Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек
Абай, ХІХ ғасыр
Дешті-Қыпшақ даласы.
Алтындай жарқырап толған ай, қонақүйдің балконынан бөлмеге кіріп кеткелі тұрғандай. Ай мен жұлдызды қалада көру мүмкін болмаушы еді, бүгін аспан ашық, аса мейірлі қоңыр кеш. Бүгін күні бойы Қарағанды қаласының мектептерін, лицейлерін араладым. Үш мектепте кездесу өткіздім. Балалардың сұрақтары көп. Бәрі де адамды толғандыратын сұрақтар. Бірде-бір бейқам сауал жоқ. «Бала жанын алаңдатпайтын дүние болмайды екен-ау!» – деп ойладым.
Ұялы телефон шырылдады.
– Кеш жарық, Роллан Шәкенұлы! Бұл Николай Смирнов деген Қаракесек.
– Кеш жарық, Николай. Әкеңіздің атын білмеймін, кешіріңіз.
– Оқасы жоқ. Николай дей беріңіз. Менің сізден кешірім сұрағым келеді. Сіз қайдасыз?
– Қарағандыдамын.
– Мен де осындамын.
Дауысы қуанышты естілді.
– Онда кездессек қайтеді, Роллан Шәкенұлы?
– Қашан?
– Қазір, қайда тоқтадыңыз?..
– «Чайкада»...
– Бір сағаттан соң, сіз жатқан қонақүйдің астындағы ресторанда кездесейік.
– Болсын.
Сағатқа қарасам, кешкі тоғыз екен.
Тура бір сағаттан соң кезекші әйел телефон соқты.
– Сізді ресторанда інілеріңіз тосып отыр, – деп ескертті.
– Рахмет!
Аумақты, кең зал бос, тек түкпірдегі үлкен терезе көзіндегі столда бес-алты жас жігіт отыр. Мен кіріп келгенде, олар орындарынан атып тұрып, маған қарай жүрді. Менің қолымды әуелі Николай алды да, босатпай сәл тұрып:
– Роллан Шәкенұлы, сіздің атыңыз бізге өте жақсы таныс, бірақ ана жолы жолсоқты болып жүріп, сізге дұрыс ынта қоймағаныма кешірім өтінемін. Мына жігіттер маған бүгін бір тері куртка сыйға тартқан, ана орындықтың басында ілулі тұр.
– Көрімдік менен...
– Жо-жоқ. Мына Арыстан деген ініңіз ескі пальтомның қалтасынан қағаздарды қарап жатып, сіздің визиткаңызға көзі түсіпті. Маған «Николай Николаевич, «Тронның» визиткасы сізде қайдан жүр?», – деді. Сіздің «Трон сатаны» романыңызды біздің жігіттер оқыған, сонан сізді «Трон» деп атап кеткен. Визиткаңызды осы кеште көріп, бірден телефон соқтым. Танымағаныма, дұрыс ықылас-көңіл бөле алмағанымызға кешірім сұраймын. Сіз біз үшін үлкен тұлғасыз. Сіздің қолыңызда мөріңіз, биік қызметіңіз жоқ. Сізді ірі қызметке қоймайтыны да белгілі. Бәрі де түсінікті. Сіздің мөріңіз – кешірімшіл, адал, әділ жүрегіңіз. Бүкіл Совет Одағының түрмесі Сіздің кітабыңызды оқыды. Сонан сабақ алды. Сізді біз ылғи сыйлап өтеміз. Адамдығыңыз үшін! Талантыңыз үшін! Әділеттігіңіз үшін!
Ұзақ алғысөзін Николай асып-саспай, салиқалы сабырмен айтып шығып, жоғары шығып, төрге отыруымды өтінді. Енді байқадым, жігіттердің бәрі апайтөс, ірі, бәрінің қолында көгілдір суретті жазулар бар екенін байқадым. Мен кезінде осылардың жүрегін жазамын деп, бүкіл Совет Одағының, шетелдердің түрмесін аралап едім. Тағдырлары ауыр, өмірлері қым-қуыт, бірақ әділетсіздікке бас имей саяқ жүретін, түрмеге бірде түсіп, бірде қайта шығып жүретін осы жігіттер.
Даяшы жігіт келді.
– Роллан Шәкенұлы, тамақ атаңыз.
– Маған көк шай болса, болады. Тамаққа кеш болды ғой.
– Игорек, сен біз айтқан тамақтарды әкеле бер. Дастарқан толып тұрсын, әйтпесе, қаракесектер разы болмайды. Ренжиді, – деді Николай даяшыға.
– Дастарқан жайнап тұрсын! – деді тағы бірі.
– Николай, сізді Омбыдан Қарқаралыға алып келген Максим деген жігіт қайда? – деп сұрадым.
– Омбыға қайтты. Мен Астанадан Мәскеуге жүремін. Содан Омбыға оралып, жұмысқа тұрмақпын.
Шай ішіліп болған соң, екеуміз оңаша қалып, қонақүйдің кең ауласында серуен құрдық.
– Қарқаралы қалай болды? – деп сұрадым.
– Ата-бабамның моласына бардым. Түні бойы отырдым. Орыстың салтына салып, арақ іштім. Бабаларымды еске алдым. Дұға оқыдым. Мен Сізге әуелі өз жайымды түсіндіріп өтейін. Қарқаралыда ағайынды Рязанцов деген бай көпестер болған. Олардың тері илейтін фабрикалары, кірпіш зауыттары жұмыс істеген. Қарқаралыда үлкен шіркеу салдырған. Қазақтың байларымен қарым-қатынаста жүрген. «Абайдың әкесі Құнанбаймен де араласқан» деседі. Менің анам – сол көпестердің қарындасы. Әкемнің де, шешемнің де моласы – Қарқаралыда. Ал Андрей мен Петр Рязанцовтардың моласы паркте тұр. Шіркеудің попы Владимир Рождественский де бізге ағайын болып келеді. Оның ұрпақтары қазір Омбыда тұрады. Бұл қазақ даласының тарихына енетін мағлұматтар деп білемін. Қарқаралыда сегіз класты мен 1975 жылы бітірдім. Жасым қырық сегізде. «Адамның тарихы аспанда жазылады» деген сөздің жаны бар. Қарағанды қаласында ФЗО-да оқып, жұмысшы мамандығын алдым. Тентектеу болып, жас кезімде түрмеге түстім. Елеусіз ғана нәрсе еді. Сонан шыркөбелек тағдырдың дөңгелегіне түсіп, түрмеге бір кіріп, бір шығып, қартайғанша малтығып жүрдім ғой. Өмір өтті. Өкініші көп. Өкінішсіз өмір болмас, бұл дүниеде. Адамның қапы кететін кезі көп-ау! Рас па, Роллан Шәкенұлы?
– Рас. Бес саусақ бірдей емес, әрине. Опық жейтін сәт жиі кездеседі. Енді қалған тірлікті абайлап жүріп-тұрсаңыз бәрі дұрыс болар. Алла сізге амандық, саулық берсін.
– Мен сіздің уақытыңызды аяусыз жалмадым білем. Ертең Астанаға жүремін.
– Мен де Астанаға бармақпын.
– Онда бірге жүрейік, Роллан Шәкенұлы.
– Болсын.
– Роллан Шәкенұлы, сізге бір нәрсе айтқым келіп еді. Бұл – менің жан қиналысым. Бала кезімнен құлағыма жаққан, санама сіңген, жанымды тербеткен Қарқаралы шіркеуінің күмбірлеген қоңырау дауысын ести алмадым. Ессіз, иесіз медиен далада жынданып жалғыз қалғандаймын. Қарқаралыдағы шіркеудің күмбірлеген үні менің құлағымнан еш кетпес. Бұл – Сағыныш атты тажал.
Ертеңінде мен вокзалға келгенде, вагон қасына жас жігіттер көп жиналыпты. Әлді, апайтөс жігіттер Николай Смирновты шығарып салуға келіп тұр. Мен дәл мынадай батыр тұлғалы жігіттерді Қарағандының көшелерінен ұшыратпағам. «Бұлар қай іннен шығады екен?» – деп ойладым. Көп ұлтты Қазақстан ұландары вагон қасында. Орыс, ұйғыр, шешен, бұлғар, грузин, армян, еврей, қазақ та – осында. Бұлардың бәрі түрмеде бірнеше рет отырып шыққандар. Көбі жас кезінен түрмеге түскендер. Жігіттердің бәрі де менімен қол беріп амандасты. Біреуі менің қолымдағы сөмкемді көтеріп, вагонға кіріп кетті. Егер Николай Смирнов болмаса, бұлардың баукеспе адамдар екенін білу мүмкін де емес. Апайтөс, ашық жүзді, мықты жігіттер.
– Роллан Шәкенұлы, «Шайтанның тағы» романын неге жалғастырмайсыз? – деп сұрады орыс жігіті.
– Екінші романын жазыңыз.
– Біз айтайық, Сіз жақсылап тыңдаңыз.
– «Шайтанның» екінші кітабы өте керек. Заман өзгерді, уақыт өзгерді...
– Ол туралы біз жолда сөйлесеміз, – деді Николай.
– Онда әңгіме басқа, – деді орыс жігіті. Бірақ роман керек.
– Жастар үшін керек.
– Біз үшін де керек, – деді Николай жымиып. Ал жақсы жігіттер. Қонақжайлықтарыңа рахмет. Сендерді Омбыда тосамын.
– Ардақ сізбен бірге болады. Омбыға да апарып салады, – деді қазақ жігіті. – Николай Николаевич, енді сізді келесі жазда күтеміз. Қарқаралыдағы бабаларыңыздың басын жазда көтеріп тастаймыз. Оған қам жемеңіз. Омбыда жаяу жүрмесін деп, Мәскеуден сізге жаңа машина алдырдық. сізді машинаңыз Омбыда тосып тұрады. Бұл – Қаракесектердің сізге арнаған сыйы.
– Бекер әуре болдыңдар, жігіттер.
– Түк те бекер емес. Біз үшін Сіздің орныңыз бөлек. Сіздің азаматтарға жасаған жақсылығыңыз атаусыз қалмауы керек, – деді Самат. – Біздер Псковтың түрмесін ұмытқан жоқпыз...
Поезд жүрісімен, жолсерік ыстық шәй алып келді. Бұны жасатқан Ардақ екенін ішім сезді. Бізге бөгет жасамай, сырттан бақылап қана тұр.
– Роллан Шәкенұлы, жігіттердің айтқан тілегін қабыл алып, «Шайтанның» екінші кітабын жазуыңыз керек. Бұл тірілер үшін қажет. Жаңа ғана бізді шығарып салған жігіттердің қай-қайсысының өмірін алсаңыз да, бір-бір жеке роман ғой. Тағдырдың тәлкегі қиын. Қылмыс әлеміне бір кірген адамның одан шығуы қиямет қиын. Көбі шыға алмайды. Шукшиннің «Красная калинасы», сіздің «Шайтанның тағы» романыңыз адасқан, кейде жазықсыз сотталған адамдардың, аяққа аяусыз тапталған тағдыры туралы ашынған шындық қой. Қазір бүкіл Ресейдің, Қазақстанның түрмелері лық толы. Орын жоқ. Әлі күнге дейін Сталиннің түрмелерін пайдаланып келеміз. Ұят! Қазір Мәскеу газеттері, телеарналары «Ресей – ұлы ел» деп шулайтынды шығарды. Бұл, әрине, орыс халқының еңсесін көтеріп, рухын түлету үшін жасалады. Рух, намысты көтеру мәселесінде жалғандық болмауы керек. Ал біз өтірік сөйлейміз. Құдай өтірік сөйлейтіндерді өлгенше жек көреді. Мен Библияны жастанып жатып оқитын болдым. Осы қыс Виктория Порохова аударған Құранды да оқыдым. Роллан Шәкенұлы, мен Мәскеуде Юрий Михайловтың «Пора понимать Коран» деген кітабын сатып алдым. Оқыдым. Сол кітапты сізге бермекпін.
Сумкасынан кітап алып шығып, алдыма қойды.
– Орыстар Құранды өз саясаттарына пайдалануға көшті. Пушкиннің зерделей оқып, қатты ұғынып, Құранға тағзым етіп жазған өлеңін білесіз. Қалың орыс халқы Құранды білмейді. Ал білгені керек. Өздеріне керек. Құраннан мен ләззат алдым, Роллан Шәкенұлы.
– Николай, сізге Шәкәрім бабам туралы роман жазып жатқанымды айттым ғой. Осы жаз мен де Құранды екі рет оқып шықтым. Әрине, Құранды күнде оқу керек. Адам әлсіз ғой, тура жолдан тайқып кетпес үшін намазға да жығылған дұрыс болады, – дедім.
– Ресей «біз ұлы елміз» деп дүкіреуде. Оны халқы айтпайды, басшылары айтады. Оның үстіне, орыстар Ресейді мекендеген өзге ұлттарды шеттетуге, ұрып соғуға барды. Бұл – трагедия. Өзгенің емес, өздерінің трагедиясы. Путин де, Медведев те бұл шерменде ауруды ұқпай отыр. Кейін ол ауру өлімге әкеліп соғады. «Ұлы елміз» дейді... Ресейде арақтан жыл сайын 900 мың адам өледі. Осыны ойлағанда жаның күйзеледі. Өзімді-өзім бауыздап салуға шақ қаламын. Ұлы елдің әр адамы басын тік көтеріп, кеудесін керіп, «мен бақыттымын!» – деп нық сеніммен айтулары керек. Жастары да, кәрілері де арақтан, нашақорлықтан, аурудан қырылып жатқан Ресейдің қай адамы «мен бақыттымын» деп айта алады. Қай американдық, неміс, француз, испандық, қазақ, өзбек осы қасиетті сөзді қуанышпен айта алады екен? Қара жердің бетінде өмір сүріп жатқан қай халық та, «Біз бақыттымыз!» – деп жария ете алмайтыны айдан анық. Бұл адамзат баласының әлі де әлсіз екендігін көрсетпей ме? – деп күйзелді Николай.
– О дүниеде де, бұл дүниеде де бақыт жоқ, әрине. Бірақ мен адам жанының рахатта болғанын қалаймын. Адам баласы өз еншісіне өзі ие болуы керек. Адам билікті ақылға емес, жүрекке билетуі дұрыс болады. Бәрін де жүрек басқаруы керек. Өйткені, Алланың тұғыры адамның жүрегінде. Адам соны сезінуі тиіс.
– Роллан Шәкенұлы, Сізбен осылай оңаша отырып, ой бөліскенге не жетсін?! Жаным жадырап қалды, – деді Николай Николаевич. Бұл – шын сөзім. Сөйлесетін адамың болғаны бақыт қой шіркін…
– Николай Николаевич, шәйді қайталайын ба? – деп сұрады Ардақ.
– Қайтала, Ардақ. Өзің де бізбен бірге отыр.
Күз аспаны бұлыңғыр. Ұзыннан сұлап түскен шетсіз де шексіз қазақ даласы кең тыныс алып жатыр. Дала төсінде мал көп. Сексенінші-тоқсаныншы жылдары дала көркі – малды құртып алып едік, енді-енді ғана өріс малға толып келе жатыр. Кенеттен поезға ілескен қарқылдаған қарғалардың қалың нөпірі көрінді.
– Ананы қараңыз, қарғалар тойға баруға жиналғандай, – деді Ардақ.
– Неткен көп қарға, – деп таң қалдым. – Астананың әуежайына жетсе, ұшақтарды ұшырмайтын да осы қарғалар болып жүрмесін.
Қара қарғалардың қалың бұлттай болып шоғырланған легі поездан қалмай, бізбен бірге Астанаға ұмтылып бара жатқан. Сол қарғалар поезбен жарысып отырып, Астанаға кеш батқанда бірге кірді. Қонақүйге келген соң да, душ қабылдап, төсекке жатқан соң да, ұйқы келмей кітап оқуға кіріссем де, қаңқылдаған қара қарғалардың дауысы құлағымнан еш кетпеді. Сол қарғалардың қарқылынан ұйқымнан шошып ояндым. Астана таңы енді ғана атып келеді екен. Жылдам киініп далаға шықтым.
Күн салқын.
Қонақүйдің дәл қарсы алдында бір топ қара қарға бастарын қанаттарының астына тығып алып, қалғып отыр.
Екі күннен кейін Николай телефон соқты.
– Роллан Шәкенұлы, мен бүгін кешке Москваға жүремін. Түскі тамақты бірге ішсек қалай қарайсыз?
– Болсын, – дедім. – Бірақ дастарқанды мен жаямын. Сіз менің қонағым болыңыз.
– Роллан Шәкенұлы, біз бірталай адамбыз, жас жігіттердің Сізбен танысқысы келеді. Қарсы емессіз бе?
– Қарсылығым жоқ. Сіз маған бүкіл агентураңызды көрсететін болдыңыз ғой. Қорықпайсыз ба?..
– Несіне қорқамын? Қорқау қасқырлар қайда жоқ? Қоғамның тамырын мұжып жейтін сыбайластық қой. Сыбайластықтың көкесі үкімет чиновниктері. Назарбаев пен Медведевтің соларға қарсы ашқан шайқасы «баянды болсын!» деп тілейік. Қонақүйден мен сізді өзім алып кетемін. Есік алдында тосамын.
Соңғы бір аптада бірнеше рет қана кездесіп, сұхбаттасқан Николай Смирнов маған сонша ыстық, қадірлі болып кетіп еді. Ойын бүкпей тура айтатын, сырбаз мінезді жігіт ағасы маған шын ұнаған.
Қырық сегіз жыл өмірінің 30 жылын түрмеде өткізген азамат, адамдық жан дүниесін, арын, намысын биік ұстап қалыпты. Ұшқыр таза ойы кең, ауқымды. Өмірдің қиындығын көп көрген, тар қапаста отырып, адам жанының не бір тылсым қозғалыстарын жіті зерделеген зиялы адам. Барлық озбырлыққа, заңсыздыққа шыдаған, мойымаған, талмаған, жүрегіне ыза жинамаған. Нені де болса, адамгершіліктің қалпына салып бағалаған.
– Роллан Шәкенұлы, амансыз ба!
– Сәлем, Николай Николаевич!
– Тамақ ішетін жер орталықта екен, жаяу барайық. Ардақ жол бастайды, – деді Николай. – Қалай жұмыстарыңыз ыңғайланды ма?
– Екі-үш күндік шаруа қалып тұр.
– Роллан Шәкенұлы, маған Астана өте ұнады. Әдемі қала болыпты. Сол жағалаудағы фонтанның түбінде жарты күн отырдым. «Бәйтерекке» көтерілдім. Жастармен сөйлестім. Бүгінгі қазақ жастары бөлек. Ашық, жайдары. Біз бұйығылау едік. Еркін елдің ұландары еркін өскені дұрыс. Сіз айтатын «Бостандық ешқандай ақшаға сатылмайды» деген сөз – дұрыс сөз. Қазақстан үшін тәуелсіздіктің таңы енді ғана атты. Империяның ұзын құрығынан құтылдыңыздар. «Назарбаевтай көсемі бар ел өсіп, өркендей берсін!» – деп тілеймін. ХХІ ғасырдың отызыншы жылдарында Қазақстан іргелі елдердің біріне айналады. Бұған ешқандай күмән жоқ. Тек қазақтар руға, жүзге, көңіл жықпастыққа, сыбайластыққа салынбаса болды. Ризығы алдында көл-көсір болып шашылып жатыр. Оны Назарбаев түгілі мен көріп тұрмын. Отызыншы-қырықыншы жылға дейін біз тірі де болмаспыз, бірақ айтқаным айтқан. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын кез алыс емес. Осындай делдал заманда елді тығырықтан шығарып, жаңа өмірге бастау оңай деймісіз. Патша өзін де, елін де ойлайды.
– Нағыз патша елін ғана ойлайды, – деп Николайдың сөзін бөлдім.
– Патшалар мен хандардың өмірі соны айтады. Елі үшін жан салмағандары жаһанда қаңғып өліп жатқан ғой.
– Дұрыс айтасыз, Николай Николаевич.
– Роллан Шәкенұлы, сен, – деп сөйлеңізші.
– Бостандық сияқты, тәрбие де сатылмайды ғой. Сіз дегенім дұрыс болар, ренжімеңіз.
Тротуардың шетінде кітап сатып отырған орыс кемпірінің қасына келіп тоқтадық. Мен кітап қарай бастадым. Николай кемпірмен сөйлесіп кетті. Аты-жөні Мария Васильевна екен. Рязаньда туыпты. Сонда институт бітірген. Мамандығы – мұғалім. Целиноградтың мектебінде мұғалім болып, қызмет жасапты. Қазір пенсияда. Ақша жетіспегендіктен, өмір бойы жиған кітаптарын, анда-санда сатуға шығаратын көрінеді. «Осы айдың пәтерақысы төленбеген соң, еріксіз кітаптарымды далаға шығардым. Бұл кітаптар менің туған балаларымдай болып кетті ғой», – деді Мария Васильевна күрсініп.
– Күйеуіңіз жұмыс істей ме?
– Күйеуім өлген. Бір ұлым бар еді, ол Ноғайсібірде қызметте. Мені шақырған, бармадым. Менің Отаным – Қазақстан. Күйеуімнің моласы да – осында. Анда-санда басына барып, жылап-жылап аламын. Аса оңды адам еді, жүректен кетті. Ең қиыны – жалғыздық. Менің жақын құрбыларым да өлді. Бір жақсы жас көршім бар. Аты – Алтынай. Сол көмектесіп тұрады. Үйде күні бойы жалғыз отыру қиын-ақ. Қазір кітап та оқи алмаймын. Көз талады. Ой да адамды жеп қояды екен. Абай Құнанбаевтың «ой дегенің – адамды қартайтатын пәле екен», – деуінде ақиқат жатыр. Оны біз ертеде танымай, өлуге келгенде ғана танып жатырмыз. Ұят!..
Мария Васильевна Николай Николаевичке бүкіл өмірін айтуға бар. Тыңдаушысы келіссе, айтушыда қапы жоқ екен. Өте сабырлы, биязы, жұмсақ дауысты Мария Васильевна бар ықыласымен Николайға бұрыла қарап сөйлеп тұр.
– Үйіңізде тағы кітаптар бар ма?
– Әрине, бар.
– Кітаптарыңыз өте сапалы екен, – дедім.
– Өмір бойы жинадым ғой.
– Мария Васильевна, барлық кітаптарыңыз қанша тұрады? – деп сұрады Николай.
– Жәй бір санағанымда 2,5 миллион теңге болды-ау деймін. Кітап саны үш мың. Қазір ешкім кітап сатып алмайды. Ақшаны нанға жеткізсе де тәубе.
– Мария Васильевна, үйіңіз қайда?
– Міне, мынау. Дәл қасында тұрмыз.
– Мен сіздің барлық кітаптарыңызды сатып алсам, қарсы емессіз бе?
– Мен бе? – деп састы Мария Васильевна.
– Иә, сіз...
– Білмеймін, тіптен..., – күмілжіп тұрып қалды. – Есі дұрыс адам екі жарым миллионға кітап сатып алатын ба еді?
Сол күні Николай Смирнов оқытушы Мария Васильевнаның барлық кітабын сатып алды.
– Николай, сен рас, нағыз Дон-Кихот болсаң керек, – деп күлімсіреді Мария Васильевна.
– Дұрыс айтасыз, Мария Васильевна. Роллан Шәкенұлы екеуміз нағыз Дон-Кихотпыз, – деп күлді Николай.
– Кітаптарды қашан аласыздар? – деп сұрады Мария Васильевна.
– Мария Васильевна, бұл кітаптарды Сіз өзіңіз сабақ берген мектепке сыйға тартыңыз. Сол дұрыс болады, – деді Николай.
– Сен, шынында да, Дон-Кихот екенсің, – деп Мария Васильевна Николайдың бетінен сүйді.
– Ал енді шәйға отырыңдар.
– Рахмет Мария Васильевна! Бізді жігіттер тосып тұр, – деді Николай кемпірді құшақтап. Басын Николайдың кеудесіне қойған қарт мұғалім:
– Жолың болсын, Николай! Сәт сапар тілеймін! – деді даусы дірілдеп. Көгілдір көзі жасқа толы. Ғайыптан келген адамдар, ғайыпта жоғалып бара жатыр еді. Мойнын бұрып бөлмеге қарап еді, стол үстінде бума-бума ақша жатыр екен.
Ал, жігіттер баспалдақпен төмен түсіп кетіп барады. Бір әредікте Ардақ маған жақын келіп:
– Роллан аға, жігіттер жолына жиып берген ақша еді, – деді.
– Жаны жадырады ғой. Ақша не тәйірі?!
– Әділ сөз. Дұрыс айтасыз, аға! – деп Ардақ күлімсіреп, мені өзімсіне иығымнан құшақтады.
Роллан Сейсенбаев

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...