19 Май 2012 | Сенбі

Сomment

Ғажайып Үндістан

09 Декабрь, 2011

«Үндістан – жағымсыздау жер. Халқы сымбатсыз, сый-құрмет, қарым-қатынас жасаудан хабарсыз. Асқан дарындылық, зеректілік, әдептілік дарқандылық жоқ. Олардың кәсібінде ісінде тәртіп те, жоспар да жоқ; өлшем жіп, бұрыштама деген оларға белгісіз заттар. Үндістанда жақсы су да, жақсы ет те, жүзім де, қауын да, жемістің жақсы түрлері де, мұз да, салқын су да, базарларында жақсы, дәмді тағам да, жақсы нан да жоқ. Монша мен медресе де, шырақ та, шырағдан да жоқ.
Тұрғындарының көпшілігі мәжүсилер, тұтқа табынушылар; үндістандықтарды тұтқа табынушы хиндулар деп атайды. Біздің елімізде далалық жердегі көшпенділер ғана өздерін тайпаларының атымен атайды; ал онда аймақтың отырықшы халқы да, қыстақ тұрғындары да тайпаларының атымен аталады. Әр түрлі қолөнершілер атадан балаға ізбасар болады.
Бұл ұлан-байтақ өлке, онда алтын да, күміс те мол».

Бұл – бұдан 500 жыл бұрын Үндістанда Ұлы моғол мемлекетінің негізін қалаған Темір әулетінің ұрпағы Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр жазып қалдырған «Бабырнамадан» үзінді. Осы жолдардың өзінен-ақ бір кездердегі асқақ, жаншылмаған, дүниенің тұтқасы өзім деп білетін түркінің империялық рухы анық көрініп тұр.
Үндістан сапарына шықпас бұрын, әрине, картаға көз жүгірттім: Үнді елінің астанасы Дели Алматыға Оралдан гөрі жақынырақ көрінеді. Бірақ арада ұшақтың тікелей ұшуына Тянь-Шань, Памир және Кашмир тауларының сілемдері кедергі жасайды екен. Әйткенмен, биік тауларды айналып ұшқанның өзінде «Эйр Астана» ұшағы небәрі 3 сағаттың ішінде үнді топырағына табанымызды тигізді.
«Елу жылда ел жаңа» деген, Бабырдан кейінгі 500 жыл ішінде Үндістан көп өзгерген. Бір кездері Бабыр бабамыз шекеден қараған үнділер ХХ ғасырдың аяғындағы жылдам даму жолына түскен жұртқа айналды. ЖІӨ көлемі жөнінен әлемде 12 орынға дейін көтерілді. Сатып алу қабілеті тұрғысынан 4 орында. Бірақ бұл елдің өз проблемалары да бір түйеге жүк боларлықтай. Кедейшілік пен сауатсыздық көп. Терроризм, тайпа, дінаралық кикілжіңдер ауыздықталмай тұр. Көрші Пәкістанмен араздық, кашмир мәселесі, тағысын тағылар...
Үнді елі – нағыз кереғарлықтың елі. Кереғарлық барлық елде бар. Бірақ дәл мұндай кереғарлықты әлемнің басқа түкпірінен көрмейсіз-ау, сірә. Байлық пен кедейшілік, сұлулық пен ұсқынсыздық, көнешілдік пен жаңашылдық тоқайласып, жымдасып, біртұтас дүние құрайтын ғажайып өлке. Бұған бірді-екілі мысал айта кетсек, мәжүсилер сиырды әулие жануар көрсе, мұсылмандары арбаға жегіп жүр. Дели көшесінде сол өгіз жеккен арбаның қасынан кейде құны 400 мың доллардан асатын ламборджини автокөлігі жүйткіп өтеді. Сән-салтанаты тасыған 5 жұлдызды қонақүйлерден сәл ұзай бере кепкен тезектерден тау тұрғызып, қалап жатқан үнділерді көресің.
Үндістанда көрген-білгенімізді, алған әсерімізді кейінгі қалдыра тұрып, алдымен қазақ-үнді қарым-қатынасына аз-кем тоқтала кетейік. Ол үшін әңгімемізді Нью-Дели қаласында өткен «Туризм және саяхат» атты 6 қазақ-үнді жәрмеңкесінен бастаған жөн. Мұнымен қатар осы Pragati Maidan көрме кешенінде 14-27 қараша аралығында Үндінің халықаралық сауда жәрмеңкесі (ІІТF) де өтіп жатты. Оған әлемнің 26 елінің шеберлерінің қолынан шыққан дүниелер қойылған. Әлемдегі ең үлкен жәрмеңкелердің бірі – осы жәрмеңке. Оған Үндістанның бүкіл штатымен қатар шетелдік компаниялар да қатысты. Инженерлік құрал-жабдықтар, автокөліктер, электроника, былғары және тоқыма өнімдері, бағалы тастар, жиһаз дейсіз бе, әйтеуір жаныңызға керектің бәрі осында.
Жәрмеңкеде Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен қатар Түркияның, Иранның, Өзбекстан мен Беларусьтің де туларын көзіміз шалып қалды. Бұл елдердің өкілдері алтын, күмісін, қол өнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарды бұлдап, қарақұрым үнділермен жапа-тармағай саудаласып жатыр. Бұлармен салыстырғанда, еліміздің көрмеге қойғаны көзімізге жұпыны көрінгені рас. Тегін таратылуға тиісті Елбасының хинди тілінде жарық көрген кітаптары, «Эйр Астана» ұшағының макеті мен осы компанияның нышандары, тағы бір зауыттың көшірмесі ғана тұр. Қазақстан елшілігі, Үнді туризм министрлігі және үнді кәсіпкерлері бас қосқан жиында көкейіміздегі осы сауалға Қазақстанның Үндістандағы елшісі Дулат Қуанышев былай деп жауап берді:
«Көрмеге қатысудағы мақсатымыз мынау: біз еліміздің экономикасының Үндістандағы екі шамшырағын көрсетпек болдық. Оның бірі – «Эйр Астана», екіншісі – «Қазқұрылыссервис».  «Air Astana» ұшақтарымен жолаушылар Делиден Алматыға дейін небәрі үш сағатта ұшып келеді. Үнді саяхатшылары үшін бізге ұшу өте тиімді. Бағасы да қолайлы. Үндістанның өз ішіне ұшу билеттері бізден қымбаттырақ. Үнді туристерін қызықтыруға мүмкіндігіміз мол. Қазақстанның оннан аса компаниясы үнді елімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Солардың ішіндегі ең ірісі – «Қазқұрылыссервис». Бұл компания Үндістанда бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуда».
Осындай тұщымды жауап естігеннен кейін көңіліміз жайланып, жадырап қалдық.  Бұл жәрмеңкеге қатысуымыз 2017 жылы Астанада өткіземіз деп жоспарлап отырған EХPO халықаралық көрмесіне қол жеткізудің кезекті бір қадамы екен. Әзірге бұған Астана мен француздың Льеж қаласы ғана тілек білдірген.
 «Эйр Астана» АҚ-ның Қазақстанда және шетелде сату бойынша директоры Ричард Леджер мынадай дерек­терді алға тартты. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, биыл Үндістаннан келетін жолаушылар саны 50 пайызға өскен. Әсіресе, мұнай және газ өнеркәсібіндегі, фармацевтика және ақпараттық технологиялар саласындағы тұтынушылар арасында сұраныс артқан. 
«Сонымен қатар Тбилиси, Мәскеу, Санкт-Петербор, Баку, Ташкент және Бішкек қалаларына транзиттік жолаушылардың көбейгенін көріп отырмыз. Олардың көбі Қазақстанға сапармен келеді. Қазақстанды қайта көруге құмартып келетіндер аз емес. Жақын арада Алматы мен Дели арасындағы әуе қатынасын аптасына 4-5 дейін арттыру заңды және қажет шара болады деп үміттенеміз. Бұған қоса, Қазақстаннан Үндістанға жолаушылар саны ұлғайғанын айта кету керек», – деді Ричард Леджер.
Расында да, әуе қатынасы – еліміздегі туризмнің дамуына күшті серпін беретін құрал.  Сырт көзге Үндістан өте кедей ел болып көрінеді. Әйтсе де, бұл елде 60 миллион үндінің турист ретінде шетелге сапар шешуге мүмкіндігі бар. Сапар барысында барған елінде қомақты қаржы жұмсай алады. Сондықтан еліміз туризмді дамыту барысында Үндістанға басымдық берілген бағыт ретінде қарастырмақ.
Биыл 5 мыңнан аса үнді қазақ визасын алыпты. Көбі қазақ еліне іскерлік мақсатпен келеді. Өйткені, Үндістан біздің елімізбен сауда-экономикалық байланысты, инвестициялық байланысты дамытуды көздеп отыр.
Ал қазақ жерінен Үндістанға биыл 8 мыңнан аса саяхатшы келген. Мысырдағы төңкеріс, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі табиғат апаттарынан кейін Гоа жағажайына құмыртқандардың саны күрт көбейе түскен.
Жалпы, Қазақстанда үнділердің үлесі бар 600-ден аса компания тіркелген. Олардың бірсыпырасы толықтай үнді азаматтарына тиесілі болса, қалғандары жартылай тиесілі. Бұлардың дені – шағын компаниялар.
Қазақстанда жұмыс істеп жатқан ең ірі үнді бизнесіне келсек, ол Үндістанның ОBL компаниясы. Бұл – компания «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірге Каспий теңізіндегі Сәтбаев блогында  барлау жобасына қатысуда.
Отандық «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы Үндістанның ұлттық атом энергиясы компаниясына уран жеткізіп беруде. Үндістан атом саласында Қазақстанды басымдылық берілген бағыт ретінде қарастырады. Өйткені, еліміз осы шикізатты өндіруші әрі экспорттаушы елдердің алдыңғы қатарында. 
Қазақстанда үнділердің «PNB»-Қазақстан» (Punjab National Bank – Үндістандағы ең ірі мемлекеттік банктің бірі) атты жаңа банк құрылды. Үнді кәсіпкерлері еліміздің фармацевтика нарығында белсенді. Бүгінде қазақ-үнді саудасының жандануына басты кедергі – тікелей сауда жолының болмауы. Еліміз Кеңес Одағы кезіндегі жолдарды пайдаланып жүр. Осының кесірінен қазақ компаниялары бәсекелестікке келгенде, артықшылықтарын жоғалтып алады. Үндістанға шығар ескі жолда Ресей мен Украина компанияларының асығы алшысынан түсуде. Үнді нарығы біз үшін аса қолайлы емес. Себебі, бұл елде Қытай секілді шикізатқа көз тігіп отыр.

Шадияр Өстемірұлы,
Алматы – Дели – Нью-Дели – Агра – Алматы


(Жалғасы бар)

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
1 + 17 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ