19 Май 2012 | Сенбі

Дәулет

Соғым сағымға айналды

Ашығын айтайық, биыл соғымды қолы жеткендер жеп жатыр. Табысы тәуір қалалықтар, сосын ауылда  әке-шешесінде азын-аулақ малы барлардың аузы аздап майланды. Ал айлығы шайлығына жетпейтіндер етті енді түсінде көретін болды.

Құрмет жылда соғымсыз отырмайтын. Былтыр ауылдағы ағасы бір байталын қиса, алдыңғы жылы Кеген жақтан өзі 100 мың теңгеге тай сатып алған. Биыл Алматы маңында мұндай баға жоқ. Жаз бойы құрылыстағы тірлігі мәз болмады, қыста мүлде жұмыссыз қалды. Бір үйлі жан келіншегінің 50 мың теңге жалақысына қарап отыр. Құрмет жылқының етін былай қойғанда, ірі қара мал етіне жете алмағанына қатты қапаланды. Амал нешік, жаңа жыл қарсаңында базардан бір жәшік құс етін сатып алды. Онысы 5 жарым мың теңге болды.
«Мен ес білгелі Алматыда еттің бағасы бұлай қымбаттамап еді. Сұмдық қой, жылқының етін былай қойғанда, сиыр етінің құны 1500-1700 теңгеге жетті. Базардағылар алдағы уақытта оның келісі 2000 теңгеге жететінін айтып жатыр. Баға бұлай бетімен кете беретін болса, бәріміздің қиналатын түріміз бар. Үкіметтің не ойлап отырғанын кім білсін?», – дейді ол күрсіне.
Астана базарында тай бағасы былтыр 150 мың теңге болса, биыл 250 мың теңге үстіне шықты. Екінің бірі мұндай бағаға соғым сатып ала алмайтыны айдан анық.
Алматының іргесіндегі Өтеген батыр ауылының базарында ет сататын Айжан апай: «Өзім ет сатып тұрып, тұтынушыларды аяймын. Өте қымбат бағаға алады», – дегенді қинала отырып жеткізді.
Ел ішінде мал бағасы көтеріле бастаған тұста аздап қуандық. «Шаруа байғұстың бағы жанатын болды» деп. Енді арада екі жыл өткенде өкініп отырмыз. Бүйте берсек, шынында да, ет жеуден қалатын шығармыз. Бұрындары қазақ етті көп жейді деп кінәлаушы еді, енді етті қолы жеткендер жейтін дәрежеге де жетіп қалдық. Себебі, елімізде мал басы көбеймей отыр. Мысалы, елімізде 1991 жылы 9592,4 ірі қара мал болса, қазіргі көрсеткіш – 6175,3. Сол жылы 34555,7 ұсақ қара болса, қазіргі меже – 19022,5. Жылқы малының саны да өткен ғасырдың тоқсаныншы жылындағы деңгейге жетпей жатыр. Неге? Біріншіден, жайылым атаулыдан айырылдық. Бей-берекетсіз жекешелендіру кезінде оған қолы мен құрығы ұзындар ие боп қалды. Қазір жекеменшіктегі жайылымды мемлекет меншігіне өткізу туралы ұсыныс ара-кідік көтеріліп қалады. Бірақ нақты іс-әрекет байқалмайды. Екіншіден, жем-шөп қымбаттады. Алты ай арқыраған қыс түсетін теріскейде мысалы, мал өсіру оңай шаруа емес. Қысқа жеткілікті мол қорың болуы керек. Қар астында қалған астықты ірітіп-шіріткенше шаруаларға беруге болар еді. Бірақ ірі астық компания иелері мұндай жомарттыққа бара алмады. Үшіншіден, малға азық дайындап алатындай шаруаның қолында техника жоқ. Бұған қоса, енді Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруа байғұсты салықпен сорлатпақшы. Ішкі нарықты ет және ет өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмай отырып, сыртқа өнім экспорттауға «бел шеше» кірісіп кеттік. Көзсіз батырлық! Сырттан 72 мың бас мүйізді ірі қара әкелеміз деп шапқылап жүргенде малдың да, еттің де бағасы шарықтап барады. «Әрине, бұл қыруар ақшаны желге шашу», – дейді біздің басылымға сұхбат берген «Қазақстан фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Ақжол Әбдіқалымов. Ол төмендегі жайды ашық жеткізді: Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданының Мамай ауылындағы «KazBeefLtd» ЖШС-ға 2010 жылы АҚШ-тан әкелінген 1333 бас малдың іс жүзінде тұқымдық куәлігі болмаған. Бұл – асылтұқымды малды импорттаудың ережелерін бұзу. Сонымен қоса, малдың карантині бойынша ветеринарлық және заңнамалық талаптар да бұзылған. Заңмен белгіленген мерзімде олардың қанына диагностикалық зерттеу жүргізілмеген. Кейіннен белгілі болғаны: әлемнің ешбір елінде асылтұқымды мал вакцинамен егілмейтініне қарамастан, бізге әкелінген мал бруцеллезге қарсы вакцинамен егілген. Сұрыптау жүргізуде де сол малдарға отанды селекционер-ғалымдар жіберілмеген. Яғни Ауыл шаруашылығы министрлігі шетелден әкелген малдың бағасын құпия ұстауға тырысуда. Алайда, асылтұқымды малдарға тұқымдық куәлік бергенде біраз жайттың басы ашылды. Мынаны қараңыздар: шеттен келген малдың 36 пайызы сұрыптау кезінде таза салмақтағы тұқым стандарттарына сәйкес келмеді. Онымен қоса, әкелінген малдың көп бөлігі тұқымдық емес, коммерциялық мақсатқа арналғанын бүгінгі жағдай көрсетіп отыр. Мысалы, ангус тұқымы бұзауларының жартысы және герефорд тұқымының барлық бұзаулары шетке шығарылмас бұрын шығу тегі белгісіз бұқалармен будандастырылған. Яғни олардан алынған бұзау ата тегі негізінен, асылтұқымға жатпайды. Оған қоса, шетелден әкелінген еркін қашуға арналған бұқалар асылтұқымды өндіруші бұқаларға арналған стандарт талаптарына сәйкес келмейді. Менің ойымша, бүйтіп бюджеттің ақшасын желге шашқанша, өзіміз дамыған елдердің тәжірибесінен жасанды жолмен ұрықтандыру тәсілін қолға алуымыз қажет. Әр ауылға жасанды ұрықтандырушы маманды дайындау қажет. Сол маман елдің сиырын жақсы тұқымдық бұқамен ұрықтандырса, одан жақсы бұзау туады. Ал 7-10 жылдан кейін елдің қолында жақсы тұқымдық сиыр болады. Олар жылына 2 мың емес, 5-7 мың литр сүт береді. Тұқымдық малды да халыққа тегін беру керек. Шетелден мал сатып алуға жұмсалып жатқан қаржыны осыған жұмсасақ, әлдеқайда пайдалы болар еді.

 

Гүлзат Нұрмолдақызы, Төлен Тілеубай

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
17 + 2 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ