19 Май 2012 | Сенбі

«Аймақ»

ЕСКЕРТКІШТЕР. ОҢ ҚОЛ СИНДРОМЫ

Қарағанды әлімсақтан өндірісті қала болғандықтан, оның тұрғындарының өзіндік дүниетанымы қалыптасқан. Оның бастысы – жасампаздық. Өйткені Қарағанды кешегі Кеңестер Одағының үшінші «кочегаркасы» болып келген. Сондықтан да кеншілер қаласынан жұмысшы табы өкілдері мүсіндерінен көз сүрінеді деуге болады. Солардың ішінде алдымен көзге түсетіні, әрине, кеншілер мен құрылысшылар, осы салаға қатысты басқа да мамандық иелері. Соған орай кесек көмір көтеріп тұрған немесе балға мен қайла ұстаған орыс немесе ұлты беймәлім мүсіндерді көптеп көруге болады.


Кейінгі тәуелсіздік алған жылдардан бері олардың қатары толыға түсті. Жер-жерлердегідей кеншілер қаласында да ескерткіштер шеруі басталды. Әуелі қалада бірді-екілі барыс пайда болды. Соңынан оның қаптап кеткені соншалық, барысы мен мысығын айыра алмайтын халге келдік. Бұларды демдеп тастағаннан кейін замандастарымызға орын бердік. Қаладағы қазақ қызына, цирк әртісіне арналған ескерткіштер сондай саптағы туындылар. Одан кейін арыстарымыздың да шіреті жеткен.
Осыдан он жыл бұрын ұлы жерлесіміз Ғабиден Мұстафиннің  жүз жылдығының құрметіне еліміз бойынша сауын айтып, мерейтойын  атап өттік. Қаланың орталық көшелерінің бірі – Ленин даңғылының жүз метрін кесіп алып, ұлы қаламгердің есімімен атадық. Сол көшенің бір қалтарысына иықтық мүсінін орнаттық. Алайда ол біреуге ұқсағанымен нақ Ғабиден Мұстафинге ұқсамайтын. Бұған онша таң қала қоймадық. Қаланың Бұқар жырау даңғылындағы тағы бір иықтық мүсінде Қаныш Сәтбаев деген жазу бар. Әлгі жазу болмаса, ол мүсіннің де ұлы бабамызбен еш қатысы жоқ. Бұл қалай десек, қалаға тегін сыйлаған екен. Оны түсінгендей болдық. Қазақ мінгізген атының тісіне қарамаған ғой.
Қаланың керуенсарайы –  вокзалда әулиекөмей Бұқар жырау бабамыздың ескерткіші бой көтергенде көзіміз еріксіз жер шұқып қала берген. Бабамыз атақты Сервантестің Дон Кихотынан аумай қалған. Соны жергілікті қаламдастарымыз жабыла, жамырай жазып орнынан алдырды. Айтқан бәрекелдіміз алысқа бармады. Былтыр бабамыздың жаңа ескерткіші бой көтерді. Бұқар жырау даңғылының бойында. Қала әкімдігінің алдында. Барып тұрып, танымай қайттық. Көңілге дәт қылғанымыз тағы да баяғы жазу. «Бұқар жырау» деген. Кеңестік заманда бәрі де  оңай болатын. Күн көсемдеріміз алға қарай ұмсынып, қолдарын жоғары созып сайрақ жолымызды көрсетіп тұратын. Не болмаса қолдарын қалталарына салып тұрар еді.
Қашанда он екі мүшесі түгел мүсіндерді дүниеге келтіру оңай болмаған. Сондықтан, елдің бәрі иықты мүсіндерге иек артатын. Мұсылман дүниесінде бәрі белгілі. Ал шығыс мәдениетінде ше?! Шығыс дүниетанымында оң қол деген түсінік бар. Мұндай түсінік Батыста да  бар. Жасампаздықты меңзейді. Ал сол қол  қашанда шайтан қолы деп есептелетін. Мұның өзі кәнігі мүсіншілердің өзін қинайтын. Олар сол, оң қолмен не істеу керектігімен дал болатын.
Мұндай кепке Қарағандыдағы ескерткіштер де ұшырады...
Бұқар жырау бабамыздың жаңа тұрпаттағы ескерткіші сұңғақ боп пішілген. Сол қолына домбыра ұстатыпты. Жыраулығын меңзегені. Оң қолымен белбауын ұстап тұр. Шықыры түсіп қалған ба дегендейсің. Және таспиық ұстаған. Діндарлығын меңзегені де. Басына мұрақ кигізіпті. Ал мұрақтың ішінен жабасалма киген. Бәлкім, жау­герлігін меңзегені болар. Ал мұрақтың ақсүйек бастоны екендігі белгілі. Сонда Бұқар жырау бабамыздың төре болғаны ма?.. Әлгі домбырамыздың епетейсіздігі соншалық, контрабасқа ұқсайды. Қолына таяқ ұстатып, иығына қоржын байласаң орыстың Аяз Атасынан аумай қалайын деп тұр.
Былтыр ел көлемінде Қасым ақынның жүз жылдық мерейтойын атап өттік. Тағы да ескерткіш көтердік. Алайда кімге ұқсаса да ол Қасымға ұқсамайтын. Ең бастысы онда ұлттық рухтың нышаны да жоқ еді. Тіпті ақыннан гөрі саужойдың оқушысына көбірек ұқсайды. Осыдан жиырма жыл бұрын ақынның сексен жылдығында туған ауылында мүсінін орнатқан болатынбыз-ды. Сол рухтырақ болатын. Өйткені онда дауыл динамикасы бар еді. Ақын көктен жерге түсіп келе жатқандай әсер беретін.
Ақынның жаңа тұрпаттағы ескерткішіне көз салсаңыз, жасып қаласыз. Ақын алға жүріп бара жатыр. Жүрген адамның өкшесі көтерілмеуші еді. Ал ескерткіштегі адамның екі аяғы да бір қалыпта. Сол аяғы бүгулі, сол қолы алға қарай көтерілген. Қолына кітап ұстатып қойыпты. Бір ғажабы сол кітапты саусақ ұшымен ұстағаны. Саусақ ұшымен ұстайтындай ол жеп-жеңіл дәптер емес қой. Екіншіден, динамикасы сақталмаған. Сол қол алға қарай кетсе, оң қол артқа қарай ығысуы керек еді. Ал ескерткіштің оң қолы маятниктей тура ортасында тұр.
Обалы нешік, алған ой әдемі. Арқа рухын, қазақ рухын қайтып орнықтыру. Қаз дауысты Қазыбек бабамызға ескерткіш ашылғанда, бөркімізді аспанға атқанымызды несіне жасырайық. Бірақ бабамыздың тасмүсінін көріп тағы да жасыдық. Сол қолына қағаз ұстатып қойыпты. Оң қолымен құс ұшырайын деп тұрған сынды. Соншама бір әдемі саусақтар. Бейне бишінікі. Нәзік. Ал басына әдепкідей мұрақ кигізіп қойыпты. Қазақ баласында сол мұрақтан басқа бастон жоқ сияқты.
Вокзал басындағы Бұқар бабамыздың ескерткішін орталыққа көшіргеннен кейін әлгі алаң біраз бос тұрған. Жоқ, ұзатпай Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші бой көтерді. Сүйіншілемеген қарағандылық қалмаған болар. Аптығымыз басылған соң қарасақ, «әттеген-айлар» баршылық екен. Бабамызға сулық кигізіпті. Геологқа жарасады, әрине, сулық киген. Бүлдіріп тұрғаны баяғы сол оң қол синдромы. Оң қолымен жағасын ұстапты. Бізге салса геолог болған соң қайла, сүйем ұстағаны жарасатын сынды. Ал сол қолы да бос емес. Әйтеуір, бірнәрсе ұстап тұр. Бәлкім, карта шығар деп ойладық. Бабамыздың сыртаңын түгендеген мүсінші бастонын ұмытыпты. Басы жалаңбас. Сырт киім киген қазақ жалаңбас жүрмеген ғой.
Көңілге демеуі, әйтеуір, қазақ баласына ескерткіштер орнатылып жатыр. Жаңартып жатқандарымыз да бар. Мәселен, Бұқар жырау, Қаныш Сәтбаев ескерткіштері... Бәлкім, үшінші мәрте жаңартармыз. Алайда қуыс кеуде құр мүсін кімге дәрі? Өскелең ұрпақты ертеңге жетелейтін ұлттық рухымыз қайда? Жоғарыда айтып өткен тұлғаларымыз сол қазақ рухтары ғой!
Ендеше рухқа сомдық жарасады. Ал біз орнатқан ескерткіш­терде не қазақы рух жоқ, не сомдық жоқ. Әрине, ауызды құр шөппен сүрте беруге болмайды. Нұркен Әбдіров, Ебіней Бөкетов, Апақ Байжанов ескерткіштері сондай туындылар.  Қандай себебі барын қайдам, шенеуніктер қала ортасындағы Апақ бабамыздың сол ескерткішін облыстық кітапхананың алдына қуалап тастады. Тағы бір көрім ескерт­кішіміз Құрманғазы бабамыздікі еді. Оны да қудаладық, қаладан шығарып әуежайға апарып тастадық. Қазір ондада көрінбейді.
Қалада Абай һәкімге орнатылған ескерткіш бар. Желбегей шапан жамылған ақын кітапты жүрегіне басып тұр. Жақсы шешім. Оң қолымен ұстағанда, тіпті қатып кетер еді-ау!
Ұлы һәкімнің осы ескерткішін Алматыдағы нұсқасымен әбден шендестіруге болады. Кейінгісінде тек сомдық жетіспей жатыр. Нұркен Әбдіров ескерткіші жөнінде де осыны айтар едік.
Жақында бұл қатар тағы бір ескерт­кішпен толықты. Қаланың Гагарин алаңында адамзат баласының бірінші ғарышкеріне ескерткіш орнатылды. Артық-ауыс ештеңе жоқ. Бәрі жарасымды. Әттеген-айы, өзіміздің де ғарышкерлеріміз бар еді ғой...
Бұған дейін қарағандылықтар екі ескерткішімен мақтана алатын. Оның біреуі Лениндікі болса, екіншісі Балқаш қаласындағы Ағыбай батыр ескерткіші еді. Алыптығы, сомдығы жағынан алдыңғысы әлемдегі төртінші реттегі ескерткіш болатын. Соны қидалап орнынан алып тастадық. Қалғанын қаладағы аттас кинотеатрдың қорасына кіргізгенбіз. Соның өзі көзге түсе береді. Көрмейін десең көзің бар.
Ал Балқаштағы Ағыбай батыр тас тұғырда қасқиып тұр.
Сол ескерткіш жалғызсырамаса екен дейсің.


Төрехан МАЙБАС,
Қарағанды  қаласы


Тақырыпқа орай


Түлкібай Төлеуов,
Қарағанды облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау инспекциясының бастығы:

– Бұрындары бір ескерткішті жасауға мүсінші кемінде он бес жыл ғұмырын арнайтын. Бүгінде ермексаздан жасағандай жарты жылда бәрінің опай-топайын шығарады. Байқауды екі апта бұрын ғана жариялайды. Оны біреу білсе, біреу білмейді. Мемлекеттік комиссия құрамында кәсіби маманнан гөрі шенеуніктер көп. Осыдан кейін қорытындыны өздеріңіз жасай беріңіздер.

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
6 + 6 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ