19 Май 2012 | Сенбі

Спорт

Спортқа ұстатқан ту

15 Декабрь, 2011

Соңғы жиырма жылда туымыз Олимпиада ойындарының өзінде он рет биікте желбіреді. Әлем біріншілігі мен құрлық чемпион­ат­тарын­да және Азия ойын­дары­ның жеңіс тұғыры­нан орын алды.

Жиырма жыл аз уақыт емес. 1991 жылы қолға қалам алған біздер де қазір оң-солымызды танып қалдық. Бір кезде Несіп аға Жүнісбаев жол көрсетіп, жөн сілтеген бағытта еңбек етіп келеміз. Бірнеше дүниежүзілік жарыстарға куә болып, олимпиада астаналарынан репортаж таратуды Алла маңдайға жазыпты. Қазақ спортшыларының жеңісіне ортақ болып, өкінішін бөліскен кездерді де бастан кештік. Кешегі Кеңес Одағының спортын көріп, тәуелсіз Қазақстандағы дене тәрбиесі қалай өрістегенін байқап жүрміз. Жылнама жүргізген жоқпыз. Дегенмен жиырма маусымда жадыға сақталғаны жетерлік. Оны таратып айтудың өзі мехнат. Қызығы болды, «шыжығы» да бар.
Бапкердің сырын өзгемен бөлісуге болмайды. Спортшылар құпиясын да іште сақтауға мәжбүрміз. Ал, өткен күн, кешкен сәттердің кейбірін оқырманға жеткізу жөн сияқты. Көбін айтып та жүрміз. Біз спортқа мойын бұрғанда, кикбокстың қаны жерге тамбайтын. Қырғыз елі Шабан Шадмановтың ерлігін Манасқа таман апарған заман еді. Сол Шабан Асқар Можановты жеңе алмады. Болат Манжуевпен де тең дәрежеде өнер көрсетті. Шығыстың қос батыры Шідербаев пен  Шегеновтің де өз салмағында серке атанған кезі. Сабыржан Махметов өрістеткен шығыс жекпе-жегі қазақ жігіттерін әбден шындады. Аталы сөздің әруағы қонған Мұстафа Өзтүріктің атамекені – қазақ жерінің топырағын иіскеген сәті санада сақталыпты. Ағаның айтқан әңгімелері шоқтығы биік жазушының шығармасынан кем болмайтын. «Әкем Тайванға жіберді, қолыма бос шелек ұстатыпты. Білім жиып әкелсін дегені, әлгі тоқығанымды білімге шөлдеп отырған еліме құйсын дегені. Әкелер ұсынған тапсырманы орындай алдым ба? Ол жағы белгісіз. Саналы ғұмырда сапалы ұл болуды аңсадым», – дегені құлақта қалды.
Университеттен дәріс аламыз. Кейде сабақтан сұранып кетіп, Алматы «Динамосының» орындауындағы бендиді тамашалаған сәттерді де сағынады екенсің. Борис Чехлыстов шәкірттері КСРО чемпиондары атанған кез есімізде. Он үшінші наурыз күні сағат 13.00-де басталған ойынның тура он үшінші минутында он үшінші нөмірлі Ринат Шамсутов гол соғып, алматылықтар Кеңестің соңғы біріншілігінде топ жарған болатын. Немесе қазақ көкпаршылары. Одақта ешкімге дес бермеген Қазақстан құрамасы тақымы мықты, тегеурінді арыстандардан құралған еді. Команда капитаны Серікхан Бекбасов қарсыластарының апшысын қуырып, олжа салғанда алаш жұрты бөркін аспанға ататын. Дәулет балуанның күресін көрдік. Сеул олимпиадасында кәріс Ким Ен Наммен алтын медаль үшін арпалысып, Барселона ойындарында қоланы қоржынға салып еді. Әкесі Болаттан әбден үйренген «жамбас» әдісімен бүкіл әлемнің балуандарын жыққаны да қазақ тұқымының асылдығына өлшем секілденді. 1991 жылы Аркадий Топаев әлем кубогының иегері атанған сәт есте қалыпты. Чемпионды Алматы әуежайында тосып алған топтың алдына шыққан Бекет Махмұтов Аркадийге тосын сый ұстатты. Ендігі жерде спорт шеберлерінің шоқтығы биік болатынын сол кезде жете түсіндік. Топаев уысындағы жеңіл автокөлік кілті бұдан кейін әрбір чемпионның алақанында ойнайтынын білдік. Несіп аға жарыстарға жиі ертіп баратын. Бірде бүйірден түртіп қалды. Боксшылар бәсекесі қызып жатқан, есіл-дертіміз рингтегі жұдырықтылар жарысында. «Қара, ана жаққа», – дейді. Жалт бұрылдық. Серік аға Төлеубаев қолымен ауада сурет салып жатыр. Тап бір өзі төбелесетін секілді. Жан-тәнімен жекпе-жекке берілген. Мұндай артық туған бапкер, қазір ырымға табылмайды. Секең баптаған қазақ боксшылары Одақта үздік шықты. КСРО халықтарының спартакиадасында бірінші орын алып, бұрын шаппай бәйге сұрайтын Ресей федерациясы мен Арменияның алдын орады.
Қазақ спортының Кеңес одағы кезіндегі қарымы мықты еді. Бірақ тыйымның көптігінен қолтығын жазып, құлашын кеңге сермей алмады. Мысалы, Болат Теміровке тең келетін боксшы болмаған. Бірақ Барселона олимпиадасына оны мойындайтындар қатысты. Болат Каталонияға барып тұрып, рингке шыққан жоқ. ТМД төңірегінде топтасқан елдер ортақ команда апаруға уәделесіп, сол ойындарда қазақ кемі төрт алтын медальдан қағылды. Тіпті Дәулет те алтын алатын еді, бірақ Кеңес құрамасы біздің даңқты балуанды шөміштен қақты. Бұрын кісі баласы естімеген уақиғаның шетін шығарайық. Сеул олимпиадасының күміс жүлдегерін жеке баптау қайда, тіпті әркімге тиесілі үлестен қағып келген. Жаттығу кезінде ауыр салмақтағыларға әдейі салып, дұрыс тынығуына да жағдай жасалмаған. Дәруменді қабылдау былай тұрсын, құнарлы тамақтанудың өзі мұң болыпты. Егер 1992 жылы Қазақ елі дербес команда қойып, Дәулетті бөлек баптағанда, Тұрлыханов сөзсіз чемпион атанатын еді. Оған дәлел де көп. Мерген Владимир Вохмяниннің қола медаль алғаны, волейболшылар Татьяна Меньшова мен Елена Чебукинаның күміс жүлдегер атанғаны тарихта жазулы. Баскетболшы Ирина Герлиц жеңіс тұғырына көтерілді. Берікқазы Сексенбаев бастаған көгалдағы хоккей шеберлері жүлдеге сәл жетпей тоқтады. Қазақстан дербес команда апарған олимпиада Атланта екендігі де жұртқа мәлім.
Осы ретте тағы бір қайраткердің олимпиада қозғалысындағы елеулі еңбегін атап өткен жөн. Ол – Аманша Ақбаев. Қазақ спортының тізгінін қолда жиырма жыл ұстаған Аманша Сейсенұлы халықаралық деңгейдегі маман еді. ХОК президенті Хуан Антонио Самаранчтың өзі мойындаған азаматтың ұлт спортының дамуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Өзін айтқаны ғой. «Жігіттер Мәскеу олимпиадасында өздерін еркін сезінуі үшін, көзсіз ерліктерге талай бардық қой». Оның астарында талай сыр бүгулі жатыр. Демек, 1980 жылдың өзінде Ақбаев – олимпиада қозғалысына қан жүгірткен тұлға. Егемен Қазақ елі байрақты бәсекелерге аттанар алдында Аманша аға біздерді жинап алатын. Сосын әңгіменің майын тамызады. Кімнің дайындығы қай деңгейде, негізгі қарсыластары кім дегендей, алдағы жарысқа үлкен барлау жасайды. Соңында Қазақстан қоржынына қанша медаль түсетінін айтады. Болжамы шындықтан алыс кетпейді. Кейін дерті асқынғанда көңілін сұрадық. Сонда әлгі сәуегейлік жайын сөз етті. Бір күліп алып, «сендер мені сәуегей деп танып жүр екенсіңдер ғой. Көз ашқалы көрген спорт. Оның үстіне, жарыс біткенді назардан тыс қалдырмаймыз. Қағаздарын қараймыз, протоколдарын саралап, өз спортшыларымыздың шамасын бақылаймыз. Содан кейін нәтижеге қарап, болжам айтамыз», – деген еді. Марқұм жеңіспен оралған құраманы шетелден өзі бастап келіп, ұшақтан бірінші түсіп, кубок пен медальдарға көрімдік сұрайтын. Республикадағы спорт тілшілерінің жазған-сызғанын қалт жібермей, оны да талқылап отырушы еді. Жассың демеді, бізді де бауырына тартып, жібі түзу дүние ұсынғанда бағасын беретін. Баяғы ақсақалдардай аңқылдап, байғазысы деп қарманып, қолына түскен қаламсапты немесе зночок белгіні ұстататын. Және «жарыс көруге ұмтылыңдар», – деп, насихатты да жүргізе салатын, спорт жайлы пікіріңді сұрап, жарыс барысын талқылағаныңды жөн көретін. Қайран ағалар-ай, қазақ спортының қайрағы секілденген.
Ардақты ағаның бірі – Әбдісалан Нұрмаханов. Көшеде көріп, сәлем берсең де жарым сағатты бокстану іліміне арнайтын. Былғары қолғап шеберлерінің бәріне тоқталып, өз бағасын беретін. Алдағы жарысқа кімдердің баратынын жасырмайтын. Ұлттық құрама тізімі жарияланбас бұрын бас бапкердің кімге сенім артылатынын біліп жүруші едік. Атланта олимпиадасына команда апарған саңлақтың жолы жеңіл болды. Василий Жиров алтын медаль мен ең үздік боксшыға берілетін Баркер кубогын да Қазақ мемлекетіне алып келді. Болат Жұмәділовтің күміс, Болат Ниязымбетовтің қола жүлдесі де қомақты сый еді. Шіркін, боксшы Нұржан Сманов еді, Эрнандестердің тосқауылына тап болып, талай жарыста бағы жанбады. Заманынан сәл ерте туған сияқты, әйтпесе кем дегенде әлем чемпионы атануы бек мүмкін еді. Қанатбек Шағатаевтың да дәурені жүрер деп едік. Кенеттен денсаулығы сыр беріп, олжа біткенді жинай алмады.
Атланта олимпиадасына дайындық көрген спортшылардың жаттығуына жиі барамыз. Аманжол аға Бұғыбаевтың шәкірті Мәулен Мамыровты дәріптей бастадық. Америка жерінде өтетін кешенді сында қазақ намысын қорғайтын серкенің бірі – өзі екенін құлағына құямыз. Бірде Мәулен қасымызға келді, «ел мені бармағынан күш саулаған балуан ретінде қабылдай бастады. Шынымды айтайын. Атланта мен үшін үлкен сын болатын түрі бар. Бұрын жеңілсек, жер көтереді деуші едік. Ендігі жауапкершіліктің жөні бөлек. Жаным тірі болса, тістесем де қарсыласымды ұтуға тырысамын». Атланта ойындарындағы қола жүлде алу үшін осындай жұмыстар жүргенін де жымиып еске аламыз. Спорттық гимнастикадағы Сергей Федорченконың да досына айналдық. Өз атына бірнеше жаттығу тіркеген Сергей әлем біріншіліктерінде жасындай жарқылдады. Жарысып болған соң, төрешілер үстеліне барып, қазылардың берген бағасына келіспейтінін түсіндіретін. Ауыр атлет Анатолий Храпатый мен мерген Александр Асановтың сыпайылығы Федорченко мінезіне мүлде кереғар екендігі де біздерге мәлім еді.
Боксшы Александр Мирошниченко да жігіттің нары еді. Кәсіпқой бокс елге келгенде, Кәрімжан Әбдірахманов шаршы алаңға шығып, сол кездегі сұмдық көп ақша – 10000 АҚШ долларын ұтып алғанда Миронның да арқасы ұстады. Ең ауыр салмақта сынға түсіп көруге бел байлады. Жарыстың бірінде үзеңгі жолдас болдық. Қостанайдың баласы ғой. Оңтүстікке келгенде қазақтың ортасына сіңіп кететін. Көгершіндегі Зәуірбектің үйіне соққанымызда айранға тойып, таба нанды кілегейге аунатып жегені көз алдымызда. Етке де қолды баяғының батырларынша салды. Ауыл адамдары алыпты көргендей таң қалысып, мынау біреуді ұрса майып етер дескені де анекдотқа бергісіз әңгімелер. Жамбылда жүр екенбіз. Осы өңірдің жігіттерін айта кетейік. Евгений Зайцев пен Вадим Присяжнюктің інілері кейін ірі шықты. Қос Болат пен Ермахан, сосын Бақтияр Артаев. Айтпақшы, Феликс Цойдың сырын да бір кісідей естідік. Болат Жұмәділов үйірмеге жаңа келгенде керемет өнерімен дара шықпаған. Феликс ағаны бірде әйелі құрбысына ертіп барады. Өзі балгер ма, әйтеуір, Цой ағаны сөзге тартып, «жақында арық бала үйірмеңе келіпті. Шәкіртіңді дұрыстап бапта, кейін еңбегің жанады. Әлем чемпионаты дейсің бе, сондай жарыста топ жарады», – депті. 1999 жылы Хьюстонда Болат әлем чемпионы атанған күні Цойың солай деген.
Ақ олимпиаданы аттап өте алмайсыз. Шаңғышы Владимир Смирновтың жетістігі тұтас кітапқа арқау. Конькиші қыз Людмила Прокашеваның қола медалі кезінде алтынға бергісіз еді. Ванкуверде Елена Хрусталеваның күміс жүлдегер атанғаны да талай тақырыпқа тұздық болды. Конькиші Вадим Шақшақбаевтың жүгіргенін көрдік. Әкесі Шәміл редакцияға телефон соғып, «Вадим қазақтың баласы, мен қазақ болам, ол қайдан шығады», – дегені бар. Қысқы Азия ойындарында олжа салғандарды тізу қиын, есім-сойларының өзі бірнеше бетті қамтиды. Астана мен Алматыда ұйымдастырылған жетінші Азияда кезінде қазақ спортшылары рекорд жаңартты емес пе. Тек бас жүлде санын 32-ге жеткізіп.
Атланта олимпиадасында топ жарған Александр Парыгинды, Сиднейде самғаған Ольга Шишигинаны да елі мақтан тұтады. Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибырайымовтың қарсыластарына жұдырық сілтегені айызды қандырды. 2004 жыл. Афины ойындары. Бақтияр Артаевтың жеңіс тұғырына көтерілгені ше. Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев пен Илья Ильин намысты қолдан берген жоқ. Елде отызға тарта әлем чемпиондары тіршілік кешеді, оларды да түстейтін кез келер. Әзірше осы бір тұстан әңгімені үзуге тура келетін секілді.

Заман ұстатқан талап. Цифрды сөйлетпесең сөзіңде пәрмен, ойыңда қазық болмайтын заман ғой. Ресми деректер былай дейді: қазіргі күнде 423 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері жұмыс істейді. 8 республикалық, 17 аймақтық олимпиадалық ізбасарлар даярлайтын орталықтар ашылған. Мемлекетте 31 мың спорт кешендері мен алаңдар тіркеуде тұр. Дене тәрбиесін серік етіп, спортпен шұғылданатындар саны 3000000 жетті. Енді алты миллионға шейін арттыру көзделіп отыр. Ұлт қарманса алынбайтын қамал болмайды. Мүмкін алдағы он жылдықта айтылар әңгіменің негізі әлгі жалпы жұрттың отыз пайызына қатысты болар, Алла жақсылығын берсін.

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
2 + 6 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ