Өткеннің сахнасында басты оқиғалардың қозғаушысы болған адамдардың іс-әрекетіне кезінде жан-жақты баға бермек болған ұмтылыс тарих бетін «ақтаңдаққа» толтырып, тарихты бет-бейнесіз және шежіресіз етіп көрсетті. Осылайша Сталиннің жеке басқа табынушылығы, қуғын-сүргінге ұшыраған мыңдаған адамның аты-жөні мүлде ұмытылды. Олардың өмірінің соңғы кезеңі үнсіздіктің қара түнегінде қалды.
Әміршіл-әкімшіл жүйенің мұқтажына қызмет еткен партиялық идеология ұзақ жыл бойына олардың өмірі мен қызметін «тап жауының» символына айналдырып, еңбегін оқуға, қызметін зерттеуге, саяси идеясының мәнін танып-білуге тыйым салды. 30-жылдардың қаһарлы да сын сәтінде еліміздің болашағының жарқын болу жолын ойластырып, іздестіріп, сол кездегі қазақ халқы тағдырында терең із қалдырған саяси қайраткердің бірі – Левон Исаевич Мирзоян еді.
Л.И.Мирзоян жартылай сауатты, аш және жалаңаш халықты өз басшылығына алып, қираған экономиканы көтерді, халықты тойындырды, мәдениетті дамытты және адамдардың бойындағы өзіне және ертеңге деген үлкен сенімін оятты.
2001 жылдың мамырында «Қазақстан» баспасынан «Левон Мирзоян Қазақстанда. Құжаттар мен материалдар жинағы (1933-1938 ж.ж.)» деген кітап шықты. Бұл жобаны Қазақстандағы Арменияның ынта білдіруімен Президент мұрағаты жүзеге асырды.
Елбасымыз Арменияның Президенті Роберт Кочерянға осы кітапты сыйға тартып, кейіпкерінің өнегелі өмірімен өрелі істері екі елдің халықтарын бір-бірімен жақындата түсуге бұдан былай да қызмет ете беретінін айрықша атап айтқан еді.
«– Бұл өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Қазақстанды басқарған белгілі қайраткер Л.И.Мирзоян жөнінде шыққан кітап, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы. – Левон Исаевич бұл қызметке сол бір қиын жылдары, көпшілікке қанқұйлы ісімен әйгілі болған Голощекиннің орнына келді. Осындай ауыр шақта басшылыққа келген Мирзоян аштықты жеңіп, қуғын-сүргінді тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Қазақстандағы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының қарқын алуы да сол кезден басталды. Атақты жазушымыз Сәбит Мұқановтың естелігінде келтірілгендей, риза болған халық өз басшысын «Мырзажан» атап қастерледі. Ол ұлттың мәдениетін, ұлттық кадрларды көтеру үшін көп қызмет атқарды. Жазықсыз қараланған Абайды ақтауға алғаш талпыныс жасаған да Л.Мирзоян болды. Біздің халқымыз өз ерлерін ұмытқан емес».
Қазақстанның іргелі ел қатарына қосылуына бар күш-жігерін жұмсап, қыруар еңбек сіңірген қайран азамат сталиндік зұлматтың құрығынан құтыла алмады.
Левон Мирзоянның қайғылы қаза болғаннан бері 70 жылдан асты, бірақ оның есімін халық әлі ұмытқан жоқ. Оның өмірі мен қызметін білуге деген қызығушылық арта түсуде.
Жаңа қоғамның бастауында тұрған және халықтың мүддесіне өз өмірін тұтасымен арнаған саяси қайраткерлер шоғырында армян халқының даңқты ұлы – Левон Мирзоянның алатын орны ерекше.
Ресейдің мемлекеттік саяси-әлеуметтік тарихи мұрағаты қорынан біз жуырда ғана құпиясы ашылған И.В.Сталиннің жеке қорымен таныстық. «Өте құпия» құжаттарға талдау жасағанымызда, жазалаушы органдардың «шымылдық» артындағы іс-әрекетінен Сталин бәрін де жеке өзіне ғана бағындырып, іс жүзінде партияның үстінен қатаң бақылау жүргізгеніне көз жеткізуге болады. Түрліше құжаттарды салыстырған кезде орталықтың партия және әр саланың басшы қызметкерлеріне, НКВД-ның қызметкерлеріне қарсы жүргізген қуғын-сүргіннің ауқымы айқындала түседі.
Ресейдің мемлекеттік жаңа тарих мұрағаты қорында Қазақ КСР жөніндегі материалдың тұтастай қатпарланып жатқаны анықталды. Л.И.Мирзоян мен И.В.Сталиннің бір-біріне жазысқан құпия хаттарына жасалған талдау «халық жауларын әшкерелеу» саясатын жүргізу тұсында Қазақстанда қалыптасқан ахуалды саралауға мүмкіндік береді. Лауазымды қызметкерлерге қарсы НКВД әдейілеп ұйымдастырған әшкерелейтін материалдар сақталған. Олардың біразы ғана жарияланып, ғылыми айналымға енді ғана түсе бастаған.
Л.И.Мирзоянның өмірі мен қызметі туралы жазу қиын да күрделі. Біріншіден, қоғамтанушы ғалымдар арасында оның партиялық және мемлекеттік қызметіне баға беруде әлі де ортақ көзқарас жоқ.
Екіншіден, мұндай бағалау тікелей Мирзоянның қызметін зерттеуге тікелей арналмаған жеке және ұжымдық монографияларда және 1937-1938 жылдағы жаппай саяси қуғын-сүргінге қатысты мәселелерді оқып-зерттеу барысында ғана айтылып жүр.
Үшіншіден, тарихи әдебиет қорында, өкінішке қарай, әлі күнге дейін Л.И.Мирзоянның өмірін жан-жақты зерттеп, талдайтын монографиялық еңбек жоқ.
Л.И.Мирзоян Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып 1933 жылдың 9 ақпанында жұмысқа кіріседі. Тарихи дерекке жүгінсек, Л.И.Мирзоян Қазақстанда қоғамдық, әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайдың әбден титықтап, тұралап тұрған кезінде келді. Бұл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде патша үкіметінің жазалаушы отрядтарының халқымыздың жүрегіне салған жарасы әлі жазылып болмаған әрі ұлт-азаттық көтеріліспен соңғы екі ашаршылықта шетелге кеткен ағайынның еліне толық оралмаған кезі еді. Оның үстіне, бұған дейін кеңестік әпербақан саясат пен Голощекиннің «Кіші қазан төңкерісінен» туған әрекетінен ел арасында береке-бірліктің ушыққан шағы. Осындай солақай саясаттың салдарынан әлеуметтік қарама-қайшылық шиеленісті. Өндіріс, шаруашылық, экономика күйреді. Ауылды кеңестендіру, ұжымдастыру, байларды тап ретінде жоюдың ақыры екі миллионнан астам қазақты жалмаған ашаршылыққа әкелді. Соған қарамастан, сталиндік қызыл идеология бұл апаттан аман қалғандарды тарихи зердеден, салт-санадан, әдет-ғұрыптан, ұлттық рухтан, байырғы тілі мен мәдениетінен айыру шаралары жасалып жатты.
Сол жылдардағы партия қызметкері Ғалым Ахмедовтың айтуынша: «Ел аштан қырылды, көбі азып-тозып қаңғып кетті. 1933 жылдың басында Қазақстанға Мирзоян келмей, Голощекин енді бір жыл тұрғанда қазақ халқының саудасы бітетіндей еді. Голощекин ел араламаушы еді. Мирзоян келе сала қырға шығып, жағдайды өз көзімен көрді. Мирзоянның өз басы Голощекиндей ызғарлы, дөкір емес, кішіпейіл, әділ, іскер болатын. Қазақ азаматтарының арасына ана Голощекиндей жік салып, бірі мен бірін атыстырып-шабыстырып ұстамай, бастарын біріктіріп, жақсы қызмет істеген еді»». («Егемен Қазақстан», 1997, 27 мамыр).
Өнеркәсіптегі, ауыл шаруашылығындағы, партия мен кәсіподақ және комсомол ұйымдарындағы бұқаралық-ұйымдастырушылық жұмыстың барысымен мұқият танысып болған соң Л.И.Мирзоян Орталық Комитеттің хатшысы Л.М.Кагановичтің атына хат жазды.
Қазақстандағы істің барысы туралы Л.М.Кагановичтің атына жазылған хаттың мәтіні мынандай еді:
Қымбатты Лазарь Моисеевич!
Осы уақыттың ішінде мен Қазақстандағы жағдаймен, өлке мен облыстардағы басшы қызметкерлермен, егіс жұмыстары мен көші-қон т.б. мәселелердегі нақты жағдаймен біршама танысып үлгердім. Мәскеуден аттанғанда-ақ Қазақстандағы жағдайдың ауыр екеніне сенімді болған едім. Бірақ менің мұнда көргенім мен күткендегіден де асып түсті.
Егіс жұмысына әзірлік өте нашар және сылбыр жүргізілуде. Иә, қазір де төзуге болмайтын баяу қарқынмен жүріп жатыр. 3-5 наурызда оңтүстік облыстар егіс жұмысына кіріседі, әлі тұқымдық дән жоқ, тракторлар жөнделмеген, мақталы аудандарда ирригациялық жүйе ретке келтірілмеген, облыстық басшы қызметкерлері енді-енді ғана кезекті еңбек демалысынан оралуда. Аудандарда, әсіресе қазақ аудандарда ақылға сыймайтын түсініксіз жағдайлар болып жатыр.
Көші-қон деп аталатын мәселенің жағдайы да жақсы болып тұрған жоқ. Көмекке зәрулерге деп аудандардан жіберілген астық қараусыз жатыр. Қазіргі уақытта да кейбір жерлерде, аудан орталықтарында, теміржол стансаларында жатыр. Ал аудан басшылары бұл астықты ауыл-ауылдарға жеткізуге асығар емес. Жер-жерлерде ашыққан қазақ тұрғындарға дер кезінде көмек көрсету ұйымдастырылмайды. Шамасы жеткендер малдарды сойып жеуде. Малынан айырылған халық үйреніп қалған жылы орнын тастап, теміржолмен басқа аудандарға қарай ағылуда. Жол-жөнекей, тіпті қалаларда да милиция қызметкерлері күн сайын аттан өлген адамдардың мәйіттерін жинастырады. Астықты ұрлау мен талан-таражға салу ауыл белсенділері мен аудандық көлемдегі лауазым иелері арасында өршіп тұр. Кулактар мен байлар шындап жұмысқа кіріскен, ал көп жерде, тіпті біздің ауылдық партия-кеңес органынан да жақсы жұмыс істеуде.
...Партияның саясатын жүргізу ісінде біздің ұйымға орасан зор кереғарлықты, қарсылықты, немқұрайдылық пен енжарлықты жеңуге тура келеді. Масқара: Алматының келбетіне қарап, астана деуге ауыз бармайды. Жұпыны ғана ауыл. Әрине, солтүстік-кавказдық стансалардың кез келгенінен бірнеше есе нашар.
Міне, осы Алматы қаласында үй деген жоқ. Халық қайда тұрмақшы? Қызметкерлер тұрақтамай кетіп қалып жатыр. Электр жарығы жоқ, шаммен жұмыс істеуге тура келеді.
Мен Сізден өтініп сұраймын. Лазарь Мойсеевич, қызметкер жағынан көмектесіңіз. Қазір бізге кемі әр облысқа 10 адам және бұған қосымша Қарағандыға 10-15 адам керек. Қазақ мамандарын өсіру үшін қызметкерлер керек. Өйткені солардың көмегімен ғана бұл жұмысты жолға қоюға болады.
Ұйымдастырушылық – партиялық жұмыс, партиялық ағарту мәселесі, жер-жерде бұқаралық жұмыс өте нашар ұйымдастырылған әрі ол ешқандай да сын көтермейді.
Сот органдары мен прокуратура аппаратының көп қызметкері бізге қарсы жұмыс істеуде. Бай-кулактар сот және аудандық прокуратура аппаратына өз ықпалын жүргізбекке бағыттауда. Қазіргі күні 17 ауданда прокурор жоқ. Ал 28 ауданда халық сотының төрағасы жоқ. Мен бұл органдарды барынша тезірек жасақтауға күш салудамын. Бірақ іс тым баяу жылжуда.
Қазір барлық күш пен назар көктемгі егіс жұмысына – тұқымдық дән егістік жерді әзірлеуге бағытталған. Осы міндеттің айналасына барлық ұйымдарды көтеріп, жұмылдырып, отырмыз. Бұқараны тартудамыз. Аудандарда, ұжымшарларда білім беру мәселесін өткір қоюдамыз. Мамандардың білімін, өсуін және өзіне-өзі сын көзімен қарау мәселесін күн тәртібіне өткір қойдық.
Коммунистік сәлеммен, Л.Мирзоян.
1933 жылғы 24 ақпан
Қазақстанға Левон Мирзоян жалғыз келген жоқ, өзінің жұмыс тобымен, өзі сенетін кәсіби қызметкерлермен келді. Оның атына неше түрлі кінәлау мен айыптау сөздің қардай борағаны – табиғи нәрсе. Сонда оның берген жауабы мынадай: «Біз Қазақстанға бір күнге келгеніміз жоқ. Біздің міндетіміз – Қазақстанның аяғынан тұрып кетуіне көмектесу, аштықты жою, шаруашылықты қалпына келтіру және қоштасарда бауырларымыздың қолын қысу. Міне, біздің міндетіміз осы».
Л.И.Мирзоян Қазақстанға жұмысқа шақырған партия кеңес қызметкерлерінің ішінде Темірбек Жүргенов те бар еді. Ортаазиялық университеттің құқық факультетінің түлегі Т.Жүргенов Тәжікстанда қаржы халық комиссары, одан кейін Өзбекстан КСР-нің Халық комиссары болған.
Л.Мирзоянның ұсынысы бойынша Т.Жүргенов 1933 жылдың мамырында Қазақ КСР-і Халық ағарту комиссары болып тағайындалды. Көп кешікпей ол Қазөлкеком бюросының мүшесі болып сайланды. Ағарту халық комиссариатының жұмысына көрнекті ғалымдар, жазушылар мен халыққа білім беру саласының тәжірибелі қызметшілері тартылды. Олардың ішінде профессор С.Д.Асфендияров, Қ.Қ.Жұбанов, Ғ.М.Мүсірепов, И.Ф.Киселев және басқалар бар.
«Біздің Халық ағарту комиссариатының басшылары жаңарып, құрамы күшейгеннен соң, бұл жұмысты төрт аяғынан тік тұрғызады деп сенуге болатын шығар, – деді Қазөлкекомның пленумында сөйлеген сөзінде бірінші хатшы Л.И.Мирзоян, – Өлкелік партия ұйымдарының көмегімен Жүргенов жолдас Наркомпросты ұлттық мәдениеттің құрылысын басқаратын нағыз штабқа айналдырар деп ойлаймын».
1933 жылдың 10 мамырында Қазақ өлкелік партия комитеті облыстық, қалалық және аудандық комитеттердің ұйымдастырушылық – партиялық жұмыс бөлімі меңгерушілерінің республикалық мәжілісін өткізді. «Мамандарды таңдау мен тәрбиелеу туралы» Л.И.Мирзоян баяндама жасады. Ол былай деп атап көрсетті:
«...Біздің республика жаңа мамандардың шын мәніндегі таусылмайтын көзіне ие. Оларды қолдап, көтеріп отыруға тиіспіз. Кеше ғана белгісіз болған адамдар қысқа мерзім ішінде көпшіліктің құрметіне бөленген қоғам қайраткері болып қалыптасуы мүмкін.
Басшылық қызметке тағайындалған адам, әсіресе, алғашқы кезде көмекке зәру болады. Оларға осы көмекті көрсету керек. Сөйтіп, олардың жемісті жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай тудыру керек,– деп жалғастырды өз ойын Мирзоян. – Мамандарды дайындаумен қатар, жұмыс істеп жүрген мамандардың озатын да қызмет бабымен одан әрі өсуіне көмектесу қажет. Қазақ мамандарының, әсіресе жұмыста өз ісіне берілген адамдардың деңгейін көтеруге айрықша маңыз берген жөн...»
Қазақстан КП Қостанай обкомының бірінші хатшысы Н.И.Журиннің естелігінен:
«...Тәртіп бойынша Л.И.Мирзоян қызметке бекітілуге ұсынылған жолдастардың бәрін қабылдайтын. Әдетте бұл кешкісін болатын. Үміткерлердің бір тобын жасақтап, белгіленген уақытта, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісімен бірге оларды бірінші хатшының кабинетіне бастап алып кіреміз. Менің міндетіме лауазымды қызметке ұсынылған адамдар туралы баяндап беру кіреді. Л.И.Мирзоян олардың әрқайсысымен жеке-жеке әңгімелеседі, ал соңынан жалпы міндет пен мәселеге тоқталады, өзінің тілегін білдіреді. Әңгіме әрдайым іскерлік сипатта және достық жағдайда өтетін».
Л.И.Мирзоян республиканың партия ұйымын басқаруға кіріскен алғашқы күннен-ақ басшы мамандарды дұрыс таңдау мен орналастыру ісіне ерекше мән берді. Замандастары оның адамды жан-жақты бағалай білетінін, олардың еңбекқорлық қасиетіне ерекше мән беретінін баса айтады. Көптеген облыстық, қалалық, аудандық комитеттің хатшылары, кеңес пен комсомол органының көп басшысы қызмет бабында өскені үшін Левон Исаевич Мирзоянға қарыздар. Өкініштісі сол, 1937-38 жылдары ол тағайындаған басшы қызметкердің көбі «Мирзоянның контртөңкерістік тобына қатыстылығы үшін» айыпталды, мерт болды.
Тілеу Көлбаев,
тарих ғылымының докторы, профессор

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...