«Әдетте, ол мені үйіне алып кіреді. Кәстөмін шешіп, арқалы орындыққа асып қояды. Сосын фортепияносына отырады. Бір минуттай саусақтары клавиштардың үстінде ілініп тұрады. Содан соң Нұр-ағаңның он саусағы жартастың үстіне жауып берген қара нөсер тәрізді жортып жүреді. Есік-тесіктер ашылып, үйге ақ боран кіріп кеткендей, терезенің жабындылары желпілдеп, люстраларға шейін шайқалып кеткендей сезіледі. Осылай бір ұйытқып-ұйытқып ойнап болған соң:
– Осыған сөз керек! – дейді Нұр-ағаң.
– Неғылған сөз?! Бұл өзі не туралы? – деп сұраймын.
– Бұл – музыка! Не туралы екенін өзің тап! Өзің түсін!
Алғашқы кезде бұл сөзге мен таңғалып жүрдім. Өзі жазып, не туралы жазғанын қалай білмейді деп ойладым. Бірте-бірте түсіндім, айтқаны шынында да, рас екен. Бұған көзім жетті. Бір күні тағы да үйіне ертіп барып, тағы да бір жаңа әннің әуенімен таныстырды.
– Бұл не туралы? – деп сұрадым.
– Бұл – просто музыка. Не туралы екенін айта алмаймын.
Қайбір жетісіп тұрған музыкант дейсің мені. Әуенін ыңылдап айтып жүріп, жылдың төрт мезгілі, он екі айға созылған мұң, махаббат туралы өлең жаздым. Оған «Махаббат мұңы» деп ат қойдым». Бұл үзіндіні Қадыр Мырза Әлінің «Иірімінен» алдық. Байқадыңыз ба, әйгілі сазгер мен атақты ақын арасындағы шығармашылық байланыста Нұрғиса Тілендиевтің болмысы дараланып көрінеді. «Бұл – музыка! Не туралы екенін өзің тап! Өзің түсін!», – деп кесіп айтады. Өзі шабыттанып жазған музыканың не туралы екенін Нұр-ағаң білмейді дейсіз бе? Сол әнге сөз жазатын ақын музыканың табиғатын түсініп, кілтін өзі тапса екен дейді. Нұрғиса мен Шәмшінің әндері неліктен кең тарады? Олардың әні мен әнге жазылған сөздің үйлесімділігі, эстетикалық мәні тыңдаушысын ойландырып, жүректерді тербеді. Біріншіден, олар тума дарын еді. Екіншіден, олар талантты ақындармен шығармашылық байланыс жасады. Ән мен сөзде үйлесімділік болмаса, әдемі саз да жүрекке жетпейді.
Бүгінгі әндердің көпшілігінің көркемдік деңгейі туралы әңгіме айтудың өзі қиын. Әншілер «пәлен мың долларға ән сатып аламыз, клип түсірмесең, ән де, өзің де танылмайсың. Содан тағы да пәлен мың доллар шығарып, клип түсіреміз», – деген әңгімені жиі айтады. Біздіңше, жақсы ән клипсіз-ақ өз тыңдарманын табады. Тек әншісін тапсын деңіз.
Біз бүгінгі эстраданың бет алысы мен деңгейі жайлы, осы жанрға қатысты мәселелер туралы белгілі тұлғалармен әңгіме өрбіттік.
Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ, сазгер:
Қалай «тазалауға» болады?
Бүгінгі эстрада туралы қоғамда әртүрлі пікір бар. Кейбіреу «халықтың ықыласы даңғаза эстрадаға ауып кетті», – дейді. Енді біреу «даусы жоқ, қолдан жасалған әншілерден өнерді тазалау керек», – деген пікір айтады. Ендеше, қалай «тазалауға» болады? Біздіңше, концертте, түрлі кеште әншіден жанды дауыспен ән айтуды талап ету керек. Бұл талапты әншіге өнер ордасының басшысы ғана емес, халық та қоюы керек. Көрермен драма театр мен опера және балет театрының спектаклін тамашалап отырып, әртістермен жанды қарым-қатынаста болады. Әртістің эмоциясын, жанды даусын естиді. Ендеше, тыңдарман концертте неге әншінің жанды даусын тыңдай алмайды? Жанды дауыспен ән салу – халықты ғана емес, өзіңді де сыйлау.
Егер бүгін халықтың ықыласы эстрадаға ауып жатса, әншісіз той өткізбесе, бұл – әлеуметтік жағдайының жақсарғаны деп түсіну керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халық театр есігін ашпайтын, концертке бармайтын. Сахнада қырық әртіс ойнаса, залда әр жерде шоқиып, жиырма көрермен отыратын. Бірде Нұрғиса Тілендиев екеуміз бір жаңа әнді талқылап отырғанбыз, Байғали Досымжанов келді. «Қыз Жібек» операсын қоймақ екен, соған Нұрғиса ағаға «дирижер болыңыз» деп өтініш жасады. Нұрғиса Тілендиевтің атағы арқылы көрермен тартудың жолын ойлаған ғой. Қазір, Құдайға шүкір, опера және балет театрының көрермені аз емес. Әр спектаклінің тұсаукесер қойылымында зал халыққа толып отырады. Тіпті балетке билет таппайсың.
Ресейдің опера әншілері эстрада жанрындағы әнді де орындайды. Театр сахнасында жанды дауыспен ән салатын олар, әрине, эстрадалық әнді де жанды дауыспен айтады. Мысалы, кезінде опера әншісі Мүслім Магомаев эстрада жанрында ән салғанда әлем халқының назарын аударған. Бүгінде опера әншісі Николай Басков та эстрада әндерін орындап жүр. Өз басым қазақтың опера әншілері неліктен осы жанрда ән айтпайтынын түсінбеймін.
...Кейбір белгілі әншілердің ән таңдауда талғамсыздық танытып жатқаны да рас. Меніңше, мұның бір себебі сазгерге байланысты. Неге? Әрине, әрбір әнші ән әлемінде аты-жөні қалыптасқан сазгердің туындысын орындағысы келеді. Өкінішке қарай, қазір көптеген сазгер әнге сөзді өзі жазады. Мұның себебі неде екенін тап басып айта алмаймын. Бәлкім, ақын ретінде өзін танытқысы келетін шығар?! Әріптестеріме ылғи да «Әннің мәтінін нағыз ақынға жазғызу керек, өзің жазсаң да үстінен қаратып, түзетіп ал», – деп айтып отырам. Мысалы, мен де ақынмын. «Сырғалым», «Ақ моншақ» әнімнің сөзін өзім жаздым. Әбдірахман Асылбеков «Алтеке, сіздің әніңізге сөз жазу қиын емес. Үстінен сәл ғана түзету енгізем», – дейді. «Өзім де ақынмын» деп әніңе өзің ғана сөз жаза беруге болмайды. Ақынның пікіріне құлақ түріп, олармен шығармашылық байланыста болу керек.
Нұрғиса мен Шәмшілер жүз жылда бір туады. Олар қаншама буынды тәрбиеледі, рухын көтерді. Біздің әншілер көрнекті сазгердің әндерін игеріп, нақышына келтіріп орындап, халықтың жүрегіне жеткізсе, бұл да аз олжа емес. Мысалы, менің жетпіске жуық туындым бар. Егер іріктеліп, халықтың аузында бес әнім қалса, онда мен бақытты сазгермін.
Кезінде қазақ радиосында симфоникалық оркестр болды. Оркестрді белгілі музыканттар басқарды. Сол оркестрде Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Зейнеп Қойшыбаева, Венера Қармысова жұмыс істеп, танылды.
Ресейде Алла Пугачева, Филипп Киркоров концерттен ғана емес, телеарнада өтетін бағдарламаға қатысқаны үшін миллиондаған қаржы алады. Ал біздің байғұс әнші телеарнадан бір көрініп қалуы үшін өз қаржысына ән жазғызады, көйлегін тіккізеді. Енді біреулер әншілердің қалтасындағы ақшаны санап, «салық салу керек» дейді. «Қазақконцертке» де, салық комитетінің адамы талай рет келді. Бірде, тіпті мен ән салған тойға да келді. «Досымның тойында ән салып жатырмын, енді досымнан ақша сұрауым керек пе?», – деп ұрсып, қуып жібердім.
Гүлзат Дәуірбаева, опера әншісі:
...«Қоқысқа» толы
Біз халық әнін орындап жүрміз, бірақ жеңіл-желпі эстрада бағытындағы әнді айтпаймыз. Менің жеке көзқарасымша, опера әншісінің екі бағытта ән салуы мүмкін емес. Мысалы, ақын да, жазушы да сөзден сурет салады. Бірақ екеуі екі жанрда жазады. Сол секілді опера әншісі мен эстрада әншісінің әрқайсысының өз міндеті бар. Рас, эстрада жанрында ән салып жүрген опера жұлдыздары бар. Бірақ олар, өкінішке қарай, кейіннен опералық кесек туындыны орындай алмай қалады. Мысалы, Мүслім Магомаев секілді Николай Басков та эстрада жанрына біржола бет бұрды. Жеке өзіме келер болсақ, эстрада жанрына бет бұру туралы ойым жоқ.
Өмірім классикалық әнмен біте қайнасып жатқан соң бір уақыт эстрадалық әндерді тыңдаймын. Шынымды айтсам, бүгінгі эстраданың бағыт-бағдарына, деңгейіне көңілім толмайды. Мысалы, Бүркітті әнші деп қабылдамаймын. Әрине, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Алтынай Жорабаева, «МузАРТ» тобының т.б. белгілі әншілердің орны бөлек.
Жас әншілердің көпшілігінің даусы жоқ. Даусы бар әншінің өзі табиғатына келмейтін, сөзі түсініксіз ортаңқол әнді орындайды. Шынын айту керек, қазақ эстрадасы «қоқысқа» толы. Алтынды електен өткізіп, құм мен қоқыстан тазалаған секілді, эстраданы да «қоқыстан» тазарту керек. Үш не төрт жігіт, болмаса, қыздар бірігіп, ән айтқан болады. Бірақ тыңдарман ретінде ештеңе түсінбейсің. Себебі, әнде де, сөзде де мән-мағына жоқ. Шыны керек, эстрада еріккеннің ермегіне айналып барады. Бұған тосқауыл қоймай болмайды. Әннің де киесі бар. «Екі жұлдызда» ән салған кейбір белгілі әншілердің орындаушылығына қарным ашты. Халық «әнші» деп сыйлап жүрген адамдардың деңгейін көрді. Жасырмаймын, тойға барам. Фонограммамен ән салған эстрада әншісіне «Концертте қаншама халықтың алдында жанды дауыспен ән салуға қорықсаң, тойда айтып, жаттықсаңшы. Көпшіліктің алдында жанды дауыспен ән салмаған әнші ешқашан кәсіби тұрғыда өспейді», – деймін. Тіпті кейбір әншілер орындайтын әнінің сөзін де жаттамайды.
Таяуда бір кісі хабарласып, «шетелден қонақ келетін еді» деп, тойға шақырды. Бір қызығы, қаламақымды айтып едім, әлгі кісі «неге сонша қымбат» деп тарылып қалды. Бір қызығы, сол ақшаны эстрада әншісіне қиналмай төлейді. Себебі, біздің қазақы түсінікке салсақ, теледидардан жиі көрінетін әншінің бағасы да қымбат.
Өзім өнерін бағалайтын әншілермен жақсы қарым-қатынастамын. Жанрымыз бөлек болғанымен, бәріміз бір терінің пұшпағын илеп жүрміз. Өзім қызмет істейтін Абай атындағы Опера және балет театрынан да анда-санда эстрада әншілерін көріп қалам. «Аида» операсында басты кейіпкердің партиясын орындаймын. Әнші Құдайберген Бекішов «Аида» операсын қайта-қайта келіп, көреді. Бір күні «Неге сіз тек қана «Аидаға» келесіз?», – деп сұрадым. Мәскеуде оқып жүрген кезінде Үлкен театрдан «Аиданы» көрген екен. Сонда тамаша әсер алса керек.
Әнші алаңсыз шығармашылықпен айналысуы үшін оның әлеуметтік жағдайы болуы тиіс. Кейбір өнерпаздар тойға амалының жоқтығынан барады. Себебі, сахналық бір көйлегінің өзі пәлен мың доллар тұрады. Мысалы, мен театрдан алты жүз доллар аламын. Шетелдік әріптестерім жалақымды естісе, күледі. Ал сіздің ше, күлкіңіз келмей ме? Ал атағыма бар-жоғы төрт мың теңге қосылады. Жалақымыз көтерілді, енді жеті жүз доллар болған шығар?! Еуропада опера театрының әртісі жалақысынан басқа әр қойылымнан екі мың еуро қаламақы алады. Шетелге талантты әртістеріміз кетіп қалса, оның себебі, әрине, әлеуметтік мәселеге байланысты.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы:
Біреулер оны менсінбейді...
Қазір, өкінішке қарай, өнер ордаларын талғамы төмен адамдар басқарып отыр. Ұлттық мінезі мен болмысынан ажырап қалған адам ешқашан ұлттық мәдениетті көтеру туралы ойламайды. Олар халықпен санаспайды, кімді, қандай әнді тыңдағысы келеді, соны насихаттайды. Өзі сүйіп тыңдайтын әнші мен танысын танытуға күш салады. Бүгінде қазақ өнеріне осындай талғамсыз, талантсыз адамдар зиянын тигізіп жатыр.
Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқовтың әндері қазақ эстрадасын биікке көтерді. Олар қазақ поэзиясында орны бар ақындармен шығармашылық байланыс жасады. Нұрғиса мен Шәмшінің жаңа шыққан әнін жас пен жасамыс егін орып, мақта теріп жүріп орындайтын. Бүгінгі сазгерлердің көпшілігінің әнін тыңдай алмаймын. Олардың туындысының әні мен сөзі үйлеспейді. Жас әншілер орындайтын әннің сөзі де, әні де тым ұқсас. Қайталаушылық тыңдарманды жалықтырып, шаршатады. Өз басым бүгінгі сазгерлердің арасында Тұрсынжан Шапайдың әнін ғана сүйсініп тыңдаймын. Оның шығармашылығының табиғаты Сегіз серіге ұқсайды. Себебі, екеуі де ұлттық бағытта жазады. Олардың туындысын эстрада әншісі де, опера әншісі де орындай алады. Себебі, терең, парасатты әндер. Тұрсынжанның «Дариға дәурен», «Сәуле ғұмыр», «Арман» әні – теңдесі жоқ туынды. Кейбір еуропалық білім алған, қазақша білмейтін сазгерлер оған биіктен менсінбей қарайды. Шын мәнінде, қазаққа Тұрсынжан сынды сазгер керек. Өйткені, ұлт өнерін, қазақ әнін ұлттық болмысынан ажырамаған сазгер ғана көтереді. Тұрсынжан Шапайдың әнін кез келген әнші айта алмайды. Бүгінде оның әндерін Рамазан Стамғазиев пен «Қоңыр» тобы орындап жүр. Меніңше, оның насихаты аз. Ал кейбір отандық телеарналар жартылай жалаңаш қыздар мен жіңішке дауысты әнші жігіттерді жарнамалауда. Олардың әні құлақта қалмақ түгілі, адамның жүйкесін шаршатады. Жалпы, адам музыканы не үшін тыңдайды? Әрине, демалу үшін. Өкінішке қарай, кім көрінген «жұлдыз» болған мына заманда ән тыңдап, демалу да қиын болып тұр. Бүгінгі эстрададағы қордаланған мәселені шешпей, ән өнерінің қанат жаюы қиын. Бұл мәселені Мәдениет министрлігі қолға алуы тиіс.
Дайындаған Аягүл МАНТАЕВА

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...