19 Май 2012 | Сенбі

Біздің сұхбат

«Храпуновың бізде бай емес»

Швейцариядан келген тәуелсіз банкир, қаржылық және инвестициялық мәселелер жөніндегі жекеменшік фирманың кеңесшісі Мартин Эмх мырзамен «Рэдиссон САС» қонақ үйіндегі ЕҚЫҰ-ның парламенттік ассамблеясының бақылаушылары өткізген баспасөз мәслихатынан кейін ойламаған жерден таныстық. Өзі – ақжарқын әрі бауырмал екен. Орыс тілін тәп-тәуір меңгеріп алыпты. Ең бастысы, ой-пікірін ашық айтатыны және салыстырып сөйлейтіні бізге қатты ұнады. Екеуара шүйіркелескеннен шыққан шағын сұхбатымызды «Жас қазақтың» ойлы оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.

Жас қазақ: Мартин мырза, біздегі сайлау мен сіздердің сайлаудың қандай айырмашы­лықтары бар екен?
Мартин Эмх: Мен екі айырмашылықты байқадым. Біріншісі – сіздердің сайлаудың фольклорлық элементтері басым. Бұл «дәстүр» Кеңес Одағынан қалған шығар деп ойлаймын. Себебі, көңілді музыка қойып, би билеген жұртты көп аңғардым. Содан кейін, сіздердің сайлауда дауыс беріп қана қоймай, жәрмеңке аралауға да болады екен (жымиып күледі). Бәлкім, бұл халықты сайлауға тартудың, көңілін аударудың тамаша тәсілі-ақ шығар?!. Несі бар, дауыс беруге келген адам екі жұмысты бірден атқарады: әрі дауыс береді, әрі үйіне азық-түлік сатып алады. Бір жағынан, жағымды нәрсе. Яғни сіздердегі сайлау – белгілі бір халықтық мереке сияқты. Мұндай «дәстүрді» швейцариялықтар жоғалтып алды.
Өйткені, біз сайлауға барудан шаршаймыз. Неге? Себебі, бізде парламенттік не президенттік сайлау ғана болса бір сәрі ғой. Біз көптеген заң жобаларына дауыс береміз. Онымен қоса, жергілікті жерлерде сайлау жиі өтеді. Мысалы, мына жерге көпір немесе метро саламыз ба, әлде салмаймыз ба дегенге дауыс береміз. «Сіз салық мөлшерлемесінің төмендегенімен немесе жоғарылағанымен келісесіз бе?» дегенге де халық болып дауыс береміз. Жылына кем дегенде 3-5 рет (мүмкін одан да көп шығар) сайлауға барамыз. Швейцарлықтар үшін сайлау дегеніміз – мереке емес, бұл – біздің азаматтық құқықтарымызды дәлелдейтін кез. Екінші айырмашылық – айтарлықтай белсенділік. Өз басым Қазақстандағы сайлауда біздегідей белсенділікті көре алмадым. Біздің елде сайлаудың алдында партияларды таңдау кезінде ұзақ талқылау жүреді. Адамдар ашықтан-ашық дауласып, тіпті жанжалдасып жатады. Бұл – қалыпты құбылыс. Тіпті былайғы жұрт біздің төртеуміздің (бақылаушыларды айтып отыр) Қазақстандағы саясат тақырыбында ұрысып-керісіп жатқанымызды көріп, таң қалысты. Саясат дегеніміз – әртүрлі пікірлердің жанжалы. Сондай айқай-ұйқайдың нәтижесінде бір ымыраға келуге болады. Менің байқағаным – қазақтар ұялшақ, жасқаншақ сияқты. Олай дейтінім, дауыс беруге келгендерден: «Нұр Отаннан» басқа қандай партияны білесіз? Оппозициялық партиялардың бағдарламасымен таныстыңыз ба?» – деп сұрадым. Жұрттың бәрі иықтарын көтеріп, алақандарын жайды. Бәлкім, бұл – менталитет шығар. Бәлкім, менің шетелдік екенімнен қорқып-үріккен шығар?!. Әйтеуір, саяси белсенділікті байқай алмадым. Ал, сайлауға түскен партияларды алсақ, «Нұр Отан» – бәрінің әкесі, қалғандары – балалары сияқты. Бәрі әкесіне қарайлай беретіндей көрінді.
Жас қазақ: Бақылаушы ретінде сайлауда болған заң бұзушылықтарды көрдіңіз бе?
Мартин Эмх: Әрине, техникалық жағынан заңбұзушылықтар орын алды. Менің ойымша, ол сайлау нәтижесіне қатты ықпал етпейтін шығар. Алайда, дауыстарды санау­да ашықтық пен әділдік бар ма? Қалай санағанын біз көрмейміз ғой. Мысалы, бюллетеньдер салынған шыны жәшіктерді «қара жәшік» деуге болады. Оны Орталық сайлау комиссиясы ғана ашып, дауыстарды санайды. Халық көрмейді. Осы жерде құзырлы органның жұмысына деген сенімсіздік бар. Себебі, бізде дауыстарды халықтың көз алдында санайды. Содан кейін, Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындыларын ертеңгі күні, яғни 16-шы қаңтарда сағат 12-00-де ғана жария етті. Бұлай істеуге болмайды. Дауыс беру уақыты біткен сәттен бастап-ақ дауыстарды санап, лезде алдын ала қорытындыларды жария­лау керек.
Жас қазақ: ЕҚЫҰ мен ЕО-тың парламенттік ассамблеясы бақылаушыларының берген бағасы қаншалықты объективті болды деп ойлайсыз?
Мартин Эмх: Бұл – салыстырмалы бағалау. Абсолюттік көлемде ЕҚЫҰ-ның бақылаушылары әділ бағалады. Бірақ, абсолюттік көлем деген не? Егер де бұл елде демократияның дамығанына 100 жыл уақыт болса, онда сондай көлемде сын айтылуы керек. Ал егер тәуелсіздік алып, дамудың жолына түскеніне 20 жыл ғана болса, онда әңгіме басқа. Оның үстіне Қазақстан демократиялық емес кеңестік жүйеде болды ғой. Салыстыру демекші, Қазақстанда 2007 жылы және 2012 жылы өткен парламенттік сайлауды салыстырып көрейік. Шынында да халықаралық қауымдастық 2007 жылғы сайлауға қанағаттанған жоқ. Ал, біз бұл жолы қазақтардың алға бір қадам басқанын көрдік. Бұл қысқа қадам болса да, демократиялық қоғамға деген ұмтылыс. Әрине, сіздердің сайлау заңындағы 7 пайыздық кедергі, сайлау алдындағы насихат жұмыстарындағы партиялардың құқықтарының шектелуі сияқты мәселелерді алдағы уақытта шешуге болады. Менің ойымша, қазақтар да швейцарлықтар сияқты бейбіт жағдайда саясат жөнінен ашықтан-ашық жанжалдасуға құқылы. Бар болғаны – ниет керек.
Жас қазақ: Швейцария – сұлу табиғатымен, ерікті халқымен және сенімді банктерімен әлемге танылған ел. Мартин мырза, сіз банкирсіз ғой. Сонда швейцариялық банктердің басқа шетелдік банктерден артықшылықтары неде?
Мартин Эмх: Швейцариялық және бүкіл шетелдік банктердің арасында екі айырмашылық бар. Бірі – құпиялық, екіншісі – тұрақтылық. Біздің елде біреудің ісіне араласуды, қалтасындағы ақшасын санау – барып тұрған көргенсіздік. Әрбір адам адал еңбегімен табыс табуға, дүние-мүлкін көбейтуге құқылы. Біздегі әр адамның ұстанымы осындай. Швейцария әлемдегі ең тәуелсіз, халқының тұрмысы ең жоғары ел ретінде банктерге ақша жинаған шетелдіктерге көптеген артықшылықтар ұсынады. Мысалы, заң бойынша швейцар банктеріне ақша салған кез келген шетелдік азамат сол ақшасының есебінен Альпінің баурайында демала алады. Мұндай ұсыныс көптеген шетелдіктерді қатты қызықтырып келеді. Енді тұрақтылық туралы айтайық. Бізде ешқашан төңкеріс деген болған емес, бәлкім, болмайтын да шығар. Парламенттік, саяси және заңдық базамыз өте жақсы дамыған. Содан шығар, әлемнің көп бай адамдары швейцарлық банктерді таңдайды. Айта кететін тағы бір нәрсе, біздің банктердегі қыруар қаржының азғантай ғана бөлігі Швейцарияда қалады.
Жас қазақ: Сізге В.Храпунов деген адамның аты таныс па? Қыруар қаржыны ұрлап, шетел асқан Алматының экс-әкімі Виктор Храпуновтың швейцарлық шіріген байлардың ондығына кіретіні рас па?
Мартин Эмх:  Иә,Храпунов мырзаның кедей емес екенін, Қазақстаннан Швейцарияға қоныс аударғанын білемін. Бірақ... біздің байлармен салыстырғанда, ол – бай емес. Швейцарлық байлардың ондығына кіреді дегені де шындықтан алыс. Біздің байларымыздың өз тізімі бар. Швейцариядағы ең бай адам – шведтік «ИКЭЙ» компаниясының қожайыны. Бәлкім, Храпунов Қазақстаннан 100 млн АҚШ долларын алып қашқан шығар?!. Бұл – аз ақша емес, бірақ фантастикалық сома емес. Көбіне-көп ондай адамдардың байлығы жөнінде жұрт бірнеше есе көбейтіп айтады. Мысалы, ағылшындармен, америкалықтармен салыстырғанда, қазақстандықтардың ақшасы түк емес. Швейцар банктерінде триллион, триллиард доллар қаржылар айналады.
Жас қазақ: Ал швейцарлықтардың өздері қаншалықты бай?
Мартин Эмх: Кейбір швейцар­лықтардың бар-жоғы 1 млрд АҚШ долларына жуық ақшасы бар. Алайда, көптеген отбасылардың 100 млрд-тан астам қаржысы бар. Швейцариядағы шіріген байлардың алғашқы ондығында жартысы – швейцарлықтар, жартысы – шетелдіктер. Бірақ, олардың арасында қазақтар жоқ. Бірақ, қазақтар бұл тізімге кіруі де мүмкін ғой.
Жас қазақ: Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ,
Астана

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
1 + 1 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ