19 Май 2012 | Сенбі

Әлеумет

Диспетчердің бір күні

Алматының «Саяхат» автобекеті таңның атысы күннің батысы тыныштық таппайды. Азан-қазан, ығы-жығы халық. Әйтеуір, тіршіліктің тамырына қан жүгіріп жатқаны бірден көзге ұрады. Қоғамдық көлікті күтіп тұрғандар да, жаяу жүргіншілер де бір көріністің куәсі болады. Ол – жүйткітіп келген автобусты «күтіп алып», кәдімгі әскерилерше  есеп беретін жігіттердің жұмысы. Әне, қолына қара сағат ұстап алған қазақ баласы «жеке» автобусының келгенін көрді де, асыға-аптыға алдынан шықты. Бір сәтте өткен-кеткен көліктердің жайын баяндап берді. Мен үнсіз қарап отырмын. Кері қайтқан жаңағы жігітті әңгімеге тартып, бірнеше сұрақ қойдық. Бұл кәсіппен 5 жылдан бері бала-шағасын асырап жүр екен.
– №270, №71, №291 автобустардың жүру уақытын есептеп, әрқайсысының арақашықтығын бақылап тұрамын.  Көп болса 4-5 минут болу керек. Таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін тұрамын. Аптасына бес күн шығам. Мұнда бағанағы үш автобустың «мүддесіне» жұмыс істеймін, бірақ менің жұмысым заңсыз болып есептеледі.
– Күніне қанша ақша табасыз? – деп сұрағанымызда, табыс мөлшерін жасырмай айтып берді:
– Үш бағытта жүретін автобустан күніне 2500-3000 теңге табамын. Мысалы, бүгін №71 автобустан 10-ы шықса, әрқайсысынан жүз  теңге аламын. Негізі, бұл жайлы айта беруге де қорқамын, қарындас...
– Түсте үзіліс бола ма, тамақ ішпейсіз бе?
– Е-е-е, – деп күрсініп қойды Мақсат ағамыз. – Отыратындай, тамақ ішетіндей мүмкіндік қайдан болсын!? Қызып жатқан жұмыс қой, дамыл таппайсың. «Түскі асын ішіп алсын» деп күтіп тұра алмайды. Күн суытқанда, тоңасың. Сондайда бір кесе шай мен екі самсаны талғажау етіп, жүрек жалғап аламыз. Соған да шүкір, бір күнге сол жетеді.
– Мақсат аға, жұмысыңыздың қиындығы неде?
– Осы аялдамаға он бес түрлі автобус келеді. «Меншігімдегі» үш автобусқа орын табуым керек. Сол үшін басқа автобус жүргізушілеріне жалынасың. Сәл алға жылжуы үшін көп жалынуың керек. Кейде айқайласып қаламыз, тіпті жанжалға ұласатын кездер болады. Арақ ішіп, теңселіп жүрген адамдар соқтығып кетеді. Оларға бірдеңе деуге де мұршаң болмайды. Нан табу үшін бәріне шыдауға мәжбүрміз. Аялдамадағы орындықтар бос болмайды ғой, сондықтан анау темірлерді жағалап, бел жазып аламын.
– Аға, бақылаушы (диспетчер) болу үшін қандай қасиет керек?
– Алдымен, төзімділік қажет, қырағылық та керек. Жаздың қапырығы мен қыстың ызғарында далада тұрудың өзі өте қиын. Мынадай шудан жүйкең жұқарып, қатты шаршайсың. «Саяхат» бекетінде 5 жылдан бері тұрамын, сол үшін көп адамды танып қалғанмын. «Тегін анықтама бюросы» қызметін де қоса атқарамын. Өйткені, Алматыны жөнді білмейтіндерге жөн сілтеп отырамын. Сауап жинап жатқан шығармын, – дейді жымиып. 
– Бір айлық жалақыңыз қанша?
– Күнделікті тиын-тебен бір айда 60 000 теңге болады. Қанағаттанғандықтан, тұрақты істеп келемін. Мұндай жұмысты таба алмай, базарда арба сүйреп жүрген қазақтар көп қой. Жақында метро ашылады. Мүмкін, сол жақтан жұмыс табылып қалар...
Мақсат ағамызбен тілдесіп, бақылаушылар өмірінің бір шетін біліп қайттық. Енді Желтоқсан көшесі мен Абай көшесінің қиылысына бағыт алдық. Ол жерден Руслан деген жігітпен кездесіп, сөзге тарттық. Мақсат ағамыз секілді ол да үш автобусқа қызмет етеді екен. №32, №92, №99 автобустардың уақыт айырымын анықтап отыратын жігіт те бізбен еркін сөйлесті:
– №3 автопаркте заңды түрде жұмыс істеймін. Бір апта осында істесем, кейінгі аптада басқа жақта тұрамын. Ең қиыны – қыстағы аяз,  аяғыңнан өткен суық шыдатпайды.  Бағыма, мына дүкен бар (бекетте орналасқан дүкенді көрсетеді). Ал далада тұратындарға бір күндік ақша тапқаны жұбаныш болар.
– Айлығың қанша?
– Сіздерге бұл соншалықты қызық па? Негізі, 50 мың теңге ғой. Тамақ пен жолдың ақшасын автобустар беріп жатса, 1000-2000 теңге шығарып аламын.
Кезекті сұрағымызды қоя бергенде, жас жігіт ұшып түрегелді де, №99 автобустың алдына барды. Үш бірдей қара сағаттың әрбір минутына дейін қарап отырған жігіт көлік жүргізушісіне есеп бере бастады:
– Бауырым, саған 4 минут. №92 үш минут бұрын кетті. Сен жүре бер. Задныйың келе жатыр...

 

Әсел ДАҒЖАН

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
3 + 4 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ