Қоян жылы аяқталып келеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикасы аясында қол жеткен жетістіктермен бірге, кемшін түскен тұстарымыз да жетіп-артылады. Ел Үкіметі ірілі-ұсақты бірнеше бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Қоғамның одан күтетіні көп. Әйтсе де, әлемді «дағдарыс елесі» кезіп жүргені айқын. Еліміздің бүгінгі экономикасының бет-бейнесі қандай? Бұл саладағы бағыт-бағдарымыз дұрыс па? Қандай келелі іс-шараны қолға алуымыз керек? «Жас қазақтың» осы және өзге де сауалдарына белгілі экономист, Астанадағы Мұнай және газ институты директорының кеңесшісі Жақсыбек Құлекеев жауап береді.
Жас қазақ: Кезінде, экономика министрі болып тұрған кезіңізде: «Елімізде жеңіл өнеркәсіпті, оның ішінде жүн, тоқыма-киім өнеркәсібін неге дамытпаймыз?» деген сауал қойғанымда, сіз «іргемізде Қырғызстан, көршіміз Қытай, олармен бәсекелесу қиын» деп едіңіз. Осы пікіріңізді әлі өзгерткен жоқсыз ба?
Жақсыбек Құлекеев: Қазір Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі индустриалды-инновациялық саясатқа сәйкес дамуда. Соңғы жылдары киім, тамақ, сусын өнімдерін өндіретін көптеген жаңа кәсіпорындар пайда болды. Дегенмен, өңдеу өндірісіндегі ең үлкен жетістіктер химия, пластмасса, дайын металл бұйымдарын өндіру салаларында болып отыр. Өйткені, бұл салалардың қарқынды дамуына елімізде толық мүмкіндіктер мен экономикалық негіздер жеткілікті. Ең негізгісі, аталған өндіріс салаларының дамуына өзімізде өндірілетін шикізаттың мол болуы себепші.
Ал тоқыма өндірісін қарқынды дамытуға бізде үлкен негіз жоқ. Себебі, елімізде, 12 миллион гектарға жуық егістік жер пайданылса, соның 25 мың гектарға жуығы ғана шитті мақта өсіруге қолданылып, жылына бар-жоғы 25 мың тоннадай шитті мақта өндіреміз. Ал бізге көрші Өзбек, Түркімен мемлекеттерінде бірнеше миллион тонна мақта өндіріледі. Сондықтан, Қазақстан экономикасында бұл саланың алатын үлес салмағы әрдайым төмен болады.
Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішінде мал шаруашылығының үлесіне 44 пайызы, ал өсімдік шаруашылығының үлесіне 54 пайыз тиесілі екендігі белгілі. Өсімдік шаруашылығының 56 пайызының 30 пайызы дәнді дақылдардың үлесіне тиесілі. Ал мақтаның үлесі 1 пайызға да жетпейді. Сондықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді осы дәнді дақылдар мен көкөніс-бақша дақылдарын өндеуден бастаған жөн. Жеңіл өнеркәсіптің осы салалары негізгі басымдылықтарға ие болуы тиіс деген пікірдемін. Дегенмен өзімізде өндірілетін шитті мақта да өңдеуден тыс қалмауы тиіс. Бұл салаларда біраз оң өзгерістер бар. Оған Оңтүстік мақта класстері аймағында атқарылып жатқан іс-шаралар түрткі болуда.
Жас қазақ: Ел ішінде экономиканың қай саласына басымдық берілгені абзал?
Жақсыбек Құлекеев: Елімізде мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына байланысты өндірістің өңдеу саласына көп қөңіл аударылуда. Бұл – дұрыс саясат. Өндірістің өңдеу саласының басымдықтарын анықтағанда, бәсекеге төтеп беру қабілеті жоғары салаларды анықтап, соларға арқа сүйегеніміз жөн. Елімізде шикізат атаулының алуан түрлері өндіріліп, шикізат күйінде экспортқа кетіп жатыр. Алғашқы кезеңде солардың біразын өзімізде өңдеп, дайын өнімдер шығаруға қол жеткізген дұрыс. Осы салада атап өтерліктей оң өзгерістер де жоқ емес. Химия өнеркәсібі, дайын металл өнімдерін өндіру, тамақ, сусын, киім, тері өнімдерін өңдеуде едәуір қол жеткен жетістіктер бар. Елімізде құрылыс саласы қарқынды дамуда. Сондықтан құрылыс материалдарын, тұрмысқа қажетті заттарды өзімізде өндіруге толық мүмкіндіктер бар. Бұған да ден қойып, көңіл бөлген дұрыс.
Жас қазақ: Елдегі экономикалық өсім негізінен кен өндірісінен (мұнай-газ, тау-кен саласы) еселеніп отырғаны белгілі. Сіздіңше, шикізаттан нақты тауар алуға не кедергі?
Жақсыбек Құлекеев: Еліміздің мұнай-газ саласы тұрақты даму үстінде. Былтырғы жылы 80 миллион тоннаға жуық мұнай өндірдік, ал өзіміздің зауыттарымызда 14 миллион тоннаға жуық мұнай өңдедік. Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыттарының жалпы өңдеу қабілеті одан жоғары, бірақ осы зауыттарды толық өніммен қамтамасыз етіп, толыққанды жұмыс істетуге кедергі болып отырған жағдайлар бар. Мұның басты себебі, еліміздің екі үлкен зауыты – Павлодар мен Шымкент зауыттарының технологиялық жүйелерінің Ресейден келетін Батыс Сібір мұнайына тәуелділігінде жатыр. Павлодар зауыты 100 пайыз Ресей мұнайына тәуелді, ал Шымкент мұнай өңдеу зауыты 20-дан 30 пайызға дейінгі сұранысын Ресей мұнайы арқылы канағаттандырады. Қазір Қазақстан осы зауыттарды жұмыс істету үшін Ресейден квотамен мұнай алуға тәуелді болып отыр. Бүгінгі күнгі келісім бойынша, 2014 жылға дейін Ресей бізге экспорт салығынсыз 7 миллион тонна мұнайды жыл сайын жіберіп отыруға міндеттеме алып отыр. Осы мұнайдың 5 миллион тоннасын Павлодар зауытына, ал 2 миллион тоннаға жуығы Шымкент зауытына жіберіліп отыратын болады.
Екінші мәселе – біздің зауыттардың жоғарғы октанды бензинді аз мөлшерде өндіріп, ішкі сұранысты қанағаттандыра алмайтынында. Аталған түйінді шешу үшін үш зауытта да модернизация жасау бағдарламасы қарастырылған. Бағдарлама шеңберіндегі шаралар аяқталған соң, өз зауыттарымызда 19 миллион тоннаға жуық мұнай өңдеп, сапалы және жоғары октанды бензин шығарып, ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге қол жеткіземіз. Бұл шаралар 2015 жылдан бастап алғашқы нәтижелерін бере бастайды. Оған дейін қазіргідей амалдауға тура келеді.
Жас қазақ: Демек, 2015 жылға дейін ел ішінде бензин тапшылығы байқалады ғой.
Жақсыбек Құлекеев: Иә, оны жоққа шығаруға болмайды.
Жас қазақ: Сіз Жаңаөзен оқиғасын қалай қабылдадыңыз? Жалпы, қазір зиянды өндіріс ретінде мұнайшыларға қосымша өтемақы төлене ме?
Жақсыбек Құлекеев: Жаңаөзенде қарапайым әлеуметтік мәселенің дер кезінде шешімін таппай, шиеленісіп, арты қайғылы, қанды оқиғаға айланғаны мені, бар қазақстандықтар секілді қатты қынжылтады. Бұл оқиға осымен жабылып, бұдан кейін қан төгілмесе екен деп тілеймін. Халықтың көшеге шығып, наразылығын білдіруі, тек бізде ғана емес, дүниежүзінің көп елдерінде кездеседі. Бірақ, полиция қызметкерлері бар күшін салып, қантөгіске жол бермеуге тырысады. Себебі, адам өлімі болған жағдайда билік пен халық арасының жігі ашылып, қоғамның жазылмас жарасына айналады. Жаңаөзендегі жағдай да күрделеніп, өкінішке қарай, ұмытылмас, қайғылы оқиғаға айналып кетті. Сондықтан, бұл оқиғаның шешімі де оңай болмайтыны түсінікті.
Жас қазақ: Сіздіңше, өткен дағдарыс, тоқыраудан біздің қоғам сабақ алды ма?
Жақсыбек Құлекеев: 2008-2009 жылғы дағдарыстан Қазақстан қиналмай өтті деуге толық негіз бар. Ал, алдағы қиындықтар еліміз үшін оңай болмайды. Сол себепті біраз дайындық жұмыстары да басталып кеткен тәрізді. Дегенмен әлі де ішкі және сыртқы экономикалық, әлеуметтік түйткілді мәселенің көріністерін жан-жақты зерттей отырып, дер кезеңінде ұтымды шешімдер қабылдап отыру қажеттігін айтқым келеді. Ал дағдарыстың қай жақтан, қандай екпінмен келетінін ешкім дөп басып айта алмайды. Осыдан екі-үш жыл бұрын болған дағдарыстан біз қор нарығының дамымауынан аман қалдық. Батыс елдерінің байлары миллиондаған қаржысын акцияға салып қойып, соның 70 пайызына дейін қарыз ала беретін еді. Көзді ашып-жұмғанша, қор нарығының құлдырауынан олар қомақты қаржысынан айырылып, дүние астан-кестең болып кетті. Осының салдарынан кедейшілікке ұрынғандар, тіпті өзіне-өзі қол жұмсағандар да кездесті. Қазір Еуропада өндіріс өнімінің даму қарқыны төмендеп келеді. Демек, біз кез келген ауыртпалыққа дайын отырғанымыз жөн.
Сұхбатты жүргізген Гүлзат Нұрмолдақызы

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...
Кулекевті министр ету керек сонда коп пайда акеледі елімізге, рас ол өте қабілетті оның қабілеті халыққа на не керегін биледі.