Кафканың «Құбылу» дейтін атақты әңгімесі бар. Әңгіме кейіпкері Грегор Замза күндердің бір күні, әдепкі уақытында оянған кезде өзінің аяқ астынан алып мүйізгек қоңызға айналып кеткенін көреді. Әуелде бұл ұйқы қанбағаннан, қазір бір ұйықтап тұрсам, бәрі қалпына келеді деп ойлайды. Ақыры ол өзінің ақыл-есінің бүтіндігіне күмәндана бастайды. Бұл әдеби хикаяны адамның кенеттен, жат, бөтен жағдайға тап болуы, бөтен кепке түсуі туралы метафора деп те қабылдауға болады.
Батыс биологтары жасаған ғылыми тәжірибелерге жүгінсек, кең далада еркін жортып жүрген қасқырды аяқастынан қапасқа қамаған кезде немесе өмір бойы қапасқа үйренген қасқырды кенеттен азат кеңістікке қоя бергенде, бейшара бөрінің жүрегі жарылып кеткен жағдайлар да болған көрінеді. Бұл дегеніміз – шұғыл болған тас-талқан өзгерістің, қазақша айтқанда «дүниенің шырқ айналуының» адам ғана емес, жалпы түйсігі бар жануар атаулыға ауыр әсер ететіндігінің бір белгісі.
Осыдан жиырма жыл бұрын, мәңгі бақи мызғымастай көрінетін Кеңестер Одағы құлаған кездің аз-ақ алдында, «дүние шырқ айналған» бір құбылыс басталған еді. Өмірдің үйреншікті ырғағы бұзылды. Жалпы халық не істерін, неге сенерін білмей, сеңдей cоғылысып, тапқаны тамағына жетпейтін жағдайға душар болды. Айлар бойы жалақы ала алмай сенделді. Бір-ақ күнде құнсызданған зейнетақысының кезегінде таңды таңға жалғап тұрған қариялар. Жылан жалап кеткендей жалаңаш қалған дүкен сөрелері… Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін «біз жер бетіндегі ұжмақты орнатып жатырмыз, біз деген – ең бақытты, ең бақуатты, ең әділетті, ең айбарлы, ең ақылды, ең мейірімді… елміз» деп үйрететін алып империя аз ғана уақытта батыс киносының эсхатологиялық фильмдеріндегі сияқты азған, тозған, қылмыс жайлаған, адамшылықтың барша қасиетін табанға салып таптауға негізделген қорқынышты кеңістікке айналды. Кеңестер Одағының құрамындағы республикаларға тәуелсіздік осындай уақытта келген болатын. Әбден дағдарған қоғам тығырыққа тіреліп, сенім күйреген сол бір өте күрделі кезеңде республикалар бірінен соң бірі өз тәуелсіздігін жариялап жатты.
Күдігі, күмәні көп, күні кеше ыдыраған империяның қордаланған ауыр мәселелері одан да көп, тек үмітті таяныш еткен дәуір басталды.
Бұрын да, қазір де сол Кеңестер Одағы ыдыраған аласапыран шаққа қатысты алуан-алуан пікір, бағалаулар айтылып жүр: «суверенитеттер шеруі», »ұлттық эйфориялар уақыты», «жиырмасыншы ғасырдағы ең зор апат», «демократиялық жаңарулар кезі», «еркіндік, азаттық бастауы», т. с. с. Осы ретте назар аударатын бір заңдылық – бір кездегі метрополиядан естілетін пікірлер мен бір кездегі колониялардан шығатын дауыстар бір-біріне мүлде қайшы, кереғар бағытта болып келеді.
Тым ұзаққа созылған тоталитарлық дүлей эксперимент ұлты, нәсілі басқа миллиондаған адамның, қаншама ұрпақтың санасына оңдырмай соққы берген екен. XIX ғасырдағы аса ірі француз ойшылы және саяси қайраткері Токвиль Француз революциясын терең зерттеп барып, тосын бір тұжырым жасайды: «Бұл адамдар (революционерлер) сырт қарағанда адамзаттың парасатына, оның әлемді, заңдарды, әлеуметтік инструменттерді, мінез-құлықты өзгерте алатын құдіретіне шексіз табынатын, бірақ, шындап келгенде, олар тек өз ақылдарына ғана табынушы еді. Парасатқа деген құрмет ешқашан да дәл осы революция кезіндегідей кеміген жоқ. Сол дәуірден бері осындай екіжүзділік, екіұдайлық бүкіл революционер атаулыға тән мінез ерекшелігіне айналды. Олар өздері көтерген ұраннан басқа пайымды мүлде мойындамайтын еді».
Кеңестік идеологияның, кеңестер кезіндегі мемлекет – адам қарым-қатынасының революцияшыл ойдың негізінде пайда болғанын ескерсек, сол кездегі жария ұрандар мен нақты істердің арасындағы қайшылықтың сырын ұғуға бір табан болса да жақындай түсеріміз анық.
Кеңестер Одағының құрамынан енді ғана шыққан, жаңа заманға лайықты, әлемдік өркениет стандарттарына сай тәуелсіз мемлекет орнату тәжірибесі жоқ елдердің алдына қатар атқарылуға тиіс ең ауыр екі міндет, шешімі қиын екі түйін тартылған еді. Бірі – бүкіл қозғалыс тетіктері істен шығып, инерциямен ғана қыбырлап келе жатқан шалажансар экономикаға жан бітіру, екіншісі – кеңес қауымының өз ішінде «совок» деген кекесінді, қорлық атқа ие болған менталитетті, яғни ескі идеологияның рудименттеріне әбден шырмалған сананы өзгерту болатын. Әсірелеп айтқанда, артымызда күйреген мемлекеттің бықсыған үйіндісі, алдымызда «боламыз ба, болмаймыз ба?» деген гамлеттік алапат сұрақ тұрған.
Әр ел өзінше жол іздеуге кірісті. Бұрынғы бауырлас республикалардың біразы әсіреұлтшылдық, енді қайсыбірі діншілдік жобаны мақұл көрді. Алайда, бұл Қазақстан үшін беймүмкін жол еді. Біріншіден, Қазақстан – полиэтникалық мемлекет болатын. Сол себепті де, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қаулап шыққан айғайшыл топтың реваншистік ұрандарына ырық беру – елдің шаңырағын шайқалтып, іргесін талқандайтын апатқа ұрындыруы сөзсіз еді.
Екіншіден, бағзы грек-латын өркениетінен тамыр тартып, XVIII ғасырдан бастап дамудың жаңа сатысына өткен, XX ғасырдың екінші жартысында ұлттық менмендіктен үзілді-кесілді бас тартып, жалпы адамзатқа ортақ либералды құндылықтарды қорғайтын демократияны мұрат тұтқан Батыс әлемі (Батыс Еуропа, Америка) және сол әлемнің ықпалымен демократиялық даму жолына түскен өзге де өркениетті жұрт үшін жаңа құрылған мемлекеттің ұлтшылдық амбициясы бері дегенде түсініксіз, әйтпесе, тіпті жиіркенішті көрінер еді. Оның үстіне, мүмкін, ең бастысы, әсіреұлтшылдық сүрен – әлеуметтік психологиясы ксенофобиядан ада, бөгдені жатырқап алаламайтын, «жақсыда жаттық жоқ» деген ұғым еншілі мәдениетінің өзегіне айналған және сол принципті Абай сияқты алыбы «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, және хақ жолы осы деп әділетті» деген ұлағатымен тиянақтап кеткен қазақ халқының тарихи санасына жасалған қиянат болар еді.
Дәл осындай алмағайып, ұстараның жүзіндей қылпыған жағдайда Қазақстан басшылығы жаңа ғана қол жеткен тәуелсіздіктің іргесін бекітетін, барлық ұлттар мен ұлыстарды тең ұстай отырып, қазақ елінің еңсесін тіктейтін соны жол табуға тиіс еді.
Ел тағдыры, бүгіні мен ертеңі тәуелсіз мемлекеттің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қандай шешім қабылдап, қандай жол таңдайтынына тікелей байланысты болды. Тарихта жекелеген ұлыстың ғана емес, тұтас бір дәуірдегі көптеген елдердің тағдыр-келешегі бір-ақ адамның, сол мезгілде мойнына бар жауапкершілікті жүктеген Ұлт көшбасшысының ырқына, соның оң немесе теріс шешіміне тәуелді болғанын әйгілейтін мысалдар аз емес. Адамзат тарихының мән-мағынасы жайында аса құнды философиялық еңбек қалдырған Ясперс: «Тарих – жекелеген тұлғалардың қажырлы түрде алға ұмтылуы» деген мәшһүр пікірін бекерге айтпаса керек.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті өз елін бір формациядан келесі, мүлде басқа формацияға өткермек қатерлі өткелден аман ғана емес, абыроймен алып өтті. Мемлекет құрылысы, халықаралық қатынастардан бастап, коммуналдық қызметке дейінгі аралықтағы барлық сала түбегейлі реформаны қажетсінген кез еді ол. Сол реформалар Президенттің тікелей жетекшілігімен жүзеге асып жатты. Көпшілігін біз бұрынғы кеңес республикаларының ішінде бірінші болып қабылдаппыз. Бауырлас, көршілес жұртқа үлгі, нұсқа болыппыз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – посткеңестік кеңістіктегі, посткеңестік дәуірдегі ең кемел реформатор. Және бұл – тек біздің емес, Қазақстан дамуына ықыласпен қараған, шет жұрттың да пікірі екенін ұмытпаған жөн.
Әлбетте, сол кезеңдегі өзгерістер жұрттың баршасының көңілінен шықты десек, шындыққа қиянат болмақ. Шұғыл өзгерістерді қабылдай алмаған, үрке қараған, қарсылығын ашық білдірген адамдар, топтар болды. Бұлай болуы заңды да еді. Бұл заңдылықтың объективті, субъективті себептерін талдап жатпай-ақ, осыдан жиырма төрт ғасыр бұрын ғұмыр кешкен, әлемдік философияның түп атасы Аристотель өзінің «Саясат» атты еңбегінде бірде-бір режим бүкіл бұқараның қолайына бірдей жақпайды, олай болуы мүмкін де емес, өйткені адамдар қандай әр түрлі болса, олардың талап, сұраныстары да әр алуан», – деп, қадап айтып кеткенін еске алсақ та, жеткілікті деп білеміз. Осыған орайлас лепесті XIX ғасырда атақты швейцар философы, тарихшысы Буркхард та айтқаны белгілі: «Демократия мен саяси бостандықтың жұрттың бәріне бірдей ұнайтын кемел сатысы жоқ».
Қазақ елі үшін Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған жолдың дұрыстығын уақыт дәлелдеді. Біз тағдырлас елдерді табалаудан аулақпыз. Бірақ жолайрықта әсіреқызыл ұрандардың жетегіне еріп, демократияға сорпасы еш қосылмайтын охлократияның ырқында кеткен кейбір республикалардың қандай қанды трагедияларға, тіпті азамат соғыстарына тап болғанын қаперден шығармаған дұрыс.
«Демократтарсыз демократия болуы мүмкін емес», – дейді Фукуяма. Ал қандай да болсын қоғамда демократияның нық, кәміл орнығуының бірден-бір кепілі – жаңа технологияларға негізделген индустрияның, дамыған экономика екендігін демократия тарихын зерделеген ғалымдардың барлығы дерлік атап көрсетеді. Аш-жалаңаш, барлық салада бірдей артта қалған қоғамда шынайы демократия болуы неғайбыл, ондай елде демократия нышандары міндетті түрде охлократияға, содан соң охлократияның болмай қоймайтын салдары – зорлықшыл тоталитаризмге айналады.
Өркениетті жұртқа ежелден мәлім осы заңдылықты мойындағанда барып, Нұрсұлтан Назарбаевтың ең әуелі елдің әл-ауқатын көтеріп, жаңа заман талаптарына сай озық технологиямен қаруланған қуатты экономикалық жүйе қалыптауды көздеген бағдарламасының ұлы мақсат, түп мұратын түсіне аламыз.
Жаңа индустрия жасау стратегиясынан кіндігі ажырамайтын келесі мәселе – білім мәселесі. Тек білімді адам ғана күрделі технологияны меңгере алатыны дәлелдеуді керек етпейтін шындық. Ал білімді адам – демократия орнатушы бірден-бір күш. Бұл – Гегельден тартып, қазіргі заманғы өте танымал социолог, футуролог Тоффлерге дейінгі аралықтағы ірі ойшылардың бәрі тоқтаған тұжырым. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» бағдарламасы, заман талабына сай оқу орындарын ашуға бағытталған қажырлы еңбегі осы мұраттың үдесінен табылса керек-ті. Басқаша айтқанда, біз қазір формалды емес, нақты демократия орнату бағытындағы ересен жұмысты атқару үстіндеміз.
Бұл тараптағы ойымызды түйіндей келе айтарымыз: ел тарихындағы жиырма жыл ішінде болған қыруар өзгерістердің жеңіске парапар нәтижесі – сананың, ойлау типінің өзгеруі, содан соң жаңаша ойлайтын, әлемді еркін аралап, жасқанбай танитын бұла ұрпақтың пайда болуы. Бір сөзбен айтқанда, санамыз тәуелсізденді. Алда биік асу, ұлан межелер тұр.
Сол межеге адаспай жету үшін қажет ең асыл қасиет – қазақ даналары тынбай өсиеттеп кеткен ел бірлігі екенін жадымызда ұстағанымыз абзал. Заманында алты Алаш «Көмекей әулие» деп қастерлеген Бұқар жырау былай деген екен:
«Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін,
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір анадан туғандай болыңыз!»
Дархан ҚАЛЕТАЕВ,
саяси ғылымдар докторы

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...
кырт