Алматының Абай мен Момышұлы көшелерінің қиылысында қарттар үйі бар. Сол жерге жолымыз түсті. Қазыналы қариялардың баспанасына бас сұға бергенде, бейтаныс көрініске куә болдық. Орта жастан асқан азамат тоқсанға таяған анасын көлігінен түсірді. Қауқары қалмаған қарт ана ақырын ғана адымдайды. Ішке кіргізіп жатыр. Анасынан ұялды ма екен, баласы тіл қатпайды. Жоқ. Ұялса, әкелмес еді ғой. Енді қарттардың қатарына тағы бір кемпір қосылды.
Ғимаратта күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Далада серуендеп жүрген ақсақалға сәлем бердік. Аман-саулығымыз жауапсыз қалды. Бір ауыз тіл қатпастан, жөнімен кетті. Зілмауыр қайғы маңдайына әжім «сыйлапты». Мұнда шал-шауқан мен кәрі кемпір қалашығында жүргендей боласыз. Біреуі бөлмесінде демалып жатса, енді біреуі әңгіме-дүкен құрып отыр.
Біз Максим есімді қартты сөзге тарттық. Ұлты қазақ екен. «Атымды Мақсым қойған ғой, әу баста. Балалар үйінде Максим деп жазылып кеттік», – деп түсіндірді. Ақтөбе облысы Шалқар ауданында туылған ата Кеңес заманында сан алуан қызметтің тізгінін ұстаған. Жасы – 76-да. Бір қызы, бір ұлы және жеті немересі бар екенін мақтанышпен айтты.
– Мен өзі Әбілқайыр ханның ұрпағымын, шырағым, – деп бастады әңгімесін. – Айналайын, басыңа келмесін, кемпіріңнің сенен кейін кеткені дұрыс екен. Содан айырылып, қатты күйзелдім. Кейіннен балаларыммен бірге тұрмай, осы жерге келдім ғой.
– Балаларыңыз қайда?
– Ұлым Сарыөзекте, қызым Алматының іргесіндегі Бірінші мамыр ауылында тұрады. Перзенттеріме өкпем жоқ. Мына жерге өзім келдім. Әйтеуір, қарттар үйінде замандастарың бар. Шалдармен сырласасың, көңіл жазып қаласың.
– Ата, неге балаңызбен тұрмайсыз? Осында екеніңізді туыстарыңыз біле ме?
– Біледі. Мен балаларыма айтпастан кетіп қалғанмын. Қызымның ақылы бар, үш күн жылады. Оларға кедергі болмайын дедім. Көлігімді, үйімді балама бердім.
Қарт кісі осылай ой өрбітті. 97 жылы кемпірі қайтыс болған соң, осында келуге бекініпті. 1957 жылы балалар үйінен шығып, Алматыға оқуға түскен. Ардагерлер үйінің қызметі жақсы болғанымен, атаның көңілі күпті.
Максим атамен қоштасып, тысқа шықтық. Аулада серуендеп жүрген жан көп. Анадайдан бала жетектеген бір әйел көрінді. Қолында сөмкесі бар, «қадірлі» атасына сыйлық әкеле жатқаны ғой. Отыздардағы әйелді тоқтатып, сөйлестік. Есімі – Мира. Кәріс ұлтының өкілі екен. «Меруерт» деп айта беріңіз», – дейді. Қасына ерген 5-6 жасар баласы айналаға қызықтап қарап тұр.
– Бұл жерге не үшін келдіңіз? Туысыңыз бар ма?
– Атамыз бар.
– Қашаннан бері тұрады?
– 5 ай болды.
– Не үшін әкелдіңіздер?
– Отбасымызда келіспеушілік болды. Пәтерді сатып жібердік. Бар мәселе содан туындады.
– Алып кетпейсіздер ме?
– Пәтер алайық. Сосын әкетеміз.
– Мына кішкентай бала ол кісінің немересі ме?
– Жоқ, шөбересі. Мен немересімін ғой.
– Шөбересін сағынатын шығар?
– Иә, әрине, сағынады. Балам да үлкен атасын қатты жақсы көреді. Баламыз қайта-қайта сұрайды. Ал біз: «Атаң шипажайда демалып жатыр. Жақында келеді», – деп айтамыз, – деді Мира.
Ардагерлер үйіне бір кемпір кіріп келді. Жөн сұрасып, өзімізді таныстырдық. Осы жердің тұрғыны болып шықты. Сексен бестегі Райфа апай татар ұлтының өкілі екен. Қазақшасы тәп-тәуір.
– Апа, қайдан келе жатырсыз?
– Моншадан келе жатырмын. Мына жерде сусепкі бар. Денсаулығым нашарлау болғандықтан, моншаға баруды әдетке айналдырғанмын. – Біз сұрақ қоймасақ та, Райфа апай өзі туралы жан-жақты айтып жатыр.
– Мен бұрын зауытта істегенмін. Соғыс кезінде бір үзім нан үшін күні-түні істедік. Қазіргілер шүкір етпейді. Екі балам бар еді. Қайтыс болып кетті ғой. Үш немерем қалды, соларды өзім оқыттым, өсірдім. Екі немерем Мәскеуге, бір немерем Берлинге көшіп кетті. Үйімді немереме берген едім, ол сатып кетіпті.
– Бұл жерге қашан келдіңіз?
– Жеті жыл болды. Алматыда туыстарым жоқ. Мені Германиядағы немерем сағынады, – деп жылап жіберді. Басу айтып, жұбатқан болдық. – Бұрын түрлі қызмет істедім. Обкомда бір жақын досым бар еді, өзі ғылым кандидаты. Көптен бері қайда жүргенін білмейтінмін. Ол да хабарсыз кетті. Сол досымды бірнеше жылдан кейін қарттар үйінде кезіктірдім. Қазір қайтадан дос болып жүрміз...
Осы кезде әңгімеге бір орыс шал араласты. Сәл алдын аздап тілдескен едік.
– Мына кісі – өте жақсы адам. Маған қызанақ, қияр береді, – дейді Райфа апай. Орыс шалы аздап ішіп алған.
– Жүріңіз, бақшамды көрсетемін сізге, – деп маған қолқа салды. Апайға алғыс айтып, бақшаға тарттық. Аты-жөнін сұраған едік, ол: «Саған осы аса маңызды болса, міне!» – деді де, қолындағы татуировкамен жазылған «Коля» деген жазуды көрсетті. Жетпістен асқан Коля аға қарттар үйінің бір бұрышын баққа айналдырыпты. Қарақат, таңқурай, жаңғақ, алхоры сияқты жеміс ағаштары өсіп тұр. Ақ қайыңдар қаз-қатар тізіліпті. Бағбан кісінің қолы гүл, жайқалтып тастаған. Алайда, көңілі құлазыған, жанарында мұң-зар.
Қазір елімізде 67 қарттар үйі бар, онда 12 мың қария тіркелген. Қарттардың арасында соғысқа қатысқандары көп. Жас кезінде қан кешіп соғысқан қарт бүгінде тағдыр салған ауыртпалықпен арпалысып келеді. Ардагерлер үйінде ғалым да, медбике де, инженер де бар. Тіпті кезінде оқу-ағарту министрінің орынбасары болып қызмет атқарған Әуезхан Қанафин осы жерде өмір сүріп жатыр. Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытұлының баласы осы үйде дүниеден өтті. Біз ата-әжелермен қоштасып, қайтуға қамдандық. «Мен 121-бөлмедемін, келіп тұр», «тағы кел, саған шай беремін», «балам, іздесең, осындамын» деген сөз жүрекке оқ боп қадала берді. Шығып бара жатып, бірнеше суретті көзіміз шалды. Қақпа алдында 5-6 адамның суреті ілінген. Күзетшіден сұрағанымызда: «Бұл – психологиялық ауытқуға ұшырағандардың суреті. Сыртқа шықса, бір нәрсеге ұрынып қалуы мүмкін. Менің міндетім – осы кісілерді шығармау», – деп жауап қайырды. Қапастағы құстың өмірі сияқты. Олар жастықта бейнет көрді. Алайда соның зейнетін көруді жазбапты. Еріксіз жылайды, бірақ жұбататын туысы жоқ қасында. Бір аяғы төрде, бір аяғы көрде тұрған қарттардың бала-шағасы жоқ емес. Тек «он бала бір әкеге жүк болмай, бір әке он балаға жүк болғанның» кері.
Мұрат ӘБЕНҰЛЫ,
Алматыдағы Ардагерлер үйі директорының орынбасары:
Бұл жерге өлу үшін келеді
Жалпы, бұл жерде 350-дей қариямыз бар. Солардың 50 шақтысы – қазақ. Қалғандары өзге ұлт өкілдері. Орыстар басым. Барлық жағдай жасалған. Қарттар коммуналдық ақы төлемейді, зейнетақысын толық алады. Төрт мезгіл тамақ беріледі. Қарттар үйіндегілердің көбі 70-80 жастағылар. Тоқсаннан асқан 18 қартымыз бар. Денсаулығы нашарлары көп. Осында дені өлу үшін келеді.
Көбінің бала-шағасы бар, кейде келіп тұрады. Енді біреуі «құтылғаныма шүкір» дегендей, аяқ баспайды. Жағдайы нашар қарттардың хал-жағдайын сұрап, көңіліне медеу болар бала болсашы. Осында қайтыс болады. Бізде ұл-қыздарының телефондары бар. «Әкең не шешең қайтыс болды, кел», – десек, көбі: «Бармаймыз, өздерің жерлей беріңдер», – деп жауап береді.
Нұрбол Құдайбергенов

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...