19 Май 2012 | Сенбі

Мазасыз мүйіс

Мертіктірген метадон

Дәріханадағы есірткі

Алматыдағы Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысында дәріхана бар. Соған бас сұққанбыз. Алдымызды орай жиырмадан асқан жігіт есіктен асыға кірді. Жүзі боп-боз болып кеткен. Кезек күтпестен кассаға ұмтылды. «Кешіріңіз, цикломед бар ма?». «800 теңгеден бар». Қалтасынан 1000 теңгені суырды. «Здачасын» алмастан асыға шығып кетті. Артынан аңдып келеміз.

Гагарин көшесі бойындағы орындыққа жайғасты. Құтының қақпағын жұлып жіберер­дей жұлқылады. Цикломед дегені көзге тамызатын дәрі екен. Мұрнына 4-5 рет тамшылатты. Сосын отырған орнында қалшиды да қалды. Денесі дір-дір қағады. Қиналған жанның сыртынан қарап тұра алмадық. Жанына жақындадық. Басында не қимылдай алмай, не сөйлей алмай әбден әбігерленген. Есін жиған соң, тілге келді. Есімі – Дмитрий екен. Теміртаудың тумасы. Қазір Алматыдағы асханалардың бірінде аспаз. Дмитрийден қолындағы дәрінің не екенін сұрадым. «Соны да білмейсің бе?» – дегендей бетіме таңдана қарады:
– Цикломед қой.
– Сонда бұл қандай дәрі?
– Негізі бұл – көзге тамызатын дәрі. Ал оның 5-6 тамшысын мұрынға тамызсаң, рахаттанасың. Кәдімгі есірткі орнына пайдалануға болады. Алғаш рет Теміртаудағы достарыммен бірге қолданғам.
– Мұны пайдаланудың қандай қажеттілігі болды?
– Іштегі проблеманы ұмытасың. Мұрынға тамызған соң, 5 минуттан кейін  аспандағы құстар ақырын ұшып бара жатқандай көрінеді. Ал 10 минуттан соң орныңнан тұра алмайсың. Достарымызбен бірінші рет пайдаланған кезде бір-біріміздің не айтқанымызды естімедік. Әйтеуір, сөйлеп жатқанымызды білемін. Ал бір досым цикломедтің әсерімен үйіне барып теледидармен «әңгімелесіпті». Ал тағы бір досым еден опырылып бара жатқандай әсер алған. Жалпы алғанда, адамды аздап есінен тандыратыны бар.
– Цикломедті дәріханадан алғаныңды көрдім. Сонда бұл дәріханада ашық сатылатын болғаны ма?
– Енді бұл есірткі емес қой. Дәрі болған соң, сатыла береді. Бауырым, дәріханада қазір цикломед сияқты коделак, пенталгин, седалгин, терпинкод, дионин, леморан, лидол деген дәрілер бар. Бұлардың қай-қайсысы да есірткіден кем түспейді. Алдағы уақытта дәріханада метадол сатылады деп жатыр. Ал метадол героиннен кем түспейді.
Орталықтағы оқиға
Дмитрий «дәріханада метадол сатылады» деген сөзді қуанышпен айтты. Ал бұл хабар біздің көңілімізді көтере қоймады. Сондықтан, айтылған ақпараттың ақ-қарасын анықтауға асықтық. Денсаулық сақтау министрлігіне қоңырау шалдық. Ондағылар бір-біріне сілтеп, білмейміз дегенмен тынды. Айтқаны – «әзірге белгісіз». Сосын Алматыдағы наркология орталығына бардық. Наркодиспансер Мақатаев көшесінің бойында. Күзетшілер куәлік көрсеткенімізге қарамастан, ішке әзер кіргізді. Әкімшілік 2-қабатта екен. Солай қарай көтерілдік. Алдымыздан қырықтардағы бір ер адам шыға келді. Қолында пластмасса банка.
– Бауыр, былай шығып, жолығып кетші, – деді әжетхана жақты нұсқап. – Есірткі пайдаланғансың ба?
– Жоқ, жай ма?
– Онда, тіпті жақсы болды, маған «мочаңды» берші.
– Қалай сонда? – дедім абдырап.
– Қанша берейін, әйтпесе тағы да ұсталып қалатын түрім бар.
Сөйтіп тұрғанда, дәрігер әйел келіп, оны әжетханаға алып кетті. Соған қарағанда орталықта өзгенің «мочасын» өткізіп, оп-оңай сытылып кететіндер бар екен-ау деген ойға қалдық.
Екінші қабатта әкімшілік орналасқан. Бас дәрігердің алдында кезек көп. Көбі – баласын ерткен ата-аналар. Арасында бір-бір жігіт «жетектеген» полиция қызметкерлері де бар. Бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасарының кабинеті ашық екен. Сонда кірдім. Дәрігер Индира Құрманбекқызына сұрақ қойдым. Бірақ дәрігер жауап беруден бас тартты. «Біздің орталық – жабық мекеме. Сондықтан, ол жайлы ақпарат бере алмаймын. Метадонмен емдеу бізде жүргізілмейді. Бірақ, оның жақын күндері Алматыда да қолға алынуы мүмкін. Оны енді жоғарғы жақ біледі», – деп шығарып салды.
Орталықтан шығып келемін. Ауладан өте бере бір жігіт темекі сұрады. Есімі – Максим. Алматының тұрғыны. Бұрын нашақор болыпты. Орталыққа анықтама алуға келген беті екен. Максим бізді метадон жайлы біраз ақпаратпен қанық қылды.
– Көп жылдай героинге әуес болдым. Кейін Павлодардағы бір досымнан героинді метадонмен алмастыруға болатынын білдім. Сосын интернет арқылы метадонды сатып алдым. Белгілі бір дозаны сұйық күйде ішесің. Бірақ, героинді «татып» көрмеген адамға метадонды пайдалануға болмайды. Өлтіріп жібереді. Шынын айтсам, метадонды алғаш ішкеннен кейін таңға дейін көз ілмедім.
– Павлодардағы досың да нашақор ма?
– Бұрын ол да героинге әуес болған. Үш жылдан бері «Метадондық бағдарлама» бойынша ем алып жүр. Бір сөйлескенімде ол өзінің метадонға жіпсіз байланып қалғанын айтты. Себебі, таң атқанша дегбірі қашады. Ал таң атысымен дозасын тезірек қабылдау үшін орталыққа жүгіретін көрінеді. Сондай-ақ, наркодиспансердегі науқастар метадон беретін дәрігерді әзілдеп «наркобарон» деп атайды екен.
– Екі есірткінің айырмашылығы бар ма?
– Героинді ине арқылы пайдаланасың. Ал мынау – сұйықтық. Басқа өзгешелігі жоқ. Екеуі де – есірткі. Кейбір наркологтар метадонды героиннен де қауіпті деп жатыр. Ал басқа бір наркологтар мұны пайдалы дейді. Бірақ, қандай пайдасы барын өз басым байқай алмадым.
– Есірткіден өзің қалай құтылдың?
– Алдымен жанды тыныштандырдым. Сосын тәнді емдеттім. Мен есірткіге ерген басқа да бауырларға осыны ұсынар едім. Әркім, өмірге не үшін келгенін түсінсе, есірткіге жоламайды деп ойлаймын.
Метадон: пайдасы мен зияны
«Метадон бағдарламасы» бойынша 2008 жылдан бері Өскемен, Теміртау және Павлодар қалаларындағы 50 науқас метадон қабылдап келді. Соның тек 3-еуі ғана дерттен айыққан. Ал қалған 47 адамды аурудан арашалау мүмкін болмай отыр. Соған қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігі метадонмен емдеуді тоқтатпай отыр. Тіпті оны «есірткіге тәуелділікті емдеуге арналған таңдаулы әдіс» деп бағалапты.
СПИД-ке қарсы күрес орталығының дәрігері Қожахмет Маширов былай дейді. «Бір топ нашақор есірткі қабылдайды делік. Олар көбіне бір ине қолданады. Бір ине вирустың көптеп таралуына жол ашады. Ал метадонды ине емес, белгілі доза арқылы қабылдайды. Сондықтан, мұндай жағдай болмайды». Сонда бір есірткіні екінші есірткімен алмастырғанда не ұттық?! Ауру азайсын, бірақ нашақор көбейсін деген сөз ғой, бұл. Ашық ақиқат – метадон дертті тоқтата алмайды. Тоқтата алатын болса, осыдан ондаған жылдар бойы метадондық бағдарламаны қолға алған америкалықтар алға озар еді ғой. Анығында, қазір АҚШ-та ВИЧ жылдан-жылға көбейіп келеді емес пе?!
Ал С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың профессоры Қорлан Сәдуақасова метадонның СПИД-ті емдейтініне сенбейді. «Метадон дәрісі бірнеше жыл бойы қоймада сақталып қалған. Ал өндірушілер соны өткізіп, пайда табудың тиімді жолын іздеген. Метадонды еліміздегі орталықтарға өткізіп, осылайша өз ойларын оп-оңай жүзеге асырған. Ал сау халықтың тағдырына ешкім алаңдап жатқан жоқ. Мұны қалай да тоқтату қажет», – дейді профессор. Байқағаныңыздай, қазір метадон мәселесінде дәрігерлердің пікірі қақ жарылған. Бірі – метадонның мертіктіретінін мойындаса, бірі – қос қолдап қолдайды. Сонда біз кімге сенеміз?!
Героин. Гитлер. Гиппократ
Енді метадонның тарихына тоқталсақ... Аталмыш препарат 1919 жылы «героин-ком-паунд» деген атпен Германияда жасалыныпты. 1937 жылы оны Адольф Гитлердің құрметіне «долафин» деп атаған. Гитлер жауынгерлерін метадонмен «азықтандырып», соғыста қару ретінде пайдаланған. Ал соғыс аяқталған соң, метадонның патенті АҚШ-тың меншігіне өтті. Содан бері оны америкалықтар «қару» әрі қаржы көзі ретінде қолданып келе жатыр.
Қаржы дегеннен шығады, метадонның құны – есiрткiден де қымбат. Демек, нашақорды дәрімен қамтуға қыруар қаржы керек. Ал ол қаржыны кім береді?  Әзірге, мұны мемлекеттік наркологиялық мекемелер тегін таратып жатыр. Мемлекет қашанға дейін қайырсыздарға қаржы шаша берер дейсің. Сол кезде не болмақ? Метадон үшін жантүршiктiрер қылмыстар жасалмасына кім кепіл? Адам құқықтары жөніндегі азаматтық комиссия өкілі Наталья Шадринаның айтуынша, метадонның бір дозасы 5 доллар тұрады екен. Демек, метадонға тәуелді бір нашақор үшін мемлекет жылына 1800 доллар жұмсайды. Қазақстанда 15 мыңдай ВИЧ дертіне шалдыққандар бар. Оларға метадон міндетті түрде беріледі. Метадонға кететін шығынды осыдан-ақ есептей беріңіз.
Былтыр министрлік биылдан бастап «Метадон бағдарламасы» тоқтатылады деген. Бірақ, бұған қатысты әзірге жұмған аузын ашпай отыр. Есесіне, 2014 жылға дейін метадон еліміздегі барлық емхана мен дәріханаларға жеткізіледі екен. Демек, кез келген адамға ол қолжетімді болмақ. Осыған қарағанда, нашақорды біздің қоғам өзі жасап жатқандай көрінеді. Енді кез келген адам көшеде метадон ішіп бара жатса, жетіскен ескенбіз!


Серікбол ХАСАН

Пікірлер

Аватар пользователя Pang
Pang 19 04, 12:10

Smart thinking - a clever way of looinkg at it.

Аватар пользователя cqatgqug
cqatgqug 20 04, 01:15

rYoBsI kfkiqjtbxcps

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
6 + 3 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ