Дүйім жұртты дүрліктірген тіл мәселесінің түйіні шешілер емес. Мұхтар Шаханов бастаған зиялылардың жиын өткізгені кеше ғана. Осы аптада ұлт жанашырлары Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын ұсынды. Осыған орай тіл төңірегіндегі күрмеулі мәселелер жөнінде Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахетпен тілдескен болатынбыз.
Жас қазақ: Жақында үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын даярлады. Заң жобамен танысып көрдіңіз бе?
Мамай Ахет: Иә, таныстым. Әрине, «Мемлекеттік тіл туралы» заң – әрбір Қазақстан азаматын ойландыратын мәселе. Бірақ, бұл заң соңғы кезде әртүрлі деңгейде талқыланып жүр. Жекелеген топ, партия, жеке адамдар тілді өздерінің саяси мүддесін жүзеге асырудың құралына айналдырып жатыр. Бұған мүмкіндік бермеуіміз қажет. Қазір әлем бойынша қасиетті ұғымдарды адамдар өз мақсатын жүзеге асыру үшін пайдаланып жатыр. Сондықтан, біз қоғам болып тіліміздің тағдырын жеке топтың қолына тапсырмауымыз керек.
Жас қазақ: Алматыда Мұхтар Шаханов бастаған зиялылар Тілге қатысты митинг ұйымдастырғанын білесіз. Сол жерде сіз де жүрдіңіз. Ұлт жанашырларының жанайқайына жауап берген біреу болды ма?
Мамай Ахет: М.Шахановтың өткізген жиынына біз де қатыстық. Ол жерде жекелеген азаматтар да, басқа бір саяси мәселені көтергісі келгендер де болды. Тілдің мәселесі – бәрімізге ортақ. Біздің айналысып отырғанымыз да осы. Мұхаңның да ойы солай. Мұндағы мақсат – тілді ешқандай саясаттың құралына айналдырмай, оның өзекті мәселелерін қоғамның талқысына ұсыну. Жиынның бағыты келісілген кезде солай болған. Жиындағы пікірлер осы төңіректе ғана айтылды. Біз барикаданың екі жағына қарай шыққан жоқпыз. Мұхтар Шаханов азамат, ақын ретінде сол мәселені көтерсе, біз мемлекеттік орган ретінде қолымыздан келген шаруаны жасап жатырмыз. Мақсат – ортақ. Жасап жатқан шаруаларымыз – бір.
Жас қазақ: «Қазақстан» ұлттық арнасының толықтай қазақ тіліне ауысқаны – біз үшін үлкен қуаныш. Қала кинотеатрында фильм мен анимацияларды қазақша сөйлетуге бағытталған шаралар жүріп жатыр. Десе де, еліміздегі кейбір телеарналардағы фильмдерді көріп отырып, қазақ тілін қорлағандай әсер алып жүрміз.
Мамай Ахет: Бұрын бізде «Елу де елу» деген бағдарлама болған. Ол өзін ақтамады. «Біз аударып беріп отырмыз, көрсең көр, көрмесең қой» деді. Кім болса соған дубляж жасатып, көрінген адамға аударма жасатты. Сөйтіп, тілге кері әсерін тигізді. Бұрындары Бикен Римова, Мұхтар Бақтыгереев, Атагелді Ысмайылов сияқты атақты актерлеріміз дубляжбен-ақ халыққа танымал болды. Дубляждың арқасында көптеген шетел фильмі қазақша сөйледі. Біз осы жүйені қолымыздан шығарып алдық. Фильмді қалай болса, солай аудара салу емес, оның ырғағын, ішкі мінез-құлқын бермесе, оны көру мүмкін емес екеніндігіне көзіміз жетті. Осы мәселе енді-енді ғана қолға алынып жатыр. Қазір шетел фильмдерін дұрыс көрсете бастады. Дубляж жасаушы жаңа буын қалыптасты. Бірақ, әлі де болса, әлсіз.
Жас қазақ: Шетелдің анимацияларын қазақша сөйлету өте дұрыс қадам болды. Себебі, алдымен бүлдіршіндеріміздің тілін сақтау қажет. Қалалық балабақшалардың қазақшасын қадағалап жүрсіздер ме?
Мамай Ахет: Біздің балалардың сусап отырғаны – анимациялық фильмдер. Мұның тек тілі ғана емес, дүниетанымы, мінез-құлқы қазақы болмаса, балаларымыздан айырылатынымызға көзіміз жетті. Қазір балаларды экраннан айыру мүмкін емес. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін балабақшаларды қазақ тіліне көшірейін деп жатырмыз. Балабақшаларымыздағы қазақ тілін оқыту мәселесіне әлі де болса жіті мән берілмей келеді. Бастауыштың баласына грамматиканы үйрете алмайсың. Сондықтан оларға үйретудің жаңа тәсілін табуымыз қажет. Ол – түрлі-түсті кітап, қызықты анимациялық фильм, қазақша ойындар. Тілдің ең негізгі қалыптасатын орны – балабақша. Сол үшін балаларға қызмет жасайтын кез келді.
Жас қазақ: Алматының көшесінін аралай қалсақ, жарнамалардағы сапасыз аудармаларға, қате-қате жазуларға кезігіп жатамыз. Осы олқылықты кім қадағалайды сонда?
Мамай Ахет: Біздегі өнімнің көпшілігі шетелдің өнімдері. Мұндағы жарнамалар о баста ағылшын тілінде, одан қалса орыс тілінде жасалады. Оған тұтастай бір ұжым жұмыс жасайды. Ал енді осыны мемлекеттік тілге аударған кезде, олардың ойлаған ойы, сол ұлттың психологиясы тұрғысынан жасалған нәрсенің бізге тек қана сөзі аударылады. Ал ішкі астары біздің тілімізге өтпей қалып жатады.
Бізде кәсіби жарнама аударушылар жоқ. Әркім отырып алып аударғандықтан, жұрттың күлкісін келтіретін, ақсақ-тоқсақ жарнамалар пайда болып жатыр. Біздегі жарнама агенттіктері, жарнама берушілер бұл жағына назар аудармай жүр. Яғни мемлекеттік тілге деген құрмет аз.
Жарнаманың мәселесін біз қазір қолға алдық. Бұған дейін жарнама агенттігі өзі аударғандықтан, тілге көңіл бөлмейтін. Оның қателігін ескертуге жергілікті атқарушы орган ретінде біздің құзыретіміз жүрмейтін. Ал биылдан бастап Тілдерді дамыту басқармасы қатені жіберіп отырған фирманың құжатын тексереді.
Жас қазақ: Нотариалдық кеңселерге, әкімшіліктерге барсақ, алдымыздан орыс тіліндегі іс-қағаздары шыға келеді. Осы уақытқа дейін мұны неге қазақшалай алмай жүрміз?
Мамай Ахет: Нотариалдық кеңселер, халыққа қызмет көрсететін орталықтарда құжат мыңдап саналады. Аудармашы санаулы ғана. Құжаттардың бәрін бір ізге түсіру үшін қоғамның да белсенділігі қажет. Сосын жіберілген қатені көргенде, ашуланбай немесе соған жерден жеті қоян тапқандай қуанбай, көзге шұқымай, қателікті түзетудің жолын қоғам болып іздегеніміз пайдалы болар еді. Тіл бізге ортақ десек, тілдің мәселесі де – бәрімізге ортақ. Сондықтан, тілдің тағдырына бәріміз жауаптымыз.
Сұхбаттасқан Серікбол ХАСАН

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...