Дін саласына тәртіп керек!
Алқалы жиында мемлекет басшысы тұп-тура 24 минут сөйледі. Ең алдымен, алғашқы жартыжылдықтағы жеткен жетістіктерімізді баяндады. Одан кейін, төрт бөлікке бөліп, Парламент алдағы уақытта қабылдауға тиісті заң жобаларын қадап-қадап жария етті. Президенттің пікірінше, дін саласына тәртіп орнатуымыз керек. «Парламент осы сессияда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның жобасын қарауы қажет. Дінаралық келісім – бұл біздің халқымыздың бірлігінің негізі. Сондықтан, бұл заңды міндетті түрде қабылдауға тиіспіз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев бейсенбідегі жиында. Алайда ол бұл жерде дін таңдау бостандығына тыйым салу жөнінде әңгіме қозғалып отырмағанын түсіндіріп айтты. «Бұл жердегі әңгіме мемлекетті діни экстремизмнен қалай қорғауымыз жөнінде болып отыр. Бұл бағытта біз исламды мемлекеттік дін деп жариялаған елдерден үйренуіміз керек. Біз неге барлығын бетімен жіберіп қоюмыз қажет?!. Қазір кім көрінген ойына келгенін істеуде. Біздің елге кім көрінген келіп, діни мекеме ашып, өз әкесінің атын беріп, мешіт салуда. Ал осы мешіттер немен айналысатынын ешкім де білмейді. Өйткені оларды ешкім тіркеп, ешкім бекітпейді. Бұл – Қазақстан деген мемлекет, яғни біз өз үйімізде өзіміз тәртіп орнатуымыз қажет», – деп президент қадап айтты.
Лаңкестік тажалы
– Әлемдегі соңғы оқиғаларға қарасақ, саяси және экономикалық ахуалдың күрделеніп, ушығып тұрғанын көреміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев Парламентте сөйлеген сөзінде. Елбасының айтуынша, жаһандық экономика теңселіп тұр. «Қор нарықтары дертке ұрынып, әлемдік бағалар өсіп жатыр. Соңғы онжылдықтарда тұңғыш рет АҚШ-тың рейтингі қатты төмендеді. ЕуроОдақ та экономикалық мәселелерге белшесінен батты. Еуропадағы әлеуметтік ахуалдың әлсіреуі Лондон сияқты ірі-ірі қалаларда болып жатқан жаппай заңсыздықтар мен бұзақылықтардың белең алуына апарып соғуда. Бұлардың барлығы – алаңдатарлық жайттар. Бүкіл әлемнің қауіпсіздігіне қатер төніп тұр. Атап айтқанда, Африкадағы алапат аштықтың жалыны ондаған миллион адамды шарпыды. БҰҰ-ның болжамы бойынша, осы аштық Орталық Азиядағы бізбен көршілес бірқатар елдерге де қауіп төндіруі мүмкін. Яғни ондай жағдайда заңсыз көші-қон, эпидемия және әртүрлі жанжалдармен байланысты қауіптер көбейеді. Екіншіден, жаһандық ақпараттық кеңістік майдан даласына айналды. Өйткені жаһандық желіде ғаламтор-қарақшылардың қылмыстық топтары әрекет етуде. Олар жәй адамдарды қойып, үлкен компанияларға, тіпті тұтас мемлекеттерге зиян шектіруде. Үшіншіден, қазір әлем геосаяси өзгерістердің табалдырығында тұр. Таяу Шығыс бұлқынып жатыр. Біздің шекарамызға жақын жерлердің де тыныштығы бұзылуда. Күн санап этникааралық, дінаралық жанжалдардың оты өршіп келеді. Жуырда ғана тыныш жатқан Норвегиядағы лаңкестік оқиға жер жүзі халқының төбе шашын тік тұрғызды. Бір сөзбен айтқанда, халықаралық лаңкестік деген тажалдың қаупі зорайып тұр», – дей келе мемлекет басшысы жаңа заманның қауіп-қатерлерінен мемлекетті қорғауға шақырды.
Қылмыстық-атқару жүйесіндегі былық-шылықтан құтылуымыз қажет!
Елбасы еліміздің қылмыстық-атқару жүйесіндегі бүгінгі ахуалды қатты сынға алды. Ол депутаттарды «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңның жаңа жобасын талқылап, тездетіп қабылдауға үндеді. «Біз көптен бері құқықтық жүйемізді жетілдіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Артық қыламын деп тыртық қылған жерлеріміз де бар. Мәселен, гуманизация деген сөзді сәнге айналдырдық. Сөз емес-ау, сол ізгілендіруді кәдімгі бизнес көзі етіп алдық. Қазіргі полицейлер қалтасы «қалың» ұрыны аулайды, сөйтіп, өз үлесін алғанша әлгінің соңынан жүгіреді. Бұзақылақ та солай. Шағым түсіру үшін де жәй адамды емес, ауқатты адамды іздейді. Бұның бәрі полицейдің «шешетін» мәселесі емес, соттың шаруасы», – деді Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде. Ол Қылмыстық-атқару комитетінің Әділет министрлігінің қарамағына берілгені жаңсақтық болғанын шегелеп айтты. «Бұл комитетті ІІМ-нен Әділет министрлігіне бердік. Кезінде бәрі осы дұрыс деді. Енді не болдық?.. Жаппай бассыздық жайлап алды. Бассыздық емей немене, түрмелерден «КамАЗға» тиеп, қару-жарақ, есірткі алып шығып жатыр. Жаза өтеуге тиісті жерлерден кім көрінген мешіт ашуда. Сондықтан, қандай да бір жаңалық енгізгіміз келсе, әуелі ойланып алайық», – деп мәлімдеді мемлекет басшысы. Айтпақшы, естеріңізге салсақ, ағымдағы жылдың 1-ші тамызындағы Елбасының Жарлығымен Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қайтадан ІІМ-нің қарамағына өтті.
Президент, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатайтып, жегі құрттың өсіп-өнуіне кедергі келтіретін нормаларды қабылдауды тапсырды. – Ұйымдасқан қылмыспен күрес саласында қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманы жетілдіруіміз керек. Ұзаққа созбай сот жүйесін нығайтуға қатысты бірқатар заң жобаларын қарастыру қажет. Бұл жерде жергілікті соттардың рөлі мен Жоғарғы Соттың бақылаушылық қызметін арттыратын құқықтық нормалар туралы сөз болып отыр. Ең бастысы – сот процесін оңайлату, – деді Елбасы.
Үкімет кәрістердің тәжірибесінен үйренсін!
Жаңа сессияның ашылуында сөз сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев Парламентке бірқатар заң жобаларын тездетіп қарап, қабылдауды тапсырды. Солардың біріншісі – еліміздегі индустриалды-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заң жобасы. Президенттің айтуынша, әсіресе басымдық берілген салалардағы инновациялық процесті ынталандыру үшін, нақты заңдық нормалар керек. Сондықтан да аталған заңды биыл қабылдап, 2012 жылдан бастап іске қосу қажет. Ол сондай-ақ, «Электр қуатын үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру туралы» заң жобасын да жедел қарауды депутаттарға тапсырды. Мемлекет басшысы жуырда ғана Қазақстанда болған Оңтүстік Кореяның президенті Ли Мен Бактың мәліметтерін, мысалға келтірді. «...Оңтүстік Кореяның президентінің айтуынша, Қазақстандағы желілердегі электр қуатының шығыны 20 пайызды, ал Кореяда – 4-ақ пайызды құрайды. Яғни біз үлкен стансалар салмай-ақ, электр қуатын дұрыстап үнемдеуіміз керек. Онда неге біздің Үкімет кәрістердің тамаша тәжірибесін үйренбейді?!.», – деді Елбасы. Оның айтуынша, бізде бәрі де тегін. Өз көршілерімізбен салыстырғанда, біздегі баға ең төмен. Ал оны осындай қалпында үнемі ұстап отыра алмаймыз. Өйткені ондай жағдайда Кедендік Одақта да, ортақ экономикалық кеңістіктікте де басқалардан ұтылып қаламыз. Сол үшін бізге аталған заңды қабылдау керек.
Сондай-ақ, Президент ұзақ уақыт Мәжілістің суырмасында жатып қалған қаржы секторының қызметін реттейтін заң жобасын және халықтық IPO бағдарламасын жүзеге асыруға қажетті заң жобасын жылдамдатып қабылдауды ұсынды. «Келесі сайлаудан кейін, заңға сәйкес, Мәжіліс кем дегенде екі партиядан жасақталады. Біздің жас демократиямыздың жаңа кезеңі басталады», – деп түйіндеді сөзін мемлекет басшысы.
Төлен ТІЛЕУБАЙ, Астана
Әңгімеге орай
Осы жиыннан кейін, біз Қазақстан Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевқа жолығып, аз-кем сұхбаттастық.
– Көп ұзамай Парламент таратылады деген әңгіме гулеп тұр?
– Бұл мәселе жөнінде Президент ештеңе айтқан жоқ!
– Президент не нәрсені қадап айтты?
– Президенттің қадап-қадап айтқаны екі нәрсе: индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына және ұлтты қауіпсіздікке қатысты заңнамалық базамызды бекітіп алу. Расында да, бүгінгідей тыныштығы бұзылған әлемде ұлттық қауіпсіздік мәселесі өте маңызды. Бұдан басқа жедел саяси өзгерістер жөнінде айтылған жоқ.
– Десек те, еліміздің батысындағы діни ахуал ушығып тұр. Мемлекетті діни экстремизмнен қорғау үшін не істеуіміз керек?
– Біз – зайырлы мемлекетпіз, сондықтан зайырлылықтың атрибуттарын қатаң сақтауға тиіспіз. Кейбір жұмыссыз жүрген жастар әртүрлі пиғылдағы діни секталарға кіріп алып, елдің тыныштығын бұзып жүр. Мен сізге ашық айтайын: мұндай ұйымдардың дінге ешқандай қатысы жоқ! Өйткені ешбір әлемдік дін зорлық-зомбылықты насихаттамайды. Ал сондай дін атын жамылған қылмыскерлер құқық қорғау қызметкерлерін өлтіріп жатса, бұл – экстремизм! Мемлекет басшысы да бұл мәселеге қатты алаңдайтынын жеткізді. Менің ойымша, біздің құқық қорғау органдарымыз, Қауіпсіздік Кеңесі, ІІМ аталған қылмыстық ұйымдардың іс-әрекеттеріне тосқауыл қояды. Ал кез келген адам заңды бұзатын болса, лайықты жазасын алады.

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...
Біз зайырлы мемлекетпіз,Маңғыстауда өлтіріліп жатқан азаматтардың сұрауын кімнен сұраймыз?Елінің азаматтарына кепілдік бере алмаған мемлекетті не деп атауға болар екен!
оның бәрін заңнан байкауга болады. ЕЛБАСЫМЫЗДЫҢ АЛҒА КОЙГАН мақсаттары дұрысдеп есептеймин. сондықтанда ешким ешкимге кепілдік бермейді заң бәрімізге ортақ ал заң мен жүру тиіспіз. біз елу елдің қатарына калай да болын киремиз