19 Май 2012 | Сенбі

Спорт

Маусым майталмандары

29 Декабрь, 2011

«Туған ай туралған ет» дейді біздің қазақ. Қазір өзі есік қағып келген жыл да демде өтетін болды ғой. Зымыраған уақыт. Әйтпесе жетінші қысқы Азия ойындарының алауы тұтанған сәтті енді ғана бастан кешкен сияқты едік. Енді, міне,  2012 жыл табалдырыққа  таяу келді.  Жыл он екі айда спорт ареналарында да жан алысып, жан беріскен бәсекелер өтті. Тіркелген рекорд, тіпті көп. Барлық дерлік спорт түрлерінен әлем біріншіліктері ұйымдастырылды. Өткен күн, кеткен айлар кезегіндегі келісті табыстарды көңілден тағы бір мәрте сүзіп, үздік шыққандарды түстеп өтуге бел байладық.  Әрине, жұмыр жер мықтыларын тізіп беру әбестік. Спорт аталған саланың саңлақтары не номинациялар бойынша алғыс арқалауда. Біздің көздегеніміз – Қазақ мемлекеті. Шешеннен қалған қанатты ұғым бар: «Жақсы да болса қарағым, жаман да болса қарағым, балам жаман дегенде Солтабай төре бере ме, жақсы туған Барағын».  Ел іші спортшыларының жетістіктеріне үңілеміз, ендеше. Сонымен, сіздердің назарыңызды спорттық жыл жүйріктері...

Үздік спортшы


Жыл мықтысы атанған спортшыны атау үшін де терлеуге тура келді. Жарыс сайын медаль жинап жүрмесек те кейбір бәсекеде өздерін жақсы көрсеткен қыз-жігіттер жүрді. Қай-қайсысы да төрден орын сайлауға лайықты секілді. Кәсіпқой бокстан бастайық. Алтын медаль тағынған Бейбіт Шүменов пен Геннадий Головкинді осал спортшы деп ойлайсыз ба? WBA туы астында өтетін жекпе-жектердегі орта салмақ серкесі Головкин осы айда Америка үміті Лахуан Саймонды екі минуттың ішінде екпетінен түсіргені есте тұр. Немесе кик-боксшыларды алайық. Ирландия жерінде 46 мемлекеттің файтерлері бас қосып, әлем чемпиондарын анықтады. 67 келілік салмақта өнер көрсеткен Самат Қадырбеков қарсы келгендері түгел жеңіп, дүниежүзінің чемпионы атанды. Финалда Украина спортшысы Давид Ахахановты әбден сабағаны елге әйгілі. Тіпті Павел Ильяшенконы де үміткер ретінде тануға болады. Бессайысшы өрен қараша айында Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер арасындағы қырық үшінші әлем біріншілігінде топ жарды. Кешегі Александр Парыгиннен бергі дәуірде көзге көрінген – осы Павел. Қазақша күрестен тұтас елдің түйе балуаны атанған Ұлан Рысқұл жеңісінің де салмақты екенін мойындауға тура келеді. Балуандар аталғанда еркін күрестегі Дәурен Жұмағазиевті іздейміз. Азия чемпионатында олжа салған Дәурен Ыстамбұлда дүниежүзінің мықтыларын жықты. Рас, топ жара алмады. Жүлдеге ілінді. Грек-рим күресін шебер меңгерген Алмат Кебісбаевтың күміс медалы алтынға бергісіз. Осы саланың толағайы Нұрмахан Тінәлиевтің де таласы бар. Баку барып, жүлде ілген былғары қолғап шебері Серік Сәпиев қатарынан төртінші әлем біріншілігінде көзге түсіпті. Серік бұған дейін әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Әділбек Ниязымбетовтің де бағы асып тұр. Зүлфия Шиншанло сынды ауыр атлеттің әлемді дүр сілкінткені жылнамаға түсті. Жүйрікті де спорттың осы түрінен таңдадық. Ол – Илья Ильин. Парижде ешкімге дес бермеген Сыр елінің ауыр атлеті үш рет топ жарды.

Илья Ильин: «Бұл жеңістің жөні бөлек»

– Менің кешкен өмір, жүрген жолымды бір кісідей білесіз. Еліме еркелеп өсіппін. Оны жасыра алмаймын. Тұтас Қазақстан алақанына салды. Ол да әркімге белгілі. Он алты жасымда олжа салдым. Атым шықты. Ел де, Елбасы да басымнан сипады. Әлем біріншілігі түгілі олимпиада ойындарында да осал соқпадым. Бірақ, бұл – жеңістің жөні бөлек. Мені үздік санап жатқанда, қысқа да кегім бар деп айта аламын ба? Жарысқа ұлттық құрамадан бөлек дайындалдым. Мамандар мойын бұрмаған айларды бастан кештік-ау. Талдықорғандағы жарысты талдаңыз. Оған өреңіз жетеді. Көп айтып тастадым білемін, сіз бен біз айтпай білісетін секілдіміз. Әу баста Сыр бойында дүниеге келу пешенеме жазылған. Бақытым – сол. Жалпы, жеңісім – Қызылордада туғаным болар. Жергілікті халық пен облыстық спорт басқармасы барынша қолдау көрсетті. Енді өңір басшылары қамқорлығына алды. Тағайындалған сыйақы мөлшерінен де жұртым хабардар. Мол жақсылықтан көсіп алып, отырғанда кейбір көңілсіз сәттерді ұмытып та кетесің, іште қыжыл жоқ. Адам біткенге жақсылық тілеймін. Жеңістің жөні бөлек дегенді тірілтіп жатқаным бұл. Жүйрікті баптаудан жалтара­тындарды түсінбей жүргенде, келген табыс. Елім қайрады. Елбасы Қызылордаға ат басын тірегенде тапсырма бергендей. Қасына шақырып, сөйлесті. Сөздері құлақта. Ұятқа қалмауға тырыстым. Бірақ күшім сарқылған жоқ. Алдағы жарыстарға сақтап жүрмін. Демек, менің сыналар кезім – келесі маусым.

Үздік команда

Командалық ойындарды талдайтын болсақ, құрлықтық немесе әлем чемпионаттарында топ жару қиын соғады. Жыл басында біздің елде қысқы спорт түрлерінен Азия ойындары өтті. Шайбалы хоккейде шоқтығымыз биік болды. Ерлер құрамасы да, қыздар командасы да бас жүлде иеленді. «Барыс» хоккей клубы құрлықтық хоккей лигасының плей-офф бәсекелеріне жолдама алды. Гандболшы қыздар әлем біріншілігіне қатысты. «Шахтердің» ұлттық біріншілікте чемпион атанғаны да айтарлықтай оқиға ретінде тіркелді. «Астана» велоклубы да бірнеше жарыстарда бақ сынады.  Соның бірі – Австрия туры. Андрей Мизуров, Евгений Непомнящий, Роман Киреев сынды отандастар швед Фредрик Кессякофф, австралиялық Саймон Кларкқа еріп, испандық Джозел Джуфре мен эстон жігіті Танел Кангертпен бірге жеңіс тұғырының ең биік сатысына шығып еді ғой. «Астана арландары» бүкіләлемдік бокс сериясында екінші орын алды. Команда сапындағы Қанат Әбутәліпов өз салмақ дәрежесі бойынша Лондон жолдамасын қалтаға салды.  Әлемнің бірнеше елінен спортшы шақырып, «Астана» баскетбол клубын құрдық. Дерек біткенді екшей отырып, хоккейші қыздарға төрден орын ұсынуды жөн көрдік. Александр Мальцев шәкірттері Азия ойындарының бірнеше дүркін чемпиондары екенін де еске салайық. Сонымен, жылдың үздік командасы – Азия ойындарының чемпионы атанған Қазақстан құрама командасы.

Александр Мальцев: «Қыздар алтынды қолдан берсе,  Қазақстан бізді кешірмес еді»


– Алматыда өткен Азия ойындарына жан-жақты дайындалдық. Қарсылас командалар да ысылып алған. Кезінде біздерді ешкім білмеді, сол себепті жеңіс оңай келді. Енді Жапония мен Қытай сырымызды алды. Бірақ өз елімізде ұйымдастырылған бәсекеде бас жүлдені беріп қойсақ, жергілікті жанкүйерлер бізді түсінбес еді. Қыздарды қайрау қиын болған жоқ. Айдын маңында жерлестері отырды. Балуан Шолақ атындағы сарайда туыстары жүрді. Айналайындар барын салды. Нәтижесі сіздерге белгілі. Чемпион атандық.

 

Амангелді Сейітханов

Пікірлер

Аватар пользователя DenisLatuhin
DenisLatuhin 01 04, 20:23

Сайт о туризме. Тур операторы - Автомобили. Бизнес в интернете,реальный доход.

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
2 + 6 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ