Жедел жәрдем қызметі ақылы болады дегенді естігелі Дәметкен апайдың көңіл-күйі жоқ. Жетпістің жетеуіне келген қария жиі сырқаттанады. Әсіресе, қан қысымы, Алматының ауа райы сияқты сан құбылатыны бар. Бірде қатты көтеріліп, жүрекке маза бермесе, бірде төмен түсіп, әбден әуреге салады. Мұндайда Дәметкен апайдың жұбанышы – жедел жәрдем еді. Енді...
Даудың басы – дәрігер
2013 жылдан бастап ақ халаттылар халыққа ақылы қызмет көрсетеді. Осындай ақпар тарағалы Қазақстан қарияларының құты қашты. Апта, тіпті ай сайын ауырып қалатын ақсақалдарымыз ақылы аурухана дегенді ақылға қонымсыз дүниеге балап отыр. Соғыс ардагері Сұлтан Әбдіқадыров: «Мен екі күннің бірінде сырқаттанып қаламын. Әрбір ауырған күнім үшін ақылы жедел жәрдем шақырып, ақылы ауруханада емделетін болсам, менің нем қалады? Ақылы медициналық орталықтар бар емес пе? Ал халықтық емдеу орындарын ақылыға айналдыру – елді қанау ғой. Министрліктегілер жұрттың пікірімен неге санаспайды?» – деп реніш білдірді. Ал алматылық ақсақал, еңбек ардагері Сейітжан Кәрімов: «Жедел жәрдем ақылы болса, оның көшедегі таксиден несі кем? Дәрігерлер өз денсаулығын сақтамайтындар үшін осындай қадамға бармақпыз дейді. Сонда арақ ішіп, темекі шегіп өз өмірін бүлдіргендер үшін біз жазалануымыз қажет пе? «03» қызметі үшін ақы төлеу – шектен шыққандық», – деп отыр. Газетіміздің тұрақты авторы, зейнеткер Назрахмет Қали да бұл жүйеге қарсы. «Жедел жәрдемді көп шақыртатындар кімдер? Олар – жасы келіп қартайған, өмірдің бейнетін көрген, жүрегі әрең істеп тұрған, қан қысымы қайта-қайта көтеріле беретін зейнеткер қарттар, әр топтағы мүгедектер. Олардың жәрдемақылары – сәйкесінше 19 бен 16 мың теңге. Зейнеткерлер мен мүгедектер айына 2-3 ретке дейін жедел жәрдем шақыртады. Жасыратыны жоқ, жедел жәрдемнің көбі қарттарды ауруханаға әкетпеуге тырысады. Сонда бұлардың ақшасы жедел жәрдемді бір рет шақыртуға ғана жетеді екен. Ақшасы жоқ бұлар өле беруі керек пе? Мемлекеттің мойнында отырған бұлардан үкімет осылай тезірек құтылғылары келіп жүр ме? Әлде үкімет халықты осылай қыруды ойластырған ба?» – деп ашынды зейнеткер. Қариялардың қай-қайсысының да айтатыны – осындай өкпе.
Денсаулық министрлігі науқастарды төлем жүйесі арқылы емдейді екен деген әңгіме елді кәдімгідей әуре-салғаңға салғаны рас. Әсіресе, жедел жәрдемнің ақылы болатындығы көпшіліктің наразылығын тудырды. Мұндағы ел қарсылығына тап болған – Заң жобасының 5-бабы. Бапта өзін-өзі күтпей, темекі, арақ сияқты зиянкес дүниелерден кеселге ұшыраса, емханадағы науқас дәрігер ұсынған дәріні емес, басқа дәріні тұтынғысы келсе, жедел жәрдем шақырып, дәрігердің қажеттілігі аз екенін айтқанына қарамай, өзін ауруханаға жатқызуын талап етсе «ақылы қызмет көрсетіледі» делінген. Сол сияқты, ауруханаға өз аяғымен баруға мүмкіндігі бола тұра, жедел жәрдем шақырса, медициналық қызметке жатпайтын қызмет түрлерін қаласа, ақы төлеу міндеттеліпті. Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісовтің айтуынша, осындай жаңа міндеттер енгізу арқылы халықтың өз саулығына жауапкершілікпен қарауына және медициналық қызметтер үшін жұмсалынған заңсыз төлемдердің алдын алуға болады екен. Осыған қарап жауапкершілікті арттырудың халықты жазалаудан басқа әдісі табылмаған ба дейсің? Медицина сарапшысы Рахима Дүйсенова: «Қазір қарапайым халық, ем-дом кезінде ненің тегін, ненің ақылы екенін толық білмейді. Ал жаңа жүйені енгізсек, халық тіпті шатасады. Министрлік бұл жүйе арқылы жемқорлықтың алдын аламыз, – деп отыр. Бірақ нағыз жемқорлық осыдан туындайды», – дейді. Бір қызығы, бұл жүйеге медицина мамандарының өздері де қарсы. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы емделушілер құқын қорғау кеңесінің мүшесі Наталья Тукалевская: «Мен де кейде сырқаттанып, жәдел жәрдемге жүгінемін. Ол келем дегенше, кемі жарты сағат өтеді. Мен оған дейін қарап жатпаймын ғой, дәрі қабылдаймын, әртүрлі ем-дом жасаймын. Дәрігерлер келгенде мен тәуір болсам, сонда айыппұл төлеуім керек пе? 30-40 минут бұрын өлім аузында жатқанымды қалай дәлелдеймін?» – дейді.
Конституция бойынша әрбір Қазақстан азаматының тегін кепілдендірілген медициналық қызметті тұтынуға құқығы бар. Демек, медициналық қызметтің ақылы болуы – біріншіден, Конституцияға, екіншіден, ел халқына жасалып отырған қастандық. Министрлікте қызу талқыға түскен бұл мәселе жақында оң шешімін тапты. Аталмыш жүйе министрлік жанындағы пациенттердің құқығын қорғау қоғамдық кеңесінің отырысында әбден талқыланыпты. Нәтижесінде, жедел жәрдем қызметі үшін ақы төленбейтін болды. Ал ауруханадағы медициналық қызмет мәселесі әлі де болса, қоғамдық талқыға салынып отыр.
Мазасыз «03»
Жедел жәрдем қызметкерлерінің бір күнін басымыздан өткеру үшін, қалалық Денсаулық сақтау басқармасына хабарластық. Ондағылар Айнабұлақтағы №1 қосалқы жедел жәрдем стансасы қызметімен танысуға рұқсат берді. Басшылық бізді стансаның дәрігері Нәсіпкүл Өскенбаева мен фельдшер Әбіш Еркінжанның жанына қосты. Осы жерде айта кетейік, Алматыда 8 қосалқы жедел жәрдем стансасы жұмыс жасайды. Бір стансада кемінде 30-ға жуық «03» көлігі бар. Әр көлікте жүргізуші, дәрігер және оның көмекшісі (фельдшер, медбике) болады. Бір дәрігер күніне 10-15 науқасқа қызмет көрсете алады. Яғни бір станса 500-ге жуық науқасқа алқашқы медициналық көмек көрсетсе, қала бойынша күніне 4000-ға жуық науқас жәдел жәрдем шақыртады екен. Сонымен...
Таңғы сағат 10.00-де біздің көлік станса алдына келіп, «шығыңдар» дегендей белгі берді. Дәрігер, фельдшер және мен көлікке қарғып міндік. Дәрігер жүргізушінің жанында, ал мен «Газельдің» артындағы фельдшердің қасына отырдым. Жол-жөнекей жанымдағы Әбіш Еркінжаннан жөн білісіп келемін. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің соңғы курсында оқиды екен. Мұнда дәрігерге көмектесіп, тиісті ем-дом жасайды. Науқасқа алғашқы көмек көрсетіп, құжаттарды толтырады екен. Сағат 10.40-та Айнабұлақтағы емханалардың біріне емделуге келген науқасты №11 ауруханаға алып бардық. Науқас емханаға жүрегі ауыратынын айтып келіпті. Түнделетіп көшеде келе жатқан оны бір топ бұзақылар сабап тастапты. Ол кезде денсаулығынан пәлендей кінәрат байқай қоймаған. Бірақ түнімен жүрегі ауырып, ұйықтай алмай шығыпты. Таң ата емханаға келгенмен, дәрігерлер ауруханаға бару қажеттігін айтып жедел жәрдем шақырған. Науқасты ауруханаға жеткізіп салғанымыз сол еді, жақын маңда жол апаты болғаны жөнінде хабар түсті. Сағат 11.00 кезі. Дереу сол жерге тарттық. Соғылысқан көліктердің бірінен ауыр жараланып, біраз қан жоғалтқан жүргізушіге алғашқы көмек көрсеттік. Дәрігерлер науқасты дереу кабинаға кіргізді де, емдеу жұмыстарын жасай бастады. Көлігіміз дабылдата отырып, науқасты ауруханаға тез жеткізді. Сөйтіп жүргенше уақыт 13.25 болып қалыпты. Біз стансаға келіп, түскі тамаққа отырдық. Сол-ақ екен аялдамада тұрған бір келіншектің ес-түссіз жағдайға түскені жайлы хабар жетіп, апыл-ғұпыл аялдамаға асықтық. Бірақ, біз барғанша әйел есін жиған болуы керек, жоқ болып шықты. Дәрігер Нәсіпкүл Өскенбаева мұндай жағдайдың жиі болатынын айтады. «Жедел жәрдем шақыртады. Барамыз. «Бәрі жақсы, дәрі ішіп ем, денсаулығым қалпына келді», – деп қайтарып жібертіндер көп. Сосын өтірік шақыртатындар да бар. Барсақ ондай пәтер жоқ, болып шығады. Немесе ауырып жатқан адамды таппай қаламыз», – дейді дәрігер. Әңгімені әрі қарай жалғап, көбіне қандай жағдаймен жедел жәрдем шақыратынын сұрадым. «Көбіне жол апаты, астан улану, гастрит жағдайында шақырып жатады. Біз оларға алғашқы көмек көрсетіп, тиісті ауруханаға жеткіземіз. Сол сияқты қан қысымынаң көтерілу немесе түсіп кету жағдайлары да жиі кездеседі», – деді. Әңгімемізді тағы да орталықтан жеткен хабар бұзды. Бір адам қан қысымы көтеріліп, үйіне жедел жәрдем шақыртып жатыр екен. 20.40-та сол жерде болдық. Дәрігер тексеріп көріп еді, науқастың қан қысымы түспей қойды. Таңғы 9-дан бастап осы халде жатқанын айтты. Елулерді алқымдаған жігіт ағасын дереу стационарға жеткіздік...
Байқағанымыз, жедел жәрдемнің қызметі жеңіл емес екен. Түнгі 11-ге дейін жүріп, бір күнде 7 науқасқа алғашқы көмек көрсеттік. Нәсіпкүл Өскенбаева: «Бүгін науқастар аз болды», – деп жымиды. «Азы осы болса, көбі қандай болады екен?» – деймін мен ішімнен. №1 жедел жәрдем стансасы Түрксіб және Жетісу аудандары бойынша дәрігерлік қызмет көрсетеді. Ал мұндай стансалар Алматыда қаншама? Дәрігерлермен бірге болған бір күнімізде, олардың қызу жұмысы мен жан күйзелісін шындап түсінгендей болдық.
Серікбол ХАСАН

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...
wwrhvd