Күндіз-түні мылтық тарсылдап жатқан Ауғанстанда соңғы он жылда 10 мың тұрғынның ажалы дәлдеп атқан, қала берді қаңғыған оқтан келген. Ал еліміз тәуелсіздік алған жиырма жылда 60 мыңнан астам жерлесіміз тек жол-көлік оқиғасының кесірінен қаза тауыпты. Бұл туралы Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Талғат Донақов хабарлаған. Статистиканы салыстырсақ, көлікке мінгеннен, Ауғанстанның соғысына барған жеңілдеу ме деп қаласың...
Көлікпен кісі қағып өлтірген жүргізуші сот залынан жазаға тартылмай, бостандыққа жіберілуі мүмкін. Оқиға түсінікті болуы үшін мәселені басынан бастайық.
Былтырғы жылдың соңында МАИ қызметкері, 27 жастағы Нұрлан Таңатаров Алматы қаласының солтүстік айналма жолында жол ережесін бұзған «Тойота» тұлпарын тоқтатты. Есіктен шығып, қозғала бергені сол еді... Қайдан шыққаны белгісіз, ытырылған қара «БМВ» бірінші қатардан қиялай, жылдамдығын да тежеместен, үшінші қатарға шыға салып, тұп-тура Нұрланға қарай жүйтки жөнелді. Марқұм өзіне қарай құйғытып келе жатқан ажалды байқамады. «Тарс» еткен соққыдан Нұрлан 59 метр жерге ұшып кетті. Көлік иесі тоқтап, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетудің орнына, тежегішін де түртпестен, ары қарай заулай жөнелді. Көлік ішінде отырған әріптесі әлгі қашып кеткен «БМВ» жайлы рациямен шұғыл хабарлады. МАИ қызметкерлері ереже бұзған жігіттің адымын аштырмай қолға түсірді. Жауапсыз жүргізуші марқұм Нұрланды «сағатына 120 шақырым жылдамдықпен соқтым», – дейді. Ал куәгерлер бұлтыңдаған «БМВ»-ның шамамен сағатына 150-170 шақырыммен келгенін айтады. Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа өтті. Бірақ заңгерлердің айтуынша, жол ережесін бұзып қана қоймай, кісі өліміне себепкер болған айыпкер түрменің быламығынан дәм татпауы да мүмкін. Себебі, іс Қылмыстық кодекстің 296-бабы бойынша қозғалған. Ал ол баппен рақымшылыққа ілінеді. Нұрланның артында 4 жасар ұлы бір күнде жетім боп қалды...
Бұл – жол ережесін өрескел бұзған бір ғана мысал. Күн сайын еліміздің әр өңірінен келетін жол-көлік оқиғасы туралы ақпараттан төбе шашың тік тұрады. Кешегі жексенбіде бір ғана Астана қаласында 19 жүргізуші рөлге арақ ішіп алып отырса, 89-ы жылдамдықты бұзып, 14-і құжатсыз көлік айдаған. 6 адам қарама-қарсы жолға шығып кетсе, 29-ы жол үстінде қалта телефонымен сөйлескен. Былтыр осы Астанада жол-көлік оқиғасынан 6 бала қыршын кетіп, 72 жасөспірім мәңгілікке мүгедек боп қалған еді.
Қызылжар өңірінде былтыр қазан айында жылдамдықты тексеретін бейнебақылау орнатылуы мұң екен, жылдамдықты сүйетіндердің қатары «көбейіп» кеткен. 4531 жүргізуші жол ережесін бұзып, 37 млн 240 мың 500 теңге айыппұл төлеген. Ереже бұзудан «рекорд» орнатқандар да баршылық.
Қызылжар ауданының бір тұрғыны тас жолда тасыраңдап жүріп, 200 мың теңге айыппұл төлеген.
Жыл басталмай жатып, Жамбыл облысындағы жүргізушілер 600 рет жол ережесін бұзыпты. Ереже бұзудың ең «танымал» түрі – жылдамдықты шекті мөлшерден асыру. Кісі өліміне де осындай асығыс көлік айдау кесір боп тиіп жатыр. Қостанай, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында да жағдай осыдан кем емес. Ал Шымкенттің «ережесі» өз алдына бөлек жыр.
Жол-көлік оқиғасынан көз жұматындардың саны соғыста, оқ пен оттың арасында жүрген сарбаздардан да асып түсті. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2009 жылы 79 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2010 жылы жол-апатынан 857 адам зардап шегіп, 208-і қайтыс болған. Былтырғы көрсеткіш бұдан кем емес.
Ағылшындардың оқымыстылары жол ережесін бұзу мәселесіне кәдімгідей бас қатырыпты. Кардифф университетінің мамандары бірнеше жыл бойы зерттеп, мәселенің мәніне терең үңілген. Сөйтсе, кез келген мемлекетте жол қозғалысы мүшелерінің (жаяу адам мен жүргізуші) айналаға деген мәдениеті мен қарым-қатынасы жол үстінде көрініс табатын көрінеді. Зерттеу жұмыстары бірнеше мемлекеттен ақпараттарды салыстыру арқылы жүргізілген. Яғни жемқорлық дендеген мемлекеттердің апатқа ұшырап, қаза табу деңгейі өте жоғары. Ағылшындардың айтуынша, ережені біліп, бұдан да қауіпсіз көлік жасап шығару жол-көлік оқиғасын азайта қоймайды. Ал жүргізушілерді оқытатын мамандардың пікіріне құлақ салсақ, көлік игерушінің жолда өзін ұстауы оның қалай тәрбиеленгенін, қалыптасу кезеңін білдіреді екен. «Жолдағы оқиғалар – елімізде болып жатқан нәрселердің нақты көрінісі», – дейді Автомектептер гильдиясының төрағасы Сергей Лобарев.
Басқа қаланы қайдам, Алматыдағы тасыраң жүргізушінің жұлдызы кеш батып, адам аяғы басыла бергенде жанады. Телеарнадағы арнайы бағдарламада арыққа түсіп кеткен, соқтығысқан, кісі басып кеткен сюжеттің бәрі түнде орын алған. Ішіп алып, есірткі тартып, қала берді Астанадағы әйдік көкесіне арқа сүйеген серілердің сиқы осындай. Одан қалса, жол ережесін бұзғандарды МАИ қызметкерлері жазалаудың орнына, «енді не істейміз?» – дейді пара дәметіп. Ары қарай не істелінетіні белгілі.
Таяуда көз алдымызда Сүйінбай мен Б.Хмельницкий көшелерінің қиылысында, №303 автобус жолақ жолда жаяу кісіге жол бермей, бір әйелді қағып өлтірді. Ертеңіне, «Саяхат» автовокзалы маңында №92 автобус тағы бір әйелді жолақ жолда соғып кетті. Құдай сақтағанда, соңғысы тірі қалды.
Сарапшыларға қайта оралсақ. ИНДЕМ қорының әлеуметтану бөлімінің меңгерушісі Владимир Римский былай дейді: «Жол ережесін бұзып, айналаға қауіп төндіретін жүргізуші «әлеуметтік эгоист». Сондықтан, жағдайды дұрыстау үшін айыппұлдар мен көліктердің қауіпсіздігін жоғарылату ғана емес, жол үстінде тек ережемен ғана жүруге көмектесетін жағдай жасау керек. Әлеуметтік эгоизмді тұқырту үшін, әлеуметтік-мәдени ортаны өзгерту керек». Бірақ қалай өзгерту керек? Әлеуметтанушы бұл сұраққа жауап бермейді. Жауапты әр жүргізуші, МАИ-дың әрбір қызметкерінің өзі бергені дұрыс шығар.
Тоқтар Жақаш

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...