19 Май 2012 | Сенбі

Көңілашар

«МЕНІ БАЛАЛЫҚТА КӨРГЕН ҚИЫНДЫҚТАР ЖАЗУШЫ ЕТТІ»

Ұлт сөзін сөйлеуші Шерағаң, Шерхан Мұртаза биыл сексеннің сеңгіріне шығады. Жазушы балалық шағынан сыр шертеді. «Жас қазақтың» жас қазаққа өнеге болсын деген ниетінен туындаған «Бала бейне» айдары қайта жалғасады. 

– Ересектерде «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ. Анадан ешкім сақал-мұртымен тумайды. Мен де солардың бірімін. Аз ба, көп пе – біраз жасқа келдім. Аз ба, көп пе – ірілі-уақты бірнеше кітап жаздым. «Халық жазушысы» атандым. «Жазғанымның бәрі алтын» – дей алмаймын. Бірақ солардың көбі және дәмділері балалық шақтың нәрінен, балауса балғын шақтың әсерінен туған. Өсе келе көпті көрдім, дүниенің шартарабын араладым. Бірақ соның бәрі мені балалық шағымдай байыта алмады.
Егде тартқанда бүгін көргенің ертең естен шығады.
Ал енді бала кезде көргенім, естігенім бүгінгідей әлі есімде.
1937 жылғы бірінші майдың тойы ылғи ойыма орала береді. Еш ұмытылмайды. Есім кіргелі әкеммен бірге ілесіп барған алғашқы той. Халықтың көп жиналған мейрамын бірінші көруім. Сонда әкемнен адасып қалып, бүкіл ауылды басыма көтеріп бақырыппын. Әкемді тауып алып, табысқаннан кейін де «неге тастап кеттің?» – дегендей қитығып, Мұртазаның қонышын шыбықпен сабалап, кішкентай жұдырығыммен түйгіштей бердім. Бұл – балалық шолжың еркелігім екен.
Бірақ, бұл еркелік ұзаққа созылмады. Ес біліп, етекті енді жауып, аурудан, ашаршылықтан енді құтыла бергенде, талайсыз тағдыр тағы да қытымырлық көрсетті. Әкем Мұртаза жазықсыздан «халық жауы» атанып, ұсталып кетті. Балаларымен анам Айша аңырап қала берді...
Көңілі алып ұшқан бозбала кезімде журналист болсам деп армандаған едім. Бұл таңдауға не жағдай түрткі болды? Мүмкін, балалық кезімде көрген білгенімді, сезініп-түйсінгенімді сөз құдіретімен басқаға жеткізсем деп армандадым ба екен? Әлде, бала кезімде нағашыларымның ауылында жүргенде «Сталин жолы» деген газеттің Шойынбеков деген тілшісін көріп, сөйлескенім бар еді, сол әсер етті ме екен? Ол да мүмкін-ау, өйткені колхоз туралы жазуға келген оның алдында бас бухгалтердің өзі сасқалақтап, терлеп кеткенін көріп, қатты таңғалғанмын. Сонда, сол заманда «Сталин құдірет, Сталиннен кейінгі құдірет газет екен ғой» дегенді көңіліме түйіп қалған едім.
Әлгі журналисті «Сталин жолы» колхозына жеткізіп салып, атпен қайтып келе жатып, сол тілшінің әсерімен (ол: «Газетке мақала жазып тұр» – деген еді) жолда кездескен бір өгіз мінген кісіге өзімше тілші болып, оны сұрақтың астына алдым. Ол үндемейді. Мен сұрағымды төпелей беремін. Анау мылқау адамдай тырс епейді. Шынында, тілі жоқ, мылқау шығар деп ойладым. Сөйтіп, қамшының сабымен иығынан түртіп, оны өзіме қаратып алдым да: «Немене, тілің жоқ мылқаусың ба?» – дедім дауыстап. Сол-ақ екен, әлгінің түр-түсі бұзылып, шықшыты бұлтыңдап: «Ой, аузыңды ұрайын, өзің мылқау бол!» – деп келіп қамшының астына алды. Мен де сілтеймін қамшыны. Тартып-тартып жіберіп, қаша жөнелмекпін. Бірақ, жамандатқыр қарагер қасқа атым борт-борт желген болады да, мойыны салбырап жүрмей қояды. Ал, анау болса, өгізден домалап түсе салып, арба айдайтын ұзын қамшымен салды кетті, салды кетті... Содан жонарқамда айқыш-ұйқыш қызыл жолақ із қалды...
Бұл әңгімені балалық әрекет десем де, кім біледі, Жаратушы Құдіреттің «Байқа, бала! Журналист болу оңай емес. Қиын жол. Алысып-жұлысып, айтысып-тартысып, арпалыспен өтесің! Нақақтан-нақақ таяқ жейсің. Шындық іздеген жолың шырғалаңға толы болады. Осындай қиындықтарына шыдасаң ғана журналист боласың!» деген ескертуі шығар.
Бірақ, бұл жолдағы «таяқ жеу» мені алған бетімнен қайтара алмады. Қайта, жігерімді жанып, алға ұмтылдырды. Мектепті бітірісімен, тәуекел деп Мәскеуге, журналистің оқуына аттандырған да сол нақты мақсатқа жетелеген намыс оты ма деймін...

Жазып алған Дүйсенбек АЙБЕКОВ,
Тараз қаласы

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
3 + 10 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ