Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ
Желтоқсан алаңындағы жыр
Ұжданымды ұлтан етпек табанға,
Қарғыс айтып қара жүрек заманға.
Айналып жүр қазақтың кең аспанын,
Ұлы ерліктің сыймас жыры қағазға.
Ей, намыстың найзағайдай ұлдары!
Қызыл тілін қылыш еткен қыздары!
Қанды тарих қалшиып тұр мәңгіге
Жанарында – Желтоқсанның ызғары.
Не көрдің сен қара жұлдыз, қара аспан,
Қан жұттың ба, сен де қайсар қазақтан.
Өрімдей қыз өлмес ерлік жыры боп,
Саған қарай рухы ұшып баратқан.
Жер бетінде жеңіс алған белестер –
Есіл бабам ерлік қылған егестер...
Желтоқсанда қайта шауып басына,
Буырқанған бабам қаны емес пе ол?
Оу, мені кім дейсің?!
Қарсы алдымда хас жауымның қаңқасы,
Қос қолымда Қобыландының балтасы.
Азығыма ақ анамның малтасы,
Азуымда найза таудың жаңқасы.
Қонысыма көз қызартқан қалмақтың,
Қанжығама басын берді қаншасы.
Тұлпарының тұяғымен сызылған,
Қазақтың бай даласының картасы.
Ей, ұлы Алаң,
лаңды Алаң!
Өзен шайып, өте алмайтын қанды Алаң.
Қара жерден шөлі қанған сенсің-ау,
Қан мен жасқа әлі шөлі қанбаған.
Сұрап алып, сұрқы кеткен айдан нұр,
Азаттыққа арпалысқан майдан бұл.
Құрмет саған, Желтоқсандық боздақтар!
Өшпейтін жыр бұл – алаңға ойған жыр.
Солмайтын гүл, бұл алаңға қойған гүл,
Солмайтын гүл ойсыздарды ойландыр.
Орысшалап қала қызы қарқылдап,
Бір-біріне қар лақтырып ойнап жүр...
Кім бар енді тағдырына үңілер,
Босамаған болат жүрек, сірі қол.
Жалғыз өзі жаттап жүр ме ішінен,
Тас түрменің жазып болып жырын ол?
Қатал уақыт заулап бара жатыр-ау,
Әділетті әлі іздеп жүр тірілер.
Тәуелсіз күн түскені жоқ ғарыштан,
Атсын десең, енді алдан «барыс-таң».
Желтоқсанның рухын айт алдымен,
Жер бетінде қай қазаққа жолықсаң.
Жасыл шарда қазақ деген атыммен,
Қанаттасып ұшып барам ғасырмен.
Желтоқсанда жауап бергем жаһанға,
Бодандыққа бағынбайтын басыммен.
Ықылас Ожайұлы
Ұшық
...Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?..
Ғ. Қараш
Шіркін-ай!
Ойлай беру ойға да ауыр,
Ойлантпай ойсыздарды қойды-ау өмір,
Кеше менің ішіме торай түнеп,
Сол торай доңыз болып шықты бүгін.
Содан менің танауым тарс бітеліп,
Шырқырап шыбын жаным шықты білем,
Ұжданыма доңыздың демі тиіп,
Ұятынан ұшынған ұлттың бірі ем.
Әй, қайран, Қазақия-ай, арды білген,
Аппақ ар ащы суға жанды білем,
Күлінен күлімсі иіс ұрпақ өсіп,
Ғұрпыңды буындырған қолды көрем.
Ұшындым не себептен ұшық шығып,
Ұшығым ұлтсыздықтан болды білем.
Салайын сал десеңіз ащы әніме,
Біздің де қариядан қашты әңгіме.
Құдай-ау, уәлі ауыз сақал қайда?
Қайғысы түннен қара, күннен ыстық
Бұл да өзі басты әңгіме,
Бұған жұрт «нұрсәулені» кінәлайды,
Ол өзі...
Өз алдына басқа әңгіме.
Маңайым қызыл танау тердің исі,
Айналған асқазанға көздің іші.
Обал да оралады от боп анық,
Көз жастың дөңгеленіп ағары хақ,
Иә, әлгі... дүние кезек
Бәріне әмір етер жоғарғы Хақ.
Адамдық айуанатқа ғапылданса,
Қайырылып қара жұртты табары хақ.
Санам-ай Сақтан қалып сансыраған,
Ғұрпым-ай Ғұннан қалып қансыраған.
Құдайым, құлдық ұрдым бір өзіңе
Құтылар құдірет бер бұл «тажалдан».
Қанымды қаламсапқа сертке байлап,
Арыңды ақ қағазбен ұшықтайын.
Не істейін
бұдан өзге енді саған,
Қазақия...?
Тоқтарәлі Таңжарық
Шырақ
...Бұзылды қорғансыздық қамалы.
Үзiлдi үмiтсiздiк жiбi.
Шырақ тұтанды!
Құйынды ғасырлардың қойнауында сөнген:
Мөлдiр iңкәрлiкке малынып сенiмнiң ақ уыз гүлi,
Тәуелсiз таң нұры тарады,
Қобыздың қоңырқай даусы ба-уыр-лап көлде;
Мың түрлi сиқырымен құбылып,
өрмекшi тоқыған өрмек,
жусанның жұпар лебiне жуынып...
Жасымыз парлап жанардан
(Дәмi сәл кермек)...
Самайы қудай ағарған
Аңыздар
Абыз Даланың көкiрегiн кернеп –
Иiскеп, құшып...
Бозторғай жүрдi шырылдап, қауырсыны ұшып.
...Қоңыр қаз баяу мамырлап,
Мамырлап,
Ақырын, мүлде;
Сан ғасырлық сағынышымыз ауырлап,
Жеңiлдеп бiрде;
Сауысқан сұрап сүйiншi, ақ сөйлеп, күлген.
Торғын мұң толқып,
бусанып топыраққа сiңген...
Бiртүрлi өксiк,
Бiртүрлi арпалыс,
Бiртүрлi зарығу сезiмi билеп...
Маңдайды сүйгiзiп Мәңгiлiк Күнге,
Жаныңның жапырағы бүрлеп,
Көңiлдiң күлгiн шоқтарын күйлермен үрлеп...
Сонда...
Ұз-за- ақ...
................................................................
Шақырмас ендi бiздердi байырғы жолдар.
Байырғы соқпақ.
Байырғы тұзақ.
Өртенген орман.
Санадан кетпей сұлбасы... ескiрген қорған
Күйiгi молдау күйлерiн күңiрене толғап
Сағымға айналып барады... ...көлеңке торлап,
Шыңғырды ескi үрейлер шыңырауға батып.
Сығылған Кеңiстiк пенен
Мыжылған Уақыт
Қарайды кейде iргеден етегiн түрiп.
Қуады оның елесiн
баябан дала төсiнен Бөрiлер ұлып.
Маңдайға түскен Ай нұры таңдайда тұнып...
Жаңғырық ойлар бiткенше жартасқа сiңiп, жоғалар күдiк.
Жоғалар күдiк, жоғалар, жоғалар үркiп,
Қолымда менiң – Қыран құс, Қыран құс – Бүркiт.
Қолыңда сенiң – Қыран құс!
Маңайын шолған:
Ашылып жаңа Кеңiстiк.
Сыңсиды орман.
Сыңсиды орман жап-жасыл.
Жап-жасыл таулар.
Буырқанған теңiз.
Ішiнде малтыған Ай бар.
Мұзартты заңғар.
Шақырар бәрi...
Уақыт...
............................
Қанатын қомдап,
Ұшады әлi ол ұзаққа – зау көкке самғап!..
Мұндайда менiң есiме түседi бұрын,
Парағын үнсiз сипалап Тарихтың жұлым,
Кiсiнеп қоя бередi, жүрегiм-құлын:
«Шалқыта көршi, Тәңiрiм, Пешене Нұрын,
Құлан жал тағдыр, құлатпа, Қазақтың Туын!»
... Ойына тоқып алғандай әкенiң жырын,
Бесiкте жатыр былдырлап, перiштем – ұлым!..
Бауыржан Қарағызұлы
АҚЫН РУХЫМЕН СЕРТТЕСУ
Арыстандай айбатты.
Жолбарыстай қайратты —
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін!
Мағжан
Кере қарыс маңдайынан ғарышқа жол салып,
Шаһиттік Ер ғұмыр шалқыған!
Сұңғыла сертінде бодандық булығып,
Дұғалы сөзінде Азаттық аңқыған!
Арыстан жүректі, абадан мінезді асылым!
Ажалды жылатып, айбынды от жырың,
Жалғанды жұбатты періште пәктігің.
Жан мұңын сөйлетіп,
Ар құнын құлпыртып,
Алаштың демінен Жұмақтың суретін билетіп,
Кешегі керауыз сатқынды састырып,
Бүгінгі сорауыз жалтаққа қастығып,
Көңілдің көгінде қырандай сусылдап,
Жүректің қобызын күңірентіп,
Қош келдің біздерге Ақ Сәуле – Ақтық Үн!
Тәңірі тірілтіп, Тәңірі қолдаған,
Бес күндік өмірдің өзегін жалғаған,
Ер Баба тілінен өр, дана Рухың нәр алып,
Сегіз қыр Сөзіңнен сегіз нұр таралып,
Күн шығыс көзінен күрең нұр
қара өлең лаулатып,
Күнбатыс көгіне Күн болып жаралып,
Алашқа Алланың Самалын естіріп,
Қош келдің бұл жерге қаһарман хас Ақын!
Қош келдің Жанарым!
Туған жер топырағын толғатып,
жібектей желімен сырласып,
шөбімен, аңымен, құсымен мұңдасып,
Түбі бір Түркі үшін,
Алтайдай құлазып,
Арқадай аңырап,
Тұранның төсіне жұлдызды
ойлары жамырап...
Қаламның ұшынан
Әлемнің сезімін түрленткен
Ұлы Ақын!
Қош келдің Тәуелсіз Түркіге!
Қош келдің Тәуелсіз Қазаққа!
Даланың көшпелі Обалын ойлаған –
Сананың мәңгілік Шырағы.
Ойының киелі тұмары,
Рухы сусаса сусындар қасиет бұлағы –
Сендегі Аңсардың зарымен,
Үміттің қанымен көктеген жазбалар,
Қазақтың Есінде Дес болып жайқалып,
Жусандай бұрқырап тұр әлі!
Сен сендің Жастарға,
Сен сенген мына Мен –
Сөзіммен шайтанды шошыттым!
Өзіммен кәпірді жасыттым!
Желтоқсан желінде
Қайрат боп қаһарым жұлқынып,
Ажалға жүгірдім кегіммен ұмтылып!
Содан соң…
Кірпіктің ұшында қуаныш мөлдіреп,
Көзімнің ішінде Көк Туым желбіреп,
Арқаның төсіне айбарлы Астана орнатып,
Алаштың мерейін тасыттым!
Сен сенген мына – Мен,
Е-е-хе-һе-ей!!!
Қарашы,
Адамның аспантек баласы!
Иманым жүзімнен жыр болып шашырап,
Күн болып шаттанып, шалқақтап күлемін!
Білемін,
Көмейден күй сынды сұңқылдап тілегім,
Ел үшін жұлыным жұлынса өкінбен!
Хас Ақын,
Мен саған Ант етем!
Алланың жұпарлы Атымен Ант етем!
Әлемге сүйгізем Қазақтың хұсни Жүрегін!

Қазақстан алпауыт елдер мен ұсақ...
Қазақстанның сыртқы қарызы жыл өткен сайын еселеніп барады. Мәселен осыдан бе...
Қарағанды облысында апатқа ұшыраған...
Қарағанды облысының тас жолында жол-көлік апатына ұшыраған «Ssang Yong» марка...
Қостанайлық кәсіпкер екі бірдей Алла...
Қостанай облысында екі бірдей мешіт сатылады! Бұл діни нысандардың бірі бұрын...
Биыл 125 мың мектеп бітіруші түлек...
Енді шамамен бір айдан кейін 125 мың мектеп бітіруші түлект ҰБТ тапсырады. Би...Тарихи санасыз халық тұл
Сейсенбі күні Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Қазақтар тәуелсіздік үшін күре...
Ұларбек, жасай бер !
Жарайсын Ықылас! Шіркін қазақтың ұлдары өзің сияқты болса ғой! Жаса... Қазақ ұланы... Алла жар болсын саған!
Шыныменде, Ықыластың өлеңі басқаларынан көш ілгері көрінеді екен!?
беу, шіркін тамаша! әсіресе Ұшық өте керемет шыққан. Ықылас ОЖАЙҰЛЫ өзі айтқандай ...қағазға қабірі қазылмас қазасыз өлен қалдырған екен!
..................
Тұлпарының тұяғымен сызылған,
Қазақтың бай даласының картасы.
.....................................................................
Ұлеке,
Алла жар болғай...!
"Болар елдің баласы, бірін-бірі батыр дейді, болмас елдің баласы бірін-бірін қатын дейді" -демекші, бұлайша ақындарды бөліп жару, түрін түстеп, алауыздық туғызу дұрыс емес-ау! Бәрінізгеде қаламыңыз мұқалмасын дегіміз келеді.!!!