19 Май 2012 | Сенбі

Апта-ақпар

Индустриалдық өрлеу

Қазақстан индустриалдық даму бағытында адуынды мақсаттарды алдына қойып отыр, ал Литва кәсіпкерлері тек өз тәжірибесімен бөлісіп қоймай, Қазақстанның индустриалдық өрлеуіне қол ұшын созады, – деп мәлімдеді кеше Ақордада мемлекет басшысымен кездескен Литва президенті Даля Грибаускайте. Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі мейманға Сталиндік зұлмат кезінде репрессияға ұшырап, қазақ жерінде сүйегі қалып қойған мыңдаған литвалықтар туралы мұрағат деректерін табыс етті.

Дипломатиялық қарым-қатынастары 20 жылға жуықтаған екі елдің басшылары жеке және кеңейтілген құрамда кездесу өткізді. Соның нәтижесінде мемлекетаралық үш келісімшартқа қол қойылды.
– Біз Литваны Балтық аймағындағы сенімді әріптесіміз деп санаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Еларалық қарым-қатынастарымызға, әсіресе іскер топтарымыз қатты қызығушылық танытуда. Биыл өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлайтын екі ел де өз аймағында қарқынды дамушы мемлекеттер ретінде мойындалды. Біз Литваның ЕҚЫҰ-на төрағалық етудегі барлық істеріне табыс тілейміз. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты ширату бірінші орында тұр. Шығыс пен Батысты жалғастыратын көлік дәліздері бұл бағытта үлкен маңызға ие.
Өз кезегінде Даля Грибаускайте Қазақстан мен Литваның арасында «Сәуле» атты байланыс торабы ашылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жоба екі ел үшін ғана емес, Еуропалық Одақ, Қытай, АҚШ үшін де маңызды болмақ. «Қазір Қазақ­станның қалаларынан Клайпедаға жөнелтіл­ген жүк 1 ай жүреді. Біз, бұл қашықтықты қысқартып, ол жүктердің 10 күннен де аз уақытта жетуіне жол аша аламыз. Ол үшін «Сәуле» атты бірлескен жобамызды жүзеге асыруымыз керек. Сәуле деген сөз қазақша да, литва тілінде де бір мағынаны білдіреді. Егер біз осы жобаны іске асырсақ, Литва мен Қазақстан Батыс пен Шығыстың арасында дәнекерге айналады», – деді ол Ақордадағы баспасөз мәслихатында.
Ақордадағы кездесу нәти­жесінде екі ел басшылары бірлескен мәлімдеме жасады. Бұл мәлімдемеде екі елдің аймақтық және халықаралық саясаттағы ұстанымдары ұқсас екендігі атап көрсетілген. Қазақстан мен Литва көлік саласындағы диалогты дамы­туға және «Шығыс-Батыс» трансқұрлық көлік дәлізін қалыптастыруға ерекше көңіл бөл­мекші. Мәселен, екі елдің де логистикалық инфрақұрылымын одан әрі дамытуға септігін тигізетін Литва – Достық – Қорғас тұрақты контейнерлік пойызын іске қосу мүмкіндігі қарастырылады. Жалпы алғанда, алқалы жиында үш құжатқа қол қойылды. Ол – ҚР Үкіметі мен Литва Үкіметі арасындағы білім, ғылым, мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастық туралы, «Адамдарды қайтару туралы» және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер.
Ынтымақтастық демекші, өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 176,5 млн АҚШ долларын құраған. 2011 жылдың қаңтар-шілде айларындағы өзара сауданың көлемі 165,3 млн долларды құрап, өткен жылдың осыған сәйкес кезеңінен екі есеге артыпты. 65 200 шаршы шақырымды алып жатқан Литваға Балтық теңізінің 99 шақырымы қарайды. Ол солтүстігінде Латвиямен, шығысы мен оңтүстік-шығысында Беларусьпен, оңтүстік-батысында Польшамен және Ресейдің Калининград облысымен шектеседі. Екі ел басшыларының кездесуінен кейін Астанада литва-қазақ кәсіпкерлерінің бизнес форумы өтті.


Төлен Тілеубай, Астана

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
1 + 6 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ