Американ жазушысы Джек Лондонның (1876-1916) маңдайына тағдыр небәрі қырық жыл ғана ғүмыр жазған. Сол қысқа ғұмырының он алты жылын таза шығармашылық жұмысқа арнаған ол артына жиырма төрт том еңбек қалдырған. Яки бір жылда – екі том! Жоспарлы, мақсатты түрде. Бұны мынадан-ақ көруге болады: лондонтанушылардың зерттеулеріне қарағанда, жазушының күндік жазу нормасы – 1000 сөз болған көрінеді. Бұдан асырып жіберсе – қуаныш, жеткізе алмай қалса – өкініш. Сол үшін де ол тәулігіне он алты-он жеті caғат бойы тапжылмай отырып жұмыс істеген. Және жылдар бойы! Адам айтқысыз азап! Ал осыншама азап пен жанкештілікке оның өз еркімен мойын ұсынғаны несі? Жазбаса тұра алмайтын әдебиетке деген ұлы құштарлық па? Әлде, шынымен-ақ, Лев Толстой секілді туған әдебиетінің абырой-мерейі үшін жанын от пен суға салудан аянып қалғысы келмеді ме? Бір қызығы, Джек Лондонның өзі әрбір шығармасында өмірді қандай шынайы бейнелей алған болса, әлгіндей азап пен бейнетке толы еңбегі жөнінде де ешқандай көлденең көбік сөз қоспаған.
Жазушының өмірбаянын зерттеуші Ирвинг Стоун бұл жөнінде мынадай әңгіме айтады.
Бірде оған оқырмандардың бірі: «Сіздің жазудағы басты мақсатыңыз не? Жалпы, сіз не үшін жазасыз?» – дейді төбеден қойып қалғандай. «Ақша үшін», – дейді ол өте сабырлы түрде. «Ақша үшін жазатындардың шығармасы көбінде нашар болушы еді. Сіздікі керісінше ғой», – дейді әлгі оқырман тағы. Сонда Лондон: «Мен бір рет нашар шығарма ұсынсам, келесі дүниемді ешкім сатып алмайды. Сондықтан ылғи да жақсы жазуға тырысам», – дейді ағынан жарылып.
Шындығында да, Лондон қаламынан туған шығармалардың осалы жоқтың қасы. Тіпті оның ең жай ғана деген дүниесінің өзінен оқырман жуық арада жадынан өшпес, есінен кетпес не бір тосын оқиға, не бір ерекше кейіпкерге жолығары сөзсіз. Иә, ерекше! Өйткені... осы «ерекшенің» өзі, негізінен, Джек Лондонның бүкіл әдеби туындысына тән ортақ қасиет шетін белгі десе де болады. Мысалы, мына көріністерге көз салып көріңіз...
Меңіреу мекен. Түнерген түнек. Түкірігің жерге түспес алпыс градус аяз. Суықтан торс-торс айырылған өзеннің мұзы. Сол өзенді өрлей тырмысып, тырбаңдап келе жатқан шаналы иттер. Шана үстінде ақ қыраудан тек көздері ғана жылтыраған екі адам. Алда – мұнар, артта – тұман. Бірақ бәрібір алға ұмтылу. Тек қана алға! (Терістік әңгімелерінен).
Көк мұхитты көктей өтіп келе жатқан кәсіптік кеме. Азып-тозып, әбден адам қалпынан айырылған матростар, аңшылар. Палубаға ақтарыла құлаған таудай толқындар оларды кейде түп-түгел түпсіз тереңге шайып кете жаздайды. Бірақ кеме тұмсығы артқа бұрылар емес, қайта күн өткен сайын алыстағы Жапон жағалауларына қарай терең бойлай түседі. (Теңіз әңгімелерінен).
Тынық мұхитының сонау түстігіндегі Жаңа Гебрид, Гавай немесе Соломон аралдары. Елу градус ыстық. Аспан айналып жерге түскендей. Плантацияда жұмыс істеп жүрген жергілікті адамдардың (аборигендердің) қара қайыстай қатқан терісінен шып-шып тер шығады. Ал олардың жұмысын пальма ағашының көлеңкесінен бақылап отырған ақ адамның аузындағы сигарынан бұрқ-бұрқ түтін бұрқырайды.
Міне, Джек Лондон шығармашылығынан шартты түрде бөліп алған үш кеңістіктің үш түрлі көрінісі осындай. Бір-біріне күн мен түндей мүлде қарама-қайшы. Әдетте көркем шығармалардан біздің оқып-біліп, нақты өмірден де күнделікті көріп жүрген қалыпты сурет, қалыпты жағдайға бұлардың үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бәрі де – тосын, бәрі де – ерекше. Бір қарағанда, тіпті жаңағыдай көріністер әлдебір қым-қуыт оқиғалы шығарманың немесе бір фантастикалық романның кез келген жерінен ойып алған жеке-жеке үзінділер сияқты көрінер еді. Жоқ, әдебиеттің бұл айтылған түрлеріне Джек Лондонның ешқандай қатысы жоқ, ол сөз өнерінде бақ сынаған ең алғашқы туындысынан бастап, ақтық демі үзілер сәтке дейін жазған барлық шығармасында реалистік бағыттан, бұдан да дәлірек айтқанда, классикалық реализмнен ешқашан айныған емес. Рас, оның кейбір туындыларында: мәселен, терістік әңгімелерінде – романтиканың, оңтүстік әңгімелерінде – қым-қуыт оқиғалы шығармалардың аздаған элементтері бар. Бірақ, тұтастай алғанда, олардың қай-қайсысында да өмір шындығы шынайылығымен, сенімді де нанымдылығымен өзгеше көзге ұрып тұрады. Ал осындай реалистік шығармаларда кейде әлгіндей «әсіре» көріністердің қара көрсетіп қалуының да мынадай заңдылықтары бар:
Біріншіден, Джек Лондон шығармаларының оқиғалары негізінен барлық адамның аяғы бірдей жете бермейтін, өркениетті ортадан алыс, табиғаты ерек, жаратылысы бөлек, өзгеше бір өңірлерде өтеді.
Екіншіден, осы өзгеше өңірлерге өз еркімен, өз қалауымен тап болған адамдардың ішкі-сыртқы бітім-болмысы да бөлек. Жер түбіндегі меңіреу мекендерге аман-есен жетіп, иттің өзі итжандылықпен ғана өмір сүре алатын ондай жерлерге шыдап-төзіп кетуге тек рухы өте күшті, денсаулығы мықты, табанды да жігерлі, акылды да батыл жандар ғана қабілетті. Мұндай жерде, мұндай жандардың іс-әрекетінде, әрине, адам сенгісіз жайлар болмай тұрмайды.
Үшіншіден, және ең бастысы, автор Джек Лондонның өзі кез келген жазушының тыныс-тіршілігіне ұқсамайтын романтикаға толы, тосын оқиғалы күндерді басынан көбірек кешірген. Оның Терістіктен (Аляска), Түстіктен (Гавай, Сүлеймен аралдары), Теңізден (Беринг бұғазы, Жапон жағалаулары) жазған шығармаларының барлығында да көркемдік шындық автордың өзі көріп-білген нақты өмір шындығы негізінде кестеленген. Міне, дәл осы тұста Джек Лондон өмірбаянынан қадау-қадау қажетті деректерді алға тартудың сәті келген секілді. Бұл – жазушының шығармашылық қызметіне терең бойлай, оны жан-жақты бағалап түсіну үшін де керек дүние.
Ол 1876 жылы Америка Құрама Штаттарының батыс шетіндегі Сан-Франциско қаласында өмірге келген. Лондон деген аты-жөнді оған Джон Лондон есімді өгей әкесі береді. Табиғатынан қайырымды, ізгі ниетті бұл адам Джектің шешесіне жақсы жар, ал баланың өзіне өгей де болса, қамқор әке болғанмен отбасының түтінін үнемі биік шалқытып отыруға мүмкіндігі бола бермейді. Осы жағдайға сәйкес бала Джек тұрмыстың тауқыметін тым ерте көреді: он жасқа жетер-жетпесте жүгіріп жүріп, газет сатады; одан соң бұғанасы сәл қатқан кезде қалбыр заводына қара жұмысшы болып тұрады. Белді майыстырған бұл жұмыстан қолы болмашы босай қалса, бірден кітапқа бас қояды. Сөйтіп екі-үш жылдың аралығында жергілікті кітапханада ол оқымаған кітап тым аз қалады. Осы көп оқудың әсері болар, бала Джек сол он төрт-он бес жасында-ақ, адам аяғы баспаған алыс-алыс жерлерге сапарға шығуды, сондай күндері күтпеген таңғажайып оқиғаларға тап болуды, оның соңында небір қиындықтың бәрін жеңіп, туған қаласына керемет бай да бақытты адам боп оралуды армандайды. (Осы арман, осы қиялдан ол өмір бойы арылған да емес). Алайда он мен солын әлі толық айырып болмаған желікті жасқа кітапты көп оқудың кейде кері әсері де болмай қоймаған. Қалбыр заводынан кейін ол бір желкенді қайықты жалдап алып, қарақшылық жолмен ұсақ майшабақтар аулап, сатуға кіріседі. Осындай заңсыз пайда табу үстінде біреулермен төбелесіп, біреулермен арақ-шарап ішіп, шамалы уақыт «нағыз пират» болып та көрінгісі келеді.
Кейін Джек Лондон бұл жөнінде: «Ол кезде менің ақымақшылығым өте көп болды. Мен оны іштей сездім де. Бірақ артқа бұрылғам жоқ. Өйткені бұрын тек кітаптан ғана оқыған қызық оқиғалар мен нағыз батылдық, қаһармандық дегендерді мен сол уақытта тікелей өз басымнан кешіргенмін», – деп жазған.
Еш уақытта бір нәрсеге көңілі көншімеу немесе ылғи да бір жұмбақ, алыс жерлерді аңсап тұру – Джек Лондонға тумысынан біткен айрықша қасиеті болса керек, көп ұзамай ол «Софи Сазерленд» атты шхунаға матрос ретінде жұмысқа тұрып, сонау жер түбіндегі Беринг теңізіне жол тартады. Мақсаттары – теңіз мысықтарын аулау.
Бұл сапарда ол Сібір мен Жапон жағалауларында буырқанған мұхиттың талай-талай тарпаң мінезін көріп, қатал табиғатпен тайталаса күресе жүріп, шыңдалып, ақыры жеті айдан соң Сан-Францискоға оралады. Сондағы бар тапқан ақшасы отбасының қарызын төлеу мен өзіне жаңа қалпақ, фуражка, пальто және бірер қабат іш киім сатып алуға әзер жетеді. Дегенмен бұл сапардың жемісін кейін көреді. Сол сапардың әсерінен «Теңіз қорқауы» романын жазады.
Бұдан соң... Аляскаға аттану. Жалпы, Джек Лондонның өмірі мен шығармашылық қызметінде бұл өлкенің орны тіптен бөлек. 1896 жылы Клондайкте аса бай алтын қоры табылады да, онсыз да романтика іздеп жүрген жиырма жасар жігіт бірден көптің легіне қосылып кете барады. Бұған дейін тағдырдың ащылы-тұщылы дәмін біраз татып үлгерген ол санаулы жанкештілердің қатарында Чилкут асуы мен аса қатерлі Линдер-ман көлінен сәтімен өтіп, терістіктің ең қиырындағы Доусон қаласына аман-есен жетеді. Бұл қала ол кезде жанын шүберекке түйген жүрек жұтқандар мен қайтпас қайсарлардың ту тіккен мекені болатын. Күн сайын алпыс градус аязда ит жеккен шанамен ондаған миль жол жүріп, оймақтай олжа үшін ажал аузына сан барып, сан қайтып отыратын олардың әрбір іс-әрекетінен бір-бір көркем шығарма жазуға әбден болар еді. Джек оны кейін жазды да. Бір емес, ондаған дүние! Және көпшілігі классикалық деңгейде. Мәселен, Клондайк тынысынан жазылған мына бір шығарма үзіндісіне үңілер болсақ, бұдан терістіктегі қатал табиғаттың қайталанбас суретімен қатар жазушы Джек Лондонның қандай талант, қандай суреткер екенін де көрер едік.
«Көксіреу мұз көмкерген өзеннің екі жағында қашан да қарауыта түнеріп тұратын қара орман қазір тіптен үрейлі көрінеді. Әлгінде ғана екілене соғып өткен долы жел қалың нуға қонақтаған аппақ қырауды бұрқырата ұшырып әкеткен де, енді қап-қара болып жалаңаштанып қалған ағаштар ымырт үйірілген сайын қою қараңғылықпен қойындасып, бір-біріне қорғалай тығыла түскен. Меңіреу тыныштық. Өлі дүние. Қыбыр еткен тіршілік белгісінен жұрдай бұл өлкенің суықтығы мен сұстылығы сондай, оның ылғи да төбесінен төніп тұратын қорқынышты түнектің мұңға толы мұздай бауыры тәніңді қойып, жаныңды қалтыратады».
Ол уақытта, әрине, жас Джек Аляскіден алтыннан қымбат асылды тауып, оны көкірек сандығына үйіп-төгіп, жинап жүргенін білген жоқ, бір жылдан кейін қырқұлақ ауруына ұшырап, тапқан алтыны да, пайдасы да шамалы, баяғы таз кепешімен Сан-Францискодағы үйіне қайтып келеді.
Тағы да жұмыссыздық. Тағы да алқымнан қысқан қу кедейшілік. Не істеу керек? Бұдан алты жылдай бұрын (1893 жылы) «Сан Франциско Колл» газеті ең тандаулы очеркке бәйге жариялағанда, оған шешесінің өтінішімен арнайы жазған «Жапон жағалауларындағы көк дауыл» атты шығармасы бірінші орын алып, бақандай жиырма бес долларға ие болғаны бар-ды. Ендеше сол жұмысты қайта неге қолға алмасқа? Клондайкте көріп-білгені аз ба?! Оларды жаза берсе, өмірі таусылып бітпес дүние ғой.
Осы ойға мықтап бекінген Джек жазу үстеліне отырады. Күніне он алты-он жеті сағат! Ақыры көп өтпей-ақ жанды жеген ауыр жұмыстың алғашқы нәтижесін көреді де: 1899 жылдың қаңтарында Терістік тақырыбына жазған түңғыш туындысы («Сапардағылар үшін») калифорниялық «Оверленд мансли» журналында басылып шығады. Қаламақысы – небәрі бес-ақ доллар. Дегенмен шығармашылық еңбекте жолының ашылғанына қуанып, қанаттанған ол бұдан былайғы жерде таза әдебиетпен айналысуға берік бел буады. Артынша, сол жылдың аяғына дейін, Клондайктен көкірегіне түйіп әкелген алтыннан қымбат асылдары бірінен соң бірі әңгіме болып туып, Американың ең белгілі басылымдарында жаппай жариялана бастайды. Сонымен, ол айналасы бірер жылдың ішінде есімі ел ішінде кеңінен танылған, шығармаларын жұрт іздеп жүріп оқитын, Америкадағы таңдаулы жазушылардың бірі болып шыға келеді. Бұған ХІХ ғасыр соңындағы елдегі экономикалық дағдарыс пен жұмыссыздықтан, туындаған «қайдан кәсіп іздейміз, қалай ақша табамыз» деген көңіл-күйдің де игі әсері болмай қоймаған. Яки Джек Лондон атты әлдебір жаңадан шыққан жазушының сонау мұздай суық солтүстік шұғыласының астында алтын іздеп, арпалысып жүрген ғажап кейіпкерлері оларды еріксіз елең еткізеді. Иә, керемет кейіпкерлер! Жоқ, жай әншейін кейіпкерлер емес, олар – ерекше іс-әрекетімен, жандүниесінің қатпар-қатпар қалыңдығымен, әсіресе ерік-жігерлерінің мықтылығымен кім-кімді де тәнті етпей қоймайтын тірі де ірі, кесек тұлғалы адамдар. Ерлік те, еңбек те, асқақ рух пен мұқалмас қажыр-қайрат та – соларда. Міне, кімдерге еліктеу керек! Қызығы сол, бала кезінде Джек Лондон біреулердің «пират» кейіпкерлеріне қалай еліктеген болса, енді өзінің күшті адамдарына американдық оқырмандар дәл солай еліктейтін болады. Бұл – әдебиет көгінде Джек Лондон деген бір жарық жұлдыздың жарқырап тууының жарқын көрінісі еді.
Ал жұлдыз жарығы жұмыр Жердің барлық бетіне бірдей түседі десек, Джек Лондон туындылары да тек Америка жұрты мен ағылшын ұлтының олжасы болып қала бермей, күн өткен сайын бүкіл адамзаттың ортақ игілігіне айнала бастаған. Бұлай болуы заңды да. Өйткені ол өз шығармаларын ағылшын тілінде жазғанмен жүрек тілі – барша адамға тән ортақ мақсат-мүддені, қуаныш пен қайғыны, арман мен мұратты, махаббат пен сүйіспеншілікті жыр етті. Ақиқатты айтуға келгенде, ол әмәнда әділеттің жағына шығып отырды. Сондықтан да оның өзі туған құрлықтағы үндістер мен Тынық мұхит аралдарын мекендейтін әр түрлі аборигендер адам ретінде Джек Лондон әңгімелерінде ағылшындардан ешқашан кем көрінбейді, қайта адамдық, имандылық, төзімділік, қайсарлық жағынан олардан кейде асып-түсіп жатады.
Бірақ бәрінен де бізге қымбаты – Джек Лондон еңбектеріндегі биік рух. Ол мейлі адамды, мейлі итті, қасқырды жазсын, бірінші планға алдымен рухты шығарады. Осы құдіретті күш оларды кез келген уақытта кез келген тығырықтан алып та шығады. Демек Джек Лондонды әлем әдебиетінде асқақ рух пен рухы мықты адамдардың жыршысы деп бағалау тегін болмаса керек.
Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...
сиздин шыгармаларынызга тантимин
оте кызыкты бирак мен окиган жокпын