Тәуелсіздік шенді-шекпеннің көңіл көтеріп, дастарқаннан дәм тататын тойға айналады. Бұл – қызметі жоғары ақжағалыларға ғана қызық.
Жас қазақ: Биік теректі құлату кішкентай құртқа түк емес, діңгегін кемірсе болғаны. Қазір мемлекетті әлсірету үшін халықтың ауызбірлігіне сызат түсіру саясаты жүріп жатыр. Бөліп ал да билей бер идеологиясының құрбаны болып кетпес үшін не істеуіміз керек?
Бақытжан Тобаяқов: Кезінде алып империяларды құлатуда осындай әдіс қолданылған. Одан енді қалай қорғанамыз? Біріншіден, ауызбірлік керек. Онсыз түк өнбейді. «Болар ел өнбес дауды қумайды» деген нақыл бар. Сол сөзді ұстанайық.
Тағы бір ескере кетер жайт – жер байлығын әлеуметтік салаға бұру. Қазір нарықтық заман. Бай мен кедейдің арасы алшақтаған уақыт. Бұл – жақсылық емес. Ауылда тіршілік жоқ деп бірден кесіп айтуға болмайды. Еңбек еткен адамға барлық жерде нан табуға болады. Сондықтан оларға мемлекеттік көмекті аямаған абзал.
Серік Ерғали: Мен дін мәселесіне тоқтала кетейін. Қазір бізде ислам діні үш бөлікке бөлініп кетті. Біріншісі – уахабшылар, екіншісі – құраниттер, үшіншісі – сопылар. Осы үш ағымның артында үлкен саяси топ тұр. Жік-жікке бөлу дегеніміз – осы. Олар бір-бірін мойындамайды. Қазақ қоғамында рухани дағдарыс басталды. Бұл қасірет емей немене? Біз осы мәселені түбегейлі шешуіміз тиіс.  
Жас қазақ: Серік аға, мемлекеттік мазмұн туралы айттыңыз. Оны дамытудың жолдары қандай болуы керек?
Серік Ерғали: Біз әлемге әйгілі болғанды қалаймыз. Неге? Мен оны түсінбеймін. Ешбір ел алдына ондай мақсат қоймайды. Ол бізге инвестиция әкеле қоймайды. Осындай ұранды ұстануымыздан біздің тек түрге ғана көңіл бөлетінімізді байқауға болады. Имиджді көбірек ойлаймыз. Халық пен биліктің арасында байланыс болуы керек. Ол байланыс тек заң болуы тиіс. Бәріміз заңға жүгінген, ортақ тәртіпке бағынған қоғам орнатуға мүдделіміз. Сонда ғана бәрі өз орнына келеді. Әркім жылтыр киініп, байлыққа ұмтылуды емес, еңбекпен дүние табуға тырысады. Шынайы қоғам орнайтын болады. Әйтпесе, біз жасандымыз. Телеарнаға шықсақ та жасанды сөйлейміз. Кез келген іс-шараны жасанды етіп көрсетеміз.  
Жұмамұрат Шәмші: Жуырда Ресейдің бір басылымынан 82 жасқа келген Мария деген кемпірдің сұхбатын оқыдым. Қай ұлттан екені есімде жоқ. «Мен қайтыс болсам, ұлтымның салт-дәстүрін кім жалғастырады, оны кім сақтап қалады? Туысқандарым орысқа сіңіп кетті. Жастар жағы дәстүрімізді мүлдем білмейді» дейді сұхбатында. «Ұлтым жойылып кететін болды» деп жылап отыр. Орысқа сіңіп, соның тілінде сөйлеп, дәстүрімен тыныстап жатқанымызға қатты қорқамын.
Жас қазақ: Тәуелсіздік мерекесі жыл сайын жаңа жылдың тасасында қалып қояды...
Жұмамұрат Шәмші: Себебі, жаңа жылға дайындық бір ай бұрын басталып кетеді. Ал Тәуелсіздікке қатысты безендіру жұмысы өте жұпыны, тіпті салыстыруға да келмейді. Мереке күні қарсаңында қала көшелері мен ғимараттарында, мекеме маңдайшаларында жалаушалар ілініп, ел рухын оятатын өлең-жыр жазылуы керек.
Серік Ерғали: Біз кейде сөзден ары аса алмай қаламыз. Бұл мәселе бес жылдан бері көтеріліп келеді. Бір адам қалалық әкімшілікке барып, өз ойын ма екен? Бір жерде отырып, күңкілдегеннен түк шықпайды. Бұл біздің осалдығымыздан.  
Жас қазақ: Бізге тәуелсіздік не берді?
Бақытжан Тобаяқов: Қазақтың саны көбейді. Оралмандар келіп жатыр. Бұл біздің ұпайымызды еселеп, абыройымызды арттыруда. Мұның бәрі тәуелсіздік жылдары жүзеге асты.
Серік Ерғали: Әлемге Қазақстанды таныттық. Қазіргі жағдайға қанағаттанбауымыздың өзі біздің өсіп келе жатқанымызды білдіреді. «Қазақ – көшпелі халық, мәдениеттен жұрдай, бұларда сәулет өнері дамымаған» деген пікірлер көп айтылды кезінде. Міне, ел екенімізді танытып, ару қала Астананы салдық. Бұл – үлкен нәтиже. 
Жұмамұрат Шәмші: Семей полигонын жабу, Сарыарқаның ортасынан ойып тұрып әсем қала – Астананы салу, әлемге әйгілі ЕҚЫҰ Саммитін өткізу, қысқы олимпиаданы өткізу – ел, тәуелсіз мемлекет екенімізді танытудың алғашқы нышаны болды. Аласапыран заманда алыс-жақын шетелге бас сауғалап кеткен қандаспен қайта қауышып, мәре-сәре болдық. «Елге ел қосылса құт» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек.


Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

Пікірлер

Аватар пользователя Нұрбол
Нұрбол 15 12, 19:47

Ағабек айналайын, Астанада да салиқалы ой-пікірі бар қазақша айта алатын адамдар барлығына көңілге қуаныш ұялатады. Осы азаматтарды билікке көтеру кезек күттірмейтін мәселе. Жоғарыда өңкей мәңгүрт қазақтың байлығын шашып бітті, соларға тосқауыл қоятын уақыт жетті. Қазіргі билік Нұрекеңнен бастап, халықты шаршатты, тез арада кетсін.

Аватар пользователя Жасұлан
Жасұлан 27 01, 09:45

Астана қаласында күн санап қазақтың үлес салмағы өсіп жатыр. Бұл әрине қуанарлық жайт, бірақ шетінен қазақ болып туса да, қазақ тілін сөйлемейтіндер шоғырланған. Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды, демекші Ағаек сен осындай азаматтарды көбірек жазсаң, билікке біреу жеткізер, сонда олар ұйымдасып, бір нәрсе істемесе, мына биліктен үмітіміз үзіліп бара жатыр. Қазаққа еш жаны ашымайды, Жаңаөзендегідей атып тастамасын бізді сау бол.

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
3 + 0 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ