19 Май 2012 | Сенбі

«Аймақ»

Тәтті түбіне жетеді

Сыбайлас жемқорлықтың тиылатын түрі жоқ. Ішіп-жеуге тәуелділік тұрғанда, сірә, тиыла да қоймас. Ай сайын алған жалақысын, адал нанын місе тұтпай өңеші кеңіп кеткен жемқорлармен күресу қоғам үшін, бас ауыртар мәселе болып отыр.  Батыс Қазақстан облысында ағымдағы жылдың тоғыз айында  осындай тойымсыз 28 мемлекеттік қызметкер қылмыстық іске тартылды. 30 мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен күрес жөніндегі заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.


Бұл туралы күні кеше ғана өткен «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы өткізген жемқорлыққа қарсы күрес форумында айтылды. Басқасы басқа, еліміздің барлық саласына партиялық бақылау жасап отырған «нұротандықтардың» ішінен де шиқан шығыпты.
– Сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын әрекеттер жасағаны үшін партияның 12 мүшесі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Үшеуі партия қатарынан шығарылды. Биыл мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында бюджет қаржысын қымқыруға жол берілген жоқ, – деді өз сөзінде «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының бірінші орынбасары К.Нығмет.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің БҚО бойынша басқармасының бастығы, Тәртіптік Кеңес төрағасы Ә.Серғалиннің айтуынша, заңбұзушылық жылдан-жылға кеміп, келе жатыр екен. Үкіметтің қазанына ұрыға түскен, яғни  биыл ұсталған 28 мемлекеттік қызметкердің тасасында қалған қарайған сыбайластарды есептемегенде, әрине... Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің БҚО бойынша басқармасының дерегі бойынша, 2010 жылдың тоғыз айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңды бұзған 245 адам жауапкершілікке тартылған. Ал 2011 жылы бұл көрсеткіш 58-ге азайған, азаматтардың арыз-шағымдарын қарау кезінде жіберілген заңбұзушылық 2 есе кеміпті. 
БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Т.Сәдуақасов: «Соңғы 10 айда жемқорлыққа қатысты 76, парақорлыққа қатысты 18 қылмыстық іс тіркелді», – деді.
Жемқорлар тізімінің ең басында құқық қорғау органы қызметкерлері тұр. Бұл саланың 12 қызметкері өздері қылмыстық іске тартылып отыр. Бір мысал, демалыс күндері азаматтық киіммен Орал қаласы сыртындағы Рубеж бекетінде көлік жүргізушілерді заңсыз тоқтатып, ақша алумен айналысқан облыстық жол полициясының екі қызметкері жазаға тартылды.
Биылғы жылдың ең шулы оқиғасы Орал қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің қызметкері А.Сүлейменовтің аса көп мөлшерде пара алғаны үшін 3 жылға сотталғаны. Ол жалған құжат жасап, азаматтарды заңсыз кезекке тіркеп, оларға жер телімдерін берумен айналысқан. Сүлейменов қатардағы қызметкер, бұл жерде жер телімін беруге қол қойғандар, оның өтірігін не үшін байқамай қалды екен?!
– Жемқорлық қоғамды жайлап барады.  Биыл бір аудан әкімі, екі орынбасарымен бірге істі болып жатыр. Ертең бітетін істі бүгін тындыруға асыққан ағайын, бір жағынан, мемлекеттік қызметкерді пара алуға өздері итермелеп отыр. Төменнен-ақ бастасақ, мысалы, кезексіз қарағаны үшін, дәрігерге бір қорап тәтті қыстырып кетеді. Пара алу сол бір қорап тәттіден басталады, – деп сөзін қорытындылады «Нұр Отан» ХДП облыстық партиясы бақылау комиссиясының инспекторы Аққали  Әубәкіров.
Жиында «нұротандықтар» жемсауы бүлкілдеген жемқорды ұстаса, лауазымына, қоғамдағы абырой-беделіне қарамастан, аяусыз жазаға тартылатынын айтты.


 Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,
Батыс Қазақстан облысы

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
9 + 0 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ