19 Май 2012 | Сенбі

Сomment

Ғажайыпты күте отырып...

13 Январь, 2012

«Жапалақ қар революциясынан» кейін орыстар қысқы ұйқыға кетті. Шерулер, ұрандар аяқталды. Сауық-сайран орындары да, қарғыс алаңдары да жым-жырт. Жыл сайын қаңтар айының 1-нен 15-іне дейін бүкіл ел өмірі баяулап, бір мерекеден кейін екінші мереке тойланып жатыр. Жаңа жылды 1 қаңтарда батысша тойлаған соң орыстар 7 қаңтарда өтетін православ жаңа жылына дайындалады. Сосын, 13-інен 14-іне қараған түні юлий календары бойынша «ескі жаңа жылды» тойлауға да әманда әзір.

Мәскеуде екі апта бойы кәсіпкерлер дүкендерін жауып тастайды. Оқушылар демалыста. Көшедегі көлік кептелісі де бұрынғыдай «жан түршігерлік жаман түсті» еске түсірмейді. Мәскеу халқы қар жамылған дачаларына немесе әлемнің кез келген бір түкпіріне кетіп, астана қаңырап бос қалғандай. Мәселен, 2011 желтоқсанындағы шерудің «құпия кеңесшілерінің» бірі Евгения Чирикова Филиппин аралдарына демалуға кетті. Күш жиып, тынығып алуы керек. Себебі, 2012 жыл – диалогтың жылы бола ма, әлде, дүрбелеңнің жылы ма, ол жағы әлі беймәлім.
Қарсылық қозғалысының алдында әлі керемет күндер тұр. Қаңтардағы тыныштық уақытша нәрсе. Мерекелерден кейін наразылар қайта бас көтереді. 24 желтоқсанда, яғни Мәскеудегі Сахаров даңғылындағы үлкен шеру кезінде Левада орталығы жүргізген сауалнамаға қарағанда, респонденттердің 73 пайызы «үкіметтің саясатына» тойып біткенін айтқан. Наразылыққа түрткі болып отырған тек қана бұрмалаушылық қана емес екен.     
Сорақысы сол, премьер-министр Владимир Путин оппозициямен диалог жүргізуге еш ниетті емес. «Ешқандай бағдарламасы жоқ, әңгімелесуге тұрарлық та ешкім жоқ», – деп, ол 28 желтоқсанда тележурналистердің алдында өкінген кейіп танытты.
Православ шіркеуінің басшысы Кирилл тосын сый жасады. Кремльден бойын аулақ салған дінбасы шерушілерге қолдау білдірді. Ол «халықтың жемқор элитаға қарсы жағымсыз реакция білдіруі заңды» деді. Әдетте өзара тығыз байланысты Шіркеу мен саяси биліктің  сөзі алғаш рет бір жерден шықпады.
Бұл – әлсіз белгі. Орыстардың 75 пайызы өздерін православпыз деп атайды, тек  8,5 пайызы ғана дінді берік ұстанады. Шынтуайтында, бұл – діншілдіктің емес, этомәдениеттің көрсеткіші. Бұл елде тұратын ерлер мен әйелдердің көпшілігі үшін дін – қорқынышты әрі тұрақсыз әлем табалдырығы алдындағы қорған, саяси және әскери биліктің безбүйректігі мен өркөкіректігіне қарсы қалқан.  
Сондықтан Ресейде Шіркеу – сенімнің деңгейі, басқаша айтқанда, саяси билеушілерден гөрі әлдеқайда маңыздырақ.
Кирилл дұрыс айтып отыр. Ол көптің қозғалысымен ойнауға болмайтынын жақсы біледі. 2011 жылдың 24 желтоқсанында Мәскеуде 100 000 шеруші Путинге қарсы ұран көтерді. Бұл КСРО құлағаннан кейінгі, яғни 1991 жылғы желтоқсаннан беріде көшедегі ең үлкен наразылық акциясы болды. Наразылық білдірушілердің дені – жастар, қала тұрғындары, білімді, қарны тоқ адамдар, кең бостандық беруді табанды түрде талап ете білетіндер.  
Бірақ, бұдан басқа да Ресей бар. Дінге берілген, ғажайыпқа құлай сенеді. Бәрін басқаша есептейді. Бұл «Ресей» 2011 жылы 19-27 қараша аралығында Мәскеуге лық толы автобуспен келді. Кездесу Құтқарушы Иса-Мәсіх шіркеуінде болды. Ол жерде Әулие Мариямның белбеуі қойылған. Ол әйелдердің бала көтеруіне себепші болып, түрлі жаманшылықтан сақтайды делінеді.
Осы уақытқа дейін ол Атос тауындағы бір монастырьде сақталыпты. Осы уақытқа дейін белбеу ол жерден ешқашан шықпаған көрінеді. Соңында грек монахтары Петербор мен Владивостокқа дейінгі аралықта «орыс турнесін» жасауға рұқсат беріп, кеңшілік жасапты. Қандай сәттілік десеңізші! Тоғыз күн бойы 126 000 адам кезекке тұрды. Жұрт ғибадатхана ішіне жетіп, қасиетті зат салынған қорапқа еріндері мен саусақтарының ұшын тигізу үшін кейде 20 сағат бойы аязға да, қарлы боранға да қарамады. 
Көрменің соңғы күндері кезек бірнеше шақырымға созылды.
Елу жастағы мәскеулік Зоя кезекте 18 сағат бойы тұрған. «Өте қиын болды, күн суық, әбден қалжырадым. Кеңес дәуіріндегідей шұжық немесе сирек кездесетін тауарды сатып алу үшін кезекте тұрғандай болар деп ойлағанмын. Қапталдан келіп кезекті бұзып өткісі келгендердің жұлқып, кимелегенін есепке алмағанда,  жалбарынғандар мен өлең айтқандардың дауыстарын айқай мен былапыт сөздер тұншықтырып жіберді», – дейді ол.
Сол күндері төменгі Ресеймен жоғарыдағы Ресейдің жолы түйісті. Саясаткерлер, жұлдыздар, жоғары қызметкерлер, лауазымды тұлғалар қара мерседестерінен шапшаң түсіп, кезекте бір минутта тұрмастан, ғажайып белбеу­ге апаратын шағын құпия есіктен лып етіп кіріп жатты. Танымал адамдарға осылай жеңілдік жасалды. Ол жерге әртүрлі халық жиналды. 25 қарашада коммунистердің басшысы Геннадий Зюганов та төбе көрсетті. Ол да рухани тазару үшін шағын есіктен кірді. Мұнысы қулығына құрық бойламайтын бұл саясаткерге арада төрт апта өткен соң Кремльдің түбіндегі Йосиф Сталиннің моласына гүл қоюға еш кедергі болмады.

Мари Жего,
 «Le Monde»

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
3 + 11 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ