19 Май 2012 | Сенбі

Мазасыз мүйіс

«Ар-базар»

Күн жексенбі. Сәске түс. Сейфуллин көшесі.
Ылдилап келіп, жол жиегіндегі тұрған екі келіншектің жанына тоқтай қалдым. Олар да осыны күткендей есігіме жармасты.
– Қыздар бар, қыздар керек пе? – дейді ентелеп.
– Бағасы...
– Үш жарым, төрт мың теңге.
Ыңғайы – жеңгетайлар. Біреуі көлігіме мініп те үлгерген.
– Қыздарың қайда? – деймін өзімше.
– Жүре бер, анау «пешеходтан» оңға.
Алғашқы балық қармақты өзі қапты. Өткен аптадағы лездемеде «Алматыдағы «Жезөкшелер үйін» анықтап, оны газетімізге жарияласақ, сол арқылы ол үйлердің жабылуына себепкер болсақ» деген идея айтылған болатын. Сол идеяны жүзеге асырмақ болып, атқа қонғанбыз.

«№1. САРЫ ҮЙ»
«Жаяу жүргіншілер жолынан» оңға бұрылдық. Жеңгетай қыздарын мақтап келеді. Оның сөзіне сенсек, «бәрі шетінен періште». Ар саудасына шыққанына бір апта да болмаған қыздар бар.
– Полицейлер ұстап алмай ма? – дедім қорыққан болып.
– Сол үшін ғой айдалада, жолдың арғы бетінде тұрғаным.
Иә, ойламаппын. Жеңгетайды алғалы бері біраз жер жүріп тастаппыз. Әрине, адамнан айла артыла ма? Бұл полицейлерден «із жасырудың» амалы болса керек.
– Мына бір сары коттедждің алдына тоқтай қалыңыз.
Тоқтай қалдық. Жеңгетай темір қақпаны кілтімен ашты да, мені алға оздырды. Жан-жағыма көз жібердім. Әп-әдемі баспана екен. Айналасындағы лашық-құжыраларға
ше­кесі­нен қарап тұр. Кіреберісте еңгезердей екі жігіт отыр. Екеуінің де аузында алшысынан тістеген темекі.
Сары коттедждің ішіне ендік. Жеңгетайым айғайлап, қыздарды шақырып жатыр. Кең сарайдың іші толған қыз. Біреу, екеу, үшеу... Санап үлгермедім. Кемі он бес қыз бар. Олардың маған қажеті жоқ еді. Ешқайсысын ұнатпаған болып, кері қайттым. Ал жеңгетайым болса:
 – Ана, сырттағы екі жігіттен қорқып тұрсың ба? Олар да клиенттер. Қазір кетеді, – дейді.
 Үйдің ішін көрдік. Биік дуалдың ар жағы қыз-қыз қайнаған – «ар базар». Енді үйдің мекенжайын анықтау керек. Амал не? Үйдің мекенжайы көрсетілмепті.
Сол «Сары үйдің» жанынан өтіп бара жатқан әжейді әңгімеге тарттым. Әп-әдемі ой айта бастап еді. Неге екенін қайдам, әжеміз журналист екенімізді білісімен, тілін тістей қойды.
Біздің анықтама

«№1 Сары үй». А.Никольская мен Чебоксар көшелерінің қиылысы. Бұл үйде кемі он бес қыз ар саудасына түседі. Олардың екі жеңгетайы клиенттерді Сейфуллин көшесінің бойынан алып келеді екен.


«№2. ТЕМІР ҚҰЖЫРА»
Сейфуллин көшесіне қайта шықтық. Жол жиегіне көлігімізді қойып, айналаға көз жібердік. Әудем жерде өзімен-өзі болып бір қараторы қыз тұр екен. Қасынан өте беріп едік, «қыздар керек пе?» деп қылмың ете түсті.
– Қанша қыз бар? – дедім.
– Сутинер емеспін, – деді ол.
Ақырын көз қиығын салдым. Сырт бейнесінен жеңіл жүрісті қызға ұқсата алмайды екенсің.
– Сағатына қанша сұрайсың? – дедім.
– Төрт мың.
Қараторы қызға еріп, көпқабатты үйлердің арасынан өттік. Бес қабатты үйдің бір бұрышына темірмен жапсарлас «құжыра» салыныпты. О пәтшағардың қабырғалары «хабарландыруға» толып тұр. Қараторы құрбым есікті тақылдата бастады. Ол есік те темірден істеліпті. Құдды бір түрменің қақпасындай. Ар жағындағы темір ілгек шылдыр ете түсті. Ішке қарай жартылай жалаңаш бір қыз кіріп бара жатты. Осы темір құжыра арқылы бес қабатты ғимараттың бір пәтеріне кіріп кетуге болады екен. Қызық. Подъезде жүріп, әркімнің мазасын алмайды. Өздерінде жеке есік. Кірген-шыққанға сөйлейтін көршілері де жоқ.
– Кетейін, – дедім мен.
– Неге, – дейді қара қыз.
Не дерімді білмей абдырап қалдым. «Менен де басқа қыздар бар», – деді ол. Басқа қыздарға қарай алмадым.
Сыртқа шықтық. Үйдің мекен-жайын анықтау қиынға түспеді. Көшенің аты – Палладина. Екінші үй. Ал, қаншасыншы пәтер екенін анықтау керек емес. Онсыз да белгілі. Темір есік...
Біздің анықтама

«№2. ТЕМІР ҚҰЖЫРА». Палладина көшесі, 2 үй. Пәтердің нөмірі анықталмады. Бұл үйде кемі бес қыз бар болуы мүмкін. Жеңгетайлары бар ма, жоқ па, белгісіз... Белгілісі – аз болсын, көп болсын, түнде осы үйде ар саудасы қызады.

«№3. ЕСКІ ҮЙ, ЕСКІ ОРДА»
Сейфуллин көшесі. «Шұғыла» кинотеатрының маңы. Кеудесіне «квартира» деген жазу ұстаған бір топ келіншектер тұр. Олардың жанынан өтіп барып тоқтай қалдым. Біреуі көлікке жақындап қалған екен.
– Қыздар бар ма?
– Бар. Қанша уақытқа?
– Бір сағатқа.
– Жүріңіз.
Машинаны ыңғайлы жерге қойып, жеңгетайға ілестім. Көп жүре қойған жоқпыз. Қоршауының жартысы мен шатыры жасылмен боялған шағын сарғыш үйге кірдік. Есіктің алдында үйге жапсарлас монша, яки жуынатын бөлме бар екен. Содан бір сары қыз шыға келді. Ақырын қасыма келіп, сызылып тұра қалды. Сөйткенше болған жоқ, жеңгетайым іштен жеті-сегіз қыз алып шықты.
– Ал, таңда...
Манағы сары қыз пысық көрінеді.
– Мені алшы, – дейді қиылып...
Ұнатпаған болдым. Ар жақтан біреуі: «Қатындыққа алатындай таңдайды ғой өзі», – деді кіжініп.
Үйді сыртынан бір шолып шықтым. Өкініштісі, аталған «Жезөкшелер үйінің» мекенжайы жазылмапты. Көшеден өтіп бара жатқан ақсақалдан сұрап едім, адресті білмейтін болып шықты. Қыздар жайлы сұрақ қойдым. «Тыныштық жоқ, күні-түні ұйқы бермейді. Ой бұларға дауа бар ма? Он жыл болды, осылармен алысып шаршадық» деп әңгіме бастады. Мен ақсақалға журналист екенімді айтып, диктофонымды шығардым. Сол-ақ екен, атам «а не дейсіңге» көшті. Артынша «Құлағым, естімеуші еді, айналайын, басқалармен сөйлесші» деп ат-тонын ала қашты.
Біздің анықтама

«№3. ЕСКІ ҮЙ, ЕСКІ ОРДА». Бұл «Жезөкшелер ордасы» Николаевская мен Н.Ровенский көшелері қиылысқан тұста орналасқан. Үйдің ішінде кемі жеті-сегіз қыз бар. Оларға клиенттерді жеңгетайлар әкеп береді. Үймен жапсарлас, екінші есік бар екен. Алдында жеңіл автокөлік тұр. Яғни ол жерде басқа бір отбасы тұрады деген сөз.


«№4. ҚОНАҚҮЙ
Сейфуллин көшесімен бірінші теміржол вокзалына дейін төмен түстік. Жол жиегіндегі бір қызды байқап, біраз уақыт сыртынан бақылап тұрдық. Иә, тапа тал түсте «қыз іздейтін» біз ғана емес екенбіз. Сырттай бақылаған он бес минуттың ішінде әлгі қызбен үш жігіт саудаласып үлгерді. Төртіншісі болып, біз де жақындадық.
Әрине, көз тоқтатар әдемілігі жоқ, көзқарасы суық, сесті қыз екен.
– Қанша уақытқа? – деді. «Бір сағатқа бес мың теңге».
– Сенен басқа қыздар жоқ па? – дедім мен.
– Қазір Сейфуллинаны жауып тастады ғой. Менен басқа қыз таппайсың, – деді ол.
– Сейфуллинаны жауып тастаса, сен не қылып жүрсің? – дедім мен.
– Мені менттер крышавать етеді, – деді ол.
– Квартираң қайда? – дедім шешім қабылдаған кісіше.
– Мына қонақүйге кіреміз, – деді.
Ішке кірдік. Бес қабатты ғимараттың астыңғы қабаты «қонақүйге» айналыпты. Иә, ішіне кіре салып аңдағаным, көрім қонақүйге ұқсамайды. Бөлмелері де санаулы болса керек. Мұнда бір ер, бір әйел адам бар екен. Осы жердің қызметкерлері болса керек. «Бір сағатқа, ақшасын сосын төлеймін» деді сесті қыз. Әлденені ұнатпаған кейіппен тұра қаштым. Сыртқа шығып, біраз тұрдым. Ыңғайы келсе, ана қызды суретке түсіріп алмақшы едім. Ол қызым да көп күттірмеді. Іле артымнан шықты. Мен фотоаппаратымды ыңғайлай беріп едім, ол да байқап қалып, «ортаңғы саусағын» шошайтып үлгерді.
Біздің анықтама

«№4.ҚОНАҚҮЙ. Әрине, бұл жерді «Жезөкшелердің ордасы» деуге келмес. Десе де, кейбір көбелектер бұл үйге де қонып кететіні анықталды. Әрине, мұнда қонақүйдің егелерін кінәлай алмайсыз. Олар үшін қонақ келді, қонды, кетті. Сол себепті де, аталған орданың атауын әзірше жарияламай отырмыз.

«№5. VIP-ВРЕМЯНКА»
Есіміз барда, елімізді табуға ыңғайландық. Бүгінге осы да жетер. Жоқ, олай болмады. Жол жағалаған тағы бір жеңгетай жолықты. Оны тағы да көлікке салып алып, ызғыта жөнелдік. Мына қызықты, қараңыз. Манағы «№1. Сары үйге» баратын жолға түсіппіз. Қипақтай бастадым.
– Анау сары үйге бара жатқан жоқпыз ба? Ол жердегі қыздарды жақтырмадым, – дедім Тектұрмастың кебімен.
– Ой, ол үйдегілер кілең кемпірлер ғой. Менде бар жоғы екі қыз бар. Екеуі де бүгін «ешкіммен болмады». Жұмысқа жаңадан шыққан қыздар. Біреуіне бір апта, біреуіне бар болғаны екі күн болды, – деді.
Әрине, оған «тауарын» өткізуі керек. «№1. Сары үйден» бір көше ары өтіп, тағы да біраз жүрдік. Темірмен қоршалған жарбиған, ұсқынсыз кішкентай ғана үйге кірдік. Есіктің алды тар дәліз екен. Сол дәлізбен үйдің іргесіндегі лашыққа өттік. Ескі лашықтың ішінде екі қыз бар екен.
– Мына бөлмені ұнатпасаң, ар жақта «VIP» бөлме бар, – деді жеңгетайым қорашсынып тұрған маған.
– Ой, мыналарыңыз орыс қой, – деп сылтаураттым мен.
– Екеуі де орыс емес, татарлар. Екеуі де мусульманка, – деді жеңгетай.
Тосыннан тапқан сылтауыма сүйеніп кері қайттым. Қызығы бұл «VIP-ВРЕМЯНКАНЫҢ» да мекенжайын анықтау оңай болмады.

Біздің анықтама

«№5. VIP-ВРЕМЯНКА». Мұнда екі қыз бар. Оларға бір жеңгетай делдалдық етеді. Аталған «Жезөкшелер үйі» Сейфуллин даңғылының маңындағы Кассина мен Кузьмина көшелері тоғысқан тұста.

Тақырыпқа тұздық

«Классик қоймайтын шығар...»
Біздің ендігі бағытымыз Саин көшесі. Сонау тоқсан бесінші жылдар ар саудасы осы көшеден басталғанын жұртшылық жақсы біледі. Бүгінгі жайы қандай екен? Соны көзбен көрмек болдық. Көше бойымен ары да, бері де ойқастап жүрдік. Бірақ біздің қармаққа ешқандай балық ілінбеді. Ыңғайы бұл көше тазаланып үлгерсе керек. Мұнан кейінгі бағытымыз Абай мен Тілендиев көшелерінің қиылысына бағытталды. Ұзынқұлақтан естуімізше, кіл классиктердің атындағы көшелерді бір-бірден жаулап алып жатқан жезөкшелер «Абайға» да ауыз салыпты-мыс. «Бұлай бола берсе, олар классик қоймайтын шығар» деген де кекесін де айтылып қалған. Қуанарлығы, дәл сол күні Абай атамыздың даңғылы таза екен.

P.S.
Сейфуллин көшесі жайлы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Полиция қызметкерлері де талай мәрте «қансонарға» шығып, ордасын ойрандады. Сонда да ол көшедегі «қан базарда» ар саудасы саябырсыған емес. Саябырсиды деудің өзі қиын. Полицейлер жол жиегіндегі көбелектерді қанша ұшырып, қанша қуаласа да, жеңгетайлардың қолын қайырып, қанша қамаса да, қанша тергеуге алса да, «баяғы жартас, сол жартас». Бүгін жезөкшелердің бір үйі жабылады. Ертесі басқа бір жерден екіншісі ашылып жатады.  Ал енді күресіп көріңіз. Сондай болса да, бір күнде бес бірдей «Жезөкшелер үйін» анықтап қойдық. Ал енді оны жабу, Алматы қалалық ішкі істер басқармасының құзіретінде. Біздің айтпағымыз осы...


Бетті дайындаған Қайыр ХАН

Пікірлер

Аватар пользователя Полатбек
Полатбек 17 02, 20:22

Ұят екен, намыс жоқ

Пікір қосу

CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.
5 + 2 =
Решите эту простую математическую задачу и введите результат. Например, для 1+3, введите 4.

Өзге жаңалықтар

Мінбер

Антитеза

Бораттың фильміне көзқарас

Ержан ҚАЗЫХАНОВ

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ