19 Май 2012 | Сенбі

Спорт

Айғалидың ұлы – неміс айдынында

Шпенглер кубогы жолындағы жарыста шайба біткенді қайтарып, қақпасына дарытпаған Даниярға Еуропа мамандары назар аудара бастады. Жаңа жыл қарсаңындағы айтулы сынның бас бәйгесін ұтып алған қазақ баласы картадан Астананы іздейді екен.

Алдымен Айғалидың өзін танып алайық. Жүнісовтің таланты бірден байқалып, шет тілі институтында оның алдына түсетін шәкірт табылмайды. 19 жасында тіл үйрену қабілетімен ұстаздарға ұнаған бозбала Алматыдағы оқуды еркін меңгеріп, арнайы жолдама бойынша алман еліне сапар шегеді. Берлиндегі Гумбольдт университетіне қабылданып, неміс тілін тереңдете оқиды. Тағдырдың жазуы шығар, болашақ жарын Германиядан кезіктіріп, отау тігеді. Қайта құрудың жылымығында жырақты мекен еткен Айғали Кеңес Одағы ыдыраған тұста Берлинде қала береді. Осыдан жиырма бес жыл бұрын ұлды болып, дүниеге Данияр келеді. Неміс айдынындағы Айғалидың ұлы дегенде, сол Даниярды айтып отырмыз. Ол да бір айналайын, шайбалы хоккейде озып жүр. Білдей қақпашы. Қарсыластарының соққысын қайтарып, бедел жинап алды. 2008 жылы хоккей жаңалықтарын тарататын ақпарат құралдары ДЕЛ-ге қазақ қақпашысының тіркелгенін хабарлады. Жүнісов дегенде елең еткенбіз. Дойче ейсхоккей лигада өнер көрсететін «Вольфсбург» сапына қосылыпты. Ол кезде «Гризли Адамс» клубында өзге қақпашылардың дәуірі жүрді. Данияр Жүнісовтің сегіз жасынан хоккейге қызығушылық танытқанын кейін естиміз. Әкесімен еріп, матчқа барған ғой. Содан қиғылық салады. Конькиге аңсары ауып. Берлиндегі арнайы спорт мектептерінің біріне қабылданып, көңілі кеткен салада жаттығады. Қызығы, Даниярды хоккейге тартқан шешесі көрінеді. Чехия құрамасының қақпасын күзететін Доминик Гашекті әулетімен құрметтейді екен. Данияр да жас кезінде Доминаторға ұқсағысы келген. Күні бүгінге шейін Гашекті «жұмыр жердің бас қақпашысы» деп қабылдайды.
Жасөспірімдер сапында әбден ысылған Данияр кезінде Германия жастар құрамасында да өнер көрсетіпті. Он сегіз жасқа толғанда «Айсбэрен» клубымен келісімге келіп, әлгі команданың намысын жыртады. Кейін Гамбургке ауысып, ДЕЛ-дегі шеберлігін шыңдай түседі. 2008 жылы «Гризли Адамс Вольфсбург» бапкерлеріне ұнап, шақырту алады. Бұрнағы жылы әр ойында орта есеппен 2,39 шайба жіберіп, үздіктер қатарынан орын алды. Былтырғы маусымда да қақпасына бағытталған шайбаның 93,4 пайызын уысында ұстап, мықтылармен бір қатарда тұрды. Биылғы көрсеткіші, тіпті керемет. Бес матчтың үшеуінде өз қақпасын голдан аман ұстап, әлгі нәтижені әбден жақсартып алды. Орта есеп матч сайын 1,21 гол жіберетінін байқатты. Мұндай табысқа кенелген қақпашы тұтас Германияда саусақпен санарлық. Қазан айында «Вольфсбург» сырт айдында «Изерлонмен» сынға түсті. Данияр бірде-бір рет қателескен жоқ. Оның командалас досы Давид және Джон Лалиберте үш рет мергендік танытып, Бердсмор мен Майли де көзге түсіп, Хаскинс пен Вернер де гол соғып, Даниярлар – 7:0 есебімен жеңіске жетті. «Изерлон» шабуылшылары Жүнісов қорғаған қақпаға 44 рет соққы жасапты. Данияр соның бәрін де дарытқан жоқ. Өзі өте еңбекқор деседі, ұстаздары. Арманы да бар екен. Данияр былай депті: «Қазір жаттығуды үдете түстім. Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсетсем деймін. Ол үшін, әрине, тіл білген де дұрыс. Қазақ екенім анық, ендеше ана тілімді меңгеруге күш саламын. Түбінде Қазақстан құрама командасының жейдесін киген жөн. Әрине, шеберлікті шыңдай түссек, әлгі мақсатқа жетуге болады». Сөз саптауы ұнады. Әртүрлі басылым бетінен немесе шайбалы хоккейде ендеп жазатын интернет сайттарынан оқып білгеніміз. Қазақстанның тағы бір түлегі Дмитрий Кочнев қазір ҚХЛ-да жүр. Ол да неміс лигасында өнер көрсеткен болатын. Данияр Дмитрийдің жолын қуғысы келеді. Басқаны қайдам, «Барыстың» қақпасын күзеттіріп көру керек.
Енді осы мақаланы жазуға себеп болған жарысқа келейік. Жыл сайын өтетін Шпенглер кубогы жолындағы бәйгеде біздің Даниярдың шеберлігі анық байқалды. 1923 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан сынға Канада құрамасы да қатысады. Давостағы айдында Даниярдың достары асыр салды. Кубоктың он бір дүркін иегерлері – Канадамен ширек финалда кездесіп,  «Вольфсбург» күтпеген жерден жеңіске жетті. Германиядағы ұлттық біріншіліктің күміс жүлдегерлері үйеңкі жапырақты ел құрамасымен иық тірестіре алатыны бұрын байқалмаған. Негізінен қорғанысқа көңіл бөлген немістер өз қақпашысына мықтап сенді. Данияр да ер емес пе, сенімді ақтады. Әсіресе ойын соңынан кейінгі буллитте үздік болды. Джоэль Перро соққысын қайтарып, өз командасын жартылай финалға алып шықты.
Бір әңгімесінде, «2013 жылы қазақ жерінде өнер көрсетуге ұмтыламын», – депті. Қағынан жерінбегенді қалқан етіп көрсек қайтеді, қазақ хоккейі. Сіз не дейсіз, «Барыс»?

Амангелді Сейітханов

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
6 + 5 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ