Пайда ойлама, ар ойла
Абай, ХІХ ғасыр Дешті-Қыпшақ даласы.
Қарқаралыдағы техникалық училищенің салтанатты ашылуы бір аптаға шегеріліпті. Астанадан арнайы келетін лауазымды бастықтардың ыңғайына жығылған болса керек. Бүгінде гимназия аталатын ғимаратты асықпай аралап шықтым. Техникалық жабдықталуы өте жоғары деңгейдегі гимназия көңілге қонды. Гимназияның директоры да, ұстаздар ұйымы да береке мен бірліктің қазанынан шыққандай екен. Қазақтың киелі тұрағының бірі – осы Қарқаралы; сонан да «бұл елдің адамдары қасиетті бабаларына тартып баққандары дұрыс-ау» деп ойладым.
Аудандық кітапхананы, музыка мектебін арнайы араладым. Кітапхана кітапқа бай екен. Көне кітаптар да баршылық. Фортепианода ойнаған бүлдіршіндердің ықыласы ерекше еді. Көсілтіп домбыра тартқан бұйра шашты қара бала, маған арысы Қарқаралының Мәдиін, берісі асқан күйші бүгінгі Секенді еске салды. Маңдайынан иіскеп, бауырыма бастым. Бата бергенімде қара баланың саусағына көзім түсіп еді, сол қолының саусақтары жыбырлап тұр екен.
– Әйда, қара бала, саған бабаларыңның киесі қонған екен, асқан домбырашы боларсың, аман бол, асыл бүлдіршін! – деп ішімнен тілеуін тіледім.
– Аға, қонақүйді дайындадық, – деді гимназия директоры.
– Рахмет, жаным. Енді мен Құнанбай бабамның мешітіне барамын. Қой сойғызып, құран оқытқызам. Сол мешітте түнеп шығам. Мен үшін алаң болмаңдар.
Мені қаумалаған ұстаздар тоқтап қалды. Не істеуді білмей дағдарысқа түскен.
Қара қойды құрбандыққа шалдым. Құран оқыдым. Көрпе алдырып мешіт ішінде қонып шықтым. Мен өмірімде бірінші рет ұзақ түн намаз оқыдым. Лондон мешітінде де ұзақ түн намаз оқығанымда, таңға жақын, Уимболдон тұсынан маған қарай жылдам жылжыған Шәкәрім қажының бейнесін көргенмін.
Ол 1986 жыл еді. Мен тура 40 жаста болатынмын. Қасиетті қажы мен ұйықтап жатқан бөлменің терезесіне қарсы келіп тоқтап, маған мейірлі жүзбен қарап еді. Сонда мен Алланың жолына түсіп, намазға жығылғанымды қолдап тұр-ау, – деп бабама сүйсіне қарағанмын. Ортамызда диалог та, монолог та болған жоқ. Ыстық мейірім, ынталы зейінмен бабам маған сынай қарап алып, лезде жоғалып кетті. Сол кезде мен орнымнан атып тұрып, терезеге ұмтылдым. Лондон аспаны бұлыңғыр, бұлтты екен, себелеп ұсақ жауын жауып тұр. Сағатыма қарасам, таңғы бес.
Түсте Лондоннан Алматыға ұшамын. Лондон мешітінде әйелім екеуміз қырық күн құран оқыдық, намазға жығылдық, дүниенің түкпір-түкпірінен келген діни адамдармен сұхбаттастық. Діннен алыс қалған біз үшін бұл діни әлем мүлде бөтен, таңсық, беймәлім дүние болатын. Қажы туралы романды келістіріп жаза алмай жүргенім – діннен хабарсыздығым. Сол тылсым дінді ұғу үшін, зерделеу үшін жүрегіме сіңдіру үшін, Лондон мешітіне арнайы келген болатынмын.
Жылдам киініп, Уимболдон қасындағы кішкене көлге ұмтылдым. Таң алдындағы мүлгіген тыныштықты, талмай себелеген жауын тамшылары ғана бұзып тұр еді. Әлде сол тыныштықтың жарасымды күйі осы жауын үні ме екен?
Лондон шаһары таңғы ұйқы құшағында. Кеше ала таңнан көгілдір кешке дейін өткен Уимболдон теннис додасына жиналған халықта сан жоқ еді, енді таңғы тыныштық құшағында Уимболдон маужырай талып жатыр.
Мына қарсы алдымда көлбей жатқан шағын көл Уимболдонның көріпкел көзі секілді. Мешіттен шыққан соң осы көлдің жағасына күнде бір соғып кететін әдет тапқанмын. Жүрекке жақсы ойлар ұялайды. Дәл қазір көлмен қоштасуға беттедім. Көл беті салқын, ойлы, жалаңаш айдынын жаңбыр ұрғылап тұр. Шағын көлдің қарсы бетінен жылдам жүріп келе жатқан Лондон мешітінің бас имамы Мирза Тахир Ахмад көрінді. Оқ қағарлары имамға ілесе алмай соңынан жүгіре басып келе жатыр екен. Ол кісі көл жағасына келіп тоқтады. Басын төмен салып, дұға оқыды. Бас имам күнде таңғы бесте көл жағасына келіп серуен құрады екен. Ол кісі көл жағасында дұға оқысымен қыста да, жазда да қос аққу ұшып келіп, имамның қолынан тамақ жейді деп те естігенмін. Әлден уақытта, сұрғылт аспан астын қанаттарымен сартылдатып екі аққу бас имамның алдына келіп қонды. Бас имам қалтасынан ақ орамалға орап әкелген дәнді алып шығып, су бетіне жайлап шаша бастады. Өзі қос тізерлеп көл жағасында отыр. Қос аққу еш қорықпастан имамның дәл қасында жүзіп жүр.
Неткен сұлу Аққулар!
Неткен сұлу көрініс, Құдай-ау! Адам мен Аққудың сонша тілеулес сәтін, Адам мен Табиғаттың мейлінше тоғысқан сәтін көргеніме де тура 24 жыл болыпты.
Лондон мешітінің бас имамы Мирза Тахир Ахмад дүниеден озғалы он жыл өтті. Аса терең ойлы, ғұлама адам еді. Мен ол кісінің жазған кітаптарының бәрін оқыдым. Өлерінің алдында жазған «Ислам отвечает на вопросы современности» кітабын «Аmаnаt» журналына да басқанмын. Бабур бабамыздың ұрпағы осал адам бола ма екен?!
Құнанбай қажының мешітінің іші тұнып тұрған тылсым күш. Ұзақ жылдар мешітте күтім болмаса да, ертеде намаз оқыған адамдардың қуат, тілегі мешіттің қабырғаларына әбден сіңген, мешіт ішінде жеңіл дем аласың, көкірек көзің ашылады, дәл қасыңда періштелер қалқып ұшып жүргендей күй кешесің.
Түсімде Уимболдон көліне судырай түсіп келе жатқан қос аққуды көріп жатып оянып кеттім. Көк Тәңірінің асыл, киелі құстары түсіме кіргенін жақсылыққа жорыдым.
Таңғы намазды оқып, далаға шықтым. Көкжиекті түріп, күн енді ғана көтеріліп келе жатыр екен. Бірен-саран адам малдарын жайылымға шығарып барады. Ауыл сыртындағы қыраттарды аралап ұзақ серуен құрдым. Қайтадан ауылға беттегенде, еңсесі биік гимназия үйі, алыстан оқшауланып көрінді.
Совет өкіметі кезінде өріс жайып, үлкен мекенжай болған кәсіптік-техникалық училищелер, сол үкіметтің жас жұмысшы күшін дұрыс-ақ тәрбиелеп еді.
Училищеде жұмысшы жастар тәрбиеленді. Өнерлі жастар сол училищенің босағасын аттап, Совет Одағының үлкенді-кішілі құрылыстарына, заводтары мен фабрикаларына маман болып орналасып жатты.
Совет жастарына мамандық таңдау қиынға түспейтін. Училищеде оқушылар тегін оқитын. Жатын орын мен тамақ та тегін болатын. Сол жастардың ішінен талай атақты спортшылар шықты. Олимпиада, әлем, одақ чемпионы да көп болды. Кәсіптік-техникалық училище спортшылары «Трудовые резервы» деген спорт ұйымында болатын. Бұлардың өз спорт залдары, стадиондары бар еді. Қаулаған жас күш еді ғой олар. Менің Болат деген досым Семейдің кәсіптік-техникалық училищесін бітірді. Күрестен спорт шебері атанды. Республиканың бірнеше дүркін чемпионы да болды. Семейдегі училищені бітірген соң Теміртауға жұмысқа тұрды. Болатқа «институтқа түс, оқу оқы» дегенімде, «Роллан, біреуді Алла тағала Абылайдай хан, Абайдай ақын, Шоқандай ғалым, Қажымұқандай палуан қылып жібереді; енді біреуді екі қолына күрек ұстатып еңбек етуге салады. Мені, Алла тағала, осы екінші топқа қосыпты. Қазақта «Әлін білмеген әлек» деген терең мақал бар. Маған Алла тағала, ми бермеген, күш берген. Мен өз күшіммен нанымды табайын. Өзімді, бала-шағамды асырайын. Менің несібеме ғалымдықты жазбаса, ғалым болам деп тыраштанып не керек? Ғлымның өмірі бір – бөлек, жұмысшының өмірі бір – бөлек. Бұл өмірде біздің өз үлесіміз, өз орнымыз бар. Біз нағыз жұмысшы табымыз» – деп күлетін.
Болат аңқылдаған нағыз асыл дос еді. Мынау дүдәмал тіршілікте жақын, тілеулес дос жарандардан да алыстап қалып барамыз. Осы жолы Теміртауға арнайы соғып, Болатты көруге бекіндім. Онымен бөлісер сыр да бөлек еді, сөз де бөлек еді.
Сол Совет Одағы кезінде бүкіл елге жұмысшы күшін сыйлаған кәсіптік-техникалық училищелер дербестік алған Қазақстанда бір-ақ күнде жоқ болды. Мықты ғимараттары тиынға сатылды, өзін де, ісін де жылдам құртты. Тіпті аты да қалмады. Кәсіптік-техникалық училищелер мен балабақшалардың ғимараты лезде сатылып бітті. Олардың бары не, жоғы не, онымен санасқан жан адам болмады. Үкімет өзінше күн көрді, қара халық өзінше күн көрді. Бірінің бірінде жұмысы болған жоқ. Сөз өзгерген, іс сол қалпы, өзгермеген. Ниет қабыл болмаған жерде, адамдық іс те өрге баспайды-ау!
Тоқсаныншы жылдары аяусыз жойылған кәсіптік-техникалық училищелердің бүкіл базасы сатылды. Темір-терсектері вагон-вагон болып Қытайға кетіп жатты. Темір-терсектің көптігі сонша Қаргоздағы кеденде машиналар айлап тұрды. Ресей мен Қазақстанның темір жылай-жылай Қытай асып жатқанын көріп, көзден тамшылап жас аққанын енді кімге айтасың?!
Лондондағы ВВС радиосының бөлім меңгерушісі, Қазан татары, атақты ақын Равиль Бухараев екеуміз Үндістанды, Пәкістанды, Иранды аралап, Қытай арқылы Қазақстанға өтуді ойлағанбыз. Равильдің арманы Абай мен Шәкәрім Жидебайын көру болатын.
Темір-терсек тиеген машинаның көптігі сонша, біз Қазақстанға өте алмадық. Сонда Равиль Бухараев: «Ресей мен Қазақстанның темірінен Қытай жаңа қалалар тұрғызады. Артылғанын жерге көміп, кейінге тығып қояды. Совет Одағын индустриялық ел қатарына көтерген Иосиф Сталиннің қара темірі, енді Қытайды көтеруге жұмыс жасайды. Тарихтың құбыла соғатын құйын желдері-ай! Роллан, мен Якутияда болдым. Якуттар, орыстар мен қазақтар құсап өндіріс орындарын жекеменшікке сатқан жоқ. Бәрі де үкіметтің құзырында, халықтың қолында. Анығында солай болуы керек еді. Өндіріс орындарының бәрі сатылды», – деп қиналды.
– Равиль, сатылды деген не? Енді сатылатын ешнәрсе қалмады ғой. Палестинаның атақты ақыны Муин Бсисудың бір өлеңі бар. Саған соны оқып берейін.
– Оқы, Роллан.
ВЕСЬМА СОЖАЛЕЮ, МАДАМ
Весьма сожалею, мадам,
но вы опоздали —
вы прибыли в нашу страну,
когда уже продано все.
Недавно старуха туристка
купила — задешево! —
прах Саладина.
Недавно сады Вавилона
пошли с молотка.
Не проданы лишь пирамиды —
слишком тяжелые камни —
да сфинкс —
он весь изрешечен,
изранен,
и если расстанется с этой землей,
то умрет.
Мадам, сожалею,
но продано все:
саркофаги,
папирусы,
перстни — с пальцами вместе,
отсеченные руки поэтов
и прочая мелочь.
Продано все.
Остался лишь бог;
он бежит,
нагоняемый псами,
затравленный,
словно газель, —
бедняк,
заарканенный ложью...
Его мы поймаем
для вас.
Хотите, мадам?
Платите —
кто родину продал
продаст вам и бога.
– Равиль, мырза, бұл біздің капитализмге өткен түріміз. Африка, Азия елдері сияқты біз де үшінші әлемге ендік. Соның заңымен өмір сүрудеміз. Қазіргі тәуелсіз елдердің Президенттерінің қолына су құю үшін қанша адам жүгіретінін білемісің? Білмейсің. Ал мен оны көзіммен көрдім. Оны жеке кітап қылып жазуға да болады. Мен олардың бәрімен де сұхбаттастым, сапарлас, табақтас болдым. Олардың алды қазір Америка түрмесінде отыр. Әлі қаншасын сол түрме» төрі тосып жатыр, қаншасын «айыбы жоқ» деп босатып жатыр. Бірақ, олардың бірде – бірі ар сотынан қашып құтыла алмайды. Қазақ елінің енді бір трагедиясы, халық жүзге, руға қатты бөлініп алды. Ал ең ауыры – тексіздер төбеге көтерілді. Тектілер көлеңкеде қалды. Халықтың қаймағы, нұры, намысы мен жігері, қайраты мен рухы сол ат төбеліндей тектілер еді ғой. Қай халық та тектілерін сыйлап, құрметтеп өткен. «Нет пророка в своем Отечестве» деген ұғым адам ұсақтағанда пайда болған. Мен саған талай әңгіменің шетін шығардым. Қытайға кетіп жатқан орыс пен қазақтың қара теміріне көз жасымызды төге бермей, Бейжіңге қайта оралайық. Алла тағала екеумізді Алматыға қара жермен жіберуге қимады, өзіне тақау көк аспанмен ұшып барайық.
Біз соған келістік.
Қайтадан ішкі Қытайды бетке алдық. «Қытайдың сұлу табиғатын, сұлу өнерін, сұлулыққа толы өмірін жазу керек екен-ау» деп ойладым. Ду Фу-дың, Ли-Бо-ның ұлы жырларын қазақ тіліне аудару да керек еді.
Біздің кемшін: біз Қытайды білмейміз, тануға талпынбаймыз.
Қытай бізді біліп, танып болған.
Ойхой, қазақ елі, ойхой қазақ халқы, бізді алда не күтіп тұрғаны беймәлім еді...
Роллан Сейсенбаев

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...
Құнанбай қажының мешітінің іші тұнып тұрған тылсым күш. Ұзақ жылдар мешітте күтім болмаса да, ертеде намаз оқыған адамдардың қуат, тілегі мешіттің қабырғаларына әбден сіңген, мешіт ішінде жеңіл дем аласың, көкірек көзің ашылады, дәл қасыңда періштелер қалқып ұшып жүргендей күй кешесің.
Түсімде Уимболдон көліне судырай түсіп келе жатқан қос аққуды көріп жатып оянып кеттім. Көк Тәңірінің асыл, киелі құстары түсіме кіргенін жақсылыққа жорыдым.
Таңғы намазды оқып, далаға шықтым. Көкжиекті түріп, күн енді ғана көтеріліп келе жатыр екен. Бірен-саран адам малдарын жайылымға шығарып барады.
Түсіну қиын. Автор намаз оқи ма, көк тәңіріге табына ма? Әлде арақ іше ме?
Услуги профессионалов. Объявления: ключевые слова.
Регистрация фирм с подготовкой быстро. Регистрацию фирм около Павелецкой.