Бұл аптаның айтулы жаңалығы – сәрсенбі күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жарлығымен төртінші шақырылымдағы ел Парламентінің Мәжілісін таратты. Сөйтіп, Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс жаңа сайлауының мерзімі 2012 жылдың 15 қаңтарына белгіленді.
Біз, журналистер қауымы, сәрсенбі күні әдеттегідей, сөмке, бейнекамераларымызды арқалап, Мәжіліске барғанбыз. Қызық болғанда, ішке кіре алмадық. Сөйтсек, заң шығаратын үлкен үйдің қожайындары: «БАҚ өкілдері ішке кірмесін!» деген бұйрық беріпті. Амалын тауып, кірдік. Алайда, алай-дүлей көңіл-күймен жүрген Қайрат Сәдуақасов, Сағынбек Тұрсыновтар пікір білдіруден «отказ» берді. Біз айтқан бетімізден қайтпай, тағы да бірнеше экс-депутатқа «сәлем» беріп, сыр суыртпақтадық.
«Парламентке анау келеді, мынау келеді» деп кесіп айту қиын, – деді «Жас қазаққа» бірінші боп пікір білдірген Амангелді Момышев. – Дегенмен «Нұр Отанның» келетіні бесенеден белгілі. Себебі, «Нұр Отанның» ел алдындағы еңбегі ерен. Содан кейін, арғы жағында «Ақ жол», «Азат», «Ауыл» бар. Анығын айтқанда, қай партия халықты жұмылдыра жұмыс жасап, өзінің алға қойған мақсатын дұрыс түсіндіре алса – сол келеді.
Тағы бір экс-депутат Нұрлан Өнербайдың бөлмесіне кіргенімізде ашық-жарқын көңілмен қарсы алды. Бір байқағанымыз, басқалар сияқты Нұрлан ағаның жүзінде жабырқау, ойында уайымның еш табы жоқ. Сыр суыртпақтап көріп едік, ағынан жарыла сөйлей жөнелді.
– Жауабымды айтайын. Өмірде кез келген адамның мойнына жүктелген парызы, міндеті бар. Әрине, оның бағасын беретін – ел, халық. 4-ші сайланған Парламенттің жұмыс істеген уақытында бір ғана нәрсеге мысал келтірейін. Мысалға, еліміздің саяси, экономикалық дамуының қай саласын алып қарасақ та, кері кеткен жері жоқ. Керісінше, өзінің ырғақты, қалыпты жолымен дамыды. Әлемдік қауымдастықта өзінің бүгінге дейін жинап келген беделіне бірде-бір нұқсан келтірген жоқ. Демек, оның бәріне атсалысқан осы қоғам мүшелері, соның ішінде Мәжіліс депутаттары да бар. Сондықтан, әркім өзінің қолынан келгенінше, еліміздің дамуына үлесін қосты, – деп ойлаймын. Өз басым «Мәжіліс өз-өзін таратты» деген пікірмен келіспеймін!
– Сонда неге аяқастынан өз өкілеттіктеріңізді тапсырдыңыздар?
– Мәжілістің тарауына дағдарыстан басқа да себептер бар. Мысалы, мен де жаңа Парламент, жаңа Үкімет болсын дегенмен толық келісемін. Себебі сол, бір жерге байланып қалған, бір орынды еншілеп алған дүние жоқ. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – елге қызмет ету. Қаттырақ айтар болсақ, кез келген мемлекеттік қызметкер – жалдамалы жұмысшы. Яғни «Мен өмір бойы осы жерде отырып, нәпақа жинаймын», – деген пікірден арылуымыз керек! Мысалға, өз басым маған өлшеніп берілген уақытта шама-шарқымша жұмыс атқардым. Мүмкін, жаңа Парламенттің мүшелері бізден де белсенді, бізден де жарқын болып, бұдан да елге пайдалырақ істер істейтін болар. Неге біз олардың жолын бөгеуіміз керек?
– Депутат ретінде өзіңіз қандай заң жобаларының қабылдануына ықпал еттіңіз?
– Өзім түсінетін заңдарға араласып, шама-шарқымша үлесімді қостым. Ол – «Мәдениет туралы», «Көші-қон туралы», «Дін және діни қызмет туралы» заңдар. Сондай-ақ, білім мен ғылымға, әлеуметтік мәселелерге қатысты заңдарға да қосқан үлесім бар, – деп ойлаймын.
– Үкімет «отставкаға» кетуі мүмкін бе? Жаңа Үкіметті кім басқарады?
– Ол жағын білмедім. Уақыт көрсете жатар. Елбасының оң қанаты мен сол қанатында жүрген азаматтардың барлығы, Шерағаңша айтқанда, «Нұрағамыздың шапанынан» шыққандар. Үлкен кісінің тәлім-тәрбиесін алғандар. Солардың қайсысын қойса да, ел мүддесі үшін жұмыс істейтін лайықты азаматтар.
P.S: Шынын айтсақ, бұған дейін Парламент дәліздерінде алшаң басып жүрген экс-мәжілісшілердің көңіл-күйі «нөлде». Өйтпегенде ше? Мәжіліс аппараты оларға екі күнде жұмыс бөлмесін босатып, қызмет көліктерін мінуге тыйым салмақ. Тіпті жаңа жылға дейін аумағы атшаптырым қызметтік пәтерлерін де тапсыруы керек.
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
Астана қаласы
Тақырыпқа орай
Бақыт СЫЗДЫҚОВА, экс-депутат:
– Мен депутаттық төс белгімді сіздердің алдарыңызда шешкелі тұрмын. Мен үшін бұл, «депутаттық стриптиз» көрсеткенмен бірдей. Себебі, депутаттық төс белгісін шешу әр депутаттың жеке интимді мәселесі болса керек. Бірақ, тілшілердің өтініші бойынша, мен осылай шешем.
«Алматы ТВ»

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...