
Маңғыстаудан Моңғолияға немесе Мұңалдан Мұңғылға дейін
(Жалғасы. Басы №35 санда)
Жолымыздың аялы
Көзім ілініп кетіпті. Бір қарасам биік жотадан еңіске қарай түсіп келеді екенбіз. Жол дейтін жол емес. Ірілі-ұсақты шақпақ тастар шашылып жатыр. Әр жерде алдатөмпек құсаған тастар тасбақаның қабығындай төңкеріліп түскен. Машина Бауыржанның шеберлігінің арқасында ғана мысықтабандап келеді. Әйтпесе мынау төрт дөңгелекті темір түгілі екі аяқты адамың түсетін жер емес. Басқаларын қайдам, өзім іштей иманымды үйіріп отырмын. Зорға дегенде етекке түстік-ау, әйтеуір. Алайда сын мұнымен бітпепті. Сарқыраған Аққол өзенінің жағасын бойлап келеміз. Көліктің сол жақ аяғы – суға тиер-тимес тарлауыт. Өзім демімді зорға алып отырғанда Жанарбек бір әңгімені бастап жіберді. «Тап осы жолда өткен жылы екі машина аударылды. Адам аман, жабыла көтеріп тұрғызып алдық», – дейді шіркінің. Тапты айтатын қаралы хабардың уақытын. Өйтіп-бүйтіп бұдан да өтіп жөнелдік. Енді бір жерге барғанда жол тұйықталып қалып, адасқандай болдық. Жанарбек түсе сала, балағын түріп жіберіп машинаның жарығымен жортып барады. Ізінен жүріп келеміз. Түнгі жарық оның көлеңкесін жолға зорайтып түсіреді. Әбден тау-тасқа жортқан әккі екендігі көрініп тұр. Ақыры қалыңның арасынан өткел тауып бізді алып шықты. Алдымызда сарқырап Аққол ағып жатыр. GPS бойынша біз іздеген балбал тас өзеннің арғы бетінде, тұсына дәл маңдай тіреп тоқтадық. Түн ортасы ауып барады. Сапарбасшымыз Ерлан аға осы жерге тоқтап, қона кетуді ұйғарды. Әп-сәтте далалық шатырды құрып жіберіп, жата қалдық. Былай далаға түнеп жүргенмен, елсіз таудың ішіне бірінші рет қону маңдайыма тап сол түні жазылған мен пақыр қосүрейленіп, елегізіп жаттым. Оның үстіне Жанарбектің жол бойғы әңгімесінің қар адамы ма, тау адамы ма, әйтеуір бір қорқынышты кейіпкерлері бар дегендей... Бір кезде қорқынышты мүлде ұмыттым. Өйткені ұйқыдан сеспей қатыппын.
Оянсам, өзінің машинасына түнеген Баукең таңғы астың қамымен жүр екен. Шатырда Еркін екеуміз ғана. Сөйтсек, Ерлан аға мен Жанарбек таң бозынан тұрып, асай-мүсейін арқалап өзеннің арғы бетіне кешіп өтіп кетіпті. Қалып қойғанымыздың ұяты бар, жата берсек тағы ұят болар деп, өзеннің жағасындағы кішкене ғана бастау көзге барып жуынып алдым. Жуындым деген аты ғана. Қолыңды салсаң шекеңнен шығады. Сұмдық суық су. Шай қайнай бере қос балбалшы да өзеннің арғы бетінен бері қарай түсті. Екеуі де аңыратып, айқайлап келіп, кешіп өтті. Манағы суық айқайлатпай қойсын ба? «Аяғың ағаш болып қалады екен», – дейді Ерекең. Олар олжалы оралыпты. Таудың бергі етегіндегі балбал тасты фотоға түсірген. Әрі қарай барса, жақпар тастың бетіне самсаған аң-құстардың, аңшының түрлі-түрлі бейнелерін сақтаған тау галереясына тап болыпты. Ерекең оларды да фотоаппаратына мықтап сақтапты. Хош, сонымен таудың таңғы асына қол салдық. Қол салғанда мол салдық. Сұраған ағаның үйіндегі жеңгей кеше біз асығыстау болып қызығын көре алмай кеткен сүр етті ішінде қол басындай бүтін қазысымен тұтас салып жіберген екен. Жә, оқырманым тағы да менің ет тақырыбында тым тамылжытып баратқанымды байқаған болар, осымен тоқтатайын.
Қаражаматының қара балбалы
Шатырды шұғыл жинап алдық та, сапарды одан әрі жалғадық. Бағыт – Қара Жаматының тауы. Жолшыбай Ерлан ағамнан: «Бізді неге оятпадыңыздар?» – деп сұрап қоям. «Еркін екеуіңнің ұйқыларыңды қимадық», – дейді Ерекең. «Оятқанда да тұрар-тұрмасым белгісіз ғой», – деймін іштей. Күн сәске ауды. Таудың ажары енді кірді. Мен көрмеген керемет сұлулық. Біз табиғаттан бiршама алыстап кеткенбіз. Бір түн тауға түнеу мен үшін қандай қорқынышты болды. Жатпыз. Әбден жатырқап қалғанбыз табиғат ананың құшағын. Қауақ басыма сан түрлі ойлар келіп, өзіммен-өзім алысып келе жатып байқамаппын, біз мінген көлік алдымыздағы белге орғып шыға келген кезде алдымыздан құрулы шатыр, жиналған топ-топ адамдар жүр екен. Іштерінде әскери киімділері бар. Топтан бөлектеу төбенің басында жеке орындықтың үстінде алшайып біреу отыр. Қолында – алысты көрсететін құрал. Қасындағылардың бәрі соған үйіріліп тұр. Бұл – Моңғолияның президенті Сәкаұлы Елбек Доржы мырза екен. Баян Өлгийге бейресми сапармен келіп, БесБоғданың тауына зиярат жасап тұрған беті екен. Зиярат деп біз іреуеттеп отырмыз ғой, шындығында кәдімгідей тасқа табыну. Бір топ адам үйілген ұсақ тастарға қызыл-сары шүберектерін толтырып байлап, табыну рәсімін жасап жатыр екен. Біз топтың ортасынан жарып өтіп, кідірместен жүріп кеттік. Себебі, Жанарбектің айтуынша, біздің жүрген жерлеріміз Моңғолияның ұлттық қорығы болып есептеледі екен. Ал оған бізде рұқсат қағаз, сірә, жоқ. Елбек Доржы күтпеген жерден атып шығып, дәл бүйірінен тақап өте берген жалғыз көлікке біртүрлі болып қарап қала берді. Көліктің ішінен қолымызды бұлғап, біз де кете бардық. Сөйтіп жолай патшасын көрген Моңғолияға сапарымыз сәтті болар деген ырыммен Қара Жаматының без қара тастан шапқан балбалына дейін тоқтамай жүрдік. Жаматының жазыла түскен жарау аттың сауырындай тегістігіне әуелі арасын 5-10 метрден отыздың үстінде қалақ тастан қатар-қатар қада қағыпты. Қаданың бітер тұсында – қара балбал. Оң жақ шекесін сынып түсіпті. Сау қалған шекесіне құс саңғыған. Кісі бойы балбалды көргенде әуелі денең мұздай болады. Әруақтың үрейі дерсің. Өйткені балбал дегеніміз – дене жерленген қабір басы емес, негізінен, рухқа қойылатын дүние ғой. Демек, бізге бұлай әсер етуі – заңды. Бір қызығы, зер салып қарасаң, балбалдың қияқ мұрты, ат жақтылығы, тұрқы бәрі-бәрі қазақы. Кәдімгі қазақы болмыс! Бәріміз без қаратастан өн бойымызға бір жылу сезгендей, рухани сәйкестік тапқандай құшақтасып тұрып суретке түстік. Ерекең де балбалды армансыз фотоаппаратпен нысанаға алды. Айдалада адасып қалған бейшара бала атасын тауып аңырап құшпай ма қуаныштан. Біз дәл сондай әсерде болдық. Қара балбал артымыздан қарап қалды. «Ей, қазақ, мен саған тас емеспін, рухпын! Қайда барсаң да қазығың – мен!» – деп тұрғандай...
Көлікке отыра бере Ерекеңнің спутниктік байланыс құралы безілдей жөнелді. Қазақстаннан, Ерекеңнің жұмыс орнынан екен. Партияның шұғыл шаруасы. Сапарымыз Нұғынұрдан тәмамдалуы керек еді, амал жоқ, аттың басын кері бұрдық. Бұған да шүкір. Боғданың тауларына қош айтып, Өлгийге қарай жөнелдік. Манағы Моңғолияның президенті тауларға неге ұзақ қарап отырды екен деген ой келді. Тауға қарап отырудың өзі бір ғибрат һәм ғибадат екен-ау... Тауға шыққан адамда тәуекел де, дүниені тәрк ету де болады екен. Бесбоғданың тауы – моңғолдар үшін де, біздің қазақтар үшін де өте қасиетті тау. Өзінің әкімшілік басқару жүйесі қалыптаспай тұрған кезде моңғолдарды тибеттен келген діндарлар басқарып, оларды бірінші Боғда, екінші Боғда деп атаған көрінеді. Жолбойы тағы да Жанарбектің әңгімелерін тыңдауға көштік.
Жанарбектің арманы
«Әнебір жылы жапондық ғалым Яко Катосанмен бірге сапарлас болып, тауға алып жүрдім, – деп бастады Жәкең. – Жапондық ғалым мұздықтарды зерттеп жүр екен. «Алтай-Моңғол тауларында әлемдік климатты зерттеуге ең қолайлы мұздықтары бар», – деп осы жақты төрт жыл бойы зерттеді. Сонда кетерінде: «Сіздің таулардың мұздығы жылына төрт метрге еріп барады», – деген қорытынды жасады».
Жанарбек тағы бір сапарда ирландиялық Дэвид деген альпинисті тауға алып шығыпты. «Сендердің тілдерің моңғолға ұқсамайды, кімсіңдер?» – деп сұрағасын қазақ туралы біраз дәріс оқуға тура келіпті. Қазақстан жайлы Семей полигоны, Байқоңыр ғарыш айлағы дегеннен басқа мүлде хабары жоқ ирландқа қазақтың ұлан-ғайыр жері барын, азат, жеке мемлекет екендігін түсіндірсе анау ұға қоймапты. Сондағысы, сіздің жер Орысиеттің қай аймағы деген қыршаңқы сандырақ. Ашуға мінген Жанарбек Ирландияның қанша шаршы километр жері болғанын, оның қаншасын ағылшын алғанын, бүгін ол жерлерге кімнің саяси ықпалы көбірек екендігіне дейін айтып бермесі бар ма? «Тіпті қайдан шықса оннан шықсын, қазақ халқы күндердің күні өзінің тарихи жерлерінің бәрін де қайтаруға көшетінін айтып салдым. Ол енді менің жеке арманым ғой», – дейді Жәкең. Дэвид сол сапар жағын ашпастан кеткен көрінеді. Міне, Жанарбек Моңғолдың тауында жүріп, қазақтың арына қалай шабады?! Ол 2008 жылы ерлі-зайыпты испандық альпинистердің тауға шығуына да көмектесіпті. Әлгілер Жанарбекке еріп жүріп Өлгий қазақтарының қай үйіне келсе де, тегін қонақасы жеп, құрметке бөленеді. Мұндай мейманжайлыққа ауыздары ашылып таңғалады. Ол – ол ма? Жанарбектің қазақтың дәстүрі, тарихы, жылқыны алғаш жаратып, бүркітті қолға үйретудің осы қазақ даласынан бастау алатыны туралы қызықты әңгімелерінен соң, тіпті естерінен танып, қазаққа ғашық болып кетулі. Міне, біздің Жанарбек – осындай жігіт. 4374 метр биіктігі бар Суыққабырғаға ол талай ойнап шыққан. Айтқандай, біздің Еркін батырымыз да – Іле Алатауындағы 4100 метрлік «Школьникті» бағындырған таушы. Жалпы 4000 метрден жоғары биіктікті ғана шың деп атайтыны мәлім. Жанарбек біздің қиялымызды талай шыңға шырқатып отырғанда, Өлгийге де жетіп қалыппыз.
Бақыт балуан немесе алтыншы боғда
Ауылға кіре бере Сұраған аға күтіп алды. Тағы да үйіне алып келіп, жеңгейдің дайындаған мәнтісіне тойдырды. Жанарбек көліктен түсе үйіне қарай зулап еді, кейін білдік, кеше кетерде біз бата қылған қойды сойып, бүгін қонағасы бермекші екен. Моңғолияның қойының еті қанша қайнаса да, қатаңдау болады екен. Мұны Сұраған аға тауға жайылғаннан солай деп түсіндірді. Тағы да ет туралы толғамай тұрғанда кешеден бергі жолдың шаңын қалай алғанымызды баяндайын. Сұраған аға бәрімізді Өлгийді қақ бөліп жатқан Қобдаға келіп құятын Қату өзеніне алып келді. Қату деген атауының өзі басы қатты ағатын өзен болғандықтан екен. Сарқырағанда астындағы тастарын да қопарып ағызып жатқан өзеннің ең бір ағыны әлсіз деген айрығына келіп, дәрменіміз суға тізеге дейін барып бір батып шығуға жетті. Бірақ, кешеден бергі жолсоқты шаршауды да, шаңды да шайып тастауға сол жетіп жатыр екен. Құр аттай сергіп қалдық. Күн кешкіре Жанарбек мырзаның шаңырағында бас қостық. Қонақ бөлменің қос қабырғасын түгел Жанарбектің алған марапат-құрмет белгілері алып жатыр. Нағыз спортшының үйі. Сөйтіп отырғанда Өлгийдегі спорт бөлімінің меңгерушісі, атақты палуан қандасымыз Бақыт аға Одынайдың өзі келді. Келе кең құшағына алды. Бақыт ағаның боғдалықтар қойған лақап аты – алтыншы Боғда екен. Тау тұлғалы алып ағамыз шынында да Бесбоғданы толықтырғандай. Моңғолияда палуан ағамыздың басынан кешкендері, оның ғұмыр баяны өз алдына бір бір әңгіме екен. Талай мықтының жауырынын жерге тигізген Бақыт аға Моңғолияның лашын палуаны атаныпты. Мұңғылдар мұны «өсөх идэр», «улам өрнөх» деп әспеттейді. Бұл жақта ең мәртебелі палуандарға «піл», «лашын», «арыстан» деген дәрежелер беріледі. Алып адамның аңқау келетін әдеті емес пе? Бақыт ағаның да аңқаулықтары туралы бір кітаптың әңгімесі бар екен ел ішінде. Бір күні Бақыт аға жиыннан шықса, өзінің мотоциклінің қасында дәл сондай тағы бір мотоцикл тұр екен. Қайсысы өзінікі екенін айыра алмаған ағамыз әлгі жерде бір-жар уақыт тұрып қалыпты. Бір кезде екінші мотоциклдің иесі келіп: «Бәке жай тұрсыз ба?» – деп сұраса: «әуелі сен кетші, сосын мен кетейін», – депті палуан ағамыз. Сөйткен палуан ағамыздың қасында тұрып, естелікке суретке түстік. «Балдар, сендер менің алдыма тұрыңдаршы, бұтымның талтақтығынан ұялам», – деп бір күлдірді ол. Біз Бақыт ағамен де, Жанарбектің отбасымен де дән разы болып, қимай қоштастық. Сұраған ағаның боз ордасына келіп, салулы төсекке сұлап түстік. Шаршағанымыз енді білінді.
Өмір мен өлім көршілес
Біздің Моңғолиядағы үшінші күніміз де қауырт басталды. Әуелі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің Баян Өлгийдегі филиалына ат басын тіредік. Оқу орнының жетекшісі Хадисхан Әбділов өздері атқарып жатқан шаруаларды ерекше ықыласпен таныстырды. Филиалдың құрылғанына биыл 10 жыл толады екен. Биыл Қазақстанның білім министрлігі арнайы грант бөліп, 25 студентке тегін білім алуға мүмкіндік жасалыпты. Ұлан Баторда өткен тест сынағынан үздік шыққандар қатарында екі моңғол баласы да бар екен. «Олар Қазақстан ғылымына қатты қызығушылық білдіріп отыр», – дейді Хадисхан аға. Ағамыз биыл елімізде өткен дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайында осы білім саласындағы жасалып отырған қамқорлық үшін арнайы Моңғолиядағы қазақтардың атынан алғыс айтып, сөз сөйлепті. Екі қабатты Өлгий жұрты үшін зәулім ғимаратты аралап болған соң, көлікпен жедел жүріп кеттік. Бағытымыз – Адай ақсақал. Моңғолияның адайы Маңғыстаудың адайы келгенде үйінде жоқ болып шықты. Есесіне, бұл жерден Ерлан ағаның фотокамерасына керемет бейнелер ілікті. Үй сыртындағы желідегі құлыншақтар... Құлынның мойнынан тас қылып құшақтаған өзінің танауының да қос құлыншағы қатар заулаған тәп-тәтті бала... Әсіресе, торға қамалған бөлтіріктер... Сол тор үйшіктің іргесіндегі екінші есікте шыжымдаулы бүркіт отыр. Бөлтіріктерді өскесін босатып жіберіп, соған бүркітті салады екен. Таң қаласың. Бөлтіріктерді ажалдан бір қабырға ғана бөліп тұр. Іргелес отырып ғұмыр кешіп жатқан екі мақұлық ертең-ақ бірін-бірі өлтіреді. Әзірге одан қаперсіз бөлтіріктерді қолымызға алып суретке түстік. Құйрығын бұтына қысып, қолдан қанша тамақ жесе де, адамды жатырқап тұр. Бөлтіріктерді аяп кеттім. Біздің мұнда келген себебіміз осы өлгийліктердің аузында жүрген әңгіменің расына жету үшін еді. Естуімізше таудан келіп малға, қораға тиіп жүрген бір аю бар екен. Соған сол жердің бір бүркітшісі құсын салмақ болыпты. Оған ауылдың адамдары қарсы болыпты. Тыңдамай құсын салса, бүркіт әлгі аюдан тайсалмай түсіпті. Тас төбеден құлаған бүркітті аю бір қолымен ұстап алып дал-дұлын шығарып жыртып тастапты. Қанаты сынып, қансырап қалған бүркітті иесі ауылға алып-келіп жарасын таңып, күтімге алыпты. Басқа бүркіт ұстаған үлкен кісілер келіп балаға ұрсып, қатты кейістік білдірген екен, бала бүркітті өлгенше бағуға уәдесін берген көрінеді. Өзінің күші теңі емес екенін біле тұра, аюға түскен бүркіттің ерлігі мен жазатайым қатесі үшін өкінген, сөйтіп құс екеш құсқа ант еткен бүркітші бала бізді терең ойға қалдырды. Әттең, осы әңгіменің ұшығына жете алмай қайттық...
Қош, Бай Өлке!
Өлгийдің ортасымен жүйткіп келеміз. Иір-иір көше... Велосипед тепкен бала, мотоциклін аңыратқан жігіттер... Көбі дерлік – біздің қандастарымыз. Мұндағы ұраңқай, дүрбіт, тұбалықтардың көбі ішкі моңғолға ауып, қазақтар ен жайлап тұр. Мұнда қазақтың тілі де озық. Моңғолдың «хұсний дәлгүүрінің» қасында қазақша атаулар да есе беріп тұрған жоқ. Өлгейдегі ең үлкен сауда орнының аты да Астана деп айбарақтанып тұр. Жарайсың, Бай Өлке!..
Қысқа ғана сапарымызды осылай аяқтауға тура келді. Сол күні Ерлан Тынымбайұлы ұшақтағы қалған жалғыз орынды әзер дегенде иеленіп, елге ұшып кетті. Біз Еркін екеуміз Ташанты-Қосағашпен орыс жеріне келдік. Қосағаштан елден келіп тұрған көлікке отырып: «Қазақстан, қайдасың?» – дедік. Әрине, Таулы Алтайдың тамаша табиғаты, қаз-қатар тізілген теректер, қабағы қату қара орман да, сарқыраған өзен, биік шыңдардың әсерін айтып жеткізе алмайсың. Атақты Чике Таман құлауынан сәскенің кезінде түстік. Белгітақтаға Чикет аман деген алтайлықтардың тілінде тауға сәлем немесе жеке атаман мағынасын білдіреді деп жазыпты. Чике таман атаман да, сәлем де емес, биік шыңнан тіке табандап түсетін болған соң, Тіке табан атанған болар деп болжадық. Кім білген?.. Сүт пісірім уақытта жетердей болып Боғданың биігінен көрінетін біздің азат отанға орысиеттің үстімен 18 сағат айналып, төл топырағымызға табан тіредік, шүкір! «Жол азабы – көр азабы», – депті бұрынғылар. Еркіндік дегеннің не екенін Еркін бауырым екеуміз сол сапарда сезінгендей болдық. Әйтпегенде ше, ресейлік тәртіп сақшыларының қырына ілігіп, шекараны жүгімізді арқалаған күйімізде жаяу өту секілді түрлі оқиғаларды бастан кешіріппіз. Иә, Моңғолия! Бай Өлке!.. Артымызда тарихын тасқа тоқыған ел қалды. Тоныкөк, Білге қағандардың үрейі, Хан Шыңғыстың мерейін көтерген әз топырақ... Сол топыраққа тамыр салған қарға бауыр, қаршыға сіңір ғазиз жұрт, аман тұрғай!
Аяулы оқырман! Біздің кем күн сапарымыздың баяны осы болды. Мүсәпірдің бұл жазғандарына разы болыңыз, себебі бәріміз де сапаршымыз. Қайыр-хош!
Әнуар БИМАҒАМБЕТ

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...
ой қатырасың!!
Бір кісі осындай көп әнгіме айта алама?
Мынаны жазған жігіттің тіл шеберлігіне қатты риза болып отырмын. Көп нәрседен хабар беріпті, баяндауы да тамаша. Өлең оқығандай тамаша сезіммен отырдым. Рахмет сіздерге.
Өте жақсы. Оқып шықтым. Ұнады. Ануарға көп рахмет.
Өлгейге барғандар жамандап қайтыушы еді,бұл жолғы жиһанкездер керемет руқпен қайтыпсыздар,бәрі-бәрі апама жездем сай болып тур ғой.Талай әнгіме естігенбіз бірақ соларды көпке жеткізе алмадық қой.Қазір құрышыңды қандырып әнгіме айтатындарда сирегені қай заман..
Қ.Ерландай ұлт қамын жеген ерлер аман болса талай сапар талай шым-шытырақ оқыйғалар жазылар.
----------
--Сұмдық суық су. Шай қайнай бере қос балбалшы да өзеннің арғы бетінен бері қарай түсті. Екеуі де аңыратып, айқайлап келіп, кешіп өтті. Манағы суық айқайлатпай қойсын ба? «Аяғың ағаш болып қалады екен», – дейді Ерекең.
-----------
Бұл жерді оқығанда жұрегім елжіреп кетті.Жалпысы жақсы жеткізген сапарды ,авторға рақмет! .
Атақты Чике Таман құлауынан сәскенің кезінде түстік. Белгітақтаға Чикет аман деген алтайлықтардың тілінде тауға сәлем немесе жеке атаман мағынасын білдіреді деп жазыпты. Чике таман атаман да, сәлем де емес, биік шыңнан тіке табандап түсетін болған соң, Тіке табан атанған болар деп болжадық. Кім білген?..
АНУАР СЕНИН СОЛ БОЛЖАМЫН КОНИЛГЕ КОНАДЫ. ШЫНЫНДА ДА ТИКЕТАБАН ДЕП АЙТАМЫЗ ГОЙ.
ТИКЕТАБАН алғаш естіп турмын.Бәріде кезіндегі қазақтың жері ғой
килен саяси дау-дамайдан серпилиуге осындай дуниелер жаксы екен.