Жас қазақ: Елбасы бір сөзінде 2012 жылдың қиын болатынын меңзеді. Яғни Еуропада тағдыры қыл үстінде тұрған еуроның жағдайы, Грекия, Испания мемлекеттері қор нарығының тұрақсыздануы, тіпті банкроттыққа ұшырау қаупі әлемдік экономиканың тізгінін тежеді. Оған – төніп келе жатқан тағы да бір ауыр экономикалық коллапстың көлеңкесін қосайық. Біз осыншама ауыр кезеңді бастан өткеруге психологиялық тұрғыдан дайынбыз ба?
Амангелді Айталы: Әр жылдың өз ауыртпалығы бар. Қауіп-қатері, аяқасты күтпеген оқиғалары көп болады. 2012 жыл біздің Қазақстан үшін, меніңше, екі жағынан қауіпті. Бірі – ішкі жағдай. «Ішкі жағдай» дегенде 2011 жыл біздің Қазақстан үшін, қазақстандықтар үшін, қазақ үшін қайғылы да қауіпті оқиғалармен есте қалды. Ақтөбедегі жағдайлар, Атырау, Тараз және Жаңаөзендегі оқиғалар, тағы басқалары – бұлардың, сөз жоқ, әлеуметтік, психологиялық, экономикалық, рухани негіздері бар. Бұл оқиғалар қайталануы мүмкін. Себебі, олардың астарында белгілі бір топтардың қарсылығымен бірге әлеуметтік-экономикалық жағдайлар мен келіспеушілік жатыр. Бұл факторлар мен себептер 2012 жылы да түрліше қозғалыстарға түрткі болады. Осы жағынан біз, әрине, кез келген жағдайларға дайын болуымыз керек. Жалпы, кешеге дейін біз халықты, елімізді өте бейбітшіл, бірыңғай, тек қана келісім мен тұрақтылық отаны деп келдік. Шын мәнісінде, мұның өзі ғылымға қайшы. Ғылымда қоғам келісім мен келіспеушіліктен, сонымен бірге қайшылықтар мен бірлесуден, сенім мен сенімсіздіктен тұрады да, белгілі бір жағдайда осы күштер бір ортақ мәмілеге, тепе-теңдікке әкеледі.
Біздер осы қарама-қайшылықтардың бір жағын ғана айтып келдік. «Келісім» дедік, «бірлестік» дедік. Шын мәнісінде, мұндай жағдайлар бола береді. Біз соған дайын болуымыз керек те, алдын алу жағын көп ойлануымыз керек. Сол себепті тек 2012 жылы ғана емес, қауіп бүгін де, ертең де, келешекте де болады.
Жас қазақ: Жалпы жоғары шенді шенеуніктеріміз, мейлі ол министр, мейлі әкім болсын, жыл сайын есеп бергенде «әлеуметтік, ұлтаралық және діни ахуал тұрақты» дейді. Бірақ...
Амангелді Айталы: Өзімізді жұбатып, біздің елде жарылыс, лаңкестік болмайтындай, өзімізді соған сендіріп, қырағылықты ұмытып, тіпті қоғамымыз қалың ұйқыға енді. «Жау жоқ деме, жар астында» дейді қазақ. Ойламадық. Шын мәнісінде, мұның барлығы аяқастынан туған нәрселер емес. Себептері тереңде жатыр. Соны енді мойындап жатырмыз.
Жалпы, біздің «Ақ жол» партиясының ұстанымы – «барды бар, жоқты жоқ» деп айту. Біз Президентті сыйлаймыз. Бұл – сөзсіз. Біздің тарихымызда Тұңғыш Президенттің еңбегі орасан. Президент Қазақстанның жеңістеріне ғана емес, Қазақстанның жағымсыз жағдайларына да, елде болып жатқан түрлі қиындықтарға да жауапты. Неге осылай болды деп оның себептерін іздеуіміз керек.
Ал 2012 жылға сын тұрғысынан келер болсақ, бұл – әлемдегі экономикалық дағдарысқа қатысты дүние. Тіпті АҚШ секілді алпауыт елдер де бүгінде үрейленіп отыр. Мәселен, сайлау алдында демократиялық партияның да, республикалық партияның да осы дағдарыстың алдын алуға қатысты бағдарламасы жоқ. Қиындықтан қалай шығу керек?! Осындай жағдай Еуропаның да басында бар.
Біздің экономика – әлемдік экономиканың бір құрамдас бөлігі. Әрине, біз ұлы мемлекет емеспіз. Дегенмен Американың, болмаса Еуропаның қаржы экономикасы тұмауратып жатса, біз де түшкіреміз. Бізге де келеді лебі. Бізге де жұғады. Осы қауіптің алдын алып, қолдан келгенше жағымсыз жағдайларды азайту керек. Бұл қауіп емес, бұл – алдымызда тұрған үлкен сын.
Сондықтан, экономикалық стратегияға баса назар аударуымыз қажет. Соның бір тармағы – индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы. Қазір осы салаға көптеген қаражат құйылып жатыр. Бірақ сол қаржыдан біз қанша табыс табамыз? Құйылған ақша ақтала ма, ақталмай ма? Осы өндіріліп жатқан біздің тауарларымыздың, өндіріліп жатқан құрал-жабдықтарымызға әлемде сұраныс бар ма, жоқ па?
Мысалы, біздің Ақтөбе облысында түрліше құбыр жасайтын зауыттар бар. Осыдан төрт жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлының қатысуымен ашылған зауыт бүгін банкрот болып жатыр. Себебі, әр зауыт тәуекелге барып, өзі өнім шығара береді. Сұраныс болмайды. Біздің тауарымызды реттейтін орталық болмаса, болашақта біз де осындай дағдарысқа ұшырауымыз ғажап емес. Құйылған инвестиция ақталмауы мүмкін. Ондай нәрсе талай болған. Американың өзінде де болған. Сондықтан ойлану керек.
Ең басты қауіп іште, өзімізде. Елімізді саралап білуге, кемшіліктерге тура қарауымызға байланысты. Бірақ күні бүгінге дейін, тіпті тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойын тойлағаннан кейін де, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары әлі де сол мақтаумен, мадақтаумен, «жасасын!» деген ұраннан көз ашпай келеді.
Жас қазақ: Конфуцийге қайта оралсақ. «Жаппай мақтау» демекші, сіз айтып отырған бұқаралық ақпарат құралдары да, партиялардың дені де, шенеуніктер де тек билік партиясын жаппай жарнамалауға кіріскен жоқ па? «Ақ жолдан» басқа партиялар жайлы пікіріңіз қандай?
Амангелді Айталы: Мәселе былай: «Нұр Отан» партиясы – мадақтаушы партия. Мысалы, ЖСДП-ны алатын болсақ, бұл партияның жақсылықты көруден гөрі, жамандықты іздеп, теріп, айтуы басымдау. Енді мына коммунистер қарқынды жұмыс жасап жатыр. Дегенмен осылардың орағы өткір емес-ау деймін. Балғасын да тот басқан шығар.
«Ақ жол» партиясы былай дейді: «Жақсылықты, жетістікті көре алмаған – соқырлық. Кемшілікті көре білмеген – елге жаны ашымағандық». Осы тұрғыдан келгенде, «Нұр Отан» – елге жаны ашымайтын партия сияқты. «Жеңістен – жеңіске!» дейді. ЖСДП жетістікті көрмейді. Бірыңғай сынаудың партиясы. Мұның барлығы – біздің өткен тарихымыздан. «Нұр Отанның» ізі – коммунистік партияның ізі. Тым қаралағыш партиялар бұрынғы сарыннан арылмаған. Таптық күрес. «Мынау ақтар, мыналар қызылдар» деп қоғамды екіге бөліп, бір-біріне қарама-қарсы айдайды. Осының ортасында «құрылымды оппозиция» деген бар. Ол – билікпен ымыраға келіп қана қоймай, сонымен бірге оның қатесін бетіне айтатын «Ақ жол» партиясы ғана. Партиямыздың ерекшелігі осы. Жоғарыда айтқандай, бірыңғай мақтану – орға жығады. Оны Кеңес Одағы коммунистік партиясынан көрдік. Ол кезеңнен өттік. Одан «Нұр Отан» да, басқалары да сабақ алуы керек. «Нұр Отанның» семіріп жүргені – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Бір кезде, съезд барысында, партиялардың жиналысында сөйлегенімде: «Нұр Отанның» беделі – бұл әзірге Президенттің беделі, Президенттің бұқаралық ақпарат құралдарындағы беделі», – деген едім. Егер, Президент өзін барлық партиядан алшақ ұстап, «қай жеңгендерің – менікі» деп отырса, нағыз көппартиялы жүйе болар еді. Мына әкімдер «Нұр Отандағы» сайлаудың пайызымен Президенттің беделін өлшейді. Бұл – үлкен қате. Партия бөлек болуы керек. Президент бүкіл елдің көшбасшысы. Оның рейтингі «Нұр Отанмен» өлшенбеуі керек. Өкінішке қарай, біздің әкімдер сайлауларда бәсеке жарысқа түседі де, сонымен сайлаудың әділдігіне зиян келеді.
Жас қазақ: Жаңаөзен оқиғалары сияқты жайттардың алдын алу үшін не істеу керек? «Ақ жолдың» айтары, ұсынысы бар ма?
Амангелді Айталы: Жаңаөзендегі оқиға – бүгінге дейін шындыққа қарай алмағанымыздың салдары. Қоғамның, дәлірек айтсақ, биліктің болып жатқан жағдайларға шынайы қарай алмауы. Жаңаөзендегі жағдай – халықты менсінбеу, қоғаммен диалогқа бармаудан туындады.
Тіпті түрлі діни бағыттағы адамдарды біреуін «сақал қойды», екіншісі «орамалды дұрыс тақпады» деп қудаласа, онда біздер террористер мен экстремистерді қолдан жасаймыз. Осы уақытқа дейін жасап келдік те. Сондықтан, біздің терроризмге, экстремизмге қарсы күреске байланысты өзіміздің жұмыс жоспарымыз бар. Олардың алдын алуға қатысты басқа да заңдарды қайтадан қарауымыз керек.
Батыста тәртіп сақшыларына мұсылманның кім екендігі айтылады. Құранды білмесең де, түсінуің шарт. Бірдеңе болса, мұсылманды қуып, қамауға асықпа. Дін төңірегіндегі заңдарды қайта қарауымыз керек деп есептейміз. Мәселен, діни әдебиет тәркіленді дейік. Ол әдебиет менің де үйімде бар. Қазір әр үйде бар. Тіпті компьютерлерде бар. Ол үшін адамды жабуға, қамауға бола ма? Сондықтан, экстремистермен күрескен Ресей мықты-мықты сараптама орталықтарын құрып жатыр. «Кавказ болсын, Татарстан болсын жағалай тиіспейік. Қандай әдебиет болсын, ғылыми жағынан сараптайық деген ой, мәдениет біздің құқық қорғау органдарына жетіспейді. Дінді бір жақты айыптау басым. Біздің елде исламофобия белең алды. Кім жаман? Ислам жаман. Исламға Еуропаның көзімен қарайтын болып кеттік. Біз мұсылман мемлекетіміз ғой.
Жас қазақ: Жалпы заңды қабылдату ұзақ процесс, орындату – одан да ұзақ. Қазір де жаңа заң қабылдау керек деп отырсыз. Сол арада көп уақыт өтіп кетпей ме?
Амангелді Айталы: Күресудің басқа амалы жоқ. Басқа жолы жоқ. Тек заңмен. Діннен кеткен халықты қайтадан жинау қиын болады. Бұл біздегі діни сананың таяздығы. Енді халықты одан сайын үркітіп алдық.
Әлихан Бөкейханов кезінде «дінсіз ұлт болмайды, дінсіз мәдениет болмайды» деген. Дін – мәдениеттің де тірегі, ұлттық болмыстың да тірегі. Рухани мәдениетсіз кәсіпкерлік те болмайды. Егер кәсіпкерлер ақша қуып, діннен безсе, имандылықтан кетсе, бұл кәсіпкерліктің өзі елді тонау болып табылады. Тек табысты ойламай, елді де ойласын. Көптеген Еуропа елдері халық алдында кәсіпкерлердің тізесін шөктірген. Табысын шектейді. Себебі, Құдайдан кейінгі орында – халық. Халық онда ол кәсіпкерді де, билікті де төңкереді.
Жас қазақ: Дін қызметкерлерін қаралауға болмайды дейсіз. Десек те, мүфтияттың жұмысына берер бағаңыз қандай?
Амангелді Айталы: Мұсылмандар өте қорқақ. Бұларды кеңес дәуірінен қудалап келеді. Жапа шеккен. Күні бүгінге дейін өте үрейлі, қорқақ. Мәселен, әкім кіріп келсе, ауданның имамы ұшып түрегеледі. Шын мәнінде, имам рухани тұлға болуы керек. Ал әкім – әкімшілік тұлға. Сол әкімнің алдында «стойка - смирно» деп қақшиып тұратын реті жоқ. Бұл үстем психологияның әсері. Әкімшілдік-әміршілдік жүйенің әлі де болса санамызда тереңдеп қалғаны. Мынадай сын айтылды: Қызылағашта қанша адам қаза тапты. Сол елдің басына барып, көңіл айтып, құран оқып, жұбататын мүфтият болмады. Халық ренжіді. Ресейде қайғылы оқиға болса, Кирилл жетіп барады. Үкіметке сын айтады. Сын айтқанда «мынау православ үмбеттерім неге өлді? Сіз үшін шахтер болар, басқа маман иесі болар, мен үшін біздің дінімізді ұстанған адамдар. Сізден жауап сұраймын» дейді.
Путин мен Медведев Кириллдің алдында кәдімгідей балаша жорғалайды. Қолын сүйеді. Міне рухани билік қайда?! Кирилл айтса, көптеген жағдайда халық тоқтайды. Ал бізде халықты тоқтататын рухани көсем жоқ. Біреуді сынау қиын, әрине.
Халыққа жанашырлықты алдымен дінбасылары білдіру керек. Біріншіден, адамдар өлді. Олардың біреуінің де мойнына кінә артуға болмайды. Қылмыс деп те айта алмаймыз. Ақтөбеде өлген балаларды да біз «қылмыскер» деп айта алмаймыз. Жаңаөзендегі жағдай да солай. Оның ішінде ешқандай кінәсі жоқ адамдар кетті. Неге келмеді дінбасы? Неге жұбатпайды? Күресетін жер сол ғой. «Сіздер үшін бұзақы, мен үшін мұсылман» деп. Келіп, халықты жұбатып, қайғысына ортақ болуы қажет еді. Қалай болғанда да, өзіміздің мұсылман балаларымыз ғой. Оған бармады. Халықтың алдында өзінің шын мұсылмани бауырмалшылдық, адамға деген адамгершілік, мейірбандық көрсететін жерде көрінбей қалғасын халық діннің қамқорлығын сезіне алмайды.
Жас қазақ: Таяуда Маңғыстаудағы оқиғаның ізін ала мемлекеттік арналарда топ-топ болып зиялы қауым өкілдері сөз алды. Көрермендер тарапынан «ел сыйлайтын азаматтардың ең болмағанда, үндемей қалғаны дұрыс болар ма еді» десіп жатты...
Амангелді Айталы: Мен де сөйледім, сол эфирден. Бастапқы кезде ақпарат та болмады. Бір тілші таяуда «Жаңаөзенде болған жағдай туралы пікір білдіруден зиялы қауым неге қашады?» деген сұрақ қойды. Сонда берген жауабымды қайталайын. «Бізде зиялы қауым жоқ. Зиялы қауым деген бұл интеллигенция емес. Жоғары білімді адамдар емес. Бұл жазушы да емес. «Зиялы қауым» деген тәуелсіз, өзінің ойын тіке айтатын, елге жанашырлық танытатын тұлға. Ешқандай есепсіз, бас пайдасын ойламайтын. Популист емес. Керек болса, басын ажалға тігетін. Турасын айтатын адам».
Бізде қауым түгілі жеке адамдар да аз. Шынын айтқанда, біздің зиялы қауым деп жүргеніміз әшейін тек Президент төңірегінде, соның көлеңкесінде, не облыстың әкімінің төңірегінде, көлеңкесінде бата беріп жүрген, мақтау айтып, ода жазып жүрген ақындар мен жазушылар, ақсақалдар.
Зиялы дейтін қауым кейін келетін шығар. Жоғарыда сөз болғандар кешегі Сталинге, Брежневке табынған ұрпақ не солардың балалары. Мүмкін, бұл да тарихымызға байланысты шығар. Кеңес заманында ғана емес, бұрын хандарға табыну деген болған ғой. Бұл психология кейін күшейіп кетті.
Қырғыз халқы ешуақытта ханға табынбаған халық екен. Өте турашыл, біздің тілмен айтқанда – тентек. Сондықтан екі президентті елден қуды. Өзінің жұмысын аяқтап, қорыта келгенде бұрынғы президент Роза Отынбаева: «Біздің қырғыздар тәуелсіздік кезінде бастарынан өткерген бірнеше революция, бірде-бір жағдай көрші елдерде жоқ. Бүгінгі күні қырғыздан батыл, қырғыздан демократ, қырғыздан турашыл ел жоқ. Түбі біз озамыз», – деді. Осы сөздің астында үлкен шындық жатыр. Түбі олар озады. Себебі, табиғи байлық – байлық емес. Парасаттылық, адамгершілік – үлкен байлық. Бұл жолға түскен міндетті түрде озады.
Жас қазақ: Біз қазір мықтымыз ба?
Амангелді Айталы: Мықты емеспіз. Өзімізді өзіміз саралауға, осал тұстарымызға тіке қарауға мүмкіншіліктеріміз жетпей жатыр. Мақтаудан, мадақтаудан қол тимей жатыр. Сондықтан, біз әлсізбіз.
Асқар Ақтілеу,
Ақтөбе облысы
(Материалдың ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қорынан төленген)

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...