Қонақжай, дархан мінезді Амангелді Жамбыл облысы Талас ауданындағы «Ойық» кеңшарының озат шопаны болатын. Жуанқұмда қоғамның бір отар малын қысы-жазы бағып-күтіп, шашау шығармай өсіріп жататын.
Құм ішінен бірнеше ұңғымалар қазып, барлау жұмыстары сәтті аяқталғанда зерттеуші-ғалымдар бұрын адам ізі сирек түсетін өңірді «Амангелді газ кеніш аймағы» деп атады. Картаға түсіріліп, табылған газ орындарын нақтылап белгіледі. Бірақ, қойшы Бекежанов бұл оқиғаға оншалықты мән бере қоймады. Жылы жымиып отырып, қонақтарын қазақы кеңдігімен сыйлап-күтіп жатты...
Арада қырық жыл уақыт өткенде 2001 жылы Жуанқұмдағы бұрын газ табылған орындарға ел Үкіметінің назары ауды. Сөйтіп, Жуанқұмдағы бірнеше ұңғымалардан әбден пісіп-жетілген газ-бұрқағы атқылады. «Амангелді» газ кеніші осылай іске қосылды.
Осы кезде зейнет демалысында жүрген бұрынғы қойшы Амангелді Бекежанов кеніш басына барып, ел қамы үшін еңбектеніп жатқан газ өндірушілерге арнап ту биесін сойып, құран оқытты. Өз атындағы газ кенішінің өмірге келіп, тарихқа енгеніне қуанды.
Міне, өткен он жыл ішінде «Амангелді» газ кенішінен екі миллиард текше метрден аса сапалы көгілдір отын өндірілді. Өңір экономикасын көтеруге айтарлықтай үлес қосып келе жатқан жергілікті газ қазірге дейін 25 ұңғыдан алынып, одан газбен қоса газ конденсаты да игеріліп жатыр. Геологтар бұдан өзге бұл маңайдан тағы да 8 ұңғыма бұрғыланатынын айтып отыр. Сондай-ақ, Қосқұдық, Сұлтан құдық бойындағы кен орындарын барлау жұмыстары да көңілдегідей нәтиже берді. Сонымен бірге Айрақтыдағы бұрынғы бұрғыланған ұңғыларды қалпына келтіру, Жарқұмнан жаңа зерттеліп, газ қоры анықталған орындардан көгілдір отын өндіру жұмыстары да қызу іске аса бастады. «Амангелді» газ орындары тобына жататын аймақты игерудің қолға алына бастауы еліміздің оңтүстігінде ұзақ жылдар бойы халықаралық стандарттарға сай сапалы өнім алынатынына мамандар зор сеніммен қарайды.
Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында газ өңдеу зауыты толық қуатында іске қосылды. Түгелдей немістердің жаңа үлгідегі технологиялық желісімен жабдықталған зауыттан еуростандартқа лайықты арзан, әрі жоғары сапалы октанды бензин халық игілігіне беріліп келеді.
– Жаңа зауыт өндіретін АИ-80 бензині мен өзге де жанар-жағармай түрлерін көптеп шығарып, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұтынушыларын толық қамтамасыз етуге негіз бар. Оған қажетті шикізат қоры жеткілікті. Өнімнің құны төмен болатыны да алдынала есептеліп отыр, – дейді облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Жеңіс Тұяқов.
Облыс әкімі Қанат Бозымбаев биылғы жылды «елді мекендерді газдандыру және жол жылы» деп жариялаған еді. Содан бері қазір осы екі бағыттағы жұмыстар қауырт әрі сапалы жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін облыстың 25 аумағында газ құбырларын тарту іске асты. Соның бірі таяуда Меркі ауданындағы Ақарал ауылының 143 отбасына табиғи газ жеткізілді. Оның құрылыс жұмысын «ҚазТрансГазАймақ» АҚ облыстық өндірістік филиалы жүргізді. Осы филиал жұмысшыларының күшімен жыл аяғына дейін тағы 2000 үйді газ құбырына қосу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, биылдан бастап Қордай, Шу аудандарының елді мекендерін газға қосуға мүмкіндік беретін жобалық құны 4 миллиард теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары басталып кетті. Ал, Талас, Жамбыл және Байзақ аудандарындағы ауылдарды газдандыру үшін биыл республикалық бюджеттен 1,3 миллиард теңге бөлінді.
Аймақтағы газ тарату желілерін қайта жөндеуден өткізу жөніндегі жобалар да қазір қызу іске аса бастады. Келесі жылы бұл жұмыс жаппай жүзеге асады деген нық сенім бар. Жобаның жалпы құны 20 миллиард теңгені құрайды екен.
Осылайша бұл әңгімені аяқтай салмай тұрғанымыздың бір үлкен себебі бар. Бір айдан бері өңірде көгілдір отын бағасы қымбаттады. Рас, газ облыс тұрғындарына өзге көршілеріне қарағанда, арзан бағамен беріледі. Соған үйреніп қалған халық жаңа тарифті тосырқай қарсы алды. Оның үстіне «Амангелді» кен орындағы газ қоры азайып қалыпты» деген суық әңгіме де ел ішін кезіп кетті. Оған себеп, 2009 жылы кеніштен 354,2 миллион текше метр табиғи газ таратылса, биылғы өнім 323,6 миллион текше метр шамасында болады деген ақпарат бар. Демек, ел көңілінің алаңдайтындай жөні кеп тұр.
Бұл мәселені ашық мойындап отырған мамандар «Амангелдідегі» қазіргі ұңғылардан алынып жатқан газдың біршама азайғанын, бірақ жоғарыда атап өткен жаңа орындар іске қосылғанда өнім еселеп артады деген сенімде отыр. Ал, ол күндердің де алыс емесін тілге тиек етеді. Ендеше, халықтың сәл сабыр сақтауына тура келеді. Қалай болғанда да, Амангелді қойшының атындағы газ кеніші елдің үдесінен шығады деген сенім басым.
Дүйсенбек АЙБЕКОВ,
Жамбыл облысы

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...