Ұлтарақтай болса да, ата-қоныс жер қымбат,
Ат төбеліндей болса да, туып өскен ел қымбат».
Халық нақылы
Ридли Скоттың «Бөтен» фильмі есіңізде ме? 20 млн тонна кен тиеген «Ностромо» әуе кемесі зерттелмеген бейтаныс планетаға жақындайды. Күн жүйесінде оянуы тиіс астронавттар әлгі беймәлім планетадан компьютерге түскен белгіден оянып кетеді. Шытырман сюжеттің желісі дәл осы жерден шиеленісіп кете барады.
Ал Францияға табан тіремек болған Поповтар отбасының шиеленісі Страсбургтегі халықаралық сотта мәлім болды. Сөйтсек, еліміздің қай қаласынан шыққаны белгісіз Владимир мен Елена Поповтар Парижге барып босқын мәртебесін сұрапты. Олардың айтуынша, қазақ елі христиандықтың православие тармағын ұстанған ұлты орыс отбасын сыйғызбай, түртпектеп, қуып шығыпты. Төсекте басы, төскейде малы қосылған 3,5 млн орысқа селкеу түспегенде, бұл байғұстарға не көрінді дерсіз?! «Қысым көріп, қудалауға түскен» бейбақтар тарихи Отаны Ресей емес, не себепті Еуропаға «лаққан»? Гәптің көкесі де осы сұрақта. Себебі, еліміздегі өзге ұлт өкілдері мамыражай өмір сүріп, ауылдық тұрғыннан әлденеше есе көп мажантопай жалақы алады. Қолынан сүйреп, «кет» деп жатқан ешкім жоқ. Франция үкіметі осы жағдайды жақсы білсе керек. Дереу Поповтарды екі жұмаға әкімшілік қамауға алып, елден аластауға әрекеттенді. Анже қаласы әкімдігінің қызметкерлері Қазақстанмен байланысып, мән-жайды хабарлаған. Бірақ Страсбург соты Францияның әрекетін теріс деп тапты. Сөйтіп, Бальзактың елі қарадан-қарап пәлеқор Поповтарға 10 мың, соттың шығыны үшін 3 мың еуро төлеуге мәжбүр болды. Мәселе мұнда да емес. Мәселе – майлы жілігін өзі жемесе де, бөтенге ұсынатын қазақтың құдығына түкіруде болып тұр.
Естеріңізде болса, 2000 жылы Алаш елінен Бельгияға аттанған екі жарым мың турист (кілең орыс, шешен, ұйғыр өкілдері) дәл осылай байбалам салған еді. Бұл туралы Алматыға сол кезде арнайы сапармен келген сол елдің Сыртқы істер министрі Катарина Смитс ханым хабарлады. Артынша, дереу «саяси баспана» сұрағандардың біреуі қалмастан қайтадан кері көшірілді. Одан кейінгі кезеңде де олардың соңына түскен ешкім жоқ. Жарайды, 2000 жылы еліміздегі экономиканың дамуы, халықтың әл-ауқаты басқаша болды делік. Бірақ әлгі 2,5 мың жалған «босқынның» арасында неге бір қазақ жоқ? Осы мәселе бойынша Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаевты сөзге тарттық.
«Біз бұл Поповтардың еліміздің қай өңірінен екенін де білмейміз. Білетініміз – Франция үкіметінен баспана сұрапты. Бірақ француздар «православие әрі орыс ұлтының өкілі қазақ елінде қуғынға түсті» дегенге сенбей, босқын мәртебесін бермей қойған. Себебі, Франция басшылары еліміздегі ұлтаралық татулықтың деңгейін, тілі мен діні қағажу көрмей, керісінше, артықшылықтарға ие болып отырған орыстардың жағдайын жақсы біледі. Менің ойымша, бұл кісілер жоқтан сылтау тауып, қайтсе де, Францияға немесе Еуропа мемлекетінің біріне орнығып алуды көздейді. Әйтпесе, не себепті тарихи Отаны – Ресейге бармайды?..»
Ал Алматы қаласындағы православие шіркеуінің игумені Александр Суворов болса, тіпті қатты кетті: «Поповтар – барып тұрған топастар! Өмірде жолы болмағандар! Менің шіркеуде жұмыс істеп келе жатқаныма жиырма жылға жуықтап қалды. Сол жиырма жылда «дінім мен тіліме қысым жасады» - деп, жамағаттың бірде-бір мүшесі арызданған емес. Оның үстіне, Қазақстан бізге тіліміз бен дінімізді өрістетуге қазақпен тең дәрежеде мүмкіндік беріп отыр. Ал Поповтар болса, жеке бастарының қамы үшін, Еуропа мемлекетінің біріне тұрақтап қалуы үшін, өресі мен миының жеткені осы ғана болып тұр. Егер, расымен-ақ тарихи Отаны Ресей емес, айдаладағы Францияда қалғысы келсе, не себепті басқа жолдарын қарастырмайды? Неге өніп-өскен жеріне түкіреді? Құдай мұндай сауатсыздардан, топастардан сақтасын!»
Тағы да мақала басындағы «Бөтен» фильмі еріксіз есіме түсті. Астронавттың денесіне еніп алған «құбыжықты» алып тастау өте қиын. Қырқылған аяғы буланып, қышқыл пайда болып, әуе кемесінің бірнеше қабатын тесіп кетеді. Ал одан құтылмаса, бүкіл экипаж қаза тауып қана қоймай, жер бетіне пәлекетті ала келеді. Поповтар маған сол «бөтен» пәлекетті елестетеді.
Тоқтар Жақаш

Анадолыда жауған қазақтың алтыны
Ақша құтыртқан қазақ Ыстамбұлда сайран салады. Спандияр Көбейдің Итбайына бер...
Құйрығы – сізден, ақшасы – бізден
Атам заманғы үндістер өлтірген жауының бас терісін кесіп алған. Сол арқылы жа...
«Happy birthday, Арақ!»
Иә, шалыс естіген жоқсыздар. Павлодар қаласында тұңғыш рет орыс арағыны...Әкімдерді халық сайламай, халықтың...
«Ақ жол» партиясынан ҚР Парламентi Мәжілісi депутаттығына кандидат, «Жас қаз...