19 Май 2012 | Сенбі

«Аймақ»

ҚАРА ҚАЗАН, САРЫ БАЛА ҚАМЫ ҮШІН

4 қаңтар күні мемлекет басшысы «Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында төтенше жағдайдың қолданысын ұзарту туралы» Жарлыққа қол қойды. Яғни Қазақстан Республикасы «Төтенше жағдай туралы» Заңының 7-бабының 3-тармағына сәйкес Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының шекараларында төтенше жағдайдың қолданысы 2011 жылдың 17 желтоқсанынан 2012 жылғы 31 қаңтардағы 07 сағат 00 минутқа дейін ұзартылатын болады. Біз бұған дейін Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаттары, ардагерлер мен коммуналдық қызмет саласының қызметкерлері төтенше жағдайды ұзарту туралы Елбасыға өтініш хат жазғанын айтқан болатынбыз.
Сондықтан түбек жұрты үшін бұл анау айтқандай аса бір жаңалық бола қойған жоқ. Десе де, бұл жағдайдан ұпай жинағысы келетін кейбір саясаткерлер, сарыжағал басылымдар гөй-гөйге басып жатқанын оқып-естіп отырмыз. Алайда, ашығын айту керек, мұнайшылар саясаткерлерден де «саятшылардан» да әбден шаршады. Дәл қазір ел-жұртқа ес жиып, «қара қазан, сары бала қамы үшін» жұмыс жасау керек боп тұр. Ал сайлаушылар мен сайланушылардың құқығы шектеледі деген әңгімеге келсек, жағдайға байланысты үміткерлер өз сайлауалды бағдарламаларын БАҚ құралдары арқылы халыққа жеткізіп жатыр. Ендігі жерде сайлаушылар да өз қауіпсіздігін басты орынға қоятындығы сөзсіз.
Кім не десе де мұнайлы қала жайлап қалпына келіп жатыр. Жаңаөзен қаласы мәселелері бойынша Үкіметтік комиссияның арнайы өкілі Нұрбол Телегеновтің айтуынша, қазір қалалық әкімдік ғимаратын қалпына келтіруге 190 адам атсалысуда. Жұмыстың 97 пайызы атқарылған. Теңге селосы мен Жаңаөзен қаласының 4 тірек пункті де пайдалануға дайын тұр. Теңге селосының әкімдігі толығымен қалпына келтірілді. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Жаңаөзен қалалық филиалы ғимаратының өңдеу, қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының әкімшілік ғимаратында ғимараттың бүлінген ішкі бөліктерін бөлшектеу мен тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Қазір қаладағы сауда орындары мен банк­тер өз жұмысын қайта бастаған. Келтірілген залалды анықтау және сметалық құжаттаманы жасақтау үшін жобалық ұйымдар мен зардап шеккен ғимараттар арасында келісімшарт орнату жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Ал Маңғыстау облысының өңірлік тұрақтандыру қорына жалпы көлемі 5 386 тонна азық-түлік өнімі қойылды. Өнімнің жалпы сомасы 588 млн 660 мың теңгені құрайды. Өнімнің көп мөлшері Ақтау қаласының қоймаларында тұр. Азық-түлік тауарларының әр түрі бойынша қалыптасқан қордың мөлшері тұтынудың ең төменгі нормасы бойынша Жаңаөзен қаласы тұрғындарының 2-3 айлық қажеттілігінен асып отыр. Сонымен қатар тікелей Жаңаөзен қаласы үшін 7 қазақстандық компанияның жаңа келісімшарттарының негізінде жалпы сомасы 493 млн теңге көлемінде қосымша тұрақтандыру қоры қалыптасатын болады. Өнімнің 10 түрі бойынша азық-түліктерді жеткізу жуық арада басталады. 4 қаңтарда жеті жылжымалы дүңгіршек-автодүкен өз жұмыстарына кірісті.
5 қаңтардан бастап Жаңаөзеннің мектептері мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде оқу басталды. Демалысқа байланысты балалардың сабақ мөлшері көбеймейтін болды.
Ең бастысы – «Қаражамбасмұнай» АҚ-на (390) және «Өзенмұнайгаз» ӨФ-на (918) жұмысқа орналастыру жөніндегі өтінішпен 1308 арыз түсті. Қазір бұл арыздарды арнайы комиссия қарап жатыр.
Айта өтер жайт – «Жаңа жыл кешінде тағы бір бүлік болады екен» деген ел ішіне тарап кеткен сыпсың сөз расталмады. Обалы не керек, мереке күндері құқық қорғау органдары күшейтілген жұмыс күшімен жұмыс жасады. Мәліметке сүйенсек, 31 желтоқсаннан 4 қаңтарға дейін Жаңаөзен қаласында коменданттық сағатты бұзғаны үшін 48 адам ұсталған. – Олардың жеке бастары анықталып, кейбіріне әкімшілік құқық бұзғаны үшін айыппұл салынып үйлеріне жіберілді, – дейді ОІІД Баспасөз қызметі.

Сағындық Рзахметов,
Маңғыстау облысы

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
7 + 7 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ