19 Май 2012 | Сенбі

Әлеумет

Ұлу жылы ұтарымыз көп болсын!

Әне-міне дегенше, ұлан-байтақ далаға үлгілі ұлу жылы жылжып жетті. Десе де, ұлуды ұнатпай, жаңа жыл атауын айдаһар деп алаулатқандар бар. Айдаһар дегеннен шығады, мереке қарсаңында мектепте оқитын бір бауырым «айдаһар жайлы өлең жазып берсеңіз» деп өтінді. Мәнісін сұрап едім, «биыл айдаһар жылы ғой» деп қойып қалды. Шамасы, айдаһар аты мектептерде де атала бастаса керек.


Жыл атауынан жаңылмайық


Жаңа жыл қарсаңында базар-дүкендерде ұлуға қарағанда, айдаһардың айбаты басым болды. Тіпті кейбір отандық телеарналар мен басылымдар да ұлуды ұлықтаудың орнына, айдаһардың айбынын асырды.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде айдаһарға «адам баласына өлім әкелетін дүлей күш, жалмауыз» деген қосымша мағына берген. Соған қарағанда, осы біз жалмауызға жан бітіріп жатқан жоқпыз ба?
Сонау VIII ғасырдағы «Күлтегін» ескерткіші мен ХІ ғасырда өмір кешкен Махмұт Қашқари еңбегінде 12 жыл иесі көрсетілген. Бірақ ешқайсысында айдаһар жайлы дерек жоқ. Сонда бұл қайдан келген? Тіл мамандарының айтуынша, ежелгі түркілер айдаһарды «ұлоң» деп атаса, қытайлар айдаһарды «лұң» дейді екен. Демек, ұлудың айдаһарға алмастырылуының бір мәні осында жатыр. Ал саясаттанушылар айдаһар атауын өздерін «айдаһар елі» деп атайтын қытайлықтармен байланыстырады. Яғни, мұның астарында қытайлық саясат жатуы бек мүмкін.
Айдаһарды аулақ қойғанның өзінде, қазір ел арасында «ұлу» жайында талас көп. Түркімендер ұлу атауын «балық», парсылар «қолтырауын», үнділер «жылан», моңғолдар «жын», қытайлар «айдаһар» деп түсініпті. Ал кейбір халықтар оны «маса», «құс» т.б деп ұғады екен. Осыған қарағанда, ұлудың нақты қандай мақұлық екені белгісіз. Ал біздің қазақ ұлуды кәдімгі су жәндігі ретінде атап келеді. Сондықтан, биылғы жыл – біз үшін жын да, жылан да емес, кәдімгі ұлу болып қала бермек.


Ұлу жылы – жылу жылы


Қазақ ұлуды «үлгінің жылы» деп үкілейді, жақсыдан үміттенеді. Қай кезде де ұлу қазақ үшін жайлы да табысты болған. Жасы тоқсанды төңіректеген алматылық Мұса ата Халеловтің айтуынша, биылғы жыл өте жайлы жыл болмақ. «Ұлу – өзімен-өзі жүретін жәндік. Соған қарағанда, биылғы жыл тыныш болады. Ұлудың мекені – суда. Сондықтан, жыл жаңбырлы келіп, егін бітік шығады. Ұлудың емдік қасиеті де жоқ емес. Тұрпаты кішкентай болғанымен, жиырма бес мың тісі бар. Егер ұлуды денедегі жарақаттың үстіне қойсаңыз, тістерімен тазалап, жараны демде жазады. Себебі, ұлу – керемет залалсыздандырушы», – дейді осымен жетінші ұлу жылын қарсы алған қария.
Ал жұлдызшылардың айтуынша, ұлу жылғы адам өмірде жолы болғыш, махаббатта сезімтал келеді екен. Сондай-ақ ұлулар – айтқанынан қайтпайтын, қай салада жүрсе де, көшбасшы бола білетін жандар. Ақыннан Омар Хайям, жазушыдан Эдгар По мен Максим Горький, философтан Фридрих Ницше, батырдан Жанна д’Арк ұлу жылы дүниеге келіпті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та ұлу жылы туылған. Сондай-ақ Әбілхан

Қастеев, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Елебеков, Кәукен Кенжетаев, Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Қалтай Мұхамеджанов, Мұхтар Мағауин сынды тұлғалар – ұлу жылғы ұрпақтар.
Ұлу жылы қазақ тарихында да өз ізін қалдырды. 1640 жылы Жалаңтөс Баһадүр жоңғардың 50 мың сарбазын талқандады. 1712 жылы Сырым Датұлы дүниеге келді. 1844 жылы Орынборда қазақ балаларына арналған жетіжылдық мектеп ашылды. 1856 жылы Жанқожа Нұрмұхамедұлы Хиуа мен Қоқанға қарсы күрес бастады. 1916 жылы халық патшаның отарлық саясатына қарсы көтерілді. 1928 жылы Қазақ педагогикалық институты (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) ашылды. 1964 жылы Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1988 жылы Шәкәрім, Ахмет, Мағжан сынды Алаш арыстары ақталды. Ал 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығы
ЮНЕСКО көлемінде тойланды.
Ал биылғы жыл қазақтың маңдайына біткен бірқатар ұлы тұлғалардың мерейтойларымен дөп келіп тұр. Ғабит Мүсіреповке – 110, Күләш Байсейітова, Дінмұхамед Қонаев, Ілияс Омаров, Жамал Омарова, Шара Жиенқұловаға – 100, Асанбай Асқаров, Хиуаз Доспанова, Роза Бағлановаға – 90 жыл. Ал көзі тірі қаламгерлер Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Дүкенбай Досжан биыл 70 жасын жалаулатпақ.

Жаңа жылдан не күтеміз?


Ұлу жылынан бастап елімізде тың жаңалық көп болмақ. Әсіресе, елдің әлеуметтік жағдайы жақсарып, зейнетақы мен жәрдемақы көбеймек. Сондай-ақ осы жылдан бастап жеке кәсіпкерлікке салынатын салық есебі азаймақ. Енді шаштараз, етік жөндеу, көлік жуу т.б кішігірім кәсіп түрлеріне бухгалтерлік есеп жүргізу тоқтатылады. Мұның барлығы да ел әлеуметінің жақсаруына оң септігін тигізетін анық. Тек еліміздегі кейбір орындалмай қалатын тапсырмалар секілді мұның да соңы сиырқұйымшақтанып кетпесе игі еді.
Жаңа жылдың тағы бір жақсы жаңалығы – «Халықтық ІРО» бағдарламасының енуі. Бағдарлама бойынша енді жұртшылық ел байлығына ортақтаса алады. Яғни ірі компаниялардың акциясы қор нарығына шығарылатын болады. Бірақ, қараша халықтың жағдайы әлі де жұпыны екенін ескерсек, бұл бағдарламаның болашағын болжау қиын. Сондай-ақ ұлу жылында үй кітапшасы айналымнан алынады. Енді тұрғындардың қайда тіркелгендігі мекенжай анықтамасында көрсетілмек. Ал анықтаманы ХҚКО-нан немесе электронды үкімет порталынан алуға болады. Сол сияқты әлеуметтік жеке код (СИК), салық төлеушінің тіркеу нөмірі (РНН) тоқтатылады. 1 қаңтардан бастап бұлардың орнын идентификациялық нөмір алмастырады. Демек, ұлу жылы құжаттар санының қысқаратын түрі бар. Ауыз толтырып айтарлық айтулы оқиға жазда болуы әбден мүмкін. Ол – Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі. Енген жағдайда елге арзан бағадағы импорттық тауарлар кіргізіледі. Ал мұның соңы экономикамыздағы құрылымдық өзгеріске әкеп соғатын түрі бар.
Жыл жаңалықтарының легі мәдениетте де жалғасқалы отыр. Мәдениет министрлігінің мәліметінше, ұлу жылынан бастап киноөндіріске түскен барлық фильм қазақша сөйлейді. Ал қазақ тіліне аударылмаған фильмдерді (отандық, шетелдік т.б) көрсетуге рұқсат жоқ. Сол сияқты Байқоңырдан әскери аймақ мәртебесінің алынуы, көлікті техникалық байқаудан өткізудің жеке қолға өтуі, интернет пен ұялы байланыс бағасының арзандауы, 13 мемлекетке визасыз өту режимін енгізу, тиындарды айналымнан алу т.б оқиғалар ұлу жылындағы оң өзгерістер болмақ.
Өзгерістердің болғаны жақсы-ақ. Тек өзгерістің соңы өкінішке әкеп соқтырмаса болғаны. Жауырыншылар ұлу жылында өмірге сәбилер көп келеді деп қуантып жатыр. Ендеше, ұлу жылында ұрпақ саны ұлғайып, ұтарымыз көп болсын!

 

Серікбол ХАСАН

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
3 + 2 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ