23 Ақпан 2012 | Четверг

Руханият

Ұлылық ұялаған ұяның ұлы

«Экспедицияға»  шыққан екеу...

Жаныңа жақын жан, ізетті іні, адал дос жайлы жазу  қиынның қиыны ма деп қалдым. Жүз жылда бір туылатын талант, көмейінен жыр төгіліп, жүрегінен мейір  сорғалаған, айтыс өнерінің ақтаңгері атанған  Әселхан Қалыбекова екеуміз ел-жұртқа белгілі,  ұлтжанды азамат Дархан Мыңбай жайлы  жазбақ болып бекіндік. Әселхан әпкем бір апта «толғатты» да, Дарханның өзі сияқты дөп-дөңгелек, жұп-жұмыр, жарқыраған өлеңді өмірге әкеле салды.
Мен қиналдым.
– Бұрын талай жазғанмын, істеген ісін көрсетіп... Елуге толуына екі-ақ апта қалды. Бір жол да  жаза алмай жүрмін, – дедім.
Әселхан:
– Дархан жәй ғана шенеунік емес. Өзге  шенеуніктер сияқты  шікірейіп, кісімсіп, өзі де халыққа жақындамай,  жақындағысы  келгенді көкіректен итеретін мұп-мұздай мінез жоқ онда. Дархан айналайын күліп келе жатады ғой  қарсы алдыңнан...  Қарапайым  ұлын халық та сүйеді. Жаза  алмасаң, жүр, екеуміз «экспедицияға» шығайық. Дархан  жүрген  жолдармен жүрейік, – деді.
Келістік. Алғашқы жол  ауылға қарай  бастады.
Алдымен, тегі қандай еді деген сұраққа жауап іздедік.

Қамзабек көкенің баласы


Түлкібастың «Дмитров» деген кеңшарында өткен ғасырда Мықтыбек деген ата өмір сүрген. Еңбекқор, дәулетті адам болған көрінеді. Келтемашат үстіндегі иір осы Мықтыбек атаның жайлауы болған деседі.
Мықтыбек атаның жары Ұлпатай әже Тұрар Рысқұловтың қарындасы.
Осы кісілерден  Қамзабек көке туған. Ол көзі ашық, оқыған азамат. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына кетіп, 1945 жылы оралған. Бейбіт өмірде түрлі қызмет атқарған. Колхоз басқарған. Сабырлы, көп сөйлемейтін, өз ісіне  жауапты, уәдеге берік, иманды адам болған.
Бүгінгі жұрт «Кеңес Одағы өйтті, бүйтті» деп, сол кезеңді даттап, өздерін ақтап жүр.  Ал, бұл ауылда, әулетте наурыз тойланбай, басқа да діни шаралар өткізілмей қалған емес. Ал, Қамзабек көке  дініне берік болып ғана қоймай, келешек ұрпақ  дінсіз, имансыз болмасын деп,  көненің көздері, ескіше жақсы білетіндерден қасиетті Құран аяттарын, сүрелерін жазып алып,  артына сол бай мұраны және он бес бала қалдырған адам. Балалары Қамзабек көкенің  жинап-тергенін «Қазанат» деген атпен  тасқа  бастырып шығарды.
Заманының қиындығына  қарамай исі  мұсылманға,  ұрпаққа  ұлағатты тірлік жасап кеткен Қамзабек көкенің он бес балапанының бірі – Дархан еді.
Әжесі қаймақ ұсынып, анасы Әлди  атаған...
Құдайдың берген он бес баласын тапқанымен, енесінің бауырына салған бірде-бір баласының атын атамаған Үрзада апа жуырда ғана дүниеден өтті.
Келген жеріне  келісті  келін  болған Үрзада ана көкірегі  ояу, салт-сананың білгірі еді. Кеше Үрзада ана дүниеден өткенде айтылған естеліктер ол кісінің бір әулеттің ғана емес, елдің анасы болғанын айғақтады.
Алпыс, жетпістегі көкелер мен апалар  қабырғалары қайыса тұрып:
– Алыста келе  жатқан баланың өзінің  жолын кесіп өтпейтін қазақтың аяулы қызы, келіні және ауылдың анасы болды, – деді бәрі де.
Бірде Үрзада ана поштаға ақша алуға барыпты. Қушыкеш қайындарының бірі «Жеңеше, фамилияңызды айтпасаңыз ақша жоқ», – депті қалжыңдап.
Апамыз:
– Шырағым-ау, атамның аты екі бес жүз екенін білмейтін бе едің? – депті ойланбастан.
Бірде мен ападан сұхбат алдым. Дархан ол кезде Түлкібас  ауданында әкім еді. Апамнан Дархан жайлы сұрағанмын.
– Қарағым, бұрын ол әжесінің, атасының баласы еді. Енді елдің баласы, елдің басшысы. Құдайдың берген он бес  баласын алдымен Алланікі, одан соң атам мен енемнің балалары, – деп келдім. Шырақты  шыр етіп дүниеге келгеннен Әлди деп атап, атын да осы  күнге дейін атамағанмын. Енді оған ие болмай-ақ қояйын. Ел басқарып жүрген ер-азаматтың  алдын кеспейін. Бәрі де аман жүрсін. Ел тыныш болсын, – деді.
Кеше ғана апа дүниеден өткенде Дәкеңе көңіл айтып  бардым.
– Апамнан сұхбат алған алғашқы және соңғы журналист өзіңіз едіңіз, – деді Дәкең нұрлы жүзі бозарып...
Дарханның ерекше бала екенін алдымен әжесі Ұлпатай аңғарыпты.
– Сүттің қаймағын, тәттінің жақсысын Дарханға сақтап отыратын. Далада еңбек етіп, маңдайы шып-шып  терлеп  келіп,  кітабын дереу  қолға  алатын  немересін  айналып-толғанған  әжесі бала Дарханға  барын  ұсынып,  «осы  балам  өкімет  болады» деп отыратын.
«Дархан университетте оқығанда да  кітапханадан  шықпайтын.  Студент шақтың қызығымен той тойлап жүретін  біздер жатақханаға іздеп келгенде ылғи да таба алмайтынбыз. Оның кітапханаға кеткенін  еститінбіз.
Дәкең – атасының  тонының ішінде томпиып отырып  неше түрлі ғибратты  әңгімелерді естіп, әжесінің  мейіріміне  шомылып, анасының «Әлди» деп жай  ғана шақыратын  әуезді  үнімен  өскен азамат  болғандықтан да,  елсүйер бала  болды.  Қарапайымдылық,  адалдық  қанына өз отбасынан сіңген, дарыған азамат», –  деді Жаһангер деген  досымыз.
Солай... Дүниеден  иманды  күйде өткен ата мен әженің артына имандылыққа  үндейтін кітап қалдырып  кеткен әке мен бала  кезінен Көмешбұлақтың  келін  болып  түскен  соң Машаттың  бұлағының  суын ішіп,  дүниеге  бүгінде  қазақтың  бір ауылы  болған  он бес бала  әкелген  Үрзададай  ананың баласы еді – Дархан ұл.

Туған жерін  түрлендірді

Дархан  Қамзабекұлы – өзі туған жерге  әкім  болған азамат. Түлкібас  ауданындағы көптеген  жер, су  атаулары  қалпына  келтірілді.  Ұлт рухын көтерер  мыңдаған іс-шаралар  өтті. Әсіресе,  республикалық  дәрежеде  жыл сайын өтетін «Саба» қымыз фестивалінің жөні   бөлек. Қымызды кім ішпейді? Бұл ауылда, ауданда, күрпілдетіп күбі піспейтін үй жоқ. Сол күбісін киік отымен ыстамайтын әйел жоқ. Қымызды баптаудың барлық әдісін білетін түлкібастықтар республикамыздың түкпір-түкпірінен келген қонақтарға қымыздың «Хан қымыз», «Бал қымыз», тағы басқа түрлері жайлы айтып, жылқы жайлы тамаша табиғат аясында таңға  дейін әңгіме шертілген. Сонда ғой тау басында күркіреп, дүркіреп сөйлеген Шерхан аға:
– Әй, қазақтар, бауырларым, мынадай тамаша жұмақ жерді ұрпағына аманат етіп тастап кеткен ата-баба ұрпақтары! Ертең мынадай шұрайлы жерді кім қорғайды? Кімге аманат етпексіңдер?! Келіндермен неге «сөйлеспейсіңдер» – деген қымыз ішіп отырған қауымға.
Түлкібаста келер жылы к-ө-өп бала туылды.
Түлкібаста келер жылы Дархан әкімнің үйінде Ғазали деген бір ұл келді дүниеге. Дәкең ол кезде 43 жаста еді. Биыл сол Ғазали жетіге толады. Мектепке барады. Дәкеңнің  ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртқан бір идеологиялық жұмысының жемісі еді бұл. «Саба» қымыз фестивалі өтпесе, Шерхан Мұртаза, Мұрат Әуезовтер ұлттық намысты оятпаса, осындай жұмыс болар ма еді, жоқ па еді?
Солай. Түлкібаста қазанат ердің тұқымы қалдырған, ұлттық нақышқа, бояуға толы мыңдаған істер жатыр.
Түлкібаста, туған жерде ізі қалды текті ұлдың. Сөзі тұр тақтайға, тасқа жаздырған.

Оңтүстік – ұлыстың ұйытқысы

Қазақ әдебиетінің классигі Қалтай Мұхамеджанов «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» деген керемет сараптамалық мақала жазып еді. Тілді, дінді, салтты, өнерді сақтаған, ұлтқа дарынды ұл-қызды көп берген Оңтүстік жайлы жазылған осы ойлы дүние жайлы Дәкеңмен кездескен сайын әңгімелесетінбіз.
Облыс әкімінің орынбасары болған тұста Дәкең «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты іс-шараны өткізуді қолға алды. Осы іс-шара адамдардың жүрегіне өте жақын болды. Кеңес Одағы тарқағаннан кейін, нарықтың қиын-қыстау күндерінде идеология деген нәзік те мықты жібек жіп үзіліп қалды емес пе? Жалпы да, жалқы да жата қалып кітап оқитын әдет жоғалып, оқырман ақын-жазушы ағайыннан алыстады. Осы іс-шара арқылы жүздеген мықты әдебиет өкілдері өз оқырмандарымен қауышты. Әдебиет әлемі, кітаптар жайлы әңгіме қозғалып, жазушылар, ақындар ағынан жарылып, жан сырларын ақтарды. Оқырман, кітаптан, сүйікті прозашыларынан, поэзия шеберлерінен қол үзіп қалған патша көңіл ағайын, рухани байып қалды. Облыстық драма театры осы кездесу өтетін күні халыққа толып кететін. Залда ине шаншар орын болмайтын. Оқырмандардың кездесу тағы да болса деген қимастық сезіммен кетіп бара жатқанын қаншама рет көзбен көрдік.
Елбасымыз «Мен үшін Оңтүстіктің орны ерекше», «Оңтүстікке келгенді ұнатамын» дегенді босқа айтқан жоқ. Оңтүстікте ел жағдайы, экономикасы ғана түзелмей, рухани жағынан да өсіп, өрлеу бар еді.
Өз елін, ұлтын, салтын, өнерін өте сүйетін, жас қазақ мемлекетін әлемге әйгілеуге бар күш-жігер, ақыл, білімін арнаған, тәуелсіздікті тұғырлы ету, ел көшін нарықтың өткелінен аман-есен алып өту үшін ерлік жасаған Елбасы оңтүстік дегенде қазақты, ұлтты айтты деп ойлаймыз.
Елбасының оң бағасын алған оңтүстікте ұлттық идеологияны жандандырған, халықтың құндылығын өзіне қайтарып берген Дархан салған із көп еді.

Ұлтын сүйген ұлдың ісі

Оңтүстікте газет көп. Солардың бәрімен жұмыс істеу де оңай емес. Дәкең солардың бәрінің басын біріктіре білді. Әсіресе, қара шаңырақ «Оңтүстік Қазақстанға» қамқорлық Дәкеңнің кезінде жасалды.
«Оңтүстік Қазақстан» газетіне өзге облыстық басылымдармен салыстырғанда, бюджеттен тым аз қаржы бөлінетін. «Оңтүстік Қазақстанның» сол кездегі бас редакторы ретінде Дәкеңмен ұлттық газетті қайткенде жақсартамыз деген мәселе төңірегінде талай рет ақылдастым. Нәтиже керемет болды. Бұрын 12-13 миллионнан артық қаржы берілмесе, газетке Дәкең облыс әкімі Ө.Шөкеевке қайта-қайта кіріп жүріп, 26 миллион қаржы бөлдірді. Және жырымдалып, қайта-қайта бөлініп түсетін осы қаржы редакция есепшотына бірден аударылды. Журналистердің еңбекақысы, қаламақысы өсті. Бұрын алақандай болып елге ұсынылатын газет үлкен форматпен шыға бастады. Мән-мазмұн өзгерді. Оқырман көбейді.
Бұл да идеолог Дарханның, ұлтын сүйген ұлдың оңтүстікте қызмет еткенде қалдырған жақсы бір ісі еді. Журналистер қауымы да, ел де Дарханның ұлттық баспасөзге жасап кеткен қамқорлығын әлі айтады.

Ауылдан Астанаға аттанды

Дәкеңді Астана шақырды. 2008 жылдың сәуірінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде вице-министр қызметіне кірісті.
Сол жылдың қараша айынан бастап, мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президенті әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы болып тағайындалды.  Дәкеңнің сол орындағы төрт жылдық еңбегі елдің көз алдында.
Ауылдан, он бес балалы отбасынан шығып, Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін оқыған, туған жеріне еңбек сіңіріп, тәжірибе жинақтаудың барлық жолынан өткен Дәкеңнің бүгінгі атқарып отырған қызметі де оңай емес. Ел бірлігі, татулығы, ынтымағы ең басты назарда болуға тиіс десек, Дәкең басқарып отырған бөлімнің жұмысы қаншалықты ауыр екені өз-өзінен белгілі. Басқасын айтпағанның өзінде жиырма ғасырға бергісіз тәуелсіздіктің жиырма жылдығын өткізу, мыңдаған іс-шаралар даярлау, қазақ халқын, Қазақстан деген мықты мемлекет пайда болғанын әлемге паш ету үшін өте жоғары дәрежеде жұмыс жүргізілгені айтпасақ та жеткілікті.
Ауылдан шығып, Астанаға дейін өскен Дархан Қамзабекұлының үйіне соқтық. Сол күні Түлкібас мейір төгіп тұрғандай жып-жылы болды. Экспедицияға шыққан екеу, Әселхан екеуміз он бес балапан ұшып шыққан үйге келгенде кісі көп  екенін көрдік. Он бес баланың үшеуі Мәскеуде оқығанын білеміз. Дархан мен бауырлары келген кісілерді қарсы алып жүр. Дарханның інісі, ғылым докторы Дихан құман ұстап, келгендердің қолына су құйып жүр. Иығында орамал.
Әселхан айтты:
«Ұлылық ұялаған ұяның ұлдары осындай болады. Қарапайымдылықты, имандылықты өмірсерік етіп өскен балалар ғой. Қазақтың қақ ортасында жүріп-ақ шүлдірлеп орыс боп кеткен қандастар көп. Ресейде оқып келсе де, бірі – жылы амандасып, жұртқа жүрегін көрсетіп, бірі – қолға құманмен су құйып, бірі – самауыр қайнатып жүрген мына үш ұлдың соңынан ерген баланың бәрі сондай деп ойлаймын. Бұларды халыққа, елге жаны ашитын, жақын еткен нәрсе Қамзабек көкенің иманды, үлгілі өмірі, Үрзада ана жүрегінен сорғалаған  мейірім», –  деді.
Мен үнсіз келістім.
Елуіңіз құтты болсын, ел баласынан ел ағасы дәрежесіне жеткен, Дархан дос!
Ұлт деп соққан жүрегіңізге жүк, жүзіңізге әжім түспестен жүзге келіңіз!

Анар АСПАН
Суретті түсірген Асылхан Әбдірайымов

P.S.  Қазақстан Президентінің Жарлығымен Дархан Мыңбай Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды.

Пікірлер

Аватар пользователя проф. Совет-Хан Ғаббасұлы
проф. Совет-Хан Ғаббасұлы 29 01, 15:17

Бәрекелді рахмет, Анар қызым шамасы жеткенше жанжақты да мейірімге толы етіп Дарханның жүрген жолдарын баян етіпті. Менің де сүйкімді інім, кездескенде адал да анық пікір алысатын ғалым, сөзі мен ісінен азаматтығы аңқып тұратын мінездерін қатты ұнатамын. Мынау мақаланы оқып шыққаннан кейін бір ауыз пікір білдіргенді жөн көрдім. Аман болайық...

Аватар пользователя проф. жазушы Сұлтан ЖАНБОЛАТОВ (ҚХР. Үрімші қ.)
проф. жазушы Сұлтан ЖАНБОЛАТОВ (ҚХР. Үрімші қ.) 30 01, 17:06

Мен Дарханды былтырғы "Алтай - түрік халықтарының алтын бесігі" атты конференцияда, Оскеменде көрдім. Сырт көз сыншы келеді емес пе. Проф. Совет-Хан Ғаббасұлының сөзін 100 пайыз құптаймын. Қазақтың осындай ұлдарының жұлдызы жарқырай берсін! (Анардың мақаласын блогыма (http://sjanbolat.blogcn.com/) шығарып та қойдым.

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
1 + 9 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.