19 Май 2012 | Сенбі

Сomment

Көсемнің ақырғы демі

23 Декабрь, 2011

Қайсыбір жылдары Солтүстік Кореяда алапат су тасқыны жүріп өтті. Бір елді мекендегі үйді долы су шайып, тұрғындары тасқынмен ағып кете барады. Кенет, үй иесі жанынан ағып бара жатқан жөргектегі ұлын көріп қалып, баласына ұмтылады. Әне-міне жетем дегенде, жанынан ағып бара жатқан «күн көсем» – Ким Чен Ирдің портретін көзі шалып қалады.

Таразы басында екі нәрсе тұрды: біреуі тасқынға тұншыққан ұлы болса, екіншісі кәріс халқының әкесі еді. Әлгі байғұс дереу кері бұрылып, портретті судан алып шықты. Ал іңгәлаған сәби долы өзеннің көмейіне жұтылып кете барады. Бірақ Корея үкіметі көсемнің портреті үшін ұлынан айырылған әкені бүкіл телеарнадан мадақтап, кеудесіне орден-медаль тағып, бір сәтте мемлекеттің қаһарманына айналдырып жіберді. Әсілі, мұндай оқиға біреу ғана емес. Биыл 22 сәуірде Ренчхон стансасында жарылыс болып, 161 адам қаза тапты. Оның көпшілігі ғимарат ішіндегі көсемнің суретін аман алып шығамын деп, үйіндінің астында тірідей жерленді. Сондай «ерлік жасап», көз жұмған 56 жастағы мұғалімнің аты-жөні де ардақты. Сондай-ақ, 2009 жылы Қытайдың Далянь портты қаласы маңында суға кеткен кемеден «революция жүрегі» Ким Чен Ир мен оның әкесі Ким Ир Сеннің портретін аман алып шығып, өздері опат болған екі теңізші де мемлекет құрметіне бөленді.  

Қабырға қайыстырған хабар

Солтүстік Кореяның көсемі Ким Чен Ир 70 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Корея телеарнасының хабарлауынша, Ким Чен Ир 17 желтоқсанда, таңғы сағат 8.30-да пойызда келе жатып «жүріп кетіпті». Дәрігерлердің айтуынша, соңғы уақытта көсемнің жүрегі «сыр беріп», жүрек талмасы ұстаған. 18 желтоқсанда Ким Чен Ирдің мәйітін сойып, алдын ала қойылған диагнозды дәлелдеді. Енді Солтүстік Корея көсемін жерлеу 28 желтоқсанға қалдырылды. Саясаткер кезекті жүрек талмасына ұшырап, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілсе де құтқарып қала алмаған. Хабарламада көсемді ұзақ уақыт бойы түрлі кеселдерден белсенді түрде емдегені жайлы айтылған.
Дәл қазір Ким Чен Ирдің денесі Пхеньяндағы Кымсуан мемориалдық сарайында. Бұл кесенеде Ким Чен Ирдің әкесі Ким Ир Сеннің денесі пролетариат көсемі Ленин секілді бальзамдалып қойылған. Көсемнің қайтыс болғаны туралы хабар тарасымен елдің үлкенді-кішісі «аһ» ұрып, аңырап боздауда. Тіпті өздерін өлімге байлап жатқандар да аз емес көрінеді.
Елде қаралы күн 17 желтоқсанда жарияланып, 29 желтоқсанға дейін созылады. Корея Халықтық Демократиялық Республикасы бұл уақытта шетелдік сапартопты қабылдамайды. Сондай-ақ, шетелдіктерді 29 желтоқсанда  өтетін жерлеу рәсіміне қатыстырмайды. Жерлеу рәсімін жүргізуші етіп марқұмның ұлы Ким Чен Ын тағайындалды.
Корея орталық телевизиясының хабарлауынша, Қытай Халықтық Демократиялық Республикасы ауыр қайғыны күш пен қаһармандыққа айналдырып, уақытша қиындықты жеңіп шығуы тиіс. «Бұл партиямыз үшін орасан шығын, халқымыз үшін үлкен қайғы. Бірақ халық Ким Чен Ын жолдастың қоластына бірігуі керек», – делінген мәлімдемеде.
КХДР көсемінің ұлы Ким Чен Ын  дүйсенбіде ресми түрде әкесінің «ұлы мұрагері» деп жария­ланды. Таратылған коммюникеде Ким Чен Ынды былай суреттейді: «Ким Чен Ын революциялық чучхе (өз күшіне ғана сүйенетін солтүстіккореялықтардың ресми саясаты) идеясының ұлы мұрагері және партия, әскер мен халықтың теңдессіз серкесі», – делінген.

Мұрагердің бейнесі

Швейцариялық Die Berzer Zeitung басылымының жазуынша, Ким Чен Ын 1998-2000 жылдар аралығында Берн округіне қарасты Либефельдтегі жекеменшік мектепте оқыпты. Элиталық оқу орнында көсемнің ұлы Ун Пак деген бүркеншік атпен тіркеліп, дипломаттың ұлы болып саналды. Бірақ Ким Чен Ын бозбалаға лайық қызбалықпен өзінің шыққан тегін айтып та қалатын.
Ким Ынның португалиялық сыныптасы Жоау Михаэлудің айтуынша, бірде кәріс жігіт өзін «көсемнің ұлымын, яғни биліктің заңды мұрагерімін», – деп мәлімдепті. «Бірақ мен сенбедім. Бір елдің мұрагері мұнда неғып жүр деп ойладым. Бірақ көп уақыт өткесін, мен оның Ким Ир Ченмен бірге түскен суретін көріп, рас екеніне көзім жетті», – дейді Жоау. КХДР көсемінің ұлымен оқыған, бірақ аты-жөнін атаудан бас тартқан қыздың біреуі «Ким Чен Ын қыздарға мүлдем көз салмайтын, – деп сұхбат беріпті. – Күнде Nike фирмасының жаңа кроссовкасын киіп жүретін. Үйінде оншақты осындай аяқкиім бар шығар деп ойлайтынбыз». Алғашқы кездерде Кореядан келген оқушы өзін аса еркін ұстапты. Сыныптастарын теуіп, зекіп сөйлеген. Жымиғанын ешкім көрмепті. «Бірақ уақыт өте келе аздап ери бастапты», – деп күледі сыныптас қыз.
 
Саясаттанушылар сандалып отыр

Солтүстіккореялық мұрагердің бұрынғы сыныптастары аз уақытта достарының қалай өзгергеніне таң қалса, саясаттанушылар «енді одан не күтуге болады?» – деп бас қатыруда. Ресейлік саясатшылар КХДР саясатында өзгеретін ештеңе жоқ деген пікірде. Ресей Ғылым академиясы Қиыр Шығыс институтының жетекшісі Александр Жебиннің айтуынша, Солтүстік Кореяның қазіргі үкімет басшылары жас жеткіншекке дұрыс бағыт беруге икемді, әдейі таңдалып алынған қызметкерлерден тұрады. «Олардың бәрі егде жаста. Тек біреуі ғана 60-қа толмаған. Қазір елдің ішкі және сыртқы саясаттағы күрделі жағдайын сараласақ, солардың біреуі билікке ұмтылады деудің өзі әбестік. Дәл осы жағдай 1994 жылға ұқсайды. Ол кезде де әкесі өлгесін Ким Чен Ир бет жоқ көзге түсе бермеді. Кейбір қызметті барынша тәжірибелі басшылар жүзеге асырды».
Сингапурлік Choson Exchange коммерциялық емес ұйымы атқарушы директоры Эндрэй Абрахамның Ассошэйтед Пресс агенттігіне берген сұхбатында «Енді оның елді қалай басқаратыны жайлы айтудың өзі қиын, – дейді. – Біздің ойымызша, Солтүстік Кореядағы билік басындағылар қорқақтай береді. Соның кесірінен, бірдеңені өзгертуге құлықтары да болмайды». 
Ким Чен Ирдің өлімі – «енді әлемдегі ең құпия мемлекеттің қақпасын ашып, әлдебір өзгеріс бола қояды», – деген нәрсе емес, – дейді кәрістанушы Константин Асмолов. «Ким Чен Ирдің мұрагері әлдеқашан сайланып қойған. «Жас генерал» енді егде жастағы генералдармен қарым-қатынасын қалай жолға қоятыны әзір белгісіз. Конфуциандық дәстүр бойынша, жастар үлкендердің ақылын көбірек тыңдауы тиіс. Яғни марқұм көсемнің үзеңгілестері шешімдер қабылдауда көптеген артықшылықтар алуы сөзсіз». 

Қос Кореяның қатынасы

Ал марқұм Ким Чен Ир болса, көзі тірісінде Корея Халықтық Демократиялық Республикасының басшысы, Корея Еңбек партиясының бас хатшысы, Корея халықтық армиясының бас қолбасшысы, КХДР Мемлекеттік қорғаныс Комитетінің төрағасы және «ұлы көсем» Ким Ир Сеннің туған ұлы еді. Соңғы жылдары солтүстіккореялық көсемнің денсаулығы туралы көптеген әңгімелер желдей есті. «Бүйректері ауырады және бірнеше жыл бұрын басынан өткерген инсульттың әсерінен пайда болған депрессиядан зардап шегеді», – дейтін.
Корея Республикасының президенті Ли Мен Бак солтүстіккореялық көсемнің қайтыс болғанын ести салысымен, жоспарлап қойған көптеген шараларды кейінге қалдырды. Бұл туралы оңтүстіккореялық басылымдар хабарлады. Оңтүстік Кореядағы біріккен штаб бастықтарының комитеті елдегі әскери күшті барынша дайын жағдайға келтірді. Шұғыл түрде үкімет қызметкерлерін жинап, кеңес өтті. КХДР-мен арадағы шекараны күшейту мәселесіне көңіл бөлінді. 
Одан бөлек, Оңтүстік Кореяның қарды министрлігі де жедел басқосу өткізгелі жатыр. Жиында қаржыгерлер Ким Чен Ирдің күтпеген жерден қайтыс болуына байланысты туындаған қаржы мәселесі, Оңтүстік Кореяның экономикасына әсер етуі мүмкін тұстар електен өткізіледі. Солтүстіккореялық көсемнің қайтыс болғаны жайлы ақпарат тарасымен, доллардың еуроға шаққан бағасы өсіп, оңтүстіккореялық вонның бағасы әлемдік басқа валюталарға қарағанда, бірден құлдырап кетті.

 

Тоқтар Жақаш

Пікірлер

Аватар пользователя Гость
Гость 23 12, 16:13

Жалпы елі үшін еміренген адам қай елге болмасын жағымды болады емеспе. Біздегідей емес.

Аватар пользователя дукс
дукс 26 12, 17:20

шешенин амы

Аватар пользователя Гость
Гость 27 12, 13:50

грамматикалык кателиктер коп. соган ман бериниздер!

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
11 + 1 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ