19 Май 2012 | Сенбі

Тарих

Бәрі есте...

09 Декабрь, 2011

Сонау 60-жыл­дардың басында Алматыға келіп, оқуға түскенбіз. Ол кезде қалада қандастарымыз өте аз еді, естуімізше, қала халқының 7 пайызын ғана құрайтын. Бұған 4 пайыз қазақ студенттерін қосыңыз. Алматылық қандастарымыздың дені ана тілін жарытып білмей ме, білгісі келмей ме, әйтеуір, қазақша сөйлемейтін. Қазақ студенттерінің дені ауылдан келгендіктен шығар, көшеде, не қоғамдық көлікте кездесе қалса, өз тілімізде сөйлеуге ықыласты едік. Автобуста екі-үш қазақ жігіті (аз ғой) ұшырасып, ана тілімізде сөйлесе қалсақ, онда отырған орыс кемпірлері:
– Не деп күңкілдесіп тұрсыңдар? Адамша сөйлесіңдер! – деп зеки жөнелсе, байқаусызда бір нәрсені бүлдіріп алған бейкүнә сәбидей бір-бірімізге үрпие қарасып, жым болушы едік. Сол күндер әлі есте. Қазақтың астанасында қазақша сөйлесе алмау деген қандай қорлық десеңші?!

Осыған орай бір зиялы азаматымыздың мұрағат дерегіне сүйеніп жазған мақаласы ойға оралады. Онда патшалық Ресейдің тұсында Алматыдағы қазіргі 28 панфиловшылар бағының кіреберісіне: «Бұған қырғыз-қайсақтардың (қазақтар дегені) кіруіне болмайды» деген ескерту ілулі тұрады екен.
...1987 жылдың қаңтарында қолыма тегін жолдама тиіп, Одессаның бір санаторийіне бара қалдым. Әйгілі желтоқсан оқиғасының бүкіл Кеңес Одағын бір дүрліктірген кезі. Бүкіл газеттердің жазатыны сол. Оқиғаның байыбына бармастан, алаңға шыққан жастар (қазақтар) аяқастынан «нашақор, ішкіш, бұзақы» атанып шыға келді. Іле: «түгі сыртына шыққан ұлтшыл», – деді.
Менің Алматыдан келгенімді білген санаторий директоры бір күні өзіне шахмат ойнауға шақырды. Түр-түсінен еврей екендігі көрініп тұр. Аты-жөні әлбетте орысша. Маған іш тартқан болып, шахмат ойнап отырып:
– Газеттен оқып жатырмыз. Шынында, не болды? – деп, сыр тартқысы келді.
Әрине, сақтандым. Бір ауыз сөзім үшін ұсталуым да мүмкін ғой. Сондықтан:
– Газеттердегі оқығаныңыздай ғой, – деп қысқа жауап беріп, тілімді тарта қойдым. Жүзіме барлай қараған, ол менің оңайлықпен ашыла қоймасымды сезді де, ол жайлы қайта сұрамады. Екі молдован жігіті:
– Қазақтар жарайсыңдар! Оларға сол керек, – деді маған оңашада...
«Оларға» дегені кім-кімге де түсінікті шығар. «Халықтар түрмесі» атанған Кеңес Одағы өзіндегі барлық ұлттар мен ұлыстарды тең көреміз деді-ау?! Сөзі басқа, ісі басқа. Тек бір ұлт үстемдік етіп, солардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды. Тілін бәріміз біліп, сөйлеуге де, оқуға да тиіс едік.
Иә, бәрі есте. Ресейдің бодандығы да, «түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетімізді» дамытып, баршамызды ұшпаққа жеткізген қоғамында да өз ана тілімізде ресмиі өз алдына, көпшілік орында да өзара тілдесе алмай, бейкүнә сәбидің күнін кешкен күндеріміз де тарих қойнауына кеткелі 20 жыл өтіпті. Бұған бүгінгі еркін ойлы жастарымыз сенер, не сенбес. Өткен ғасырдың нағыз «ақ түйенің қарны жарылған» 70-80 жылдарының өзінде Алматыда сатып алған кішкентай жер үйіме (полдома) тіркеле алмай көп қиналдым. Оқу бітіріп, Алматыда қалғысы келген жас мамандар баспанасы болмағандықтан, тіркеле алмай, тығырыққа тірелетін. Өйткені, тіркеусіз қызметке қабылдамайды. Біздің замандастарымыз мұны жақсы білсе керек. 80-жылдары алдымен Қапшағай қаласын, содан кейін Алматы қаласын басқарған Қойшыманов деген (көп жасағыр) азамат қандастары үшін тіркелуге «жасыл көше» ашамын деп «халық жауының» кебін киіп, көз түрткіге айналды. Партбилетінен айырылып, қызметінен қуылды. Түрмеге де қамалды-ау деймін. Жарқырап шыққан есіл ер көпшіліктің көз алдында қор болды. Ал, есесіне, Қазақстанға үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын Сібірден қалтасы ақшаға толы «аққұлақтар» ағылып келіп, жайғасып жатты.
Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл толды. Әлдекімдер айтып жүргендей бұл оп-оңай келе қалған жоқ. Көресіні көріп, қиналдық, дәрменсіздіктен іштей егіліп, шарасыз күй кешкен күндер аз болмады. Иықтан жүк түсіп, осы күнге жеткеніміз рас па, өтірік пе, дейміз іштей.
Рас, бұл күндердің өз қиындығы, күрсіндіретін «әттеген-айы» аз емес. Жеке мемлекет құрғанымызбен, оны нағыз ұлттық елге айналдыра алмай жатқанымыз арқаға аяздай батады. Мемлекеттік мәртебе алған тіліміздің де жыры таусылар емес. Дініміздің жағдайы да соған жақын. Еліміз бүкіләлемдік түрлі ағым, секта, дінсымақтардың сынақ полигонына айналды. Жетпіс пайыз мұсылман ұстанатын ата-бабамыздың асыл дінінің ханафи мәзһабы күні кеше қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда, әйтеуір, мемлекеттік тұрғыда мойындалды-ау?! Әйтсе де, кемшін тұстары баршылық. Санасы атеизммен уланған халқымыз жиырма жыл бойы сол сынақ полигонында мидай араласты. Әлемдік тәжірибеде бір ұлттың бірнеше діни сенімге бөлінуі жақсылық әперген емес. Іштей ірітеді, сол жағдай қазір басымызда. Мұның алғашқы зардабын сезіндік, көрдік. Көз жетті. Демократия деген – алдамшы ұғым. Оның шексіз болуы мүмкін емес. Саяси демократия болар. Ал дінге ол жүрмейді. Діни сауатсыз тобыр оны айыра алмай, ұлт пен діннің тұтастығы бұзылады. Сондықтан, мектепке арнайы имандылық, не ұлттық салт-дәстүрге негізделген пән енгізіліп, оқытылуы тиіс. Бұл ұлттық мемлекет құрудың алғашқы баспалдағы бола алады. Онсыз, әл Фараби ғұлама айтқандай: «Тәрбиесіз алған ілім, адамзаттың жауы».


Оңғар Өмірбек,
ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы, «Иман» журналының Бас редакторы

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
1 + 9 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ